Абылайдың ақ үйі
25.10.2021 3648

Петропавл қаласының кіреберісінде арғымағы ауыздығын шайнай көкке шапшыған Хан Абылайдың айбарлы мүсіні жолдың оң жағынан менмұндалай кетеді. Осы жерде мүсін артында биік еңселі, қоршалған кең алаңды, ақ түспен сыртын сырлаған айбынды үй тұр. Бұл «Абылай хан резиденциясы» аталатын музей кешені болатын. петропавл қаласына қызметтік сапармен барып, осы музеймен танысып қайтқан болатынбыз. Музейдің жоғары санатты экскурсия жүргізушісі Бейсембина Назгүл Абайқызы Абылай ханның өмірінен бастап, музейдегі сан түрлі экспонаттарға дейін қызықты, әрі толық таныстыру жүргізіп берді.


– Абылай хан резиденциясы музей кешені Республикада өзге баламасы жоқ, жаңа үлгідегі тұлғалық музей болып саналады. 2017 жылдан бастап киелі жер ретінде республикалық тізімге енген. Абылайхан резиденциясы музей кешені ғимаратының тарихы тереңде. 1765 жылы Ресей империясы, Екатерина ІІ-нің кезінде осы жерге бір қабатты төрт бөлмелі ағаш үй салынған болатын. Ол кезде үйдің териториясында кеңсе үйі, қонақ үй, монша, құдық, шошала – барлығы болған. Кейін Петропавлда өрт болғанда үй түгелдей күйіп кеткен, бұл өрттің себебі белгісіз. Кейін осы жерге 1824-тен 1829 жылға дейін кірпіштен екі қабатты әскери лазарет салынады. Қазір бұл ғимараттың фото-суреттері сақталған. Осы әскери лазареттің құрамында госпитал, казарма секілді әскери бөлімдер болған. Кезінде сол ғимаратта 1920 жылдары жерлесіміз, жазушы, ақын Сәбит Мұқанов та жұмыс істеген екен. Кейін 1990 жылдарға қарай ғимарат құлдырап, қабырғалары құлап, 2005 жылдарға дейін қараусыз тұрған. 2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бастамасымен Елбасыға хат жіберіліп, Елбасы осы жобаға қолдау көрсетіп, жоба мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасына енгізіледі де, 606 миллион теңге қаржы бөлініп, 2005-2008 жылдар арасында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

2008 жылы 21 тамызда Елбасы салтанатты түрде резиденциямызды ашып, халықты құттықтаған болатын. Сонымен қатар өз қолымен музейге жүрекжарды тілегін жазып қалдырды. Онда: «Абылайды еске алу – тарихымызға тағзым ету болып табылады. Абылай хан армандарын орындаған біздің бұрын өткен тарихтан тәлім алып, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтауымыз керек. Сонда ғана ел тәуелсіздігі мәңгі болмақ. Бабалар әруағы әрдайым бізді қолдасын», – деп жазылыпты.

Мінеки, музейіміз ашылғалы бері 13 жыл болды. Болашағы алда деп есептейміз әлі де, – дейді Назгүл Абайқызы.

 

