«Бойыма күш біткенге еттім шүкір...»
07.07.2021 1894

Біз алдыңғы жолы «Бұла күш иесі» деген тақырыппен әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайлы қалам тербеген едік. Қазақтан шыққан даңқты балуандар  жайлы осы бір  ғұмырбаяндық  циклді жазбаларды одан әрмен жалғастырсақ деген ниетіміз бар.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке таған тірей отырып дайындалған,  бұла күш иесі Балуан Шолақ бабамызға қатысты төмендегі деректі оқырман қауымға қаз-қалпында арнайы ұсынып отырмыз.  Бұл деректердің дені  көкшетаулық белгілі зерттеуші қаламгер, марқұм Естай Мырзахмет ақсақалдың еңбегінің негізінде даярланып отырғанын да оқырман қаперіне сала кетсек дейміз...


Балуан Шолақтың алғаш рет алқалы топ алдына қалай, қай жерде шығып, балуан деген атқа қайтіп ие болған тарихын білудің, түсінігі бар жанға қызықсыз бола қоймас деп ойлаймын. Қоян жылының (1879 ) жарқыраған жайсаң жазы. Үйсін ауылынан көп адам Шортан базарына (Щучье) баруға қам жасап жатты. Базарға Баймырза да бармақшы еді. Сатып пұл қылса деген бір арба тері-терсек, жүн-жұрқа тұр тіреліп. Бірақ та жолға шығатыңдай жайы жоқ. Аяқ астынан ауырып қалғаны. Жасы жиырма бір, жиырма екілерге келіп қалған Төлеубайды жіберер еді, ол үйде емес. Амалсыздың күнінен ат арбаға ие қып Нұрмағанбетті жіберуге тура келді. Бұл кезде көбіне Шолақ атанатын он бестен он алтыға қараған, бар мүсіні құрыштан құйғандай бітімі тым бөлек баланың бойы, өз құралыптастарының көпшілігінен аласа. Сырт киімі болмағандықтан, әкесінің түйе жүн шекпенін кигізгенде, етегі шұбалаңдап аяғының басына түсті. Мұқаш дейтін, жөн-жоба білетін ағайындасына айтып, қасына қосты. Қалампырдың саңдығының түбінде жатқан бір сом ақшаны Мұқаштың қолына ұстатып, мына заттарды сатып, пұл қылғаннан кейін бәрін қосып не алып, не қоятынын тапсырды. Үйсін ауылы Шортан қаласына елу-алпыс шақырымдай жер. Базаршылар жолда айдын шалқар Балықты көлінің тап іргесінде жатқан Суалма аталатын көк шалғынды, мөлдір сулы көлпімектің жағасына тоқтап, көлік тынықтырып түнеп шықты да, ертеңінде қан базар қыза бастаған кезде қалаға келіп жетті. Жасыл қарағай жамылған Шортан тауының бөктеріне ірге тепкен шағын қаланы Шолақ баланың алғаш көруі. Кілең сау қарағайдан қиып салынған әсем үйлер көз арбағандай. Дуылдаған базар қызығы тіптен айтып жеткізгісіз. Ана бір жерде жиналған халық тым қалың, үйме-жүйме... Күрес болып жатыр. Қорған жақтың бір байпатшасы басқадай сауда-саттығына қоса тағы бір пайда көзін тапқан. Түкті білек бір дәуді ерте келіпті. Бәспен күрестіреді. Шарт - жықсаң бір сом аласың, жығылсаң бересің. Алып жатқандар жоқ, ал беріп жатқандар қисапсыз…

 Мұны көрген Шолақ бала өз-өзінен арқасы қозып, арбада тыныш отыра алмай кетіп еді. Бір мезет мүлдем шыдамы жоғалып, өзін-өзі ұмытты. Арбадан секіріп түсті. Шекпенінің екі етегі далақтап аяғына оралып, ентелей басып, ана дәудің тура қарсы алдына жетіп-ақ барғаны емес пе.

