Ядринцев және «Шығыс өркениеті ісі». 1-бөлім
12.07.2021 1732

Тарихи тұрғыдан алғанда, 1873 жыл маңызды оқиғаларға өте тапшы болды. Сайпресс-Хиллдегі қырғынды және Вена биржасының құлдырауын есептемегенде, жылнамаларда бұл жыл Жапонияда григориандық күнтізбенің қабылдануымен, сондай-ақ сол елде жалпыға бірдей әскери міндеттіліктің енгізілуімен есте қалды. Сонымен қатар, 1873 жылы Ресей империясы мен Хиуа хандығы арасында Гандемиан бейбіт келісіміне қол қойылды. 1873 жылы Камск-Волга газетінде Сібір мен Орталық Азияны зерттеуші, сондай-ақ Орхон өзеніндегі ежелгі түркі ескерткіштерінің ашушысы Николай Михайлович Ядринцевтің «Шығыс өркениеті ісіне» арналған бірнеше қызықты мақалалары жарық көрді. Qazaqstan Tarihy порталы XIX ғасырдың соңындағы ресейлік баспасөз өз оқырмандарына шығысты жаулап алуды қалай сипаттағаны туралы баяндайды.


Орыс әскерлері Хиуаны басып алғаннан кейін іле-шала, 1873 жылы 24 тамызда Гандемиан бейбіт келісіміне қол қойылды. Ядринцев өзінің мақалаларында бұл бейбітшілік келісімін «өркениеттің жеңісі" деп атады, өйткені Хиуа хандығына қарсы осы жорықтың салдарының бірі Орта Азиядағы құлдықтың толық жойылуы болды. Бұл арада Батыс Хиуаны орыстардың басып алуына өте қырын қарады. Дегенмен, бұл тек сауда қатынастарымен түсіндірілді. Мысалы, ағылшындық «Daily News» газеті: «Англия Хиуаның қосылуына немқұрайлы қарауы мүмкін, бірақ сауданың өркениетті ықпалына сенушілердің бәрі бір державаның мүдделері үшін Азия нарықтарын монополиялау әрекеттерін мүмкіндігінше айыптап, жол бермеуі керек» ,-деп жазған. Осылайша, Англия орыстардың Орта Азияға жылжуынан өздерінің үнділік иеліктеріне еш қауіп көрмейді, олар ағылшын саудасына Түркістанның есігі жабылуынан қорқады.

Хиуаны басып алу шығыс билеушілері бірінің Еуропаға жасаған саяхатымен тұспа-тұс келеді. Соңғы оқиға Еуропамен жақындасу ісінде Шығыс тағдырына әсер етпей қоймайды. Саяхат Санкт-Петербург пен Берлин арқылы Лондон мен Парижге жасалды. Билеушіні барлық жерде салтанатты шерулер мен ойын-сауықтармен қарсы алады. Билеушінің жеке басына, оның ермектері мен ойын-сауықтарына қатысты еуропалық баспасөзде көптеген зәрлі мысқылдар айтылады. Оның еуропалық өмірге қатынасы көптеген анекдоттарды тудырды, бірақ оның сапарын «жабайы адамның ермегі» ретінде ғана қарастыруға болмайтын.

Еуропалық державалардың Шығыс билеушілеріне деген көзқарасын айыптай отырып, Ядринцев елге миллиондаған адамның тағдырын және Азиядағы маңызды мемлекеттің тізгінін қолында ұстап отырған адамның келе жатқанын естен шығармауға шақырған: «Европе стоило познакомить его с лучшими чертами цивилизации, а не с одним внешним блеском, во имя высших культурных целей на Востоке. Ежели он ничего не видел, кроме увеселений, приходится пожалеть. Ежели у разных публицистов не нашлось ничего за душой, кроме насмешки и презрения, это доказывает только их личное убожество, это доказывает, что многие европейцы сами еще недостаточно цивилизованы, и выказывают только свое полу-варварское высокомерие. Что, господа, смеяться над бедным азиатцем! Разве не благороднее было бы поучить его, открыть ему глаза и привлечь его к европейскому союзу».

