Отыз жыл ішінде қазақ тарихына жаңаша көзқарас қалыптасты. Оның тамырлары 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгiсiмен құрылған Манаш Қозыбаев бастаған «Әділет» тарихи – ағарту қоғамының жүйелі, тыңғылықты жұмысынан бастау алады. Осы жылдан бастап отандық ғалымдарымыз 1920-1950 жылдардағы ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жалпыұлттық деңгейге көтерді, 90-жылдары «архив революциясы» басталды, көптеген ғылыми диссертациялар қорғалды.
Тәуелсіздік жылдарында осы ресми құжаттар мен бағдарламалардың негізінде іске асырылған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесі дербес қарастырыла бастады. Өйткені, заман талабы советтік дәуірдің ең қасіретті кезеңдерін көрсететін бұл мәселелерді арнайы зерттеуді қажет етті. Бұған жауап беру үшін, әрине Қазақстанда дүркін-дүркін орын алған ашаршылықтар (1917-1918; 1921-1922; 1931-1933) мен саяси қуғын-сүргiндердің (1918-1937; 1950-1986) тарихи бастау-бұлағына, яғни өткен ғасырдың басындағы большевиктердің үздіксіз революцияларының түп-тамырларына қайта үңілуге тура келді.
Алаш қозғалысы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын арнайы зерттеген алаштанушы-ғалым Мәмбет Қойгелді Қазақстандағы саяси репрессияны 5 кезеңге бөліп қарастырады. Олар: 1918-1920 ж.ж. – революция және азамат соғысы жылдарын қамтиды; 1923-1932 ж.ж. – И.Сталиннің билікке келуінен басталып, бірінші бесжылдықпен аяқталады; 1932-1937/38 ж.ж. – екінші бесжылдықтан басталып, репрессияның шарықтау шегімен аяқталады; 1940 жылдың соңы – 1950 жылдың басы – соғыс жылдарындағы репрессиядан басталып, И.В.Сталиннің өмірден кетуімен аяқталады; 1985-1991 ж.ж. – Д.А.Қонаев тұсында бой көтерген «қазақ ұлтшылдығынан» («Казахское дело») басталып, желтоқсаншыларды репрессиялау. Ғалымның тұжырымынша, «соңғысы советтік биліктің терең жүйелік дағдарысқа ұшырағанын анық көрсетумен қатар, перманентті репрессиялық шараларсыз бұл биліктің өмір сүре алмайтындығын байқатты».
Кезінде тарихшы-демограф Мәлік-Айдар Асылбеков «1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ» мәлiметтерiн жариялады. Онда ССРО халқының саны да әртүрлi берiлген. Айталық, 1933 жылы 168 млн., 1937 жылы 180 млн. мен 162 млн. адам көрсетiлген. Бұл кеңестiк санақтың құпиясы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарының санын әлемдік қауымдастықтан жасырумен түсiндiрiлсе керек. Ал, өткен ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың жалпы саны – 6 млн. шамасында болса, ашаршылық пен репрессия жылдары тең жартысынан астамы құрбан болған. Тіпті, соңғы сандық мәліметтер бұдан да жоғары. Оған Көшім Есмағамбетовтің зерттеулері айғақ, оның пайымдауынша «зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпағының саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932-1933 жылдары қазақтар 4 млн. жуық адамнан айырылған»
Жуырда советтік саяси науқандар кезінде бұрмаланған заңсыздықтарға әртүрлі формада қарсылық көрсеткен жекелеген адамдар мен қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін анықтау мақсатында Мемкомиссияның мүшесі, Жобалық Кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов бастаған ұйымдастырушылар кезекті топтық семинар (05.11.2021) өткізді. Онда көптеген түйінді мәселелерді ортаға салынып, талқыланды.
Осы ретте айта кетейік, басқа өңірлермен салыстырғанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша да 25 адамнан тұратын Өңірлік комиссия мүшелері арнайы архивтер мен республикалық, қалалық архивтердегі ізденіс жұмыстарын кеш бастағанымен, 5 айдың ішінде 5 жұмыс тобы бойынша зерттеудің негізгі бағыттарын анықтады. Айталық, адам құқықтары мен ел тәуелсіздігі жолындағы ақталмаған күрескерлерді анықтау мәселелері бойынша жасақталған 1-топта жұмыстың үш бағыты айқындалды.
Бірінші бағыт. Алаш қозғалысындағы ақмолалық күрескерлердің (жекелеген адамдар, топтар, ұйымдар мен партиялар) азаттық жолындағы күресі (1916 жылғы көтеріліс кезіндегі мәселелер де қамтылады, архиві Омбы, Том қаласында сақталған);
Екінші бағыт. Тәркілеу кезіндегі ақмолалық байлардың адам бостандығы және өмір сүру құқығы үшін күресі (тәркілеу кезінде алыс-жақын аймақтарға жер аударылғандардың шағымдары қарастырылады, архиві Алматыда ҚР ОМА, ҚР ПА сақталған);
Үшінші бағыт. Соғыстан кейінгі жылдардағы ақмолалықтардың адам құқықтары мен азаттық жолындағы күресі (қылмыстық іске тартылғандар мен олардың отбасы мүшелерінің шағымдары қарастырылады, оның архиві Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы мекемелерде сақталған).
