Президент реформаларын барлығымыз жұмыла жүзеге асыруымыз қажет
26.01.2016 1212
Қазір шынымен де Елбасы айтқандай, қиын кезеңде, дағдарыс кезінде біздің халқымыз бірге болып, науқандық кезеңді бір жылға созбай, сайлауды өткізу керек

Президент реформаларын бір адамдай жұмыла іске асыруымыз керек, – деді ОКҚ брифингі барысында ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов. 

«Мен Мәжіліс ұсынысын жасаған кезде, қолдап, өз пікірімді білдірген болатынмын. Сол уақыттан бері біздің Президентіміз конституциялық кеңеспен және депутаттармен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, Жарлыққа қол қойды. Өз басым, осы шешімді толық қолдаймын. Қазір шынымен де Елбасы айтқандай, қиын кезеңде, дағдарыс кезінде біздің халқымыз бірге болып, науқандық кезеңді бір жылға созбай, сайлауды өткізу керек. Біз қоғам ретінде осы дағдарысқа жауап іздеп, Президент қойған реформаларды бірге іске асыруымыз қажет», – деп мәлімдеді Ғ.Нығметов. 

Оның айтуынша, мұнай бағасының көтерілгенін күтпей, индустрияландыру, шағын жеке бизнесті дамыту керек. «Сол себептен қазіргі уақытта алдымызға қойылған мақсаттарды, соның ішінде Президентіміздің 5 реформасы мен 100 нақты қадамы аясында көзделіп отырған шараларды үкімет, министрлер, әкімдер — барлығы бірігіп орындауы керек», – деп ойын қорытындылады Ғ.Нығметов. 

Естеріңізге салып өтсек, 13 қаңтар күні депутаттар Елбасына үндеу жолдап, Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді сұраған болатын. Мәжілісмендердің бұл бастамасы Қазақстан азаматтары арасында кеңінен қолдау тапты. 20 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын және мәслихат депутататтарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды. 

Сайлау науқаны аясында барлығы 107 Мәжіліс депутаты сайланбақ. Оның 98-і партиялық тізім бойынша болса, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады. Жергілікті билік органдарына 3335 барлық деңгейдегі мәслихат депутаты сайланбақ, оның 550-і облыстық, 625-і қалалық және 2160-ы аудандық мәслихаттарға сайланады. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленсе, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 21 наурызда өткізіледі. Ал мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.