Бұла күш иесі
11.05.2021 1791

Биыл әлемге әйгілі Қажымұқан балуанның туғанына 150 жыл. Осы күндер де даңқты балуанның туған жеріне қатысты екі айырық пікірдің де бар екендігі белгілі. Әуелгі дерек бойынша әйгілі балуан, бұрынғы Ақмола облысының  Қараөткел дуанына қарасты Қоспа елді мекенінде дүниеге келді десе, екінші дерек Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында  дүниеге келді дейді. Кәнігі қажымұқантанушылардың дені осы екінші деректі дұрыс деп санайды. Біз әйгілі балуанның  биылғы 150 жылдық мерейтойын ескере отырып, 1996 жылы жарық көрген «Қазақ балуандары» деген  ғажайып еңбектің негізінде Қажымұқанға қатысты мына бір жазбаны  оқырман қауымға арнайы ұсынып отырмыз. Бұл деректердің дені  Мұратхан Тәнекеевтің тым ілгеріде жазылған жазбасының негізінде даярланып отырғанын да оқырман қаперіне сала кеткіміз келеді.


...Мұқанның ата-бабалары шетінен батыр, ер жүрек,балуан болған. Атасы Ернақ балуан 1847 жылы дүние салған. Мұқанның өз әкесі Мұңайтпас балуанның қайтыс болған жылы 1914 жыл. Мұқан жастайынан мал бағып, шаруашылығы шағын Мұңайтпасқа сеп болады. Денесі ерекше зор, өте жігерлі бала 12-13 жасынан бастап ел көзіне ілігеді. 14-15 жасқа келгенде ересек, жиырмадан асқан жігіттерден басым түсіп, белдескендерін жыға бастағаннан кейін, ауылдастары бұл баланың балуандық, батырлық келешегінің мол екенін байқайды. 16-17 жасқа келгенде көптеген ас пен тойларға барып, атақты балуандармен белдеседі. Қарсыластарымен жан аямай күресіп, тірескендерін алып ұрып, даланың ақиық бүркіттерінше домалатады. Аты шулы түйе балуанның жауырынын жерге жапсырғаннан соң Мұқанға Сарытерек төңірегінде тең келетін ешкім болмайды, көп балуандардың онымен күресуге жүрегі дауаламайды.

1901 жылы Омбы қаласында тұңғыш рет цирк ашылады. Французша күрестен (қазір грек-рим күресі деп аталады) алып балуандар белдеседі, деген хабар Сарытерекке де жетеді. Жерлестері Мұқанды тездетіп осы қалаға аттандырады. Ақмолалықтар қалаға күрестің ең қызу кезінде жетіп, балуандардың көрсеткен өнерлеріне таң қалса да, Мұқанды сайысқа салуға бел байлайды. Чемпионаттың бас балуаны Злобин дене бітімі зор, талайды көрген, талайды жыққан адам екен. Ресейдің, Еуропа елдерінің көп жерлерін аралаған, атақты чемпиондар А.Шмелинг, Г.Гаккеншмидт, Ф.Михайловтармен қатар шыққан орыс балуандарының бірі. Олардың барлығы Ресей атлетика қоғамының төрағасы Робеспьер графтың қол астында шыңдалған балуандар. Злобин цирк алаңына жүгіріп шыққан кезде, күрес төрешісі: Мына балуанмен белдесетін талапты ержігіт бар ма? - деп, көрермендерге қарайды. Дәл осы кезде ақмолалықтар отырған топтан:

- Белдесетін балуан бар! - деген дауыс саңқ етеді.

Тәжірибелі орыс балуаны мен жас қазақ алыбы Мұқанның айқасы көп уақытқа созылады. Мұндай сәтті цирк балуандарының ешқайсысы күтпеген. Злобин бар өнерін, күшін салады. 18 минут өткеннен кейін ғана жеңіске жетеді. Кәнігі балуаннан Мұқан жеңілгенмен, бұл кездесудің ол үшін маңызы өте зор екенін кейінгі күндер көрсетеді. Осы жылдардан бастап, Мұқан күрес өнерінің төңірегінен шықпайды. Омбы,Орынбор, Қазан сияқты қалаларды аралап, балуандармен белдесіп, күшті чемпиондардың қатарына қосылып, өнерін онан әрі қарай жалғастыра береді.

