Сауда халықтарды отарлау құралы ретінде. 2-бөлім
12.08.2021 1925

Орыс үкіметі Орта Азияны саудамен отарлауда кімді бәсекелес ретінде көрді? Бұл Тибеттен Манчжурия мен Кяхтаға тауарларын тынымсыз тасыған қытай қолөнершілері мен саудагерлері екені анық. Олардың кейбір тауарлары Иркутск нарығында да болып тұрды. Орыс үкіметі олардың пысықтығы мен өлермендігін қауіп көрді. Аймақтағы орыс саудасының тағы бір талантты бәсекелесі – өз кеңсесі, мұхиттан өтетін телеграфтары, Үндістаннан солтүстікке қарай теміржолдар салған және әлемдік биржаны билеген королі бар ағылшын көпесі болды. Сонымен қатар сол кездегі саудаға бейім халықтардың бірі бұқарлық саудагерлер болды.


Н. М. Ядринцев сауданы бұқар халқының ең көрнекті таланттарының бірі деп атады: «Бұқарлықтардың сауда таланты мен олардың кәсіпкерлігін орыс халқы өткен ғасырда Сібірде көрген. Еркін сауданың арқасында бұқарлық саудагерлер барлық сібірлік сауданы иемденіп алды, олар компаниялар, сауда үйлерін, өзара сақтандыру қоғамдарын ашты, сібір татарларын сауда агенттері етті және Қазаннан Иркутскке дейінгі кеңістікті сауда желісімен қамтыды». Бұхар саудагерлері бүкіл Сібірді өз тауарларымен, ерлер үсті-басын және фанзаларды (Қытайда, Кореяда және Қиыр Шығыстағы дәстүрлі тұрғын үй) мақта маталармен бүтіндеді, аң терісі саудасын бақылауға алды, сонымен қатар ресейлік мануфактура мен Сібір арасында делдал болды. Көп уақыттан соң Сібір саудагерлері сұраныстар, өтініштер, петициялар және интригалармен сауданы өздеріне қайтарады. Осылайша бұқарлықтар Сібірден қуылып, оларға шекарадан кіруге тыйым салынады.  

Сонымен қатар, XVIII көшпелі халықтармен сауда жасау ісінде орыс көпестері айтарлықтай есте қалған жоқ. Ал XIX ғасырдың басындағы тарихи жылнамаларда Орта Азиямен немесе Батыс Қытаймен сауда жасау үшін арбалы керуені бар көпеске құрамында өте көп адамы бар әскери жасақтың еріп жүруін қажет ететіндігі туралы жазбалар бар. Әрине, Үкімет көпестердің бұл өтінішін орындаудан бас тартты, ал керуен орнында қалды. Крафттың баянатында («Материалы для истории Сибири», Изд. Моск. Общества Истор. и древностей) орыс көпестерінің көшпелі халықтармен қаншалықты нашар сауда жүргізгендігі туралы айтылады: «1750 жылдың қыркүйегінде Зенгорияға (барлау үшін) жіберілген Давыдов деген драгун оған далада қалмақтар шабуыл жасағанын, пышақпен бауыздамақшы болғандарын, екі адам шашынан ұстап, оны далада атпен сүйрегенін және оған өздерін алдау үшін келіп жүргенін және ешқандай тауарлар әкелмейтінін мәлімдеген». Алайда, XIX ғасырда көп нәрсенің өзгергенін, Ресей империясының қытайлармен сауда-саттығы жөнделгенін айта кеткен жөн.

Орта Азиялық сауда орыс көпестері мен бақылаушыларының назарын аудара түсті. Петровский деген біреу Бұхараға сапарында Бұхараның нарығына мұқият қарап, Бұхара Орта Азия саудасының орталығы деген қорытында келген және жаңа жаулап алу жоспарларына мақұлдай қараған.

Орта Азияда сауда үстемдігіне қол жеткізудің ең үлкен шараларының бірі теміржол болды. Ол жылдары бұл жоба жаңа ғана пайда бола бастаған, сондықтан бұл жолдың Орынбор арқылы, Кавказ арқылы немесе Сібір арқылы өтетіні белгісіз еді, бірақ оның негізгі мақсаты - Ресей империясының мануфактуралық аймақтарын Орта Азия нарықтарымен байланыстыру болды. Осы арқылы Мәскеу, Кострома, Владимир және басқа да мануфактуралар өз тауарларын тасымалдауды арзандата алар еді.  Теміржол құрылысының көрсете алар үлкен ықпалымен қатар, орыс өнеркәсібінің тауарларын арзандату мәселесі әлі де күн тәртібінде тұрды. Ядринцев осыған қатысты былай деп болжаған: «теміржол көптеген өндірістік тауарлардың құнын төмендетеді, бірақ белгілі бір дәрежеге дейін ғана. Бұл тасымалдау ақысын 5, 6 мүмкін 10 есе төмендетер, бірақ бұл минимум болады, бұдан әрі тауар құны төмендетілмейді. Әрине, істің сәттілігі үшін мануфактураны одан да арзандатып, сатуды жеңілдеткен жөн болар еді». Осы мақсатқа жету үшін ол мануфактураларды Орта Азияға барынша жақын орналастыруды ұсынды: «Соңғы орыс мануфактуралары Қазан мен Екатеринбургте тұр, бірақ ол әлі де Орта Азия иеліктеріне ілгерілеп, Орал провинциялары арқылы олардың шекараларына жақындай алар еді. Фабрика өнеркәсібінің осылай жақындауы өнімнің арзандауына да, соған байланысты оның көбірек таралуына да қол жеткізуге болар еді». Орта Азиядағы орыс өнеркәсібін нығайтудың тағы бір шарасы - аймақтың өзінде зауыт өнеркәсібін құру әрекеттері болды. Бұл әрекеттерге Ташкенттегі қызылша-қант өндірісі, стеарин өндірісі және т. б. мекемелердің жобалары кірді. Орыс отарлауы үшін бұл екі шара да өте маңызды болды, бірақ сонымен бірге үлкен сақтықты қажет етті.

