Тектұрмастағы 14 ескерткіш
09.06.2021 2677

Жамбыл облысында тарихи мәдени мұраны сақтау және өңірге туристерді тарту үшін «Тектұрмас» кешенін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2019 жылы Жамбыл облысының мерейтойына орай бұл жерде орасан зор құрылыс басталған болатын. Осында 13 метрлік Әулие ата Қарахан мүсінімен және он метрлік Лаухамен (скипетр) әшекейленген. Сондай-ақ, мұнда билеушілердің есімдері жазылған хан ордалары түріндегі 14 ескерткіш пайда болды. Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарын бірнеше ғасырдан кейін солардың құрметіне ескерткіштер қойылған адамдармен таныстырады.




Алып Ер Тоңа (б.з.д. VIII-VII ғғ.) - өзінің тапқырлығы, күші мен білімділігі арқасында ұрпақтарының жадында қалған түркі көсемі. Парсы әдебиетінің көрнекті ескерткіші «Шахнамада» (XI ғ.) Алып Ер Тоңа Тұранның билеушісі, Барысхан, Қарахан, Шиде және Алақтың әкесі ретінде бейнеленген. Оның өмірі туралы кейбір қысқаша ақпаратты «Алып Ер Тоңа» дастанынан алуға болады. Онда қазіргі Иран аумағында өмір сүрген парсы жауынгерлері Тұранның көршілес түркі жерлеріне үнемі шабуыл жасап: әйелдерді алып, малдарын айдап әкетіп, халықты тонап, егіншілердің егістіктерін таптап кетіп жүргендері туралы айтылған. Дәл осы жылдары нөкер жинап, жауға қарсы алға ұмтылған Ер Тоңа өмір сүрді. Ақыр аяғында Ер Тоңаның әскері осы қарсыластықтан жеңіске жетіп, оның есіміне көп ұзамай «Алып» сөзі қосылады.

Алып Ер Тоңаны жоқтаған жұрттың зары атадан балаға, ауыздан-ауызға беріле огтырып, ХІ ғасырда Махмұд Қашғариға дейін жетеді. Ол жоқтауды «Диуани лұғат ат-Түрік» кітабына енгізіп, мәңгілікке қалдырды. Осы жоқтау ежелгі түркі әдебиеті мен фольклорының ең алғашқы ескерткіштерінің бірі болып саналады.

Шу қаған (б.з.д. IV-III ғғ.) – сақ дәуіріндегі билеуші. Шу қаған туралы тарихи деректер бізге Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрік» еңбегі арқылы жетті. Соның бірі Александр Македонскийдің жаулап алу жорықтарының тарихымен тығыз байланысты.

Жоғарыда аталған еңбекте суреттелген аңыздардың бірінде Македонскийдің Шу жағалауына келгені туралы айтылады. Онда Александр Самарқандтан өткен кезде түркілерді Шу атты жас қағанның басқарғаны айтылады. Бұрын Шу қаған Баласағұнда билік еткен, бірақ үлкен әскердің көмегімен ол жаңа жерлерді басып алып, Шу қаласын тұрғызады. Александрдың әскері қағанға жақындағаны туралы хабар қағанға келіп жетеді. Осы кезде Шу қаған жасырын түрде Ходжанд өзенінің бойына 40 тарханнан тұратын барлаушылар отрядын жібереді.

Көп ұзамай Македонский өзеннен өтеді, бұл туралы қағанға барлаушылары жеткізеді. Сол күні түнде қаған әскерімен және жиналып үлгергендермен бірге шығысқа көшіп кетеді. Егерде еркін көшпенділер төрт қабырғада қамалып қалса, өлім құшар еді, сол себепті Шу қағанның халқы осылай жылдам көшті деп түсіндіреді тарихшылар. Осылайша, Шу қаған олардың қозғалысына ештеңе кедергі келтірмейтін иен далаға аттанып, дұрыс шешім қабылдады. Дегенмен де Македонский әскері Шу қағанның әскерін қуып жетіп, «Алтұн қан» атанған шайқас болады, шайқас соңында Шу қаған мен Александр Македонский бітімге келеді.