Мұқанның жиі-жиі баратын қалаларының бірі  Петербург. 1908 жылы осы қалада өткен күрестің бірінде атақты әлем чемпионы Георг Лурихпен кездеседі. Өнерлі, айла-әдісі мол, кәсіпқой күрес спортының қыры мен сырын жақсы білетін эстон балуанының көзі Мұқанға бірден түседі. Ол Мұқанға: «Сені Петербургтің сүйікті балуаны деп жүр. Қаланың жарнамаларыңда, ал мен жүргізетін чемпионаттарға қатысатын болсаң, әлемнің сүйікті балуанына айналасың» дейді.

Осы жылдан бастап қазақ балуаны Лурих ойлап тапқан «Ямагата Муханура» деген жасырын атпен үлкен күрес майданына шығады. Себебі, ол кезде цирк көрермендері, спорт әуесқойлары, күрес демеушілері қазақ елінің атын ести қоймаған, ал жапон балуандары болса, әлемге әйгілі. Міне сондықтан қазақ балуаны Мұқан Мұңайтпасов жапон балуаны Ямагата Муханураға айналады.

«Ямагата» дегені ол Жапонияның Ямагата қаласынан шыққан деген белгіні береді. 1909 жылы Харьков қаласында шығатын «Жало» («Шанышқы») журналында былай деп жазылған: «Шығыс ұлы, жапон Муханура. Ол тегеурінді де, дене бітімі мығым жігіт, күресте қаһарлы, әрі өте батыл қимылдайды». 1910 жылы Мұқан Голландия чемпионы Шнейдер-Миллер, орыс балуаны Разумов, грузиннің аты шулы алыбы Апполон Старошвили, белгілі Еуропа елдерінің чемпиондары Иоганссон мен Винтер, америкалық негр Сальватор Бамбула мен чех чемпионы Карл Поспешил және басқа күрес шеберлерінен басым түседі.

Мұқанның үлкен спорттық табыстарының бірі 1909 жылы Рига қаласында өткен чемпионат. Атақты цирк өнерін ұйымдастырушылардың бірі басқарған чемпионатқа қатысушылардың қатарыңда есімі белгілі болып қалған Алекс Аберг, Георг Лурих, Чемберс Ципс, Лассартес Петерссон, Медведев сияқты балуандар болды. Ал чемпионат жарнамаларында Мұқан туралы: «Күреске Москва, Петербург жұртшылығының сүйікті балуаны, чемпиондардың чемпионы, Шығыстың үздік перзенті Мұқанов Муханура қатысады», - деп жазылды.

Рига чемпионатында Мұқан үлкен табысқа жетті. Ол 10 кездесуде де таза жеңді. Бірінші жүлде, яғни бас бәйге алуы қазақ балуанының шыныңда да «чемпионның чемпионы» екенін дәлелдеді. Табысты өткен бұл чемпионаттың қазақ балуаны үшін бір ерекшелігі, ол қалаға гастрольмен келген цирк артисі, ат ойнау өнеріндегі шеберлігімен бүкіл қала көрермендерін таңғалдырған Надежда Чепковскаямен танысады. Цирк иелерінің қарсы болуына қарамастан оған үйленеді.

Біраз уақыт өткеннен кейін Мұқан Надежданы өзінше Фатима деп атап, қазақ арасына елге келгенде, оны Польшаның татар қызы деп таныстырды. Туыстары, жора-жолдастарымен келісіп, мұсылман әдет-ғұрпы бойынша Омбы қаласында мешітте некесін қидырады. Фатима осы жылдардан бастап Мұқанның көп жеңістерінің куәсі болады. Жаттығу, үлкен чемпионаттарға даярлану кездерінде балуанға ақылын айтып, демеу болып отырады. Спорт өнерінің сырын жақсы білетін артист әйел балуанның табыстан-табысқа жетуіне көмектеседі. 

