Өзін-өзі тұлғалаған адам. 2-бөлім
04.03.2021 1110

Оқырманды тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Иванович Козодойдың шығармашылығымен таныстыруды жалғастырамыз. Қазір Виктор Иванович «Алихан Букейханов. Политический портрет на фоне эпохи» кітабын жазу үстінде.


Әлихан Бөкейханның Қарқаралыдағы мектепте оқығаны белгілі. Неге? Шындығында, бұл өте қызықты жер, сол кезде бұл жерде 2000-нан астам адам тұрған. Әлихан Бөкейханнан бөлек, осы мектепті шамамен сол жылдары Ресейдің ірі тарихи қайраткері Лавр Корнилов та бітіріп шыққан. Ақтар қозғалысының жетекшілерінің бірі Лавр Георгиевич 1870 жылы тамызда дүниеге келген, яғни олар құрдас болған және, шамасы, олар бір мектепте, тіпті бір сыныпта оқулары да мүмкін. Қарқаралы мектебі мықты оқытушылар құрамымен ерекшеленген. Дәл осы мектепте Әлихан орыс тілін үйренген. Зерттеуші В.Козодой Әлихан Бөкейханның ауызекі және жазбаша орыс тілін ғана жетік меңгермегенін атап өтеді. Ол өз мақалалары мен көптеген жарияланымдарында Ф.М. Достоевский, Л.Н. Толстой, М.Е. Салтыков-Щедрин және басқалардың шығармаларынан цитата келтіріп отырған. Ол орыс жазушыларының юморы мен сатирасын да өте жақсы түсінген. Газетте жұмыс істеп жүріп, публицист ретінде ол орыс классикалық әдебиетінің шығармаларын қолдана отырып, өзінің саяси қарсыластарын титықтатқан екен. Оның үстіне ол аудармамен айналысқан. Бұл оның орыс тілін жетік меңгергендігін көрсетеді. Ресейлік саяси, мемлекет қайраткері октябрист Александр Иванович Гучковтың өмірбаянын зерттей отырып, Козодой 1906-1908 жылдардағы көптеген басылымдарда Әлихан Бөкейхановтың Александр Гучковты өзінің саяси қарсыласы ретінде тамаша жеңіп отырғанын атап өтеді.

Қарқаралы мектебінің мұғалімдері, Г. Е. Катанаев, Г. Н. Потанин және басқаларымен бірге құрамына екі жүзге жуық адам кірген Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшелері болған. Бұл сол кездегі өте қызықты ұйым болды. Бір жағынан, ол мемлекеттен субсидия алғандықтан, мемлекет қарамағында болды, төрағаны генерал-губернатор сайлайтын, ал екінші жағынан, бұл қоғамдық ұйым - ақсүйек шенеуніктер де, разночиндар да және мұғалімдер де араласа алатын байланыс алаңы болды. Петербургтен Омбыға оралғаннан кейін ол Ресей Географиялық қоғамының осы Батыс Сібір бөлімшесінің мүшесі болады. Онда ол Г. Н. Потаниннің Сібір облыстылығы, Сібір автономиясы туралы идеяларымен танысады. Бұл туралы Қазақстанның басқа саяси қайраткері Әлихан Ермеков та «біздің жастық шағымыз «Сібірді отар ретінде» идеясын насихаттаған Сібір облыстығының, атап айтқанда Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцевтің идеяларында тәрбиеленген болатын»,- деп айтып өткен. Башқұрттың ірі саяси қайраткері Ахмет Заки Валидов өзінің естеліктерінде Әлихан Бөкейхановтың оны Г. Н. Потанинмен таныстырғанын және Сібір автономиясы идеяларын бойына сіңіргенін атап көрсеткен. Әлихан Бөкейханның осындай тарихи қалыптасқан идеологиялық және саяси көзқарастары Сібір облыстылығының идеологиясынан тамыр алады.

1917 жылы Әлихан Бөкейхан сібір облыстықтарымен тығыз араласқан. Әлихан Бөкейхан съездер мен конференцияларға белсене қатысқан. Айта кетерлігі, сауалнамада «Сібірде қанша жыл тұрдыңыз?» деген сұрақ болған. Ол 38 деп жазған. Яғни, 48 жылдың 38-інде Сібірде тұрдым деп көрсеткен, оның ішінде 4 жыл Санкт-Петербург пен Самарада тұрған, жұмыс істеген. Осылайша, уақыттың сол кезінде Әлихан өзін «сібірлікпін» деп санаған. Бұл жерде «сібірлік» ұлтына емес, аумақтық байланыстылығына қатысты айтылған.

1918 жылы көтеріліс барысында большевиктер биліктен айрылып, Уақытша Сібір үкіметінің билігі орнатылды, Семейде Алаш орда жұмыс істей бастайды. Жазда Алаш Орда көшбасшылары Уақытша Сібір Үкіметіне өзара іс-қимыл жолдары туралы Әлихан Бөкейханның қолы қойылған хат жолдайды, онда 6-тармақта ол Ресей империясының барлық шет аймақтары депутаттарының конгресін өткізу және Башқұртстан, Түркістан, Алаш және Сібір кіруі мүмкін федерацияны ұйымдастыру шұғыл қажет деп жазады. Тарихшы бұның тек қана мұсылмандар кірген діни ұйым болмағанына, түркі республикасы еместігіне, атап айтқанда нағыз территориалдық ұйымдығына назар аударады.