Истеми (VI в.) – Батыс Түркі қағанатының қағаны. Ежелгі шежірелерде Истеми түркі тайпалық одағының негізін қалаушылардың бірі деп аталады. Тоныкөктің ежелгі сына жазуларында Истеми ақылды, батыл және әскери істі жақсы білетін адам болғандықтан, көптеген жылдар бойы билікте болды деп жазылған. Оның 10 туменнен тұратын әскерді басқарған батыр болғаны белгілі. 552-553 жылдары ол ху халқын, сондай-ақ Солтүстік Алтайдағы тайпаларды жаулап алды. 554-555 жылдары ол жужандарға қарсы соғысқа аттанып, оларды Аралдан қуып шығарады және аз уақыт ішінде Қытайдан Әмударияға және Ташкенттен Сырдарияға дейінгі жерлерді бағындырады. 558 жылы оның әскері Еділдің жағасына жетеді. Кейінірек, Орталық Азияға жасаған жорықтарында оған эфталиттер қатты қарсылық көрсетеді, сол себепті ол жаулап алу жорықтарын уақытша тоқтатады. Эфталиттермен қарсыласу Истемиді Иран шахы Хосров I Ануширванмен әскери одақ құруға мәжбүр етті, соның нәтижесінде 563-567 жж. эфталит мемлекеті жеңіліске ұшырады. Батыс Түрік қағанатының он ірі тайпасын біріктіргені үшін Истеми «Он оқ будун қағаны» деген атқа ие болады, бірақ ресми түрде қаған болып сайланбаған.


Шөже (б.з.д. I ғ.) – қаған, көне қала Тараздың негізін қалаушы. Шөженің тағдыры қайғылы, ал оның билік еткен кезеңі тарихи шежіресінде ғұндар мемлекетінің құлауымен байланысты болды. Отандық шығыстанушы Тұрсын Жұртбайдың «Ақинақ» кітабында ғұндар қағанатының құлауына Шөженің еш кінәсі болмағаны айтылған. Оның айтуынша, ол жауымен батыл шайқасқан.

Қытайға қарсы бұл күрес бес ғасырға созылды және «Тың жерлерді жыртқан жауынгерлердің аяқтары» олар үшін жаңа жерге тигенде, дала құландары енді қайтып сол жерге қадам баса алмайтын. Бұл құпия саясат тым кеш түсінілді. Барлық аз халықтар мен мемлекеттер қытайлардың ықпалына түсіп, олардың әскерлері қытай әскери басшыларының туы астында жинала бастағанда ғана түсінік келді. Қиындықтар Ғұн қағанатының екіге бөлінуіне алып келді. Ұлы Қытай қорғанына жақын орналасқан ғұндардың оң қанаты Хань әулетінің ықпалына түсті. Мал айдалып әкетілді де, аштық пен жұт басталады. Ғұндардың сол қанаты алғашында Қытайдың талаптарына бағынып, онымен келісімге келеді, бірақ біртіндеп одан алшақтай бастайды және тәуелсіздік үшін күресуге бел буады. Қоқан қаған болған оң қанат қытайларға бағынып, оны мойындады.

Ғұндардың мұрагерлері арасында ішкі күрес басталады. Шөже мен Қоқанның інісі Туажат екі тәңірқұттың арасындағы қайшылықтарды пайдаланып, тақты басып алуға шешім қабылдайды. Шөженің барлық сарбаздарымен және адамдарымен бірге Алтай мен Саян тауларына кетуге қабылдаған шешімімен Туажат келіспей, бұған қарсы шығып, сарбаздарды жинап, жолын кеседі.

Туажат Шөжемен соғысып, шайқас кезінде қаза табады. Шөже Туажаттың елу мың әскерін өзіне қосып алады. басқа бауырымен соғысқысы келмеген Шөже солтүстікке кетеді. Бұнымен де ғұн халқына тыныштық әкелмейтінін көріп, Шөже көшін тағы да көтеріп, үйсіндерге жақындайды. Үйсіндердің кіші күнбиі Өжет Шөжеге қарсы шығады, алайда Шөже оны тас-талқан етіп жеңеді. Сөйтіп Шөже үйсіндерді өзіне қосады. Шөже халқының бір бөлігінін үйсіндерден босаған жерге әкеліп орналастырып, осында тұруды бұйырады. Халықтарды біріктірген Шөже бірлік пен бауырластық туралы, сондай-ақ алдағы көштер туралы келісімдер жасайды.