Музейде төрт экспозициялық зал бар. Бірінші зал Абылайдың 1711 жылдан 1770 жылдарға дейінгі өмір кезеңін қамтиды. Яғни Абылай бабамыздың туғанынан бастап, сұлтан болған, Шаршты жеңген кезеңі – осы мезгілге кіреді. Бірінші залда Қожа-Ахмет Ясауи кесененсінің 50 есе кішірейтілген макеті орналасқан. Хан қайтыс болған соң осы Ясауи кесенесіне жерленген болатын. Сонымен қатар бұнда Құлсары әулие мазары да бар. Құлсары әулие 18 ғасырда өмір сүрген, Абылайдың сенімді серіктерінің бірі болған. Ол Ресеймен 30 жылдан аса дипломатиялық қарым-қатынас құрып, келіссөздер жүргізгенде топ бастаған адам екен. Аңыз бойынша, өзі көріпкел, емші де болған. Бұл макеттегі мазар 2011 жылы орнатылған. Бұл қазір Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы, Бұлақ аулынан 7 шақырым жерде тұр. Бұл зал бүгінге дейін бізге жеткен Абылайдың өмірі туралы деректер мен аңыздарды негіз етіп жабдықталған. Мұндағы бірінші экспозиция – Абылай ханның шежіресі. Шежіренің авторы Абылайдың шөбересі, этнограф, шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлиханов. Шежіре бойынша Барақ хан – Жәнібек – Жәдік – Ер Есім хан – Жәңгір хан – Уәли сұлтан – Абылай сұлтан – Уәли сұлтан (Көркем Уәли) – Әбілмансұр (Абылай хан) болып келеді. Абылай сұлтан Түркістан қаласының әмірі болған, жауларына қаталдығына бола «Қанішер Абылай» атандырып жіберген деседі. Әбілмансұрдың әкесі Уәли сұлтанның мінезінің әлде келбетінің көркемдігі оны «Көркем Уәли» атандырса керек. Аңыз бойынша, 1723 жылдары жоңғарлар Тркістан, Сайрам, Ташкент жерлерін басып алды. Осы соғыста Уәли сұлтан жау қолынан қаза тауып, Әбілмансұрды Ораз деген төлеңгіт құтқарып алып шығады делінеді. Жасында жетім қалып, Төле бидің түйесін бағып жүргенде «Сабалақ» атанған деседі. Осы Төле бидің түйесін бағып жүргенде бір түп ағаштың саясында ұйықтап жатқанын Төле көреді. Сабалақ екі аяғын екі жаққа сермеп, екі қолын алаңсыз жайып тастап керіліп ұйықтап жатқан болса керек, сонда Төле: «дүниенің төрт бұрышын билеймін дегендей жатыр ғой бұл», – деген екен дейтін де аңыз бар. Кейін Арқа жеріне келіп Дәулетбай деген байдың жылқысын баққан, онда да оның іс-әрекетінен текті адам екені аңғарылып тұрған дейді ел ауызындағы аңыз.


Бұдан сырт бұл залда Абылайдың Абылай атына ие болған тұсы, ақтабан-шұбырынды жылдары және де басқа да тарихи кезеңдердің экспозициясы қойылған. Осылардың бірі ретінде Қожаберген жырауға арналған деректер де орын алады. Абылай ханның кезіндегі ел қорғаған батырлар, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ жәнібек, Баян батырларға арналған мәліметтер де кездеседі. Батырлардың қару-жарақтары мен әр түрлі кезеңдегі саяси және жорық карталары да кездеседі.


Екінші залда қазақ халқының тұрмыстық заттары жинақталған. Бұл зал киіз үйдің ішкі көрінісін негіз етіп жабдықталған. Бұл тынығу бөлмесі деп аталады. Қазақ халқы көшпелі және жартылай көшпенді өмір кешкендіктен тұрмыстық бұйымдар да соған сай түйеге артуға, тасынуға ыңғайлы етіп жасалған. Бұл залды жасақтаған кезде де Абылайға арналған үйдің бір бөлмесі осылай болуға тиіс деген болжам негізге алынды. Бұнда кебеже мен сандық түрлері, құрақ көрпелер, кілем және қайқыбас төсек қойылған. Бұндағы кебеже азық-түлік сақтауға арналған сандық түрі, 18 ғасырдан бері келе жатқан жәдігер. Қайқыбай төсек те ерте кезеңнен келе жатқан түпнұсқа. Медицина бойынша адам демалғанда басы мен аяғы бірдей көтеріліп жатса, қан айналымы жақсы жұмыс істеп, тез тынығып үлгереді екен. Осы бөлмеде сол ғасырдың жәдігеріне жататын Құран кітабы да бар. Қазақ семсері және қалқан бар. Тарихшылардың айтуынша, қазақ қару-жарақтарында ғана шашақ тағылған екен. Оның себебі, шашақ қарсы жақтың көзін алдап, найзаның ұшы қалай бағытталғанын жасыруға және шашақ арқылы найза ұшына жұққан қанның ағып кетуіне мүмкіндік жасайды екен. Сөйтіп қарудың сабы таза күйінде қалады дейді. Адалбақан ілгіші түкті, түксіз кілемдер бөлменің атмосферасын одан әрі аша түскен. Бұл бөлменің қабырғалары ағаш арқылы ремонтталған, оның себебі – Абылайға арнап салған үйі Ресей патша үкіметі салғызғанын еске алсақ, онда ол кездегі үйлердің тек дөңбек ағаштардан салынғанын да білеміз, соған байланысты, түп нұсқаға бір шама жақын ету мақсатында осылай жабдықталған болатын.



