Қазақ кедейлерінің съезі туралы
14.03.2021 1523

1920 жылы қазақ және қырғыз халқының ерекшеліктерін ескере отырып, Түркістан республикасының барлық шараларын үйлестіру үшін Түркістан Орталық Атқару Комитетінің жанынан Қырғыз бөлімі (Киротдел) құрылды.

1921 жылдың 20-31 қаңтарында Әулие  Атада  (қазіргі Тараз) Түркістанның қазақ (қырғыз) жарлыларының бірінші өлкелік съезі өтті.


Түркістанның бүкілқырғыз съезін Түркістан Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Қырғыз бөлімі (Киротдел) шақырып, ол 1921 жылғы 20 қаңтарда Әулие Ата қаласында ашылды.

Съезге төрт жүзден астам делегат қатысты, олардың дені негізінен партиялықтар да, тек 1/3 бөлігі бейпартиялықтар болды. Құрамы бойынша съезд жарлылар мен батрақтардың нағыз пролетарлық ойын білдіруші болды.

Съезде ұлттық мәселе және кеңес автономиясы, жер мәселесі, азық-түлік мәселесі, билік пен қырғыз кедейлерін ұйымдастыру, әйелдер мәселесі, қазақ кедейлерін ағарту мәселесі, халық шаруашылығы және қолөнер өнеркәсібін қолдау, әскери мәселе, босқындарды орналастыру сияқты мәселелер көтерілді. Сонымен қоса съезде Түркістан Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Қырғыз бөліміне (Киротдел) сайлау да өтті.

Алдымен ағымдағы жағдай қарастырылды. Жағдай республиканың барлық күштері елдің экономикалық жандануы үшін еңбек майданына жіберілгендігімен ерекшеленді. Халықаралық қатынас оңтайлы болған жағдайда, қырғыз кедейлерінің съезі халқы әлемдік пролетариатпен одақтасып, өзінің кеңестік ұлттық өзін-өзі анықтауы үшін отаршылдықпен, байлармен және манаптармен күрескен Орта Азия мен Түркістанның кең даласында Еңбек Қызыл туын тігуге үміттендіретін.

Ұлттық мәселе және кеңестік автономия бойынша жолдас Г. И. Сафаров сөз сөйледі. Георгий Иванович Сафаров (1891-1942) – мемлекеттік, партия қызметкері, 1908 жылдан Коммунистік партияның мүшесі. 1917 жылы РСДРП(б) Петроград комитетінің мүшесі болды. 1921 жылы РКП(б) ОК Түркбюро мүшесі, кейін Коммунистік интернационалдың атқарушы комитеті (ИККА) мүшесі болып сайланған, Коминтерннің Шығыс бөлімінің меңгерушісі болған. Георгий Иванович монархия кезіндегі және Кеңес өкіметі кезіндегі қазақ халқының жағдайын егжей-тегжейлі сипаттады.

Сафаров атап өткендей, Түркістанды жаулап алғаннан кейінгі 50 жыл ішінде қазақ халқына орыстардың үстемдігі орнады, бұл орыс билігін нығайтуды көздеді, ол үшін жергілікті халықтың ең жақсы жерлері еуропалық Ресейден орын таппаған элементтермен, атап айтқанда, ұрлықпен ұсталынған шенеуніктермен, қарақшылармен, арамтамақтармен және шаруалардан шыққан кулактармен қоныстандырылды. Оларға үлкен артықшылықтар беріліп, оларға ең жақсы жерлер бөлінді, салықтар мен міндеттерден босатылды және мемлекеттік субсидиялар берілді.

Шөлейт дала мен жартасты тауларға ығыстырылған қазақ халқына Үкімет бір еркіндік берді – аштықтан өлу, оларды аяусыз пайдаланған кулактарға батрақ болып жалдануға бостандық берілді. Орыс кулактарының қазақ кедейлеріне жасаған бұл тонауы тоқтаған жоқ. Мысалы, 1916 жылы патша озбырлығына қарсы көтерілген қазақтар патша үкіметінен жеңіліске ұшырап, күйрегені сияқты әр қолайсыз сәтті ұтымды пайдаланды.

Уақытша үкімет қазақ кедейлерін қанау және тонаушы кулактарды қолдау жөніндегі ескі отарлау саясатын жалғастырды.

Қазан төңкерісі басталып, орыс пролетариаты өзінің диктатурасын орнатып, билікті қолына алды.

Түркістанда бұл төңкеріс билік атауының сыртқы өзгеруімен ғана жүзеге асты. Сол баяғы шенеуніктер - аудармашылар, полицейлер, сот приставтары Кеңес өкіметін жамылып, ескі отарлау және тонау саясатын жалғастыра берді. Сафаровтың пікірінше, алынған қазақ жерлерінің қайтарылмауы, қазақ кедейлері үшін салымдардың ауырлағы және кулактардың билікте болуы осымен түсіндіріледі.