Алайда осы уақыт бойы Шөженің ту сыртынан ағасы қауіп төндіріп тұрды. Осы кезде Шөже мен қаңлының ханы бір-біріне қыз берісіп, қыз алысып,құда болып, достық шарт жасайды. Шөженің дүркіреген даңқына бағынған қаңлы ханы, көрші халықтар өзіне бағынуы үшін, Шөжеге барынша құрмет көрсетеді.

Б.з. д. 44 жылы қаңлы халқы мен солтүстік ғұндар одақ құрады, бұл Ханьдарға ұнамайды. Ғұн мемлекетінің көтерілуінен қорқып, Қытай батыс елдеріне елшілер мен барлаушыларды жіберіп, ақпарат жинай бастайды. Қаңлылармен біріккен Шөже Талас өзенінің бойында бекініс салуды бастайды. 1500 адам екі жыл бойы бекініс салады. Аварлар мен Ферғанаға елшілер жіберілді, олар бұл халықтарды салық пен алым төлеуге мәжбүр етеді.

Шөженің қарсыласы, қытайдың шебер әскери қолбасшысы Чын Тан өзінің әскери міндетін орындай отырып, кенеттен шабуыл жасауды жоспарлайды. Ол күн сайын Шөженің әр қадамы туралы ақпарат жинайды.

Қытай армиясы әрқайсысы он мың адамнан тұратын алты корпусқа бөлінді. Алғашқы үшеуі оңтүстік бағытпен кетіп, Памир тауынан өтіп, Ферғана жаққа жылжиды. Қалған үшеуі Ақсу бектігінен шығады. Олар солтүстік жолмен Шығу қаласына қарай жүреді, үйсіндерге келіп, қаңлылардың шекарасы жанынан өтіп, Ыстықкөл көлінің батыс жағалауына жетеді.  

Шөже темір сауытын киіп, бекініс мұнарасына көтеріледі. Оның әйелдері мен ханшайымдар қолына садақ ұстап, қабырғамен өрмелеп келе жатқан жау әскеріне қарай оқ жаудырып жатты. Осы кезде тәңірқұттың мұрнынан садақ оғы келіп тиеді. Әйелдерінің кейбірі өліп, кейбіреулері жараланады. Тәңіірқұт әскеріне бекініс ішінде шайқасуды бұйырады.

Шайқастан жеңіліп бара жатқан Шөже, қалғандарына: «Ғұн тегі жер бетінен жоғалмауы керек. Құл мен күң болмаңдар. Біраз уақыттан кейін қайта жиналып, өз-өздеріңе келіп, ел мен халықты қайтадан қалпына келтіріңдер. Сол кезде біздің арманымыз орындалады. Көк Тәңірінің алдында біздің жанымыз сендерге разы болмақ!»,-дейді.

Хань патшалығының сансыз әскері төрт жақтан келіп, қаланың орталық бөлігіне кіріп, цитадельге жақындайды. Жүз шақты күзетшісімен, осы шағын бекініске келіп тығылған әйел, бала-шағасымен Шөже осы жерде болды. Шөжені садақпен атып салады. Қытай әскері қолбасшысының орынбасары Ду-шун оның басын кесіп алады.

Тан-Жабғу (б.з. VII ғ.) – Батыс Түрік қағанатының қағаны. Қаған ақылымен, батылдығымен және әскери істердегі сәттілігімен ерекшеленді. Оның билік құрғаншағын Батыс Түрік қағанатының гүлденген шағы деп санауға болады. Батыс қағанаты тез күшейе бастады және Тан Жабғу 100 000-нан астам жауынгер жинай алды. Қаған өз билігін Түркістан-Сиюй, Самарқанд, ішінара қазіргі Пәкістан жеріне дейін жайды. Қағанаттың кеңеюі ирандық шах Хосров II Парвизге зиянын тигізді, бірақ ол Византиямен соғысып жатқан болатын. Парсылардың бейқамдығын пайдаланып, қаған 626-630 жылдары Кавказға көп әскерін енгізеді де, парсы шахының барлық одақтастарына үлкен зиян келтіреді.

