Брюммердің шабытын оятқан қазақ даласының алуан түрлі гүлдерінің қайталанбас пейзажы екен. Қазақ жерінің қарапайым адамдарының портреттер галереясын суреттеді
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанға жер аударылған Леонид Брюммердің есімі қазақ жұртшылығына таныс. Атақты қылқалам шеберінің әрбір туындысында қазақ өмірі мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы ап-анық суреттеледі. 1941 жылы неміс ұлты өкілі ретінде Павлодар облысына жер аударылып, кейін өмірінің соңына дейін Жамбыл облысында тұрған.
Суретші өз қолынан шыққан мыңнан аса шығарманы және де сурет өнері жайындағы бай мазмұнды кітапхана қорын өмірден өтер шағында Жамбыл облыстық өлкетану мұражайына тапсырған. Кейін Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы қарсаңында Германия елшілігінің қолдауымен Таразда Леонид Брюммердің көркемсурет мұражайы ашылады. Онда атақты суретшінің 1000-ға тарта туындысы мен өміріне қатысты құнды заттары қойылады. Мұндағы жинақталған суреттер галереясында суретшінің әр жылдары Ялта, Ескі Қырым, Орел, Налчик қалаларында, кейінгі Павлодар мен Жамбыл облыстарындағы өмір кезеңдері суреттелген туындыларға толы.
Л.В. Брюммер 1889 жылы Украинаның Херсон қаласында неміс Брюммердің отбасында дүниеге келді. Леонидтің үлкен аталары Херсон қаласындағы шойын құятын зауыт пен кемелер верфінің иегерлері болған. Анасы Мария Гутьер – француз өкілі.
Суретші 1910 жылы гимназияны ойдағыдай тәмамдап, Киев көркемсурет училищесінің «натюрморт» класына оқуға түседі. Училищедегі аға оқытушысы Ф.Г. Кричевский барлық оқушыларының арасында жас Брюммердің ерекше талантын байқаған болатын. 1915 жылы Брюммер училищені ойдағыдай бітіріп және өз ұстазының кеңесі бойынша Петроград көркемсурет академиясына оқуға түсуге барады. Бірақ та революциялық оқиғаларына байланысты оқи алмайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Брюммер Қазақстанға жер аударылады. Павлодар өңірінің Горьковский ауданында өмір сүреді. Ертістің Павлодар өнірінде өз шығармашылығы туралы қорытынды жасап, көркемдік ұстанымын қалыптастырып жазуына мүмкіншілік туды. 1943 жылдан 1945 жылға дейін ол Жолқұдық ауылында суретші болып жұмыс істейді. Осы кезден бастап суретші қазақ мәдениеті мен тұрмысын толықтай меңгеріп, туындыларына суреттей бастайды. Брюммердің шабытын оятқан қазақ даласының алуан түрлі гүлдерінің қайталанбас пейзажы екен. Қазақ жерінің қарапайым адамдарының портреттер галереясын суреттеді. Олар: механизаторлар, балташылар, балықшылар, балалар.
Қатал соғыс кезінде де суретші өзіне ұстамды болады. Леонид Владимирович аштыққа, суыққа қарамастан айнала әлемдегі әсемдікке оптимистік көңіл күйімен қараған. Оның пейзаждары қатты қағаздардың қиындысында, кітаптардың сыртқы бетінде, фото түсіретін қағазда, пошта открыткаларында, клеенкада, фанерде салынған, ол табиғатты суреттеуде нәзік сезіммен бояулардың түсін беруі шеберге тән екенін білдіреді. Оны көтеріңкі көңіл күймен суреттегені сезіледі, қарапайым суреттемелерде салған сюжеттері көз тартарлық нәзіктілігі білінеді.
1955 жылдан бастап ол Жамбыл қаласында тұрды (қазіргі Тараз), қалалық паркте елеусіз көркемдеуші суретшінің тіршілігі өтті. Леонид Владимирович 1971 жылы Жамбыл қаласындағы қарттар үйінде қайтыс болды.
Алтынбек Құмырзақұлы