Әй-шәй жоқ: «Мен де күресемін!» десін.

 Қотыр - Шортан болысының қазағы мен арасынан небір дәусінген дәмелі-дәмелі жігіттерді жер қаптырып, мәртебеленіп, масайраған ана балуан заты дұрыс біреу ме, қалай: «Баламен күреспеймін. Жігіттер келсін» - деп маңына жуытпады. Бірақ та тауы оп-оңай шағылып, беті қайтып қала қоятын Шолақ бала емес-ті!…

 Ес білгеннен-ақ алыс-жұлыс, күрес десе жанып кететін, үстінде киімінен киім қалдырмай бөксеріп сап, сол үшін анасынан талай-талай реніш еститін, сөйтсе де күресті қояры жоқ осынау кеспелтек тұлғалы бала өз құралыптастары түгілі жас бозбалаларды да қирата жығып жүретін. Үйсін ауылы түгілі маңайдағы Керей, Атығай, Қарауыл ауылдарынан, белгілі балуан жігіттері болмаса, басқадай ұстауға жарайтын бозбалалар табылмай қойғанын базаршы серіктері, әлбетте, білмейді емес. Сөйтсе де, бұғанасы қатпаған баланы анадай алпауытпен көре тұрып күрестіруге көзсіздік керек. Әсіресе, Мұқаштың жаны шығып кете жаздады. Қалампыр жеңгесінің шәй, қантқа деп берген бір сомының ініне су құйылуынан қатты қорықты.

 -Ойбай-ау, тентек қойдың миын жегенсің бе? Барған соң әкең маған не дейді. Мені кісі деп сеніп тапсырды ғой сені деп безектесін кеп.

Ана кәпір...  кәпірлігін қып, бір жеріңді мертіктіріп тастаса, не істейсің? деп те қорқытты. Осының бәрін көріп, қазақ тіліне түсінбесе де, мән-жайды ұғып тұрған орыс  балуаны баланың бой бермес қайсарлығына ызасы кеп кетіп еді. Бетін қайтарып тастайын деген оймен: «Кәне, келсең, келші!» - деп қойқаңдай басып ілгері аттады. Шолақ баланың іздегені осы. Көзі жайнап, әдіс алмаған жас бөріге ұқсап, ұмтыла берді.  Бар болғыр шекпен сол. Шұбалаңдаған етегі аяғына оратылып, әп деуге де келместен сүрініп жығылды да қалды. Бәстің аты - бәс, Мұқаш қалтадағы бір сомды табан аузыңда суырды да берді. Ішінен қан өткеннен жаман қынжылып, ойбайлап,  ессіз баланың ауыз-басынан түк қалдырмастан жер-жебіріне жетті кеп.

 Бұл түні Шолақ бала ұйқы көрген жоқ. Көзі ілініп кетсе-ақ, бір арқар мүйіз, құлжадай ақ қошқар жетіп келіп, домалатып сүзеді кеп, сүзеді кеп. Адамша сөйлеп: «Сен менің сағымды сындырдың. Жығылып қалдың. Ертең қайта күрес. Күреспесең сүзіп өлтіремін!» - дейді. Осы арада біржолата айта кетейін, Балуан Шолақ: «Менің пірім - Ақ қошқарым»,  дейді екен. Күреске түсерде немесе кеудесіне балғаның дүмімен, иә болмаса жарты пұтық гірдің тасымен ұрғызарда алдымен: «Иә, Ақ қошқарым!… Пірім», деп сиынып алып, сонсоң барып ұрғызған ғой. Сол Ақ қошқары  түнімен маза бермей, бала қатты қиналып, аузынан ақ көбік бұрқырата тісін қайрап, дөңбешіп шығады. Мұқаштар: «Мына бала ауырып қалмаса жарар еді!» деп зәрелері кетеді. Шолақ бала болса, екі көзі қызарып қанталап, жауына шабатын жас жолбарыстай аласұрып, таңертеңгі шәйін де дұрыс іше алмайды. Әкелген ол-пұлын ертелете базарға апарып сатып пұл етіп бітісімен-ақ өзге дәнемеге мойын бұрмастан: «Мен кешегі итпен қайта күресуте барамын!» деп ешкімге бой бермей кешегі күрес орнына жөнелді. Мұқаштар: «Мына баланы шалық шалған шығар» - деп ойбайлап, байбайлап тоқтатпақ боп әптер-тәптері шығып бітсін. Шолақ бала біріне де қарамастан соның алдыңда ғана тағы біреуді жығып, мерейі үстем боп: «Тағы қайсың бар?» - деп екі білегін айқастырып тұрған ана балуанның алдына кимелей жетіп барды.