Сафаров қанау мен отарлауды тоқтатуға, кеңес өкіметін жағымпаздардан тазартуға, қазақ кедейлерінің өзі өз бақытына жету үшін орыс және әлемдік пролетариатпен бірігіп революциялық күрес жолына түсуге шақырды.

Осы мәселе бойынша қарарда қазақ кедейлері еңбекшілердің билігін орнатуға кедергі келтірген жоғарыда аталған барлық фактілерді айқындай келіп, бір жағынан отаршылдыққа қарсы, екінші жағынан кулактар мен байларға қарсы шұғыл күрес қажет деп санады. Қазақ кедейлері отарлаушылар мен байлар заңсыз тартып алған жерлерді қайтаруды, ұлттық мәдениет пен ағартушылықты дамытуды, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тануды, Кеңес өкіметін еңбекшілердің шынайы билігіне айналдыру үшін кеңес органдарының іші-бауырына кіріп алған кулактар мен отарлаушы, қанаушы элементтерден тазартуды талап етті. Осылайша, қазақ кедейлері өздерінің құтқарылуын тек ұлттық кеңестік өзін-өзі анықтауда ғана көрді.

Баяндамашылар қазақ кедейлерінің проблемалары, жанайқайлары туралы айтықан. Отарлаушылардың қазақ кедейлерін қалай тонағаны, қазақтарды қалай өлтіргені, адамдарды тірідей көмгендері туралы; қазақ халқының жерлерін, құрал-саймандарын, құрылыстарын, киіз үйлерін, малдарын шаруалардың қалай басып алғаны; қазақ кедейлеріне азық-түлік салымы салынғаны туралы айтылды. Жалпы, жергілікті кеңестік органдар көмек көрсетудің орнына жергілікті халықтың қажеттіліктерін мүлдем ескермеді.

Баяндамалар бойынша барлық материалдар қылмыстық әрекеттерді анықтау және тергеу үшін Киротделге берілді.

Жер мәселесі және мал шаруашылығын қорғау туралы егжей-тегжейлі баяндама жасалды. Түркістанда тұратын барлық қоныс аударушылар бірнеше санатқа бөлінді: байырғы тұрғындар, қоныс аударушылар, өз еркімен келгендер және казак станицаларының тұрғындары. Олар 1 900 000 десятина жерге орналасқан болатын. Ал бұл кезде жергілікті қазақ халқы шөлейт және жартасты тауларға ығыстырылған еді, ондай жерлерде не мал шаруашылығымен, не егіншілікпен айналысуға еш мүмкіндік болмады. Бірнеше ондаған мың қазақ кулактардың батрагы болып жүрді. 1916 жылғы, одан кейінгі 1917-1918 жылғы оқиғалар қазақ шаруашылығын мүлдем құлдыратып жіберді, көбі аштықтан өліп жатты, ал патша генералдары мен басқалары қуғындаған тағы біреулері Қытайға және басқа облыстарға кетуге мәжбүр болды. Өлгендердің, нан табу үшін басқа жаққа бытырап кеткендердің жерлеріне ешкімнің рұқсатынсыз-ақ қоныс аударушылар келіп қоныстанды. Жалғыз Жетісу облысында ғана осындай ешкімнің рұқсатынсыз бірнеше кент пайда болған.

Кеңестердің IX съезі мен Түркістан республикасының V партия съезі осы үлкен мәселені шешуге негіз қалап, жерге орналастыру жұмыстарының шаралары мен жоспарлары әзірленіп, оны Түркнаркомзем декреттеген.

Жерге орналастыру мен қазақ халқының жерді пайдалану тәртібіне рұқсат беруге бағытталған жер реформасының мәні - еңбек нормасынан асып кететін артық жерді қазақ кедейлеріне беру және казактар ​​мен шаруалар өз еркімен басып алған жерлерді қазақтарға қайтару, өзімшілерді бастапқы тұрғылықты жерлеріне және басқа да ескі қоныстандыру ауылдарына көшіру. Сондай-ақ, қазақтар мен қоныс аударушылар арасында суды пайдалану және суды біркелкі бөлу мәселесі реттелді. Бұрынғы барлық мемлекеттік, қазыналық жерлерді қазақтарды орналастыру жөніндегі қорға беруге, сондай-ақ қазақ кедейлерін мемлекет есебінен және кулак қоныс аударушылар мен қазақ байларының артық мал-мүлкімен жабдықтау.

1921 жылғы көктемгі егіске дейін жер реформасын аяқтау жоспарланды. Барлық жұмысшылар осы жұмысқа жұмылдырылды. Нағыз жер реформасы бойынша екпінді аудан болып Жетісу облысы саналды.