Әлихан Бөкейханның бұл идеясынан федерация түріндегі еуразиялық интеграцияның бастау белгілерін байқауға болады. Бұл идеялық ағым кейінірек рәсімделгенімен, шартты түрде Әлихан Бөкейханды тұңғыш еуразиялық деп айтуға болады. Өкінішке орай реформатордың идеясы әрі қарай жалғасын таппадығ алайда осындай бастама болған. Бұл бір қызық сәт.  


Ол Самарада тұрып, жұмыс істеген кезінде масон ложасының мүшесі болды деген ақпарат бар. Бұл әртүрлі саяси күштердің, соның ішінде солшыл ағымдардың өкілдері кездесіп, сөйлесе алатын, ортақ жау – патшалыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіре алатын қосымша коммуникативтік алаң болғанын түсіну керек. Әлихан Бөкейханға бұл көп нәрсе берді: байланыстар, танысулар, мысалы, кейінірек Уақытша үкіметтің премьер-министрі болған Александр Керенскиймен танысқан.

Әлихан Бөкейханды таза қазақи тарихи тұлға ретінде қабылдауға болмайды. Дегенмен ол жалпымемлекеттік, жалпы империялық деңгейдегі тарихи қайраткер болған. Оның Ресей империясының Мемлекеттік Думасының депутаты болуы да кездейсоқ емес. Ол Кадет партиясы орталық комитетінің – халық бостандығы партиясының мүшесі болған. Ал 1917 жылы ақпанда оның барлық дерлік достары, кадеттер партиясының мүшелері, мемлекеттік биліктің өкілдеріне айналады. Біраз уақыттан кейін оның Торғай облысындағы Уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалуы, оның Ресей билігінің мүшесіне айналғанын білдіреді.

Оның 1917 жылдың шілдесінде саяси себептермен кадеттерден кеткені белгілі. Алайда мұрағат құжаттары басқаша сөйлейді. 1917 жылғы сауалнамаға оралар болсақ, ондағы «партиялығы» деген тармақта өз қолымен – КД мүшесі деп жазған. Қалай болғанда да ол 1917 жылдың 8 қазанына дейін өзін кадетпін деп санаған.

Алаш автономиясын жариялауға байланысты Виктор Козодой 1917 жылғы жалпықазақ съезінде бұл мәселе талқыланды деп санайды. Автономияны жариялау керек пе, жоқ па? деген күрделі пікірталастар 2 күнге созылған. Нәтижесінде бұл мәселе Құрылтай жиналысына қалдырылуы керек деп шешілді. Бірақ қазақ жерін басқару жөніндегі ұйым – Алаш орда үкіметі құрылды.

Колчактың Сібірдегі билігі туралы жаңылысулар мен қате түсініктер көп. Көбінесе Уақытша Сібір үкіметін Колчак үкіметі деп атайды. Сібірге Колчак 1918 жылдың қазанында келген, билікке тек 1918 жылдың 18 қарашасында ғана келді. Яғни, 1918 жылдың қарашасына дейін қандай да бір ынтымақтастық туралы айту өте үлкен қателік. Бұл көбінесе кеңестік тарихнаманың дәстүрінен туындайды, одан баяғыда-ақ құтылу, ұмыту керек, өйткені ол Ресей тарихын да, Қазақстан тарихын да қабылдауды бұрмалайды. Іс жүзінде Уақытша Сібір үкіметі, Комуч және Колчак үкіметі - мүлдем басқа дүниелер. Егер Колчак ақтар қозғалысының өкілі болып саналса, онда құжаттарға сәйкес, Сібір армиясы құрылған кезде туы тіпті ақ-жасыл түсті болған. Ал бұл сібір облыстықтарының туы. Оны негізі сонау 19-шы ғасырда өзінің жақтастарымен бірге Г. Потанин ойлап тапқан. Және нышан геральдикасына салынған идеялар да мүлде басқа болған.

Автономия идеясын жүзеге асыру Уақытша үкімет кезінде, Мемлекеттік Думаға сайлау өткізіп, автономия жариялауды ойластырған кезде басталған.

Әлихан Бөкейханның қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлерін қалпына келтіруді жақтағаны сөзсіз. Бұл жерде автономия - мемлекеттілікті орнатудың алғашқы қадамы екенін түсіну керек. Жалпыға белгілі құжаттар бойынша Әлихан Бөкейхан Ресей федеративтік республикасының құрамындағы Қазақ автономиясы туралы айтқан. Бұл жерде: ал тәуелсіздік ше? деген заңды сұрақ туындайды. Тәуелсіз мемлекет құру өте күрделі процесс. Тәуелсіз мемлекет дегеніміз не? Бұл, біріншіден – жер. Мемлекет территориясының шекарасын анықтау қажет. Самодержавие жағдайында Қазақстан деген сияқты бірыңғай әкімшілік-саяси бірлік болған жоқ. Қазақстанның территориясы бөлініп, бірнеше генерал-губернаторлықтың құрамына кірген. Бөкейханның міндеттерінің бірі – осы аумақты оқшаулау болды. Екіншіден – бұл осы аумақта тұрып жатқан халық. Үшіншіден – бұл билік органдары мен басқарушы кадрлар. Соңғысы үлкен мәселе болатын. Автономия құру - осы үш маңызды мәселені де шешуге мүмкіндік беретін кезеңдердің бірі еді. Бәлкім, Әлихан Бөкейхан Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде көрген де шығар, бірақ тарихшы құжаттардан бұл туралы ештеңе таппаған.

