Қажымұқаннан қалған құнды мұралар
11.01.2016 3718
Қазақ халқының даңқты ұлы, классикалық күрес шебері, дүниежүзінің бірнеше мәрте чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының мол тарихи мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақ парызы

Қазақ елі қашанда өзінің ұлттық тарихи тұлғаларын қай кезде де болмасын ұлықтай алған. Осындай бір істі жалғастыру үшін биылғы 2015-2016 оқу жылынан басынан бастап Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты бағдарламасының 87-і қадамында «Менің елім» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында мектебіміздің директоры Касимов Балкан Маратұлының бастамасымен Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайын заманауи тұрғыда сандық жүйеге көшіруді ұсынып, тарих пәні мұғалімдері Бейсенов Мәди Қасымбекұлы мен Спабеков Жарасбек Қуанышбекұлының жетекшіліктерінде, сондай-ақ, ресми сайтты үйлестіруге математика пәні мұғалімі Ергашев Кудрат Курганбаевичті қоса мектеп оқушыларымен танымдық ғылыми-зерттеу жобасына тартқан болатын. 

Атап айтар болсақ, Елбасы «100 нақты қадам» атты бағдарламасының 87-қадамында, «Азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, оның аясында технологиялық жобалар серияларын іске асыру қарастырылатын болады. Соның бірі – «Қазақстан энциклопедиясы» кең көлемді интернет жобасын құру. Мұндағы басты мақсат – әрбір азаматқа және шетелдік туриске ел туралы көбірек білуге көмектесу. Порталға Қазақстан бойынша 3D бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалары және қарапайым қазақстандықтардың өмірі туралы ақпараттар орналастырылады. Портал бір есептен елдің «сапарнама карточкасына», ұлттық жол көрсетушісіне, қызықты азаматтар үшін ұлттық құрмет тақтасына және виртуалды хабарласу тұғырнамасына айналады» [1] делінген болатын. 

Сол бір тапсырманың аясында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырған саналы өмір жолын зерделеп жаңа қырынан таныстыруды басты мақсатымыздың бірі деп білеміз. Сондай-ақ, жаһандану заманында Қажымұқан Мұңайтпасұлының тарихи мұрасын өскелең жастарға озық үлгідегі ұтымды жаңа ақпараттық бағдарламалар арқылы зерделеу және жаңаша таныту өзекті бір мәселенің қатарында болып отыр. Аталған мәселенің аясында қазақ халқының даңқты ұлы, классикалық күрес шебері, дүниежүзі чемпионы атағын бірнеше рет алған палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының мол тарихи мұрасын барша Қазақстан және әлем халықтарына паш ету бүгінгі ұрпақтың міндетінде. Сондықтан да Қажымұқан атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт мұражайы, қара шаңырағы және кесенесі жұмыстың негізгі танымдық ғылыми-зерттеу объектілері болып табылды. Біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижесі ретінде ресми сайт ашылды. 

Қажымұқан Мұңайтпасұлының шежіресі

Виртуалды тур ресми сайт ретінде құрастырылды. Сайтты ашқандағы негізгі бетінде мекеменің үш тілдегі (қазақ, орыс және ағылшын) толық атауы берілді. Жобаны іске асырудағы екі жақты мекемелердің (Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Қажымұқан атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт мұражайы) ортақ келісімдері бойынша жасалды. Негізгі беттің оң жағында мұражайдың толық ЗD форматындағы сыртқы және ішкі көрінісі беріліп отыр. 

Ары қарай фотосуреттердің топтамалары берілді: Қажымұқан Мұңайтпасұлының жеке марапаттары (медаль, орден, белбеу, мадақтамалар және т.б.), Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған түрлі көріністегі мүсіндері, Қажымұқан Мұңайтпасұлының күнделікті өмірінде қолданған тұрмыстық заттары мен киген киімдері, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ел арасындағы жүрген спорттық өнеріндегі афишалары, Қажымұқан Мұңайтпасұлының шынайы өмірдегі жеке суреттері, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірінде орын үлкен алған туған-туысқандары мен тарихи тұлғалардың фотосуреттері және жеке заттары беріліп, өңделу үстінде. Қосымша, Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы арнайы түсірілген бейнефильмдер, сұхбаттардың бейнебаяндары қойылды. 

Қажымұқан Мұңайтпасұлының бұрынғы тұрған қара шаңырағының қабырғасы қышы 

Балуан үйі табалдырығының бір бөлігі 

Қажымұқан Мұңайтпасов туралы тарихи-құжаттық және көркем-әдеби кітаптарының сканерленген электронды нұсқалары беріледі деген алдағы қойған жоспарымызда бар. Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы жарияланымдар мен ақпараттық көздер беріліп отырады. Сонымен қатар, төменгі жағында ресми сайтты қолданушылардың статистикалық есебі мен ғаламтор желілеріндегі (facebook, twitter, linkedln, rrs fed, email және т. б.) тығыз байланыстары беріліп отырады. Қосалқы ақпарат көзі ретінде пайдалы сайттардың сілтемелері логотиптерімен («Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Қазақстан тарихы» порталы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты) қоса қойылды [2]. 

