Хорезм Республикасындағы қазақтар һәм жойылған Республика
01.06.2021 2049

Орта Азияда совет үкіметі орнаған соң, жергілікті халықтар байырғы жерін сақтай отырып, өз автономиясын немесе республикасын құруға ұмтылғаны тарихтан белгілі. Бұл ұмтылыс сәтті басталғанмен, жақсы аяқтала қойған жоқ. Түркістан автономиясы (Қоқан мұқтарияты 1917 жыл, 28 қараша – 1918 жыл, 22 ақпан), Алаш автономиясы (1917 жыл, 5-13 желтоқсан – 1920 жыл, 5 наурыз), Түркістан АССР (1918 жыл, 30 сәуір – 1924 жыл, 27 қазан) БХСР (Бұхара Халық Советтік Республикасы, 1920 жыл, 8 қазан – 1924 жыл, 27 қазан) және ХХСР(Хорезм Халық Советтік Республикасы, 1920 жыл, 26 сәуір – 1923 жыл, 30 қазан, Хорезм Советтік Социалистік Республикасы, 1923 жыл, 30 қазан – 1924 жыл, 27 қазан) сияқты ұлттық елдерді қызылдар бөлшектеп тастады, кейіннен жойып жіберді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аз ғана жыл тәуелсіз өмір сүріп, тарих қойнауына кеткен Хорезм Халық Советтік Республикасы және оның қазақтарға қатысы жайлы архив деректеріне сүйене сөз қозғайды.


1920 жыл 1 ақпанда Орта Азияда Хиуаның соңғы билеушісі Саид Абдулла хан тақтан түсіріліп, елді ревком, сәл кейінірек уақытша үкімет басқарды. Сәуір айында Бүкіл Хорезм өкілдерінің құрылтайы шақырылып, онда Хорезм Халық Советтік Республикасының құрылғаны жарияланды және оның Конституциясы қабылданды. Алғашында Хорезм Халық Советтік Республикасы РСФСР мойындаған Орта Азиядағы жалғыз мемлекет болды.

Бұл тұста көрші Республикалар Хорезм Халық Советтік Республикасының бюджетін толтыру үшін 20 миллион рубль жәрдем берген еді. Түркістан комиссиясы тарапынан сәуір-мамыр айларында тағы 150 миллион рубль көмек берілді. Сондай-ақ, аталмыш комиссия бірінші кезекте ХХСР-ға 3 дәрігер, 8 фельдшер, 1 тіс дәрігері, 1 акушерка, 10 мұғалім және 3 аурухананы қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек, оқу құралдары, 50 мың пұт керосин, 50 мың пұт мұнай жіберді. 

Хиуа хандығы дәуірінде елде 132 медресе, 2169 дәстүрлі ислами мектеп, 8 жаңа мектеп (жадид мектебі) болып, оларда 60 мыңға жуық жастар оқитын еді. 

1920 жыл 7 наурызда «Инқилоб қуёши»(Төңкеріс күні) атты газет шығарыла бастады. Сәуір айында музей және театр труппалары, маусым айында «Роста» телеграф агенттігінің бөлімі ашылады.

ХХСР-да халық саны 700 мың болып (кей деректерде 800 мың), оның 61,1 пайызын өзбек, 28,8 пайызын түркімен, 5,4 пайызын қарақалпақ, 3,5 пайызын қазақ және қалғандарын басқа ұлттар құраған еді. 

Республикада мемлекеттік тіл өзбек және орыс тілі болғанмен, түркімен, қарақалпақ, қазақ тілдері ресми түрде мемлекеттік тілдермен теңестірілді. 

Алғашында Республика құрамында Қазақ-Қарақалпақ бюросы болса, 1922 жыл 20 шілдедегі ХХСР-дың 3-құрылтайында Орталық Атқару Комитеті құрамында Таған Абдуллаевтың басшылығындағы Қазақ-Қарақалпақ бөлімі құрылды. Оның құрамында 7 адам болды. Т. Абдуллаевтан соң бөлімді Сейілхан Сәрсенбаев басқарды. Қазақтың белгілі ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Елтоқ Ділмұхамедовтің інісі Наурызәлі Ділмұхамедов осы бөлімнің белді мүшесі болған. 