«Мен бар!» деді көзі жайнап. Анау салған жерден тани кетті.                                                                                                                  

- Жоқ, сен кеше жығылғансың. Енді күреседі екен деп дәмеленбе.

- Кеше қапы кеттім. Ер болсаң, қайта кел! Екеуі егесермен сыңаймен едәуір тұрып қалды. Балуан баланың сөзін құлағына ілгісі келмейді. Шолақ бәйгеге қосатын шу жүйріктей алабұрта теңселіп, соншалық бір өжет қайсарлықпен қадалып тұрып алсын. Ана түкті білек мұның бетін бәс мөлшерімен қайтарғысы келді ме, әлде сөйтіп жазалауды ойлады ма, кім білсін.

-Ендеше, бәске бір сом емес, сегіз сом тігеміз. Осыған тұрасың бар деді. Тұрдым!

Сегіз сом сегіз тоқтының әйтпесе бес құнан қойдың құнынан да артық. Мұқаштың есі шығып кетті.

- Баймырзаның мына баласы жынданған шығар өзі! Осы оңбағанды ертіп неміз бар еді.

- Ойбай ғана, құдай-ау, елге не деп барамыз?! Бір балаға ие бола алмадық деп барамыз ба?!

- Қой деген соң, қой енді! Әке-шешеңе не бетімізді айтамыз деп безектеді олар. Оларға қарайтын Шолақ па. Кеше масқараға ұшыратқан қырсық шекпенді үстінен сыпырып, Мұқаштың алдына лақтырып тастай салды да, ортаға ұмтылды. Екеуі сарт етіп ұстаса кетҡен бойда Шолақ бала таудай пәлені жамбасқа ап, сілтеп кеп жіберді. Түкті кеуде дәу кескен дөңбектей гүрс ете қалды. Қара жер солқылдағандай болып кетті. Қызыққа анталаған қалың жұрт гу ете түсті. Екі-үш күннен бері ана балуанға әбден еселері кетіп, іштері тұз жалағандай боп жүрген Бурабайдың, Қотыр мен Шортанның, басқа да ат жетер жерден келген ауылдардың қазақтарын былай қойып, орыстарының өзі айқайлап, бас киімдерін аспанға атсын кеп! Алабұртып алған Шолақ бала оларға қарау деген қайда, екі аяқты аспанға көтере, екі қолымен төбесінен тік тұра қап ортадағы ашық жерді айнала жүгіре берді…

Әрі намысы қайтқанға, әрі баланың екі қолымен аяқты адамдай жүгірген мына өнеріне риза боп тасып кеткен Шортан орыстарының бірі Мұқаштың алдыңда жатқан шекпен үстіне елу тиындық сөлкебайды лақтырып тастағаны- ақ емес пе! Сол-ақ екен, күмісі мен қағазы аралас ақша жан-жақтан жауа жөнелді…

Буырқанған көңілі сабасына түсіп, ентігін басқан Шолақ кешегі бір сом мен бәстен ұтқан сегіз сомды: «Ағама шапан, апама көйлек, қамзол сатып алармын»,- деп бөлек санап шығарды. Өзінің үстіне бір киер киімге жетерліктей етіп және былай алды. Ауылдан келген базаршы серіктеріне, басы Мұқаш қып бір- бір сомнан олжа байлап, қарық қып қуантып оларды тастады. Қалған жылқы құны ақшаны базарға келген қайыршы, кемтар-ғаріптерге үлестіріп беріп, батасын алды.