Мұқан 1909 жылы Варшава, Гетеборг сияқты күрес орталықтарына айналған ірі қалаларда ұйымдастырылған және рейтингі жоғары сатыға көтерілген халықаралық чемпионаттарға қатысты. Ол осы чемпионаттарда айтулы балуандар Омер де Бульон, Карл Поспешил, Циклоп-Беньковский, Карл Корнацки, Бек Ольсен, Вейланд-Шульц, Розенталь, Алекс Аберг, Пауль Шмидт, Генрих Вебер, Карл Мосин, Ян Краузе, Франц Зауэрер және басқа да үлкен кәсіпқой спорт шеберлерімен күш сынасты. Олар өз елдерінің ардақты азаматтары, сүйікті балуандары еді.

1910 жылы Мұқанды арнаулы телеграмма жіберіп, Оңтүстік Америкаға, яғни, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресқа шақырады. Фатиманың айтуы бойынша, Мұқанның бұл сапары да сәтті аяқталады. Ол еркін күрес бойынша Америка чемпионы атағына ие болады. Қазақ балуанының Америка елінің ережесі бойынша өткізілген еркін күрестен чемпион болуы заңды еді. Себебі, Мұқан Еуропа қалаларыңда өткен еркін күресте ешкімнен жеңілмеген. Бұл күрес бойынша ол Иван Поддубний, Иван Зайкин, Алекс Аберг, Збышко-Цыганевич сияқты әлем чемпиондарымен қатар тұрған. Мұқан еркін күрестен өзінің бірінші алтын медалін 1909 жылы Кельн чемпионатында жеңіп алған. Мұқан Америка жерін екі рет басқан адам. Бұл континентке қайталай сапар шеккенін дәлелдейтін ресми деректер «Русский спорт» журналының 1914 жылғы 41 нөмірінің 4 бетінде жарияланған «Абергтен хат» деген хабар. Онда былай делінген: журнал редакциясы әлем чемпионы Алекс Абергтен қызықты хат алды. Ол осы жылдың бірінші жартысында Лурих, Циклоп, Поспешил, Мұқаңдармен Америкаға гастрольге кеткен еді. Аберг бұл хатты Америкадан шілде айында жіберген екен. Ал біз болсақ бүгін ғана, яғни, 23 қарашада қолға алып отырмыз. Аберг былай деп хабарлайды. Барған барлық балуандар үздік шығып, Чили, Перу, Уругвай елдерінде болып, Оңтүстік Африкаға жүріп кетуіміз керек дейді. Егер оларға еш оқиға кедергі келтірмесе, балуандар тобы ендігі жерде Африкада күресіп жатуы тиіс. Хат Буэнос-Айрес қаласынан жіберіліпті делінген.

Мұқан америка еркін күресіне бейім балуан болатын. Ол жастайынан әкесі Мұңайтпастың баулуымен қазақша күрестің әдісін терең игерген дарынды жас еді. Қазақша күресте кездесетін әдіс-тәсілдердің көбі еркін күресте де кездеседі. Соңдықтан да Мұқан өзінің осы сапарында Джо Моро, Чемберс Ципс атты әйгілі америка  балуандарын тізе бүктіріп, олжалы қайтқаны күмәнсіз. Америкадан соң Мұқан Африка елдеріне аттанады. Египет жерінде болған күрестерде өзінің барлық бәсекелестерін жеңеді. Бұл жолы да Мұқанмен бірге бұрыннан Еуропа қалаларында өткізілген чемпионаттардан таныс балуандар да болады.

Мұқанның араб, мұсылман елдерінде өткен күрестегі табыстары ерекше. Бұл жолы қазақ алыбының алдыңда бас иген балуандар арасында есімі бүкіл Шығыс еліне белгілі Мамбу, Ахмет, Салах, Жүсіп, Мұстафа, Махмут және басқалар бар еді. Стамбул, Мекке, Мәдине қалаларында болған зор жеңістерден кейін Мұқанға «қажы» деген атақпен қатар «мұсылмандардың ең күшті балуаны» деген атақ қосылды. Балуанның чемпиондық лентасында осындай жазуы бар, (араб және орыс әрпімен жазылған) алтын, күміс медалі тағылған суреті кейбір газеттердің бетіне басылып шыға бастайды.

Қазақ балуаны «Қажымұқан» деген атпен Ресейде бірінші рет Саратов қаласында, ағалы-інілі Никитиндер циркінде шықты. Қажымұқан Саратов қаласында күресуді жақсы көрген. Бұл қалада оны қолдаушылар көп болды. Олардың арасында қазақтар мен татарлар аз емес еді. 1912 жылы Нижний Новгород қаласында күрестен Ресей біріншілігін өткізу ұйғарылды.