Музейдің мәдени қызметтерінің қатарында өзге қалалардағы музейлермен және оқу орындарымен серіктесе отырып, бірлескен жұмыстар істеп жатқанын да айтады. 

– Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музей, Өлкетану музейі, Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин Мемориалдық музейімен келісімшартқа қол қойған болатын. Алматыдағы Абылай хан атындағы әлем тілдері мен халықаралық қатынастар университетімен биыл меморандумға қол қойылды. Семейдегі Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени-әдеби мемориалдық қорық музейімен де серіктесіп отырмыз. 30 қыркүйектен бері осы музейден «Адамзаттың Абайы» деп аталатын көрме әкелініп, бір ай бойы осындағы келушілерге таныстырылып жатыр.

 

Үшінші зал – тақ залы. Бұл залда Абылай ханның хандық билікке келгеннен кейінгі өмірінен мәліметтер беруге тырысады. Төр алдында хан тағында Абылайдың балауыз мүсіні жасалған. Артқы жағындағы қабырғаға көне түс киіз формасындағы кілем ілінген. Мұндағы өрнектің төмен жағының аяқталмай, қиылып қалғандай салақтап қалуы – бітпейтін, таусылмайтын мәңгілік бейнесі ретінде рым етілген. Осы жерде Абылайдың мөр жүзігі мен билік алқасының көшірмесі қойылған. Бұдан тыс Абылай өмір сүрген кезеңге жататын бір неше сандықтар, қару-жарақ түрлері, ат әбзелдері қойылған.

– Абылай бабамыз Шаршты жеңіп, сұлтан болғаннан бастап ел ісіне белсене араласып, ірі мәселелердің басында жүрген. Оның 12 әйелі, 70 баласы болған, осының 30-ы ұл, 40-ы қыз екен. «Ер қанаты – ат» деген мақал бар ғой қазақта, аттың жайы мен батырдың жайы егіз ұғым болған, ат ең жақын жан серігі болған. Батыр өзіне қалай қараса, атына да солай қарайтын болған. Соған сәйкес, атын да күміспен әбзелдеп, көркемдеп ұстаған.


Төртінші зал Абылайдың саяси-тарихи орынына арналған. Әбілмәмбет хан қайтыс болған соң 1771 жылы Абылайды хан көтерген. Залда Абылайды хан көтерген билер мен батырлар, Бұхар жырау секілді тарихи тұлғалардың мәліметтері, жорықтар туралы ақпараттар таныстырылады. Мұнда Рсеймен және Қытаймен болған дипломатиялық қарым-қатынастың дәлелі ретінде жазысқан хаттар сақталған.

– 35 жылдық билікте Абылай бабамыз үлкен жетістіктерге жеткен. Мықты әскер құрған, экономика жақсарған, халық саны өскен, ең бастысы үш жүздің басын қосқан. Ханның сыртқы саясаты икемділік пен мәмілегерлік арқылы жүргізілген. Ресей, Қытай секілді екі үлкен державамен қарым-қатынасты жақсы ұстап, олардың ықпалын ел ішіне тигізбей, халықтың еркіндігі мен бостандығын сақтап қала алған. Қытаймен де, Ресеймен де сауда-саттық орнатып, осында Петропавл қаласында да жәрмеңке ашқан. Абылай қайтыс болған соң, оның ұлы Уәли Петропавл қаласына келіп орыс патшасынан ант қабылдайды. Оны Орта жүздің ханы деп таниды.



Залда сондай-ақ 1747 жылы Алматы облысы төңірегінде болған қазақ-жоңғар шайқасынан диарама орналасқан. Бұнда дөң басында қол бастап келген Абылай бейнесі де қоса беріледі. Осы залда Қытай ақшасы, Екатерина ІІ Абылайға арнап салғызған ағаш үйдің жобасы және т.б. жәдігерлер сақталған. Бұдан тыс Абылай резиденциясы орналасқан қазіргі ғимараттың тарихына қатысты суреттер мен мәліметтер берілген.

Ханға арналған музейдің бұған дейінгі табысты жұмыстарына қол соға отырып, болашақта тың ғылыми жаңалықтармен, ескі экспонаттармен молыға түсуін тілейміз!