Қаған Жібек жолында байыған Нушиби тайпасының адамыболды, бірақ солтүстік Дулу тайпасы бұл табыстан еш пайда көрмеді. Сонымен бірге, қағанаттың бүкіл сыртқы саясаты сауда жолдарын бақылауға бағытталды және бұл үшін әскер, соның ішінде дулу тайпасынан да әскер қажет болды. Қағанның ағасы Күлүг-Сібір хан бастаған дулулар көтеріліске шығады. Көтерілісшілер қағанды өлтіреді.

Сұлу (б.з. VIII ғ. н.э.) – Түргеш қағанатының қағаны. 715 жылы Сұлұқ Түргеш руын біріктіріп, 200 000 жауынгер жинап, Сиюемді бақылауды қалпына келтіреді. 717 жылы ол Қытайға барып, қаған ретінде мойындалып қайтады. Император Ашинаның қызы Хуайдаоны бірге жіберіп, ол қағанға әйел болады. Дегенмен де қыт айлықтар қағанның Танға адал емес екендігін сезеді.

Жас кезінде Сұлұқ мейірімді және жомарт хан ретінде танымал болған, бірақ кейін келе ол олжаны жауынгерлерге таратуды тоқтатып, бәрін өзі ғана иемденіп, сән-салтанатпен өмір сүреді. Түргештер Баға-тархан мен Думочжы түнде қағанның ордасына шабуыл жасап, оны өлтіреді.

Шах Мансұр (XI ғ.) – Қараханид мемлекетінің қағаны. Шах Мансұр Қараханидтер әулетін билеген. Шах Мансұр әділ қаған болған, Тараз, Баласағұн, Шаш, Ферғана, Өзгент, Ходжент, Бұқара қалаларын билеген. 

Оның билігі кезінде Қараханидтер мемлекеті гүлденуінің ең биік шыңына жеткені белгілі, ал Шах Мансұрдың өзі билікті мұрагерлеріне тапсырып, билеуші қызметінен кетеді. Билеуші лауазымын ол дінбасы қызметіне айырбастайды. Сонымен қоса, биліктен кеткеннен кейін Шах Мансұр саяхатқа шықты деген де пікірлер бар.

Сатұқ Боғра (Х ғ.). Қарахан  руынан шыққан Қашқардың билеушісі.

Тарихи  әдебиетте Сатұқ Боғра хан исламды қабылдаған алғашқы түркі билеушісі болған деген пікір бар. Жоғалған «Тазкира-йи Богра-хан» қолжазбаларының кейінгі көшірмелерінде оның өмірбаяны туралы кең көлемді мәліметтер бар. Сатұқ қаған Базыр Арслан-ханның ұлы, қаған Білге Құл Қадір-ханның немересі, ол қарлұқ тайпаларының бір бөлігінің Саманидтер мемлекетімен күресін басқарған. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Сатұқ Қашқардағы ағасының сарайында тұрды.

Сатұқ Боғра хан қайтыс болғанға дейін ыдыраған Қарлұқ қағанатының бытыраңқы жерлері мен тайпаларын біріктіріп, түркілерді ағартудың негізін қалады.

Тектұрмас (XI ғ.) – діни қайраткер, данагөй. Тектұрмас өз атын қалай алғанының бірнеше нұсқасы бар. Филолог Ж.Дадабаевтың пікірінше, Тектұрмас туған кезде Сұлтан Махмұт деген атқа ие болған, алайда ол хан сарайындағы бек қызметінен бас тартқаннан кейін оны Тектұрмас деп атай бастаған.

Тектұрмас дінді оқып, көп ұзамай «әулие» деп атала бастайды. Оның әулиелігін көрген адамдар кесенеге келіп, қой сойып, медет сұраған.

Тірі кезінде Тектұрмас жұртты сауаттылыққа үйреткен деген аңыздар бар. Шәкірттерінің арасында ол исламды уағыздап, балаларға ислам негіздерін үйреткен. Ол емші ретінде де танымал болған. Ол науқастарды, тіпті өкпе мен алапес сияқты ауыр сырқаттарды да емдегені белгілі.  

Жүсіп Баласағұн (XI ғ.). Әйгілі шығыс философы, «Құтадғу Білігтің» авторы. Жүсіп Баласағұнның әкесі сол кездегі ең көрнекті және ауқатты адамдардың бірі болған. Жас ақын алғашқы білімін туған қаласында алған.

