Бауыржан Момышұлымен бір мектепте оқыған кім?
21.01.2016 2394
Интернатта оқып жүрген кезінде Ілияс болашақ Совет Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен атақты ақын Әбділда Тәжібаевпен дос болған

Ахметов Ілияс Сауытбайұлы (1910 ж.т. – 1944 жылдың 16 сәуірінде ерлікпен қаза болады). Аға лейтенант, өздігінен жүретін қондырғы (САУ) ауыр артиллерия командирі, Тернополь облысы Бугач қаласының Войцеховка деревнясында жерленеді. 

Командир Ілияс Ахметов. 1943 жыл 

Тегі – Алшын, он екі ата Байұлы, Жаппас, Қияқы аталығынан. Ата-бабаларының мекені Тереңөзек ауданы болған. 

1916 жылы Ілияс 6 жасында жетім қалады. Сонда ағасы Қасым 13 жастағы бала болатынына қарамай, екі қарындасы аштан өлмесін деп екеуін де тұрмысқа береді. Үлкен қарындасы Молжан 12 жаста болса, кіші қарындасы Зиягүл 9 жаста болады. Інісі Ілиясты жетімдер үйіне береді. 

Кейін ағасы Қасым Сауытбайұлы (1903-1942) Екінші дүниежүзілік соғыста 39 жасында ерлікпен қаза болады. Қасым Сауытбайұлы өте мейірімді кісі болған екен. Құдайдың жазуы шығар, Ахметов Қасым Сауытбайұлының кейін түрлі себептермен 12 баласы қайтыс болады. Қазір артында ұрпақ жоқ. Ал, тұрмысқа берген екі қарындасының жұрағаты құдайға шүкір, өсіп-өнуде.

Ілияс Ахметов интернатта білім алады, сабақты өте жақсы оқыған. Мәскеу қаласында рабфак бітіреді. Интернаттан Мәскеуге 3 бала жіберілген, үшеуі де орысша білмейді екен. Орталық қалада оқып жүргенде Ілиястың қасындағы екі бала: «Сен орысшаны біздің қасымызда шамалы білесің ғой, орыс мұғалім ағай Абрам Петровичтен біздің дәптерімізді алып бересің бе?» – деп өтінеді. Сөйтіп бала Ілияс Абрам Петровичке келіп: «Два мальчика бумага осталось», – деп дәптерлерін алып берген екен. Бұл оқиғадан Ілиястың бала кезінен еті тірі, пысық әрі алғырлығын байқаймыз. 

Интернатта оқып жүрген кезінде Ілияс болашақ Совет Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен атақты ақын Әбділда Тәжібаевпен дос болған. Кейін Бауыржан Момышұлы «Қимас досыма» деп фотосуреттің артына жазып, Ілияс Ахметовке салып жібереді. 

Ілиястың достары Бауыржан Момышұлы мен Әбділда Тәжібаев, 1928 жыл 

Ілияс сұнғақ бойлы, аққұба, көк көзді, ажарлы жігіт болып ер жетеді. 1928 жылы үйленеді. Зайыбы Ахметова Ажаркүл Мейманқызы (1913-1968) тұрмысқа шыққан кезде 15 жаста болады. Тегі Мамай найман. Алла тағала жастарға 7 бала сыйлайды. Балалары: 1) Нағима 1929 ж.т. кішкентай кезінде шетінеген. 2) Шәрікүл (1931-1989). 3) Роза 4 жасында шетінеген. 4) Люба жастай шетінеген. 5) Серік (1938-1941) 3 жасында шетінеген. 6) Мұратбек (1940-1942) шетінеген. 7) Баян (1942 ж.т.) 

Ілияс Ахметов Қызылорда әскери комиссариат арқылы соғысқа аттанады. 1942 жылы Ілиястың зайыбы Ажаркүл сіңлісінің күйеуін соғысқа шығарып тұрған кезде әжетханадан тастанды орыс баласын тауып алады. Ол баланы менің шетінеген Серігімнің орнына Серік болады деп, бауырына басады. Сөйтіп орыс бала Ахметов Серік Ілиясұлы болып ер жетеді. Әскери оқуды бітіреді. Әскери офицер Венгрия, Украина елдерінде қызметтерде болған. Серік Ахметов үйленіп, Дамир деген баланы дүниеге әкеледі. Ұрпақтары қазақпыз деп өмір сүріп жатыр. 

Ілияс Ахметов 1941 жылы жараланып, Қызылорда қаласындағы әскери госпитальга келеді. Шайқаста ол кісі сол қолының 4 саусағынан айырылған екен. Бұл күндер зайыбы Ажаркүл апаға, қызы Шәрікүлге ұмытылмас бақытты күндер болған. Офицер Ілияс Ахметов емделіп болған соң қайтадан соғысқа аттанады. Шәрікүл Ілиясқызы соғыста жүрген әкесіне хат жазып тұрады, әкесі оған Шура деп хат жолдайды. 1942 жылы Ілиястың кенже қызы дүниеге келеді, анасы жаңа туылған нәрестеге: «Өмір жасы ұзақ болсын, баянды болсын!» – деп ырымдап атын Баян қояды. Тағы бір айтатын жайт, Ажаркүл апаның Баян есімді жақсы бір қайнағасы болған соң, сол үлкен кісінің құрметіне Баян деп қойған. Бірақ, үлкен қызы Шәрікүл жаңа туылған нәрестеге өзі Рая деп ат қойып қойған болатын. Шәрікүл майдандағы әкелеріне аты Баян болғанын айтпайды, сондықтан әкесі Баян қызына «Раечке» деп хат жазып тұрады. «Раечке» деген хаттар 1944 жылға дейін келіп тұрады. 