Жер-жерден базаршылап келген қара-құрым халық Шолақ баланың еңгезердей орыс балуанын тымақша атқан ерлігі мен осынау мәрттігін ел-елге таратып, айтылар әңгімеге айналдырып жайып әкетіп еді. Содан былай ол Балуан Шолақ атанып кете барған-ды!

Балуан Шолақтың патшалық Ресей отаршылдығына өз хал-қадарынша қарсылық білдіріп, жергілікті момын елге озбырлық-өктемдікпен қиянат-зәбірді көп жасаған атаман-құлақтармен, қара шекпендермен аяусыз алысып өткен баршаға аян. Елінің кеткен кегінің есесін талай-талай қайтарғаны да белгілі… Балуан Шолақ өмірінен аңыздай айтылатын, қызығы аса мол көп-көп әнгіменің бірі, оның адамзаттың алыбы Қажымұқанмен кездесуі дер едік. Қараөткелдің дәл іргесінде, Есіл өзенінің жағасына қоныс тепкен қыпшақ ауылында атақты Мұңайтпас балуан дүние салады. Бұл кезде Қажымұқан шет жұрттарды аралап, күресіп жүрсе керек, суық хабар алған соң, суыт елге осалады. Қаладағы жаңалықты даладағы елдің бұрын білетін әдеті, «патшаның балуаны Қажымұқан Қызылжар - Көкшетаулатып келе жатыр» деген дақпырт естіген елді елеңдетіп, айтылар әңгімеге айналып кете барады. «Патша балуанының» тым болмаса түстеніп аттанғанының өзін зор абырой-дәреже көрген байлар, барлар жағы бұл жерде де көзге түсіп, ауызға ілігіп қалуға тырысып, жанын салады. Бәсеке жарыс та қиқу сап шыға келеді. Қажымұқанды бақталас, іш араздарына жолатпас үшін бірінен-бірі қақпақылдап іліп әкетіп, шала бүлінбей ме.

Желдей жүйіткіген осынау хабар Балуан Шолаққа да жетеді ғой. Шөкең бұған дейін Қажекеңмен жүздесіп көріспегенімен, жер жарған атақ-даңқына сырттай әлем қанық. Бір көруге осыншалықты-ақ ынтық.

«Маған қалай да келеді, сәлем береді», - деген оймен қам жасап, қатты күтінеді. Өйтуте қисын мол. Өзге-өзге, тап Балуан Шолақты Қажымұқан білмейді емес, білер- ақ та. Бұл бір, одан қалды, сонау Қызылжардан бермен саулап, Көкшетау мен Шортанды баса Қараөткелді жалғастыратын күре жол Тастыөзек қонысынын Бесқарағай қыстауында отырған Балуан Шолақ ауылын іргелей асады. Демек, Қажымұқанның Шөкең аулының үстін баспай өтуіне жоба жоқ. Өткен, бірақ Шөкеңнің қонақасыға ту бие байлап, қызмет ететін жігіт- желең сайлап күткені зая кеткенін қайтерсің! Шортан қаласының жатағы, ағайынға қадірлі Нұрғожаның Шаймердені деген кісінің үйіне қоналқыға жеткен Қажымұқанды, атығай байы мен керей болысы Сатыбай ертеңінде алады да жөнеледі. Бірінен бірі асырған қонақасыға бөктіріп, сый-сияпат көрсетеді де, аузымен құс тістеген сәйгүліктер жегілген күймемен Қараөткелге апарып салады.