Шындығында, қоғамдық санадағы автономия идеяларының күшті болғаны соншалық, Азамат соғысы аяқталғаннан кейін де большевиктер бұған қарсы тұра алмады және 1920 жылы Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасы жарияланды. Мейлі Кеңестік болса да, дегенмен де – автономия! Ал 1936 жылы Қазақстан толыққанды мемлекеттің барлық атрибуттары бар одақтас республикаға айналды. Соның арқасында 1991 жылы толықтай тәуелсіздікке ие болды. Осыны негізге ала отырып, Әлихан Бөкейханның автономия құруға елеулі ықпал еткенін батыл айтуға толық негіз бар.

Кеңес өкіметінің орнауымен саяси оппоненттері оны осы қызметтен шеттетті. Әлихан Бөкейханды жұмысқа тартқан кезде – бұл ымыраға келу еді, большевиктерге басшы кадрлар керек болды. Большевиктер ұсынған шарттарға сәйкес Алаш қайраткерлері саяси мәселелермен айналыса алмады, оларға білім, мәдениет және т. б. салалар берілді. Алайда автономия идеясын ешкім де жеңе алмады.

Бірақ кейіннен проблемалар туындады. Мысалы, соғыс аяқталғаннан кейін 1920 жылы Бүкілресейлік үкімет мүшелеріне қатысты үлкен саяси процесс болды. 20 адам тұтқындалып, олардың 7-еуі түрлі мерзімдерге сотталады, ал 4 адам атылады. Алаш қайраткерлеріне қатысты большевиктер басқаша әрекет етеді: олардың бәріне рақымшылық етіледі. Оларды тіпті билік органдарына тартуға тырысады. Әлихан Бөкейхан Егіншілік халық комиссариатында халық комиссары болып қызмет етеді. Мұны Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының ешкім зерттемеген бірқатар құжаттары дәлелдейді.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Әлихан Бөкейханды терроистік ұйымға қатысы бар деп соттайды. 1937-1938 жылдарды үлкен террор жылдары деп аталатынын есте ұстау керек. Осы жылдары лениндік гвардияның өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Большевиктер партиясының Саяси бюросының алғашқы мүшелерінен И. Сталиннен басқа ешкім аман қалмады. Бухарин, Зиновьев, Каменев, Рыков, Азамат соғысының әскербасылары Тухачевский, Блюхер де қуғын-сүргінге ұшырады. Қалай болғанда да Әлихан Бөкейхан Кеңес үкіметіне қарсы болды, оны ол жасырған да жоқ. Сол оқиғалардың логикасына салар болсақ оның аман қалуға мүмкіндігі де болған жоқ. Өз жақтастарын, үзеңгілестерін соққыдан аман алып қалу үшін, көп кінәні өз мойнына алғанын сот процессі материалдарынан көруге болады. Әлихан Бөкейхан НКВД шеңгелінен енді тірі шықпайтынын түсінген сияқты. Оның 1926, 1929 және 1937 жылдардағы тергеу сауалдарына берген жауаптарын салыстырсақ, олар бір-бірінен мүлде өзгеше. Адамды тұтқындаған кезде, оны бірнеше ай бойы оқшаулауда ұстаған кезде, оған қандай шара қолданылғанын, тек қана жорамалдауға болады. Бұл тарихтың қасіретті парақтары.

Оның бүкіл өмірі таңдау мәселесі болды. Ол проблемаларды жеңе отырып, алға қарай жүріп отырды. Біріншіден, ол өзін-өзі мағыналы адам етіп жасады. Ол ақсүйектер әулетінен, Шыңғыс хан ұрпағы болса да, отбасы аса ауқатты болмаған. Өмірде қолжеткізген барлық нәрсеге ол өзі қолжеткізді. 1919 жылы Колчак әскері шегініп бара жатқанда «Бізбен бірге Байкал асайық»,- деп шақырған. Ол: «Жоқ, мен осы жерде, өз халқыммен қаламын»,- деп жауап берген. Ол өзіне не болатынын жақсы түсінген. Шын мәнінде оның тағдыры жеңімпаздардың қолында қалды. Онда бір жаққа қашу, бір жаққа эмиграцияға кету деген ой болмаған, ол өз халқымен бірге қалды. Бұл шынында да ауыр таңдау. Бұл әрине құрметке лайық. Әлихан Бөкейхан сияқты көшбасшы – Қазақстан тарихының жарқын парағы деп санайды Виктор Козодой.