Ақтан батыр және ұрпақтары
21.01.2016 3275
Жергілікті халық оны «Бұлты бар батыр» деп атаған. Бұл Ақтан батырды әруақты кісі екенін байқатады

Халқымыздың тәуелсiздiгi жолында елiн жаудан қорғаған жолбарыс жүрек батырлардың бiрi – Ақтан Ақайұлы. Халқымыз бабамызды әулие санап, пiр тұтады, аруағына сыйынады. Ақтан өз заманында Жанқожа батырдың досы, үзеңгiлес жолдасы, қарулас серiгi болған. Халқын қорғау үшiн бiрi Сырда жүрсе, бiрi Қырда жүрген. 

Батырдың атасы Сыр бойында XVIII ғасырда өмір сүрген атақты Жақау батыр болып табылады, яғни Ақтан батыр атақты Жақау батырдың шөбересі. Елінің азаттығы үшін күрескен Ақтан батыр Жанқожа батырдың досы үзеңгілес жолдасы, қарулас серігі болған. Жанқожа жорыққа шығарда әрдайым Ақтанмен ақылдасып отырған. 

Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақтан батырдың төбесінде бұлты болған деседі. Кейде жауға аттанар шақта ойласып қойғандай, аспанды бұлт басып, дауыл тұрып, найзағай ойнап, жауын құйған. Осы қасиетіне байланысты жергілікті халық оны «Бұлты бар батыр» деп атаған. Бұл Ақтан батырды әруақты кісі екенін байқатады. 

Ақтан батыр Сырда, Жанқожа батыр қырда жүрген. Бұған Ақтан батырдың Бабажан бек билеген Бесқала бекінісін алуы. Бабажан бектің баскесерлері Жанқожа батырдың ағасы Ақмырза батырдың мойына тас байлап, дарияға батырып жіберген сұмдық хабарды естіген Жанқожа батыр: «Ақтан батыр қол жинай бер, Бабажан сартты шабамыз», – деп хабар береді. Бірақ уәделескен уақытында Жанқожа батыр келе алмай қалады. Кеудесін кек кернеген Ақтан батыр Жанқожа батырды күтпей-ақ Бесқала бекінісін қиратты. Бабажан сарттың құйрығына қазық қағып өлтіреді. Баласы Майқарабекті тұтқындайды. Ертеңінде жеткен Жанқожа батырмен бірге Хиуа әскерлерін қиратып, қашқандарын Қуаннан асыра қуып жібереді. 

Ақтан батыр кесенесi 

Ақтан батырды Сыр ақындары жырына қосқан. Батыр бабасына арнап, шөбересі Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ұстаз, ақын Күлпаш Оңдабаева «Ақтан батыр» атты жырында: 

Ес батырдың баласы Сәтпай ата. 

Есова Сәтпай қызы Сара болған. 

Оңдабай Ес батырдың кіші ұлы. 

Немересі Ақтанның осы болған. 

Жылма-жыл жас қыздарын, 

Сыр бойының Бабажаны

Бухараға айдап кеткен. 

Қол жинап Ақтан батыр сол өзбекті, 

Өлтіріп Қазалыға жеңіп жеткен. 

Қол жинап Бухараға барған батыр 

Сыр бойын азат еткен Ақтан батыр. 

Өлтіріп Бабажанды қайтпағанда, 

Әлімнің әділдігі қайда жатыр... – деп баяндаған. Ақтан батырдың Айқасқа, Ес, Жанғазы, Балғабай, Жалғасбай деген ұлдары болған. Солардың ішінде Ес қайратты, жүректі батыр болған. Айқасқадан ұрпақ жоқ. Ес батырдан Көкен (кейбір деректе Көпен деп жазылып жүр, бұл дұрыс емес) батыр-сері болған. Көкен батырдың ұрпақ жоқ. 

Ес батырдың екінші ұлы Оңғар, Оңғардың әйелі Жұпаркүл қарақалпақ байы Оразымбеттің қызы еді. Одан Көмекбай (1900-1989) туылады, одан Алмас (1950-1987), Алмастан ұрпақ жоқ.

Ес батырдың үшінші ұлы Сәтбай (1870-19?), одан Ерғали (1901-1952) үлкен банк басшылығының қызметінде болған, репрессияға ұшыраған, кейін ақталған. Ақтан батырдың шөбересі Ерғалидан Есова Света (1936-2006) туылады. Есова Света медицина саласында қызметте болған, Ленин орденінің иегері. Ерғалидің екінші қызы Рита 1938 ж. т. Сәтбай қызы Есова Сара (1903-1984) қоғам қайраткері, күйеуі Исаев Ораз Жанұзақұлы (1899-1938) мемлекет қайраткері, репрессия құрбаны болған, кейін ақталған. 

Ес батырдың төртінші ұлы Оңдабай (1877-1956), одан Насыреддин (1908-1945) Ұлы Отан соғысында, атқыштар ротаның командирі – Ақтан батырдың шөбересі ерлікпен қаза болған. Бұл кісіден ұрпақ жоқ. Оңдабайқызы Дәмегүл (1923-2004), күйеуі Бекенов Қалыбай, жұрағат бар. Оңдабайқызы Күлпаш 1925 ж. т. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ұстаз, ақын, күйеуі Нурсултанов Нариман (1926-2004), жұрағаты бар. Оңдабайқызы Амандық (1951-2003) ұрпағы жоқ. 

Ақтан батырдың Жанғазы, Балғабай, Жалғасбай деген балаларынан ұрпақ жоқ. Ақтан батырдың бетінің сол жағында мең болған екен. Мең Ес батыр, Сәтбай, Оңдабай, Ерғали, Насыреддиндердің барлығында сол жақ бетінде болған. Ал, Ақтан батырдың әйел кіндік ұрпақтарында мең маңдайында болған. Мысалы, Күлпаш Оңдабайқызының маңдайында меңі менмұндалап көрініп тұр. 

Қазіргі уақытта атақты Ақтан батырдың жұрағаты Қызылорда қаласында, Жалағашта, Ресей, АҚШ, Франция елдерінде өмір сүріп жатыр. 

1997 жылы Ақтан бабаға сапалы кiрпiштен халықтың күшiмен ескерткiш кесене салынды. Қорғау аймағы белгіленген уақыты № 23 07.02.91. 

Бақытжан Ахметбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері 

Пайдаланған әдебиеттер мен дереккөздер 

1. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Ақтан батыр жайлы ел ауызынан алынған дерек; Қазалы аудандық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалануды үйлестіру бөлімінің мәліметі. 

2. Н. Мұсабаев. А. Мұсабаева. Ортаймаған Қазан – Қасиетті Қазалы. Алматы: Атамұра, 1998. 

3. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, 1925 ж.т. Ақтан батырдың шөбересі Оңдабаева Күлпаш Оңдабайқызының мәліметі.