 Балуан Шолақтың қытығына тиген бір іс болып еді мынау. Олжам да Сатыбай да, Шөкеңе деген іш қыжылмен жүрген жуаңдар. Шөкеңді мұқату ниетімен әдейі істеген істері екені айқын. Десе де парасаты мол батыр артын бағады. Қажымұқанға кінә артудан аулақ оймен: «Әке қазасы қиын- да. Қайғырып келе жатқан адам емес пе, оны-мұны жөнді зейіңдей қоюға халі де жете қойды дейсің бе… Кейін қарай оралар жолында қалай да соғады. Маған соқпай кетпейді», - деп үмітпен көнілін алдарқатады.

Бірақ та үміті тағы да далаға кетеді. Қажымұқан жолдың бұрыстығына қарамай әуелі Сатыбай,  одан соң Әлжанды басып, Шортан қаласына құлайды.  Қолма-қол хабар алып, бәрінен құлағдар болып отырған Балуан Шолақты бұл жағдай қатты шамырқандырып жіберіп еді. Ол түн ішінде атқа қонады. Бесқарағайдан Шортан елу-алпыс шақырым шамасы. Суыт жүріп отырып, таңға  нығыз бір ұйқы қанды-ау дегендей мезгілде қаланың шетіне де ілігеді.

Қажымұқан келген соң Шаймерден үйінде тағы да жұрт мол жиналған. Дуылдасып түннің бір уағын аударып барып, тарқағаны тарқап, тарқамағаны бастасып-аяқтасып жата кеткен еді. Шырт ұйқыдан бәрі шошып оянды... Сыртқы үлкен дарбазаны әлдебіреу жау қуып келе жатқандай жаман дүрсілдетіп, қағып-қағып жіберді. Қиратып жіберердей.

Он жасқа жуық үлкендігі бар Шөкеңді атымен атамай, «Батыр» деп қана деп сөйлейтін Шаймерден бірден-ақ: «Аһ, Батыр кеп қапты ғой», – деп төсектен атып тұрып, өзгелерді де апыл-ғұпыл тұрғызған. Иығына жеңіл папа жамыла, жалаң аяғының басына кебісін іле сап сыртқа жөнеледі. Қақпаның қатарындары кісі кіріп шығатын есікті тезбе-тез асыға ашып:

–Апыр-ай, Батыр, жеті түн ішінде елдің зәресін ұшырып, бұл не суыт жүріс? -деп қалжыңдай қарсы алып, сәлемдесті. Ширығып келген Шөкең сәлемнен басқа сөзге айналмай  «әлгі Қажымұқан деген көргенсіз осында ма? - деп сұрайды да, - ендеше мені қазір соның тура жатқан жеріне бастап апар. Есіңе тұт, менің де кім екенім туралы тіс жармайсың оның атын да  ауызға алмайсың! Ұқтың ба? – дейді екпіндей сөйлейтін дауысымен.

Қажымұқан қадірлі қонақтарға арналған оңаша түкпір бөлменің тақ төрінде, белден салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан-ды. Көп бөлмелі осынау еңселі үйді еденіне дейін солқылдатқан ғаламат дүрсіл ә деп шыққаннан-ақ ұйқысы шайдай ашылып, оянып кеткен еді. Кең дәлізде топырлай басқан аяқ дыбысы дәл өзі жатқан бөлменің алдына келіп бөгеліп, есік енді ашыла бергенінде жүзін теріс қаратып, бір қырынан жата қойған…

Сөйткенше есік те ашылды. Бөлме ішіне жарқырап шам жарығы түсті. Шөкең босағадан аттап өтіп тоқтай қап, үй иесін Шаһмардан деп атайтын дағдысымен күңгірлеңкірей:  - Уаһ, Шаһмардан, немене үйіңде қонақ бар ма еді? Тап төріңде жатқан кім бұл? - дейді жорта білмегенсіп.  Әлгі әзірдегі қатаң ескерту бар, үй иесі ашып айтпай: - Осында, бір жолаушы мейман еді, - деп, сылқ еткізе салады сөзді.