Ядринцев Ресейдің саудасына, өнеркәсібі мен біліміне аймақтағы ең жылдам және қолжетімді жол Сібір арқылы өтеді деп есептеді: «Біздің шығыста тек 3 миллион ғана орыс тұтынушымыз бола тұра, мұнда [Сібірде] өндіріс кең және оның барлық алуан түрлілігінде дами ала ма? Сібір нан, май, сары май, темір және т. б. сияқты көптеген шикізатты ұсынады, бірақ оларды қайда жылжытуға болады? Оралда, Волга бойында-ақ ол бәсекелестерін кездестерді. Климаттың, табиғаттың біркелкілігі өнімдердің де біркелкілі болуына себепші; тек әртүрлі елдер өз өнімдерімен сәтті алмаса алады. Азияда оңтүстік пен солтүстіктің өнімдері кездеседі. Сонымен, біздің солтүстіктің өнімдеріне оңтүстіктің нарығын ашу керек». Осылайша, өнеркәсіпті сауда арқылы жандандыра отырып, Ресей үкіметі екі мақсатты көздеді: аймақтағы өз ықпалын күшейту және жаулап алынған аумақтардағы орыс халқының арасынан отаршылдар құру.

 «Чем мы покорили Среднюю Азию» (Н.М. Ядринцев, Камско-Волжская газета, №49-50, 1873 ж.) мақаласында: «Осылайша, орыс Шығысын өркениеттендіру кезекті және Орта Азиядағы оқиғаларды ескере отырып, кейінге қалдыруға болмайтын міндет болуы керек.  Орыс шығысы қазірдің өзінде жеткілікті азаматтық алды, ол жоғары өндірістік қызметке өтуге оңай ықпал ететін мәдениетке қол жеткізді. Біз Шығыстағы орыс халқын осы рөлге неғұрлым дайын деп санаймыз, Сібірдегі зауыттар табиғи түрде пайда бола бастады, біз тек осы дамуға жағдай жасауымыз керек, ол қолөнерден фабрика өнеркәсібіне өтуді бастан кешіруде»,-делінген. Алайда, мануфактураның жалғыз пайда болуы мүмкін емес еді. Бұл үшін тұтас өндірістік мәдениет қажет болды, олардың жанында машиналарды шығаратын және олар бұзылып қалған жағдайда жөндейтін химиялық және механикалық зауыттар керек болды. Айта кетерлігі, Сібірде сол кезде-ақ зауыттық отарлаудың кең және түрліше дамуы үшін барлық құралдар болды.

Ресей үкіметінің Орта Азия елдерімен экономикалық жақындасуының оңтайлылығына келетін болсақ, жергілікті халықтармен етене танысу және олардың қажеттіліктерін зерттеу ғана орыс отарлауын жетістіктерге әкеле алуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Бұл үшін бұқара халықпен оның жерінде етене танысып, жақындасу қажет болды: «Орта Азия қалаларында сәнді дүкендер құруға болады, көшелерде әдемі киінген ханымдар мен мырзалар серуендеуі мүмкін, мұнда керемет фотоальбомдар шығаруға да болады, мүмкін консерватория да ашылады, бірақ азиалықтардың басым бөлігімен етене таныспай, Орта Азия Орта Азия болып қала береді. Далаға жол салып, керуен сарайларда иін тірескен халықтың арасында жүріп үйренген, күнге күйген приказчик қана нағыз өркениеттендіруші болып қала береді, ал қырғыздармен, олардың әдет-ғұрыптары мен тілімен таныс Сібір казагы кез-келген сәнқойдан гөрі азиялықтармен оп-оңай тіл табысып кетеді. Бұл жұмысты да солар орындасын!».

Алайда, XIX ғасырдың аяғына қарай да орыс саудасы өнеркәсіпті Орта Азия елдерінің қажеттіліктеріне бейімдей алмады. Ядринцев қазақ даласын білушілердің біріне сілтеме жасай отырып, Сібір өнеркәсібінің әрекетсіздігі туралы хабарлайды: «Қорған және Шадринск округтерінде қырғыздар үшін ойық тоқаш, вермишель, картоп крахмалынан саго мен галеттер жсауға болар еді дейді ол. Вермишельді қытайлықтар дайындайды және оған моңғолдар тарапынан сұраныс күшті. Семей облысының қырғыздары үшін бірқатар галеттерді Құлжа мен Шәуешекте қытайлықтар әзірлейді». Галета – Орта Азияға ағылшындар әкелген теңіз қытырлақ наны – Қытай арқылы Семей облысына келген!