Көшпелі мал шаруашылығын қорғау, қайта жаңғырту және дамыту бойынша Түркнаркомземнің декреті жарияланды, ол мәні ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеуге саяды, атап айтқанда: көшпелі халықтың әр жан басына – 6 бас, жартылай көшпелі халықтың жан басына – 5 бас ірі мал тиесілі болды, ірі малға – жылқы, түйе, сиыр және 3 жастан асқан бұқа жатқызылды; ірі малдың 1 басының орнына 1 жастан 3 жасқа дейінгі жас малдан – 2 бас тиесілі болды;  1 жасқа дейінгі жас малдан – 6 бас және қой-ешкіден 8 бас тиесілі болды. Әр түрлі жануарлардың тұқымдарын жақсарту және көшпелі қазақ халқының малдарын жыртқыштықпен жоюдан қорғау үшін тағы да бірқатар шаралар қабылданды.

Жер реформасы бойынша да, мал шаруашылығын қорғау бойынша да жоғарыда аталған барлық іс-шаралар мен өкімдер аздаған түзетулерден кейін бірауыздан қабылданды.

Әулие Ата съезі жолдас Авдеевке өте қуанышты әсер қалдырды. Авдеев А.Д. (1887-1947) - кеңес мемлекет және партия қайраткері, 1905 жылдан бастап Коммунистік партияның мүшесі, 1920-1922 жылдары Кирревком (Қазревком), РКП(б) Кироблбюро мүшесі болған.

Большевиктің пікірінше, бұрын Кеңес өкіметінен нақты көмек ала алмаған кедей-кепшіктердің мұқтаждықтарына назар аударылып отырғанын делегаттар алғаш рет сезген. Делегаттар әр мәселені шешуге тек практикалық жағынан келген. Азық-түлік мәселесі бойынша әр болыстан бес адамды азық-түлік жұмысына бөлу туралы шешім қабылданады. Батрактар мен кедейлер Одағының ұйымын қабылдайды. Ұлттық мәселе бойынша съездің шешімдері айқын көрсетілген таптық сипатта болды.

Кирреспубликаға деген көзқарас өте айқын болды. Делегаттар Жетісу және Сырдария облыстарының Қазақ Республикасына қосылуын табанды түрде талап етті. Президиум съезді мұндай шешім қабылдаудан әрең ұстап қалды. ҚазОАК-тан алынған өкімге сәйкес, Қазақ республикасының өкілдері съездің қосылудың қажеттілігін атап өтуі керек, бірақ қазіргі уақытта қазақ орталық аппараты әлі ұйымдастырылып болмағандықтан және Ақмола мен Семей губернияларының қосылуы туралы мәселе түпкілікті нысанда шешілмегендіктен, бұл қаулыны жүзеге асыруды талап етпеу керек деп айтты.

БОАК-тың 1920 жылғы 26 тамыздағы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы Декреті ҚазССР шекарасын белгілеп, сол уақытта бұрын Түркістан АКСР, Омбы, Астрахан және басқа да кейбір губерниялардың құрамына кірген жекелеген облыстар мен аумақтардың Қазақстанға біртіндеп көшуін белгіледі. 1921 жылы ҚАССР ОАК Қазақстанға Ақмола және Семей губернияларын беру бойынша үлкен жұмыс атқарды, бұрынғы Каспий маңы облысының қазақ-адайлар мен түрікмендері арасындағы аумақтық дауларды реттеу бойынша комиссия ұйымдастырды және арнайы кеңес өткізді, Астрахань губерниясының болыстары туралы мәселелерді аралас халықпен (Еділ-Каспий Қырғызиясы) шешу үшін Астрахань губерниялық атқару комитетімен келіссөздер жүргізді. Түркреспублика құрамындағы қазақ халқы басым аумақтарды ҚАССР құрамына енгізуге келетін болсақ, бұл облыстарды ҚАСР-не беру Жетісу және Сырдария облыстарындағы негізгі жерге орналастыру жұмыстары аяқталғанға дейін кейінге қалдырылды. Қазақ республикасының барлық аумақтарын жинау 1924 жылдың аяғында Түркістанға ұлттық межелеу жүргізілгеннен кейін аяқталды.

Делегаттарды Қазалы және Перов уездері қазақтарының көшіп-қонуы туралы мәселе де қызықтырды. Бұл мәселе бойынша берілген түсініктер делегаттарды қанағаттандырды: бұрынғы Торғай облысы шегінде.

Бұл съезд Түркістандағы қазақ кедейлерін Кеңес өкіметінің құрылысына тарта алды.

Олардың жұмысы мен практикалық тәжірибесін ескере отырып, ҚазЦИК бүкіл қазақ кедейлерін Ресей Федерациясының ҚССР Қызыл Туының астына қосу мүмкіндігін дайындады.