1923 жыл 18-20 қазанда өткен Хорезм Республикасының 4-құрылтайында Орталық Атқару Комитеті құрамына Сейілхан Сәрсенбаев, Қаландар Адинаев, Мұхамеджан Айдалов, Уәйіс Оразов, Жұмағали Мейірманов және тағы басқалары сайланды. 

Қазақ-Қарақалпақ бөлімі Ревкомының 9 мүшесінің үшеуі – Мұхамедияр Қадыров, Дастан Мұхамедов және Бекман Шопановтар қазақ ұлтынан болатын. 

1921 жыл 4 наурызда ХХСР мен РСФСР арасында әскері-саяси келісімшарт жасалып, бұл құжат негізінде Ресей ХХСР-дың тәуелсіздігі мен тұтастығын толық мойындаған. Осылайшат Орта Азия елдері ішінде Ресей ресми түрде мойындаған жалғыз Республика ХХСР болды. 

1922 жылы Орта Азиядағы тұңғыш мемлекеттік театр ашылды. 

Елде заманға сай даму үдерісі қарқынды жүрді. Ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлініп, 10000 десятина жер дихандарға бөліп берілді. Сондай-ақ халыққа ссуда ретінде 3 миллиард рубль қарастырылып, қарыз есебінен 5 000 ірі қара таратылды. 1922 жылдың аяғына дейін Хорезм дихандары Хазарасп пен Хожелі аралығына 12 бөгет салды. 

РСФСР 1923 жылы Хорезмге 100 агроном, инженер, техник, механик, электрик және тағы басқа мамандар жіберді. Татарстан оқу орындары Хорезм үшін 10 орын бөлді. Сондай-ақ осы жылы Ерікті агенттік құрылып, ҚазАССР, Түркістан АССР, БХСР мен ХХСР бағытында ұшатын 6 самолет сатып алынған. ХХСР-ды басқарғандар ішінде 2 қазақ ұлтының өкілі бар. Ал нәзірлер (министрлер) және баршылық болды. Солардың бірнешеуінің өмірбаянына тоқталып өтпекпіз. 

Меңдіқожа Ибниаминов 1898 жылы қазіргі Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алады. Қоңырат ревкомының төрағасы болған. 1921 жыл 15-23 мамырдағы Бүкіл Хорезм Халық өкілдерінің 2-құрылтайында Хорезм Халық Советтік Республикасының ең жоғары атқарушы органы – Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңеесінің төрағасы қызметіне тағайындалған.

М. Ибниаминов Үкіметі экономика, оқу-ағарту, ауыл-шаруашылығы сияқты салалардың дамуына атсалысады. Егін егу үшін дихандарға банктерден ұзақ мерзімді сссуда бөліп, алғашқы бір айдың ішінде 55 мектептің ашылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 1921 жылы Хорезм Халық Университетінің ұйымдастырылуына да мұрындық болады. 

Ол 1921 жыл 27 қарашада ХХСР-дың жоғарғы билігіндегі Бекшан Рахманов, Сейітқали Ағайдаров, Бекшан Абдаловтармен бірге «Ұлттық бірлік комитеті» атты исламшыл конрреволюциялық топтың мүшесі деп айыпталып, қызметінен босатылады. Бір қызығы тәуелсіз ХХСР басшылары ісін РСФСР үкіметі өз бақылауына алады. Әскери трибунал оған 1922 жылы ату жазасын бергенмен, 1923 жылы ХХСР Халық соты оны ақтап, қамаудан босатады. 

1923 жылы 18-20 қазанда өткен 4-құрылтайында М. Ибниаминов Ішкі істер нәзірі (комиссары) болып тағайындалады. 1924 жылы 24 наурызда ХХСР Орталық Атқару Комитеті мүшелігіне сайланып, ХХСР Орталық Атқару Комитеті хатшысы міндетін атқарады. Сонымен бірге, Қаржы нәзірі де(комиссары) болған. Өмірінің соңғы жылдары Қарақалпақ автоном облысында түрлі қызметтер атқарады. 1938 жылы 13 қазанда СССР Жоғарғы Соты Әскери көшпелі жабық сессиясында ату жазасына кесіледі. 