Ақын шығармашылығына Авиценна мен әл-Фараби ілімдері, сонымен қатар Фердоусидің «Шах-наме» кітабы әсер еткен. 54 жасында Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» поэмасын аяқтап, оны Арслан қағанға сыйға тартады, және «Хасс Хаджиб» атағына ие болады.  Баласағұн Қарахан дәуіріндегі түркі тілінде жазған.

Көптеген түркітілдес халықтар бұл шығарманы мұсылман дәуіріндегі жазба әдебиетінің қайнар көзі немесе алғашқы шедеврі деп санайды. Кейбір авторлар Жүсіп 55 жасында қайтыс болды және Қашғар қаласының оңтүстік бөлігінде Пайпап жерінде жерленді деп болжайды. Алайда ақын әрі мемлекет қайраткері Баласағұнидің қайтыс болған күні мен жері туралы тікелей тарихи деректер жоқ.

Дәуітбек Дәдібек (XIII ғ.). Ұлы билеуші, әйгілі қолбасшы, ғалым. Тараз қаласында халық Дәуітбектің кесенесі деп атайтын тарихи маңызы бар Қарахан баба - Шах Мансур кесенесі бар. Кесененің қабырғасына мынадай сөздер жазылған: «Бұл бау билеуші, текті қолбасшы, ғалым, әділ, жомарт, қы­лыш әрі қалам иесі, жомарттық пен тектілік қайнаркөзі, ақиқатты даңқ­та­ған, адамдарға жәрдем еткен, ғалым­дардың қарнын тойдырған, әлсіз­дерге күш берген, ақиқат пен дін­нің даңқын шығарушы, ислам мен мұсылмандардың қорғаны, қағандардың таңдаулысы, әлемдер раббысының сүйіктісі, ерлік пен бақыттың тоғысқан жері, жомарттық пен тектілік бастауы, тәңірі әмірлеріне бағынған, тәңіріне арқа сүйеген, заманының шоқ жұлдызы, жомарттық пен қайырымдылық отаны, асыл әрі жақсы қасиеттердің иесі Құтлығ-Тонга Ұлығ-Білге Иликхан Дадбек Исфехсалар б. Ілияс ... Ұғыл бек әш-Шәһид Дадбек әт-Таразидікі. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Құран Кәрім, 10:62). Ол 660 жылы жұмадүл улә жұмасының кешінде (1262 жыл, 31 нау­рыз) қайтыс болды».

Махмұд Қашқари (XI ғ.) - әйгілі «Диуани лұғат ат-Түрік» энциклопедиясының құрастырушысы, түркі ғалымы. Махмұд Қашқари жақсы білім алған. Қашқардағы Саджиа медресесінде оқыған. 1056 жылы Қашқарда билікке Махмұдтың атасы келеді, ол 15 айдан кейін билікті өзінің ұлы, Барсхан қаласының әмірі, Махмұд Қашқардың әкесі Хусейнге беру туралы шешім қабылдайды. Бірақ көп ұзамай сарай қастандықтары нәтижесінде Махмұдтың атасы мен әкесін улап өлтіреді. 1057 жылы Қашқари Қашқардан батысқа қарай, Мәуераннахрға қашып, сол жерден селжұқ түріктері билік құрған Бағдадқа кетеді.

Махмұд әл-Қашқаридің әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік» кітабы - көптеген тарихи, мәдени, этнографиялық және лингвистикалық материалдарды жинақтап, қорытындылайтын энциклопедия. Әл-Қашқаридің «Диуаниі» - 11 ғасырдағы түркі халықтарының этикалық құндылықтары мен мінез-құлық нормаларын, өзіндік дүниетанымын сақтаған түркі мәдениетінің ескерткіші.

Қайду (XIII ғ.) - хан, Таластағы құрылтайды ұйымдастырушы. Қайду Шыңғыс ханның шөбересі, Шағатай ұлысының билеушісі болған. Ол «моңғолдардың әскери даңқының соңғы паладині», ол моңғол ұлысында билік Үгедейліктерге ғана тиесілі болуы керек деп санады, Юань императорлары атағын алған Толуй үйінен шыққан хандарға қарсы күресті. Бастапқыда ресурстары аз болған Кайду кейін батылдығы мен әскери қадір-қасиеті моңғолдар арасында мақалға айналған армия құрды, сонымен бірге бүкіл Орта Азияға жайылған империяның негізін қалады.