Мұндай үлкен біріншілікке кәсіпқой тың саңлақтары Сандаров, Мартынов, Корень бастаған балуандар келеді «Сур» деп аталатын цирктегі белдесулерде Қажымұқанның күшінің барлық балуандардан басым екені бірден көрінеді. Сөреге Кажымұқанмен бірге күтпеген жерден, атағы басқа  елдерге тарай қоймаған осы қаланың тұрғыны Тулумбасов (Турбас) шығады.

Оның осындай деңгейге қалай көтерілгенін балуаңдардың барлығы жақсы білетін. Әрине, ол төрешілердің әділетсіздігі болмаса, атақты аға балуандары жеңе алмас еді. Сол себептен күреске қатынасқан балуандар Қажымұқанға «Турбасты тұрғызбашы, сүйекті қалай сындыратыныңды көрсетші осы жолы»  деп ызаландырды. Сөйтіп, соңғы сөре күресі басталды. Турбас өз жерлестерінің алдыңда жаурынын жерге тигізбеуге тырысады. Қажымұқан болса, одан әрі ызаланып, оны көтеріп алып, барлық күшімен лақтырып жібергеңде, ол оркестр отырған жерге допша ұшып түседі. Қазақ балуанының бұл мінезінен кейінгі төрешілердің шешімі өзінен өзі-ақ белгілі. Бірақ балуандар разы. Сонда Қажымұқан «Мен үлкен алтын медаль үшін емес, сендердің намыстарың үшін күрестім» дейді.

Менің қолымдағы кейінгі кездерде табылған деректерге қарағанда Қажымұқанды Ресей балуандары «сүйек сыңдырғыш» («костолом») деп атаған. Оның да себебі бар. Қазақ балуанының нағыз күш жағын алып қарағанда өзіне теңдесі болмаған. Оның алапат күшінен балуаңдардың барлығы қорыққан. Қажымұқан бойына біткен күшін салып күресетін жағдайда, оның бәсекелестері белдесуден бас тартып отырған. Олар мұңдай күрестен кейін чемпионаттан шығып қалуға мәжбүр болған.

Сондықтан Қажымұқан шын күрестен аласталып, шартты күрестің төңірегінде пайдаланылған. Егерде мұндай шартқа көнбей, шын күреске шыға бастаған жағдайда, оны цирк пен чемпионат иелері төрешілер арқылы «күрестің ережесін бұзды», деп белдесуге қатысушылар тобынан шығарып отырған. Дәл осындай сәтсіз жағдайлармен Қажымұқан 1911 жылы Петербургтегі «Фарс» театрында өткен чемпионатта атақты Постак балуанмен күресу кезінде кездескен. Қазақ балуанын төрешілер «рұқсат етілмеген әдіс қолданды»,  деп айыптайды. 1913 жылы Мәскеу қаласындағы Девинье циркінде халықаралық чемпионат басталады. Осы чемпионатта Қажымұқан өте ірі даңқты чемпиондардың бірі аталған Поль Абспен кездеседі. Қазақ балуанын бұл жолы «кейбір тәсілдерді пайдаланды, күрес тәртібін бұзды» - деп чемпионаттан шығарып тастайды.

1913 жылы Троицк қаласында, соңынан атағы әлемге әйгілі болған чемпионат өткізіледі. Чемпионатқа қатынасушылардың сапында атақтары бүкіл әлемге белгілі Пауль Шмидт, Юхан Тигане, Пьер де Колосс, Петров, тағы басқалары болатын. Күрес майданына шыққан 18 балуанның бәрі де өз елдерінің чемпиондары еді. Көпшелі цирктің қожасы Стрепетов мырза бірінші жүлдені Юхан Тиганенің қолына ұстату шараларын қарастырып көреді. Бірақ ойлаған ойы орындалмайды. Қажымұқан бастаған бір топ балуандар әділ күресті тілейді. Әділ күрестің нәтижесінде қазақ балуаны бас бәйгені алып, үлкен алтын медальға ие болады.

