Кейкiнiң бас сүйегі
05.02.2016 2139
Қазақтың атақты батыры, мерген Кейкі Көкембайұлының бас сүйегін қайтару мәселесі Парламент қабырғасында көтерілді. Осыған орай жазушы, зерттеуші Думан Рамазанның Кейкі туралы мақаласын ұсынамыз

Халық үшiн, ұлт үшiн тәуелсiздiктен, еркiндiктен, бостандықтан асқан бақ та, бақыт та жоқ. Болған да емес. Болмайды да. Ендеше, елiнiң тәуелсiздiгi, халқының бостандығы үшiн күрескен әрбiр азаматтың есiмi ұрпақ жадында мәңгiге сақталып, тарих төрiнен лайықты орын алуы тиiс. Есiмi мен ерлiгi ел аузында жүретiн сондай тағдыры күрделi дара тұлғаның бiрi – халық батыры Кейкi Көкембайұлы. 

Атқан оғын шашау шығармайтын, құралайды көзге атқан қолмерген Кейкi атамыз кержақ патшаның қисынсыз жарлығына қарсы шығып, 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерiлiсiн бастаушылардың бiрi болғаны тарихтан белгiлi. Хан Әбдiғаппар мен сардар Амангелдiнiң сенiмдi серiгi ретiнде үзеңгi қағыстыра жүрiп, елiнiң азаттығы үшiн қолына қару алып, басын бәйгеге тiккен жаужүрек азамат болғанын бүгiндерi емiн-еркiн ауызға алып, ерлiк iстерiн санамалап болса да айта бастадық. 

Совет дәуiрi кезiнде Кейкi батырдың ерлiгi түгiл, есiмiн ауызға алуға тыйым салынды. Өйткенi патша итаршыларымен атысып-шабысып бүйрегiне қан қатқан мергеннiң қызыл өкiметпен де көңiлi жараса қоймағаны тарихи шындық. 

Көтерiлiс аяусыз басып-жаншылғанымен, небiр зорлық-зомбылықты өз көзiмен көрiп, кеудесiн намыс оты кернеген Кейкi тыныш жата алмады. Дәлiрек айтсақ, тыныш жатқызбады. Әр уақ бас көтерiп, өзiнiң тiрi жүргенiн аңдатып қойып отырған аңғал батырдың соңына «банды» деген қоңырау байланып, ұшарын жел, қонарын сай бiлген қаңбақтай қашқын атанады. 

Тау асты, тас кездi. Үңгiрдi паналады. Атымен сырласты. Дұшпанынан теперiш көрiп, қуғын-сүргiнде жүрсе де халқы ардақ тұтып, сый-құрмет көрсеттi... 

Қалайда көзiн құртпай тыныш ұйықтай алмайтынын сезiнген дұшпандары да қарап жатпады. Үнемi тұзақ құрумен болды. Артына тыңшы салынды. Iзiне шырақ жағылды... 

Айналдырған жау алмай қоюшы ма едi? Қапысын тауып, 1923 жылғы көктемнiң бiр күнiнде қараша үйде демалып жатқан Кейкi батырды мылтықтарын шошаңдатқан қызыл қарақшылар атып өлтiрдi. Оқ дәл қасқа маңдайдан тиiптi деседi. Сөйтiп, елiм деп еңiреп өткен есiл ер абайсызда көз жұмды. Қызыл қарақшылар деп отырғанымыз, олар мергеннiң өзiн ғана өлтiрiп қойған жоқ, оған көңiлдерi көншiмесе керек, тұқымын тұздай құртты. Айы-күнi жетiп отырған ауыраяқ әйелi Ақжанның да басын шауып, қылышпен iшiн жарған. Ол кезде бұндай айуандықтар үйреншiктi әдетке айналғаны белгiлi. Сол уақыттағы тағы бiр берiк дәстүр бойынша, қызыл қарақшылар Кейкiнi өлтiргендерiн дәлелдеп, ұлықтардың алдында жақсы аттану үшiн мергеннiң басы мен қолын кесiп алып, қоржынға салып, алтын тапқандай Торғай қаласына алып барады. Ал денесiн әйелi мен iнiсiнің, қалған алты адамның мүрдесiне қосып, Жалаулы жайлауындағы Жаланшық өзенiнiң маңындағы бiр сайдың жырасына сүйреп апарып, көме салады. 