Әмірші кім болса да, ол қаншалықты «өркениетті» болса да, оның Еуропаға сапары жаңа еуропалық бастамалар мен әдет-ғұрыптардың Шығысқа енуіне белгілі бір дәрежеде әсерін тигізеді. Бұл, осылайша, Шығыстағы өркениетті назар аудару ісінде көрініс табады. Мысалы, Лондон оған өзінің кең мұражайлары мен көрмелерін ашты. Соңында, 1873 жылғы 20 маусымдағы (2 шілде) Кельн газетіндегі жазба былай дейді: «…шах кеше лордтар мен қауымдастықтар палатасында парламентаризмнен сабақ алып, оған дән риза болды. Оның көңілінен шығу үшін барлық қадамдар жасалып, билльдің қалай енгізілетіні, жарыссөздер қалай жүретіні және басқалары көрсетілді. Сэр Генри Раулинсон оған бүкіл парламенттік процесті қағазға түсіріп, тіпті екі палата ғимаратының көлемін дәл анықтауға уәде беруге мәжбүр болды. Шах, әрине, Парсыда екі палатаны құруды ойлаған болуы керек және ол жерде жаңа парламент ғимараты Берлин мен Венадан да ертерек салынуы мүмкін...».

Еуропалық баспасөздің Шығыс билеушісінің қызметіне деген ирониялық көзқарасына қарамастан, Ядринцев оның білуге құмарлығын атап өткен: «Конечно, введение конституции и парламентаризма в Персии может казаться забавным и неосуществимым, но это дает повод заключить, что, во всяком случае, может быть небезуспешны были бы попытки склонить персидского государя, например, к отмене смертной казни, телесного наказания для его подданных, рабства, введению европейского образования и т.п.».

Шығыс елдеріндегі отарлаудың алғашқы қадамдары әдетте өнеркәсіптің арқасында жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл жағдайда да Англия Персиямен темір жол туралы келісім жасасу үшін арады қарым-қатынасты пайдаланды. Сол кездегі газеттер жазғандай, барон Рейтер, Персиядағы барлық темір жолдарға 70 жылға концессия жасады, барлық парсы кедендері 1874 жылдың 1 наурызынан бастап концессионердің қарамағына өтті. Сол сияқты, барон Рейтер кеніштерді пайдалану және т. б. туралы да келісімшарт жасады. Бұл еуропалық газеттердің: «шах Персияны Барон Рейтер мен Англияға 70 жылға сатты» деген астар сөздер шығаруына себеп болды. Ядринцев Еуропа үшін Персия арқылы теміржол жүргізу өте маңызды мәселе болды және Персияның оны өзі жасай алмауына байланысты оларды шетелдіктердің бірі жүргізуі керек еді деп санайды: «Егер жеребе бұл жағдайда Англияның үлесіне түссе, онда бұл елдің басқаларға қарағанда мүмкіндіктері бар екендігін көрсетеді. Шетелдіктер өркениеті төмен мемлекеттерде байланыс жолдарын жүргізеді, бұл жерде таңқаларлық ештеңе жоқ, мұндай мысалдар орыс публицистеріне де белгілі, сондықтан олар ештеңеге таңданбауы керек».

Мұнда Ядринцев Суэц каналының құрылысшысы Лессепстің Орталық Азия арқылы Пешаварға дейін теміржол салуды ұйымдастыру туралы ұсынысына назар аударады. Егер Лессепстің осындай істегі қабілеттері мен алдыңғы сәтті қызметтерін ескеретін болсақ, онда мұндай ұсыныс байыпты талқылауға лайық болатын. Қалай болғанда да, Лессепстің ұсынысы, сондай-ақ оның жобасының француз географиялық қоғамында қызығушылықпен қабылдануы, Еуропаның назары Шығысқа бұрынғыдан ауа түскенін көрсетті. Тіпті сол кездегі ықпалды Пруссия да Шығыс саясатына қатысып, Германия мен Персия арасында трактат жасады. Бұл трактатты «Memorial Diplomatique» газеті Ресей мен Англияның Персиямен жақындасуын білдіретін саяси трактат ретінде түсіндірді. Азия мемлекеттерімен дипломатиялық одақтардың еуропалық саясат саласына кіргенін және онда маңызды рөл атқарғанын осыдан аңғаруға болады. Бұл Үндістанның шығысында түйіскен екі ұлы державаның қауіпті жағдайы мен антагонизмімен емес, Азияға жаңа сауда жолдары мен Азия нарықтарын еуропалық саудаға тартумен түсіндірілді.

