"Түркі коммунистері – қаналған халық ұлдары"
11.03.2021 1788

1920 жылдың желтоқсанында РКФСР Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты жанында РКФСР түркі халықтары коммунистерінің кеңесі өтті.

Жиналысты аша отырып, Сталин Ресей Федеративтік Республикасының түркі халықтары арасында коммунизм дамуының шарттарына шағын сипаттама берген. Оның сөзі «Правда» газетінің 1921 жылғы 12 қаңтардағы №6 санында жарияланған.


"Халықтар көсемінің" пікірінше, Ресейде коммунизм қалыптасудың ұзақ жолынан және оның тарихы орыс социализміндегі бірнеше онжылдыққа созылған күрестен өтті. Осы үрдістің нәтижесінде орыс коммунизмінде, әсіресе партиялық бұқараны қалыптастыру және оған жетекшілік ету мәселелерінде күшті, ұстанымы мықты көшбасшылар тобы құрылды.

Ресейлік коммунизмге қарағанда, Шығыстағы коммунизм кейінірек дамыды, сондықтан ол теориялық дамудың алғашқы кезеңін өтпеді. Сондықтан да түркі коммунизмі теориялық тұрғыдан әлсіз. Бұл мәселені түркі тілдеріндегі коммунистік әдебиеттің жарияланымдарын көбейту арқылы ғана шешуге болады.

«Орыс коммунизмінің даму тарихында ұлтшылдыққа қарсы күрес ешқашан маңызды болған емес»-, деп санаған Иосиф Виссарионович Сталин. Бұрын билеуші ​​ұлт бола отырып, жалпы орыстар, олардың ішінде, әсіресе орыс коммунистері, ұлттық езгіні бастан кешірмеген, жалпы айтқанда, «ұлы державалық шовинизмге» деген кейбір сезімдерді қоспағанда, олар ұлтшылдық тенденциялармен айналысқан емес, және сондықтан да оларға бұл тенденцияларды жеңуге тура келмеді.

Түркі коммунистері - "қаналған халықтардың ұлдарының", орыстардан айырмашылығы, олар ұлттық қысымшылық кезеңінен өтті, әрқашан өз ортасында ұлтшылдық сарқыншақтарына кезігіп отырды. Осы фактор «Шығыста коммунизмнің кристалдануын» қиындатты. Бәлкім сол үшін де Сталин түркі коммунизмін «кристалдандыру» үшін Қазақстанға Филипп Исаевич Голощекинді жіберген шығар?  

Осыған қарамастан, Сталин Шығыс коммунизмінің кейбір артықшылықтарын атап өтті. Мысалы, социализмнің қалыптасу процесінде орыс коммунистерінде озық еуропалық тәжірибе болмаған, сондықтан олар социализмге өз жолдарын өздері салуы керек болды. Ал түркі коммунизмі социализм жолындағы күрес барысында орыс жолдастарының практикалық тәжірибесін қолдана отырып пайда болды. Бұл фактор Шығыстағы коммунизмнің жылдам қарқынмен дамуына кепілдік беруі керек еді.

Қазақ партия ұйымына советтік партия және мемлекет қайраткері С. М. Меңдешев (1882-1937) жетекшілік етті. Сейітқали Меңдешев 1919 жылдан Коммунистік партия мүшесі болған. 1919 – 1920 жылдары ол Бөкей губерниялық атқару комитетіне жетекшілік еткен, Кирревком мүшесі болған. Қазақ Кеңестік социалистік автономиялық республикасының құрылғаннан кейін ол ҚазКСР ОАК төрағасы, ал 1924-1925 жылдары КСРО ОАК Президиумының мүшесі болды.

Автономиялық республикалар, облыстар мен коммуналар өкілдерінің "Республиканың әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы, партия мен Үкіметтің жұмысы туралы - партиялық және мәдени құрылыс саласындағы іс-шаралар туралы" баяндамасында ҚырОАК төрағасы С. Меңдешев республикада атқарылған жұмыстар туралы, ұлттық-мемлекеттік құрылыстың, республикадағы ұлтаралық қатынастарды реттеудің, байырғы тұрғындар арасындағы жұмыстың міндеттері мен қиындықтары туралы өз ойларын айтқан.

Қазақ халқы арасындағы партиялық және кеңестік органдар жұмысының нәтижелеріне тоқтала келе, ол партиялық жұмыс саласында өлкенің барлық губернияларында партияның губерниялық және уездік комитеттері ұйымдастырылғанын атап өткен. Партия мүшелігіне қазақтардың басым бөлігі, негізінен зиялы қауым өткен. 1920 жылы 9 маусымда қабылданған «РКСМ Орталық Комитетінің қырғыз (қазақ) облыстық бюросын құру туралы» РКСМ Орталық Комитетінің қаулысымен Коммунистік Жастар Одағы және оның ұйымдары ұйымдастырылған.