Мөңке таққа отырып, Үгедейліктерді жазалау басталған кезде Қайду Тарбағатайға жер аударылады. Құбылай Арық Бұғаға қарсы шыққан кезде, бұл Толуйдың ұрпақтары алауыздықпен өз тұқымын өздері құртар дген үмітпен Арық Бұғаның жағына шығады. Арық Бұға Құбылайға бас игеннен кейін, Қайду хан тағына деген өз құқықтарын қорғап, оған бас имейді.  

Шағатай ұлысының жаңа билеушісі Барақтың Құбылаймен күресін пайдаланып, Қайду Таласқа дейінгі бүкіл жерді өзіне бағындырады. Қайдудың Мәуереннахрға шабуылынан қауіптенген Барақ оған қарсы шығады. Сырдария жағасындағы алғашқы шайқаста Барақ жеңіске жетеді, тек Меңгу Темір жіберген 50 000 адамның көмегімен басымдық Кайду жағына өтеді. Кайду өзінің немере ағасы Қыпшақты бейбітшілік пен одақтастық ұсынысымен Бараққа жібереді. Барақ Қыпшақты Самарқандта салтанатты түрде қабылдайды.

1269 жылы Талас алқабында құрылтай шақырылады. Жеті күн ішіп-жеген ханзадалар сегізінші күні Қайдудың басшылығымен жиын басталып, ол бейбітшілік жайында үндеу тастайды. Барақ өзіне әскерін асырай алатындай жұрт бөлінуін сұрайды. Оған Мәуереннахрдың үштен екі бөлігін береді.

Ханзадалар таулар мен далаларда өмір сүруге, қалаларға жақындамауға, үйірлерін егістік жерлерге жібермеуге, тұрғындардан тек заңды салықтар алуға шешім қабылдайды. Әр ханзада өзіне бұйырылған мыңдыққа және Бұхара мен Самарқандтағы шеберханаларына қанағатт етуі керек еді. Дереккөздерде Қайдудың ақ киізге көтеріп хан сайланғаны туралы айтылмайды. Дегенмен, құрылтаймен белгіленген саяси ұйымға Қайдудың басшылық еткені анық.

Захир ад-Дин Бабур (XV-XVI ғғ.). Моғолстан мемлекетінің негізін қалаушы. Захир ад-Дин Мұхаммед Бабур Орта Азия қолбасшысы, ақын және мемлекет қайраткері, Үндістан мен Ауғанстан падишахы, Бабуридтер әулеті мен империясының негізін қалаушы болған. Сонымен қатар Ұлы Моғол империясының негізін қалаушы ретінде де танымал. Бабуридтерге қатысты бұл атауды XVII ғасырдан бастап еуропалық саяхатшылар қолдана бастаған.

12 жасында әкесінен айырылған Бабыр өз жеріндегі билік үшін күреседі. Оған немере ағасы Байсұңқар мырза билік құрып отырған Самарқанды астана қылып Темірліктердің бұрынғы империясын қалпына келтіру туралы идея келеді. 1497 жылы жеті айлық қоршаудан кейін Бабыр Самарқандты алады, Байсұңқар мырза Гиссарға қашуға мәжбүр болады.

Кейіннен Мәуераннахрдағы билік үшін күресте Бабыр 50 жастағы тәжірибелі қолбасшы Шейбани ханмен бетпе-бет келеді. Тимуридтер арасындағы алауыздықтар Бабырдың жеңілуіне әкеледі.

1504 жылы Бабырды Шейбани хан тимуридтердің Кабул иелігіне ығыстырады. Бұл жерді 1469-1501 жылдар аралығында ағасы, әкесінің інісі Ұлықбек Кабули, одан кейін оның ұлы Әбдіраззақ басқарды.

1519 жылдан бастап Бабыр Кабулдан Солтүстік-Батыс Үндістанға жорықтар жасайды. 1526 жылы сәуірде Панипатта Ибрагим шах Лодимен болған шайқаста Бабыр жеңіске жетеді. Содан кейін 1527 жылы Бабур Кхануада Раджпут князі Санграм Сингхті жеңеді.

Бабыр еуропалықтар Ұлы Моғолдар империясы, ал орыс шығыстанушылары Бабуридтер империясы деп атаған, қуатты империяның негізіне айналған жаңа мемлекет құрды.