- Еһ, соңда, бір үйді бір өзі алып, үлде мен бүлдеге бөленіп жатқандай, соншалықты не қылған құдайдың ерке мейманы бұл? Жүзі күйгендей теріс қарап жатқаны несі?!

Қажымұқанның жүзін теріс қаратып жата беруіне енді болмай қалып еді. Ол жорта ұйқыдан жаңа оянып кеткенсіп, қара аюдай ыңырана, талыс қимылмен ырғала қозғалып, бір алып күш аунап түскендей қопарыла құлай шалқасынан жатты. Көзін сығырайта ашып қарады… «Бұл кім өзі сонша екіленіп?!». Босағаға сүйеніп бір кісі тұр, - адам емес, сурет! Баста сусар бөрік, үсте ақ жібек шапан, омырауы ашық, аяқта өкшесі сынық сүйем, күміспен күптелген көк сауырлы, кісі құны дерліктей, тым сәнді кебіс…

- А, Шаһмардан! - дейді Шөкең, өзіне таңырқаған әлпетпен көз алмай қалған Қажекеңе қадала қарап тұрып.

- Малдың қарны жуан, басы үлкені соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені боғым деуші еді, сенің мына қонағынның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен, сірә, нағыз боғымның өзі болар білем.

Үй иесі не десін, ләм-мим демейді. Қажекең де үнсіз. Шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған осынау кескін - кейіп өзгеше бөлек жанның жаратылысы да осалдан емесін іш сезіп-ақ жатыр, ал бірақ кім екенін біле алмайды. Осы Балуан Шолақ болар-ау, деген ой оған қайдан келсін. Кім де болса, ойсаң денесін көрсетіп, жүрегін шайлықтырып тастамақ оймен жамылған көрпесін жайымен төменірек ысырып, бұлшық еті білеу-білеу балуан білегін, есіктей кең кеудесін жалаңаштады.Оны көрген Шөкең жүрегі шайлығу деген не, қайта келемежді күшейте қарқ-қарқ күлсін кеп.

– Ойбай-ау, мына жаманның түріне қараңдар, әй. Осының өзі балуансымақ бірдеме болмағай… Әй, сенің өзің, үйіндің үлкен-ақ көрінеді, балуан емеспісің. Менімен күресемісің - деп Қажекеңнің шамына тие түспесін бе.

Ерді намыс өлтірмей ме, Қажекеңнің бұдан әріге шыдай алмай кетеді. «Күресем, күресем!» - деп шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне атып тұрады. Шөкең сол, босағаға сүйеніп тұрған күйі, бойы өзінен недәуір биік, ер тұлғалы үй иесіне қарап қойып:

- Айтпадым ба, осы жаманың тегін емес деп… Сүйегінде бірдеме бар сияқты мынаның, - деп күліп, Шаһмардан, қане, бізге екі қыл шылбыр жеткіздірт тез. Арбиған мәстекі неменің өнерін бір көрейін,  дейді.

...Сөз осы араға жеткенде, Шаймерден атаның бәйбішесі - сексеннен аса өмірден озған Сәлиман шешей әңгімеге араласар еді.

- Ойпырмай, құдай-ай, зәре-құтымыз қалмады-ау, енді!… Жанымыз жаман шықты.  Жаным-ау, екі дәу ұстасса, не шыдайды! Үйден үй қала ма?! Шаңырағың ортаңа түспей ме… Қарамай ма бәрі… Бірақ та ол уақта еркектің бетіне келу бар ма. Қой дей алмайсың. Қойдыр деп те айта алмайсың. Үрейіміз ұшып тұрдық, қалтырап-дірілдеп, - деп іштей қалай шыжалақ қаққандарын айтып, рақаттанып тұрып күлер еді.

Жеңгесінің сөзін Сәдуақас атай жандандыра:

- Tүy-у-у, не деп отыр, әйел түгілі біздің өзімізде жан қалған жоқ. Ағайдың бетіне келіп сөз айтушы ма едік?! Содан жаман болғанымыз жоқ, құдайға шүкір - деп, қазіргінің адамдары турасында көңілде жүрген татын да айтып, болған оқиғаны баяндап кетер еді.  