Қаландар Адинаев 1897 жылы Шаббаз болысының Бибазар ауылында (қазіргі Қарақалпақстанның Беруни ауданы) дүниеге келген. 1919 жылы Ташкенттегі партия-кеңес мектебін бітіріп, Шымбай қалалық Атқару комитеті саяси комиссары болады. Әмудария облысында түрлі басшылық қызметтер атқарады. Төрткүл қалалық Атқару Комитеті жанындағы Аштыққа ұшыраған адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету комиссиясының мүшесі, Облыстық Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі басшысы, облыстық партия комитетінің жауапты хатшысы болады.


1922 жылы ХХСР Комсомол жастар одағы Орталық комитеті өкілі қызметіне тағайындалады. 1923-1924 жылдары ХХСР Компартиясы ОК жауапты хатшысы, 1-хатшысы болады. 

1923 жыл 30 қазанда Хорезм Халық Советтік Республикасы Хорезм Советтік Социалистік Республикаға айналады. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. ХССР 1924 жылы 27 қазанда таратылады. 

Бұдан соң Қ. Адинаев Шымкент, Арал, Қызылорда қалаларында түрлі қызметтер атқарады. 1932 жылы Мәскеу Ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп, Төрткүл мақта басқармасының басшысы, Ташкент Ауыл шаруашылығы институтының директоры, 1934-1937 жыллдарда Алматы облыстық Жер істері басқармасының басшысы болады. 1938 жылы 13 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақ жібек басқармасын басқарып жүрген кезінде Қ. Адинаев тұтқындалып, 11 қарашада ату жазасына кесіледі. Айтпақшы, Ленин қайтыс болғанда дәл осы Қ. Адинаев құрметті күзет сапында тұрған екен. 

Қабылбек Сармолдаев – 1898 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Ойтал ауылында туған. Қазақстанның партия, совет қызметкекері. 1915-1916 жылдарда пошта тасушы, 1917-1918 жылдарда Әулиеатада партия, совет қызметтерінде істеді.1920-1923 жылдары Орынборда Қаз АССР-і Ішкі істер халкомының орынбасары.


1923-1925 жылдарда Ташкент облыстық Атқару Комитетінің Төрағасы, Хорезм республикасы Халкомсоветі Төрағасының орынбасары және Жұмысшы шаруа инспекциясының халкомы,Ташкентте КазАССР сауда өкілдігі басқармасының бастығы.1925-1933 КазАССР Жоспарлау комиссиясының төрағасы, жер шаруашылығы халкомы.1933-1937 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы Атқару Комитетінің,Торғай аудандық Атқару Комитетінің төрағасы, КазАССР Тамақ өнеркәсібі халкомының орынбасары. 1938 жылы «халық жауы», «жапон империалистерінің тыңшысы» деген айыппен кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, ОГПУ «үштігінің» шешіміне сәйкес ату жазасына кесілді. 

Сүйтіп, Хорезм Республика басшыларының түгелге жуығы осылайша қызыл террордың құрбанына айналған. Конституциясы, елтаңбасы, туы, әнұраны болды. Валюта бірлігі «Теңге» деп аталып, жібек қағаздан жасалған банкнотқа өзбек тілінде «танга», орыс тілінде «тиньга», қазақ тілінде «тенге» деп жазылған көрінеді. Түрікмен, қарақалпақ тіліндегі нұсқалары да жазылған.



ХХСР-ХССР-дың өркендеуі Мәскеуге ұнамай, оны түгел жойып жібереді. Сонымен, жергілікті халықтармен бірге талай қазақтың да тағдыры тәлкекке айналып кете барады. Ең қызығы Хорезм Халық Советтік Республикасының мемлекеттік деңгейдегі өзінің марапаты да болған. Соның ішінде В. И. Ленин мен Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев Хорезм Республикасы тарапынан марапатталған. Бұл екеуі де Хорезм Халық Советтік Республикасының «Еңбек» орденімен марапатталған әрі бұл марапат ол екеуінің де жалғыз марапат болған екен.


Автор: Бегабат Ұзақов

https://www.inform.kz/