ҚырОАК төрағасы қазақ зиялыларының арасында Коммунистік партия жағына қарай үлкен бетбұрыс байқалғанын, бірақ бұл ретте қазақ халқының ауқымды бөлігінің партиялық жұмыспен әлі де жеткілікті қамтылмағанын атап өтеді.

Мәдени-ағарту және баспа қызметі саласында еңбек мектебі типі бойынша ана тілінде білім беретін мектептердің салыстырмалы түрде едәуір саны ұйымдастырылды. Әр губернияда дерлік ана тілінде білім беретін мектептер үшін мұғалімдерді даярлайтын үш жылдық педагогикалық курстар ашылды. Қазақ мұғалімдерінің барлығы дерлік өткен қысқа мерзімді педагогикалық курстар ұйымдастырылды. Бірнеше оқулық қазақ тіліне аударылды. Қазақ тіліндегі ескі оқулықтарға келетін болсақ, олар жаңа қағидаттарға қатысты түзетіліп, Қазан мен Орынбор баспаханаларында бірнеше жүз мың дана таралыммен басылып шықты. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде екі жүзге жуық кітапхана мен оқу залы, 5 халық үйі, 10 клуб, 14 театр, 20 мәдени-ағарту орны, ересектерге арналған 30 мектеп ашылды.

Сауатсыздықты жою мәселесі бойынша дайындық ұйымдастыру жұмысы аяқталды, нақты жоспар әзірленді және сметалар жасалды. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен кәсіптік-техникалық білім беру сияқты маңызды салада ұйымдастыру жұмыстары ғана жүргізілді.

1920 жылдың қазан айында Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатында ғылым, әдебиет және өнер, мұражайлар мен мұрағаттар мәселелерімен айналысатын ғылыми бөлім құрылды. Ғылыми бөлім Киркрайды тарихи, географиялық және экономикалық тұрғыдан зерттеді. Осы бөлімнің аяқталған еңбектерінен С. Меңдешев А.П. Чулошниковтың "Басқа түркі тайпаларының ортақ тарихи тағдырларына байланысты қазақ-қырғыз халқының тарихы жөніндегі очерктер" монографиясын көрсеткен. Кітап 1924 жылы Орынборда басылып шықты.

Бөкей облысының Орда қаласында «Дұрыстық жолы» атты газет шыға бастаған. «Дұрыстық жолы» газеті - Ішкі Орданың Кіндік қазақ комиссариатының органы. Ол Орда қаласында 1919 жылдың 20 қаңтарынан бастап шыға бастады. Барлығы 11 саны шыққан. Кейін оның атауы «Қазақ Жарлысы» деп өзгерген, ал кейіннен «Еңбек» деген атпен шыға бастаған.

1919 жылдың желтоқсанынан бастап Орынборда «Ұшқын» газеті шыға бастаған. «Ұшқын» газеті 1919 жылдың 17 желтоқсанынан 1920 жылдың 27 қазанына дейін шығып тұрған. 1920 жылдың 13 қарашасынан 1921 жылдың 10 наурызына дейін «Еңбек туы» деген атпен шыққан. Дәл осы уақытта Семейде «Қазақ тілі» деген газет шыға бастаған. «Қазақ тілі» газеті 1919 жылдың 4 желтоқсанынан 1928 жылдың 24 наурызына дейін шығып тұрған. 

1920 жылдың ақпанында Омбыдан «Кедей сөзі» газеті шығады. Бұл газет 1920 жылғы 22 ақпаннан 1921 жылғы 19 наурызға дейін шығып тұрған. Осы уақытта Оралда «Ерік» деген газет шыққан.

1920 жылдың мамырында Омбыда «Еңбекшіл Жастар» газеті шықса, 1920 жылдың қарашасынан бастап Орынборда «Еңбек Туы» газеті шыққан. 

«Қазақ тілінен» басқа газеттердің барлығы апта сайын екі күнде бір рет шығып тұрған.

Шрифт жетіспегендіктен «Ерік» газеті шығуын тоқтатқан, ал «Ұшқын» газетінің орнына «Еңбек Туы» шыға бастаған.

Мерзімді емес баспасөзге келетін болсақ, бұл тұрғыда Сейітқали Меңдешев өкініш білдіруге мәжбүр болды, өйткені қазақ тілінде (әрине, таза ресми сипаттағы материалдарды, мысалы, нұсқаулықтарды, ережелерді, үндеулерді, үнпарақтарды қоспағанда) бірде-бір брошюра шықпаған.

Кеңесте РКФСР түркі халықтары арасындағы Орталық үгіт және насихат бюросы туралы ереже қабылданды. Орталық үгіт және насихат бюросы мынадай тапсырмалар қойылды: «түркі бұқарасы арасында жұмыс істейтін жергілікті партия ұйымдарына әдебиеттер шығару, қызметкерлерді оқыту, олардың дұрыс таралуына ықпал ету және партияның алдында түркі халықтарының тұрмыстық және мәдени ерекшеліктерінен туындайтын партиялық мәселелерді көтеру арқылы» жан-жақты көмек көрсету.