«Адамның басы – Алланың добы» деушi едi, ал «Кейкiнiң басы – адамның добы» болып, 1926 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысуына байланысты Санкт-Петербург қаласынан бiр-ақ шығады. Жай ғана жөнелтiлмейдi, Букинич дейтiн бiр өлкетанушы-зерттеушiсымақ Санкт-Петербург мұражайына атамыздың басын сыйға тартады. Сөйтiп, жабулы қазан жабулы күйiнде қала бередi. Мүмкiн, әлi де ескерусiз жата берер ме едi, тәуелсiздiктiң таңы арайлап атпағанда. 

Бiз советтік дәуiрде Кейкiнi тағдыры ауыр талантты жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы арқылы шетпұшпақтап танып-бiлдiк. Шығарманың аты мезгеп тұрғандай, Кейкi батырдың руы құлан қыпшақ болатын. Отыз төрт-ақ жыл жарық жалғанның қызығы мен шыжығын көрген арқалы жазушы Ақан Шайдахметұлының осынау ерлiк-еңбегi әлi де өз деңгейiнде бағаланбай келедi. Құдай бұйыртса, болашақта өз отына өзi күйiп кеткен Ақан ағамыз туралы да қалам тартпақ ойымыз бар. Әрине, бұл - басқа әңгiме, басқа тақырып. Сондықтан негiзгi әңгiмеден ауытқуды жөн көрмедiк. 

Елiмiздiң дербес отау көтеруiне байланысты өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлгендей күй кешкенiмiз анық. Елi мен жерiн жатжұрттықтардан қызғыштай қорыған ержүрек ата-бабаларымыздың есiмдерi халқымен қайта қауышып, ерлiк iстерi ұрпақ жадында қайта жаңғырды. Сондай дара тұлғалардың жуан ортасынан ойып тұрып орын алатын Кейкi батырдың рухы да қазақ аспанына қайтып оралды. Есiмi әспеттелiп, тағдыр-талайы мен ерлiк iстерi хатқа түсе бастады. Осындай өзiмiздi өзiмiз қайта тану кезеңiнде мергеннiң қызыл қарақшылар кесiп әкеткен басының да iздестiрiлуi заңды құбылыс қой деп ойлаймыз. Осынау игi iске алғаш қозғау салып, қолға алған адам есiмi елiмiзге кеңiнен танымал тарихшы-ғалым, академик Манаш Қозыбаев болатын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекшi, ғалым ағамыздың қол қоюымен жан-жаққа iздестiру-сұрастыру хаттары жөнелтiлдi. Көп уақыт өтпей-ақ жауап хаттар да келiп жеттi. Ендi сондай жауап хаттардың бiр-екеуiне тоқтала кеткендi жөн көрiп отырмыз. Соның бiрi – Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнен келген жауап хат. Онда: 

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Манаш Қозыбаевқа! 

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгiнен төменгi жайттарды хабарлаған қатынас қағаз алды. Сiз туған жерiне қайтарылуын талап еткен Кейкi батырдың бас сүйегi Санкт-Петербург қаласында Кунсткамераның Антропологиялық қорында тұр. ...К. Көкембайұлының бас сүйегiн қайтару мәселесiн Ресей жағы оның ет жақын ағайындарынан (ұрпақтарынан) топыраққа тапсыратындары жөнiнде өтiнiш түскен жағдайда ғана қарауы мүмкiн. 

Министрдiң орынбасары В. Алесин» 

деп әңгiменiң шетiн шығарса, Санкт-Петербургтегi Антропология және этнография мұражайынан келген хатта: 

«Аса қадiрлi Қозыбаев мырза! 