-Зәре деген бәрімізде жоқ!… Сөйтсе, батырға базына жүре ме, ағай мені шылбырға жұмсады. Ат қораға ұшып бардым, ұшып қайттым. Екі шылбырдың бірін батыр «ал, ұста» деп Қажымұқанға лақтырды. Бірін өзі шарын сыртынан беліне байлай бастады…

Сәдуақас атайдың сондағы қызықты көз алдынан өткізе отырып, қызына айтқан ұзақ әңгімесін өз сөзімізбен ықшамдау келтірсек, Қажекеңнің көзі Шөкеңнің аяғыңдағы кебісіне түсіп кетеді. Сәнді кебісті аяп:

– Аға, аяғыңдағы кебісіңіздің өкшесі тым биік екен, осал шығар, омырылып кетер, шешсеңіз қайтеді? - дейді.

– Кет, ит, сөйлемей! - деп Шөкең қатты қайырып тастайды.

– Сенімен ұстасуға жарамаған кебісті мен кисем-ау!…Бір емес, екі емес, әбден басына мініп, еңді тіпті иттігіне жеткеніне ызасы қозып кетеді ғой. «Бәлем, сені ме» деп кіжінісіп ширыға жақыңдасып келе бергенінде, беліңдегі шылбырға Шөкеңнің қолы сарт етіп бұрын тиіп қалады. Сол кезде Қажекең ышқына дауыстап та жібереді.

-Ойбай, аға, сіз Балуан Шолақ емессіз бе?!

- Енді кім деп едің? - дейді Шөкең зекіре.

Қажекең еденді омырып жібергендей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кетеді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне баса қойып:

- Ойбай, аға, мен жығылдым!… Мен жығылдым!… Менен бір ағаттық кетті!… Кешіріңіз, жеңілдім! - дейді басын иіп.  Сол, сол-ақ екен Балуан Шолақ оған ал кеп ұрыс! Ал кеп ұрыс! Ал кеп жерден алып, жерге сал!…

- Оңбаған ит неме сол!… Сен ит болмасын, мені басымнан аттап кетер ме ең!… Ана Айжан мен Сатыбайға барар ма ең! Әуелі маған келмес пе ең... Содан кейін Мұңайтпас ағам орнына сен итті өзім алып бармас па ем. Көркейіп бармас па ең, сен... Жоқ, сен өйтпейсің, сені кісі деп, келеді деп күтіп, тосып отырған маған жоламайсың. Ана Әлжан барасың! Кері ораларыңда соғар деп күттім. Бұл жолғың тағы мынау, орыс боп кеткен ит неме... Қажымұқаңда ләм-мим жоқ. Не десін, айтты-айтпады, кінә өзінен. Соны осы арада ғана түсінді. Қолынан бар келгені, асыл ағаның аяғына жығылып кешірім сұрау ғана...

- Қанеки, тұрдағы, тез киін жаның барында!- деп әмір етеді. Оған Шөкең, айтатынын айтып-айтып, көңілдегі кірін кетіргендей кезде, қазір жүреміз.  Оның ойындағысын Қажекең қапелімде қайдан болжасын:   - Қайда барамыз, аға?  - Біздің үйге барамыз… барасың Балуан Шолақтікіне барасың

Қажекең өзге не жаза күтсе де, дәл мұны күтпеген, жолдастарына тезірек жетуге асығулы еді.  Балуан Шолақтікіне кейін қайтады екен, сөз жоқ, жолынан бөгеледі… Шіркін, нар адамдардың жөні қашанда бөлек қой, жықсадағы нарша жығады, жығылсадағы нарша жығылады, айып өзінде, ағаның ырқына бас изей бергеннен басқа еш амал жоқ… Екі балуан  таң бозара Шаймерден үйінен аттанып кете барсын.