Бір қызығы, Орталық Азиядан Пешеварға дейін жоспарланған теміржолдан басқа, бүкіл Сібір арқылы Қытайға теміржол салу ықтималдығы жоғары болды, ол Қытайды саудада Еуропаға жақындатуға қызмет етуі керек еді. Ресейлік «Голос» газеті шетелдік газеттердің сөзін былайша жазған: «Қытай көп ұзамай темір жолға ие болады. Кәсіпкер герцог Сотэрлендтің ұсынысы бойынша осындай құрылыстың жоспарын талқылауға бірнеше капиталист жиналды. Богдыхан аудиенция мәселесіне көніп, Батыс Еуропаның әдет-ғұрыптары үшін Қытайға жол ашқандықтан, ол теміржол мәселесінде де сол көрегендікті көрсете алуы мүмкін. Оны кәсіпорынның пайдасына жығу үшін болашақ концессионерлер оған локомотивтер, вагондар және теміржол жабдықтарын сыйға тартуға ниетті». Осылайша, Ядринцев Азияны қоршап, Азияның Еуропамен тығыз байланысын дайындауды мақсат еткен «темір жолдардың географиялық көрінісін» ұсынды. Бұл суретке Үндістандағы Қытайдың оңтүстік шекараларына баратын ағылшын темір жолдары, Қытайға темір жолдарды дайындау, Персия арқылы Үндістанға баратын темір жол, Ресейдің иеліктері арқылы Орта Азияға апаратын Лессепс жолы, Сібір арқылы Қытайға өтетін темір жол кіреді.

Ядринцев келтірген фактілер Хиуаның құлауы Еуропаның Шығысты отарлауына жол ашқанын көрсетті. Ядринцев XIX ғасырдың соңғы ширегінде әлем тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі - өте кең және өркениеттері бойынша мүлдем басқа екі континенттің халықаралық қатынастарының ашылуы болады деп сенді.

Еуропаның Шығысқа қатынасы және осы елдердің күрт бытыраңқылығы туралы айтатын болсақ, Халықаралық Вена көрмесі және жалпы шығыс бөлімдері бар еуропалық халықаралық көрмелер туралы айту керек. Вена көрмесінде, тілшілер айтқандай, Египет, Марокко және Жапония өздерінің туындыларын ұсынды, ал Қытайға келетін болсақ, ол көрмеге бңрдеңе әкелуді ойлаған да жоқ. Қытайдың рөлін Ядринцев келесідей түсіндіреді: «Біз әдеттегідей Қытайға менсінбеушілікпен қарайды, біз бәрін оның надандығымен, тоқырауымен түсіндіруге дағдыланғанбыз және соған қанағаттанамыз. Бірақ іс жүзінде Қытайдың еуропалық сауда мен Еуропамен қарым-қатынасқа құлықсыздығы, бұған ешқандай қажеттіліктің жоқтығымен түсіндіріледі. Қытай өз өнеркәсібін әртараптандырып дамытқаны соншалық, оған еуропалық ештеңе қажет емес және ол өзін барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз ете алады. Бір сөзбен айтқанда, ол өз өмірін тәуелсіз және еуропалық ақыл-ойдың көмегінсіз-ақ өте жақсы ұйымдастыра алды. Осы үшін оны қабілетсіз, ақымақ және надан халық деп келеке етеді.». Жалпы, көрмедегі Қытай туындылары кездейсоқ сипатқа ие болды, бірақ «егер Қытай өз өндірістерінің барлық экспонаттарын ұсынса, онда олар бір емес, бірнеше кристалл сарайды алар еді».