Балуан пайдаланған төс 

Қажымұқан пайдаланған арбаның білігі 

Қажымұқан Мұңайтпасұлының соңғы жылдары тұрған қара шаңырағының иесі Ескермесов Қуанышбек Есболғанұлы қарсы алып, үйінде мектебіміздің оқушылары Ахмет Алина, Мырзағалиева Арайлым, Төлеген Ұлдана сұхбат алды. Сұхбаттасу барысында көптеген қағаз бетіне түспеген ақпараттарды түсіріп алуымызға мүмкіндік берді. Үйінен 400 метр қашықтықта орын тепкен кесенесіне тәу етілді [3]. 

Балуанның бұрынғы кесенесінің күмбезі 

Даңқты тұлға кесенесінің қазіргі келбеті 

Жоба барысында 2015 жылдың 4 желтоқсанында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесу үшін Ниязова Алмат Сейфуллақызы (балуанның кіші келіні), Қажымұқанова Айжан Жанәбілқызы (немересі), Ескермесов Қуанышбек Есболғанұлы, Ескермесов Батырхан Есболғанұлы (шөберелері), мұражай қызметкері Назарбаев Мұхамеджан Мелдеханұлы мектебіміздің қадірлі қонағы болып, кездесу барысында қонақтармен бірге Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына арналған ресми сайттың ашылу салтанаты болып өтті. 

Қонақтар атамыздың артында қалған мол тарихи мұрасын барша халыққа танытып жатқан мектеп ұжымына өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп, алдағы жұмыстарымызға табыстар тіледі. Аталған Қажымұқан атамыздың кіші келіні өмір бойы үйінде жинап жүрген мұрағаттық құжаттарды мектепке өткізді. Құжаттар алдағы уақытта айналымға енгіземіз деген жоспарымыз да бар. Сонымен қатар, Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Ескермесова Меруерт Асылханқызы: «Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына келетін қонақтардың дені – спортшылар. Халықаралық және облыстық деңгейдегі жарыстарға кетіп бара жатқан спортшылар біздің мұражайымызға, атамыздың кесенесіне арнайы ат басын бұрып келіп тұрады. Түрлі-түрлі деңгейдегі балалар мен мәдениет қайраткерлері келіп тұрады» [4], – деп түсіндіреді. 

Қорытындылай келе айтарымыз, қазақ халқының даңқты ұлы, классикалық күрес шебері, дүниежүзі чемпионы атағын бірнеше рет алған палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының мол тарихи мұрасын қолжетімді етіп көрсетудеміз. Қажымұқан атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт мұражайы, қара шаңырағы, кесенесіне барып материалдарды қарастырып жаңаша таныстыру үшін қолданысқа енгіздік. Мұражай қызметкерлері мен қара шаңырағы мен кесенесін қарап отырған шөбересі Ескермесов Қуанышбек Есболғанұлынан сұхбат алынды. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін ұлттық тарихымызды қайта зерделеп және оны жаңаша таныстыруға мүмкіндік алғанымыз анық. Алдағы уақытта қазақ спорт өнерінің майталманы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы еңбектер жарияланғанымен, заманауи талаптарға сай таныстыру мен насихаттау жұмыстары тыңғылықты жүрмегенін айтып өткіміз келеді. Бұл жобаның тармақшасы ретінде тарихи сабақтастық орнатамыз деген ойдамыз. Қазіргі жас буын өкілдерінің толығырақ танып біле бермейтіні себепті Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы толық ақпаратқа сусындап, патриоттық жаңа сатыны қалыптастыруға ықпал ететінімізге сеніміміз мол. Жоба аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы көптеген белгісіз деректерді паш етуге болатынын айтқымыз келеді. Қазақстанның ірі қалалардағы даңғылдарына Қажымұқан Мұңайтпасұлының атауын көптеп берсе игі істер жасалған болар еді. Ұлықтай түсу әрбір еліміздің азаматтарына парыздық міндеті болып табылады. 

Мәди Бейсенов, Жарас Спабеков, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі тарих пәні мұғалімдері. 

Роза Шәкірхожа, 7 «А» сыныбының оқушысы 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі 

1. Bnews. kz ресми сайты: «100 нақты қадам» — Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарын жариялайды. http://bnews. kz/kk/news/post/267946/ (кірген мерзімі: 06.11.2015 ж.). 

2. Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайының ресми сайты: mukhan. dauir. com (кіру мерзімі: 26.12.2015 ж. уақыты: 11:06). 

3. Сұхбат: Ескермесов Қуанышбек Есболғанұлы. (Қ. Мұңайтпасовтың шөбересі), алған мерзімі: 13.10.2015 ж. 

4. Сұхбат: Ескермесова Меруерт Асылханқызы. (Қ. Мұңайтпасовтың шөбересі), алған мерзімі: 13.10.2015 ж. https://www. youtube. com/watch? v=Xt69wb-fjdw&feature=youtu. be (кірген мерзімі: 06.11.2015 ж.).