Кәсіпқой спорттың аты кәсіпқой спорт. Қажымұқанның бай спорттық өмірбаянында әртүрлі жағдайлар кездескен. Кей кездерде кәсіпқой күрестің ағымына көнбеске болмаған. Күресте кімнің кім екенін балуандардың өздері ғана білген. Ал көрермендер болса, кәсіпқой күрестің ішкі сырын білмеген. Қажымұқанның жалғыз өзіне ғана тән жігері мен батырлығын, бойына әрең сыйып тұрған бұла күшін 1913 жылы Харбин қаласында жапондықтар ұйымдастырған джиу-джитсу күресінен көреміз. Бұл арада (Французша күрестің чемпионаты біткеннен соң) әлемге әйгілі Еуропадан келген балуандардан аса алмайтынын бұрыннан жақсы білген жапон балуаны Саракики Жиндофу оларды жапон күресіне шақырады. Еуропа балуандары үшін бұл күрес - белгісіз, құпиясы көп күрес.

Жапондар шығыс айқасының төресі атанған джиу-джитсу ғана олардың ар-намысын қорғап қалады деп түсінген. Олардың бұл ойларының іске аспауына да қазақ балуаны себепкер болады. Шиеленісіп, қан төгілген айқас кезінде Қажымұқанның құлағы, еріні жыртылады, денесіне пышақ кескендей таңба түседі. Ал Саракики үшін бұл күрес соңғы күрес болды. Ресми жазулы деректер бойынша, басы сынған, миы шайқалған жапон чемпионы көп ұзамай қайтыс болады.

Қажымұқан әлемнің ең үлкен континенті - Азия чемпионы. Оны жалғыз ғана «мұсылмандардың ең үлкен балуаны» - деп қоймай «Жапония, Корея және Манчжурия» чемпионы дейтіні соңдықтан. Қажымұқан 1914, 1915, 1916 жылдары зор табысқа ие болды. Бұл жылдары әлем чемпиондары Жан Сабатье, Лассартес, Черноянз, Иван Стиль, аса көрнекті негр балуандары Чемберс Ципс, Джо Моро, Италия күрес шебері Джовани, Швеция чемпионы Андерссон, Финляндияның даңқты түйе балуаны Ярвинен, орыс алыптары Мартынов, Аксенов, Сандаров сияқты кілем ардагерлерімен кездесіп, олардың жауырынын жерге тигізді.

Қажымұқан 1916 жылы Орынбор қаласындағы Камухин циркінде үлкен халықаралық чемпионатқа қатысады. Қазақ балуанына үлкен сый-құрмет көрсетіледі. Ол кездегі чемпионат тәртібі бойынша «Бенефис», яғни, жеке балуан құрметіне кеш өткізілетін. Сол күні жарнамада былай жазылған еді:

«Бүгін спорттық-атлетикалық үлкен көрініс. Атақты балуан Қажымұқанның құрметіне бенефис болады. Барлық артистер қатысады. Бүгін Қажымұқан мырза кеудесіне бөрене ұстап, оған 40 адам отырғызып, 200 пұт салмақты көтеріп тұрады. Қажымұқанның үстінен адамдар тиелген алты күйме өтеді және басқалар», делінген. Ол кезде бенефис тек дүние жүзі чемпиондарының құрметіне өткізілетін. Дүние жүзі чемпиондарының құрметіне өткізілген Орынбор бенефисі Қажымұқанның таңғажайып балуандығының, керемет өнерінің бір өтеуі еді.

Қажымұқанның қаңдай балуан екені, оның спорттағы жолдары 1917 жылдардан бастап анық белгілі бола бастады. Қажымұқанның дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпиондары Иван Поддубный, Иван Зайкин, Иван Шемякин, Збыпко-Цыгановичтермен тең түсіп, Климентий Буль, Феофан Лавренов, Иван Яголарды жыққаны тарих шежіресіне тіркелді.

Ендеше Қажымұқан кәсіпқой күрестің үш түрінен, атап айтқанда, еркін күрестен, французша (грек-рим) күрестен, джиу-джитсу күресінен әлем чемпионы. Ол - кәсіпқой спорттың жарық жұлдызы, қазақ халқының бағына біткен күш атасы, қайталанбас біртуар тұлға.         

Материалды дайындаған Ықылас Ожайұл