Сiздiң атақты халық батыры, ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң көсемi Кейкi Көкембаевтың бас сүйегiн Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына беру мәселесiн қарастыруды ұсынған хатыңызға бiз қуаныштымыз. Сiз айтып отырған бас сүйек мұражай экспонаты болып саналады және ол қазiргi кезде Антропология және этнография мұражайының Антропология бөлiмiнде сақтаулы тұр. Оны қайтару мәселесi РФ Мәдениет министрлiгiнiң мұражайлық құндылықтарды сақтау туралы нұсқауы бойынша Антропология бөлiмiнiң мәжiлiсiнде қаралуы мүмкiн. Егер бас сүйектi Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына беру туралы мәселе оң шешiмiн тапса, аталмыш бөлiмнiң меңгерушiсi И.И. Гохман тиiстi актiнi тiркеп-жазып қоятын Бас сақтаушы С.Б. Фараджевке беруi тиiс. Осыдан кейiн ғана Бас сақтаушы экспонатты беру үшiн құжаттар дайындауға кiрiседi. 

Қазiргi уақытта И. Гохман iссапарда жүр. Ол 1994 жылдың 5 қазанында қайтып келедi. Осыған байланысты, өкiнiшке 0fрай, бас сүйектi қайтару мәселесi қазан айының алғашқы ширегiнде қаралуы мүмкiн. 

Құрметпен А.С. Мильников, Антропология және этнография мұражайының директоры, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигi»

деп тайға таңба басқандай анық көрсетiлген. Бұл – 1994 жылдың жазында қозғалған әңгiмелер. Одан берi де аттай алты жыл өтiптi. Бiрақ аталмыш хаттар қағаз жүзiнде қалып, iс жүзiнде ешқандай нәтиже шықпаған. Осындайда «Неге?» деген суық сауалдың сопаң етiп шыға келiп, жаналқымға алары сөзсiз. Батырдың бас сүйегiн алып қайту үшiн қомақты қаржының қажеттiгiн ескерсек, жақсы басталған iстiң нелiктен жылы жабылып қойылғанын ойша таразылауға болатын шығар. 

Халқымызда «Онда не бар? Атаңның басы бар ма?» деген сөз тiркесi бар. Бiз осы сөздiң астарына үңiлудi ұмытып кеткен сияқтымыз. Өйткенi Санкт-Петербургте «Атамыздың басы» бар емес пе?! Тiптi ол топырақтың астында жатса бiр сәрi, мұражай қорында экспонат есебiнде сақтаулы тұр ғой. Намысың келе ме, келмей ме?! Күмәнiм бар. Әйтпесе, алты жылдың iшiнде халқы үшiн жанын пида еткен батыр атамыздың бас сүйегiн есебiн тауып алып келуге болатын едi ғой! «Атамның басы ғой, арулап көмейiк!» деп алдына барып отырып алсаңыз, иiмейтiн, иiлмейтiн пенде болмайтын шығар! Қателессек, Құдайдың өзi кешiрер, әй, бiрақ атамыздың дүние-мүлкiн емес, бас сүйегiн даулап жүрмiз ғой, бермей қалуға кiмнiң дәтi барар дейсiз?!

Бiз – бар кiнәнi өзгеге аударып, өзiмiз ақталуға дайын тұратын адамдардың тобынанбыз. Осының бәрi өзiмiздiң енжарлығымыз бен құлықсыздығымыздан, қырсыздығымыздан. Ресей жағына өкпе-наз артуға болмайды. Жоғарыда келтiрiлген академик Мыльниковтың қысқа ғана қайырма хатынан-ақ көршi ағайындардың мәдени деңгейi өте жоғары екендiгi анық аңғарылмай ма?! Осындай мәдениетi жоғары оқымыстылардың атамыздың басын бермей, меселiмiздi қайтаратынына өз басым сене қоймаймын. Сенгiм де келмейдi... 

...Қазақ «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» дейдi ғой. Бұл өткенге салауат айтып, бұрынғы ата-бабаларға құрметпен қарау керектiгiн ескертiп тұрған жоқ па?! Ендеше, тiрлiктерiңiз алға бассын десеңiз, Кейкi батырдың аруағын риза ететiндей iс жасаңыз! 

Екi дүниеде де алдыңыз жарық болады! 

Сөзiмiздi түйiндей келе айтарымыз, асылдарымызды ардақтап, сүйегiмiздi қорлатпасақ екен! 

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері 

2000 жыл.