Бірінші бағыт бойынша, ҚР ІІМ Ақпараттық-сараптамалық орталығы арнайы архивінің мәліметтері бойынша, 1920-1950 жылдары Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны – 6090, соның ішінде ақталмағандары – 429. Ақмола қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны – 6832, соның ішінде ақталмағандары – 616. Бұдан шығатын қорытынды, Ақмола облысымен салыстырғанда Ақмола қаласында саяси науқан құрбандары – 742 адамға, сәйкесінше ақталмағандары – 187 адамға көп.
Жұмыс барысында Алашорда тарихына қатысты «Ағайынды Әділевтер ісі» немесе «Әділевтер бандасы» бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Түбі ақмолалық Байсейіт, Дінше (Мұқыш, Дінмұхаммед), Асқар, Әбуәлі, Әбубәкір, Жолдасбай Әділевтер (туысқан ағайындарын қосқанда – 10 адам, кейіннен барлығы 17 адамға іс қозғалған) бастаған топ тәркілеу науқанына наразылық акциясы ретінде малдарын Сарысу ауданынан Шу бойындағы Әулие Ата жеріне қарай айдап, әрі қарай тұйықталған аймақтарға өтіп кеткен. Олардың совет үкіметіне қарсылығы 1922 жылғы «Әбубәкіров ісінен» басталады. Ал «Ағайынды Әділевтер ісі» тәркілеу басталған кезде қозғалған, оған Алаш қозғалысының жетекшілерінен бастап, бас-аяғы 90 адам тартылған. 1928-1930 жылдары бұл іске қатысты жазалау жұмыстары Сырдария (Шымкент, Қызылорда) округінде жалғасады. Осы ретте біз, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өңірлік комиссияның жұмыс тобымен әріптестік байланыс орнатуға дайынбыз. Екіншіден, бірлесе отырып, осы кезеңдегі шекаралас аудандарды, ішкі миграция мен халықтар географиясындағы өзгерістерді анықтап алуымыз қажет. Ақмола облысының әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты қоғамдық топтар мен саяси ұйымдардың қозғалысын жан-жақты зерттеп, картасы жасалса, артық болмайды.
Екінші бағыт бойынша, тәркілеу кезінде 1928 жылғы Ақмола округтік советі президиумының шешімімен Атырау округіне жер аударылған 46 байдың ішінде Қазтай Құндақұлының Қазақстан Орталық атқару комитеті орталық комиссиясына жазған шағымына қатысты (Астана ақшамы, 28.10.2021) ой-пікір туындады. Осы күнге дейін жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар осы сарындас көптеген арыз-шағымдардың мәтінін терең зерттеу арқылы, орталық советтік билік пен оның жергілікті өкілдерінің заңсыз әрекеттерге баруының басты себептері мен салдарын айқындап, байлардың әділеттілік үшін күресіне объективті тұрғыдан баға беруге болады.
Үшінші бағыт бойынша, соғыстан кейінгі жылдары майданнан немесе тұтқындықтан елге оралған адамдардың ішінде әскери трибуналдың шешімінсіз сотталғандардың барлығын саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына жатқызған жөн. Өйткені, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы елдің кедейшілік күйін көріп, совет-герман соғысына қатысқандар, Германия мысалында, жалпы Еуропа халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының бізден әлдеқайда жоғары екенін тілге тиек етіп, бізді осы мүшкіл күйден соғысқа дейін де, соғыстан кейін де халқын құтқара алмаған мемлекеттің саясатына сыни көзқарасын білдірген. Бүгінде, олардың бәрін жаппай қылмыскер ретінде қарастыруға болмайды.
Қараша айында өткен топтық семинарда көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша мынадай ұсыныстар жасадық: 1) арнайы архивтердегі Алашорда тарихына қатысты материалдар мен 1920-1930 жж. саяси науқандардың құжаттарын құпиясыздандыру мәселесін толықтай шешу; 2) әскери трибунал шешімінсіз сотталған адамдарды саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына енгізу; 3) ұйымдастырушылар тарапынан зерттеуші-ғалымдардың «архив өндірісіндегі» жұмысының аз уақытта нәтиже бермейтінін үнемі назарда ұстау; 4) Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың әр кезеңдердегі әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты туындаған ортақ мәселелер бойынша өңірлік комиссиялардың (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облысы) бірлескен семинарларын ұйымдастыру; 5) облыстардың әкімшілік-территориялық өзгерістер картасын жасау; 6) мемкомиссия тарапынан ақмолалық бай Қазтай Құндақұлының қазіргі Ақкөл қаласындағы 1914 ж. салынған үйін қалалық тарихи-өлкетану музейіне айналдыруға ықпал ету.
Сөз соңында айтарымыз, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда аталған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу» туралы Жарлығын іске асыруда жанкештілік танытып, тер төгіп жүрген зерттеуші-ғалымдардың ерен еңбегі ақталып, тарихи әділеттілік салтанат құрсын, азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ақталмаған күрескерлердің есімдері елдің жадында мәңгі сақталсын, жас ұрпақтың тарихи санасы одан әрі жетілдіріле түссін дегіміз келеді.
Күлпаш ІЛИЯСОВА,
тарихшы-ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры
www.egemen.kz