Оң жақта отырған Ілияс Ахметов. 1928 жыл 

1944 жылдың бір күнінде майданнан хат келеді: «Ахметов Ілияс хабарсыз кетті» деген. Алайда Ажаркүл апа жұбайым аман деп сенбей жүреді. Әскери комиссариат Ахметова Ажаркүлге соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен жауынгер офицерлердің зайыбы болғандықтан, 1950 жылы пәтер береді және көмірмен, тамақпен көмектесіп тұрады. 1968 жылы Ішкі істер қызметінде жұмыс атқарып жүрген 26 жастағы офицер Ахметова Баян Ілиясқызы анда-санда хабарсыз кеткен әкесін ойлап толғанып жүргенде, бастығы, полиция майоры Галкина Екатерина Степановна Баянға ақыл айтады: «Известия» газетіне хат жаз, қазір пионер ұйымдары, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, «Кто не знает места захоронения братьев и сестер» атты рубрика болған» деп. 

Сонымен Баян Ілиясқызы Мәскеу қаласы, Пирогов көшесіндегі «Известия» газетіне хат жолдайды. Көп күттірмей Тернополь әскери комиссариатынан хат келеді, онда: «399 Гв Артп құрамында аға лейтенант Ахметов Ілияс Сауытбайұлы өздігінен жүретін қондырғы командирі 1944 жылдың 16 сәуірінде ерлікпен қаза болып, Тернополь облысы Бугач қаласының Войцеховка деревнясында жерленген» деген мәлімет келтірілген. Бұл суық хабарды Баян Ілиясқызы 24 жыл бойы Ахметов Ілиясты тірі деп жүрген зайыбы Ажаркүл апаға күйеуінің соғыста қаза болғанын естірту үшін ағайындарын жинайды. Хабарды естіген Ажаркүл апа дауыстап қатты жылайды. Сол жылы Ажаркүл апа қайғыдан 55 жасында дүние салады. 

Баян әкесінің көзін көрген қазақтың көрнекті ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің қызы Ботагөзбен жақсы дос болады. Асқар ақын қайғысына бірге бөлісіп, басу айтып, «өзінді өзің мұқалтпа» деп ақылын айтып жүреді. Ол кісінің 3 қызы болған, Баян апа төртінші қызындай болып сыйласып өтеді. 

«Боздақтар» кітабында Ахметов Ілияс Сауытбайұлы жөнінде 29 бетте мәліметтер жазылған. Шәрікүл Ілиясқызы тегі Бошай Шашты кыпшақ Джанкараев Ибрагимге тұрмысқа шығады. Балалары: 1. Аян (1954 ж.т.). 2. Елена (1955 ж.т.) 3. Марат (1957 ж.т.). 4. Тимур (1966 ж.т.) — гинеколог-дәрігер. 

Ахметова Баян Ілиясқызы Ішкі істер қызметінде жұмыс атқарған. 1961-1965 жылдары Теміртауда оқуда болады. Сыр бойына белгілі азамат, 1955-1958 жылдары Қызылорда қаласының прокуроры болған Мұса Әжмұхамедұлының баласы Әжмұхамедов Асқарға (1940 ж.т.) тұрмысқа шығады. Тегі – Қара қыпшақ. Балалары: 1. Тимур (1963-2008) адвокат болып жұмыс атқарған. 2. Қайрат (1968 ж. т.) Спорт комитетінде қызмет етеді. 3. Әсем (1975 ж.т.) экономика ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» университетінде жұмыс атқарады. 4. Алтынай (1977 ж.т.) Каспий банкте бөлім басшысы болып еңбек етеді. 

Қазақта жақсы сөз бар «Артында бар оңалады» деген. Шәрікүл, Баян, Серік балаларының ұрпақтары аталарының атына кір келтірмей абыроймен еңбек етуде, өсіп-өнуде. Жауынгер-офицер Ахметов Ілиястың аты өлмейді, құдайға шүкір артында салауатты ұрпағы бар. Сол қанды оқиғалардан бері 74 жыл уақыт өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста елі үшін, ар-намысы үшін жанын пида еткен Батырларымыздың ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс. Уақытында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ» деген емес пе. Демек, біз кейінгі ұрпақ қазақ деген намысшыл халық екенімізді биік ұстап, тарихымызды қастерлеп жүріп, соғысқа қатысқан аталарымыздың нағыз батыр екенін біліп, мақтан тұтуымыз керек. 

Бақытжан Ахметбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері