Мұхтар Мағауин көсемсөздерінен үзінділер
02.02.2021 1850

Бүгін ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің туған күні.


Ол 1940 жылы 2 ақпан күні Семей облысының Шұбартау (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы) Шыңғыстаудың күнгей етегіндегі Көпбейіт-Босаға деген қоныста, ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастаған. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

1960-1961 жылдары «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты» және т.б. әңгімелері баспасөз бетінде жарық көреді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған.

«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984 ж.). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997 ж.). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002 ж.). 2015 жылы Америка Құрама Штаттарына түпкілікті қоныс аударып, Силвер Сприн кентінде тұрып жатыр.

«Қазақстан тарихы» порталы жазушының туған күнінде кемеңгер ағамыздың кейбір көсемсөздерінен үзінділер ұсынып, оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отыр. Оқи отырыңыздар...

Әлемдегі ең сұлу

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты  қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа  құт, ердің мақтаны, елдің көркі. Ежелгі епостағы Гүлбәршін  мен Құртқа, Ақжұныс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене  мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы  Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы  болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісі. Сондай болдық күні кешеге дейін. ... Бүгінге келсек… Бүгінгі қазақ әйелінің бойынан өткендегі әжелерімізге тән асыл қасиеттердың бәрі бірдей табыла қоймайды. Бірақ, тақи-таза махрұм емес. Әйел – ұлттың айнасы, сондықтан, айқынырақ көрінеді. Сонымен қатар, қазақ әйелінің ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық сияқты абзал қасиеттерді көбірек сақтағанына көз жеткізіп отырмыз. Бұған жалғыз-ақ мысал, жабайы нарық қысып, жаппай жұмыссыздық жайлаған, ер-азаматтар сенделіп бос қалған, есенгірегені –балаларының нандық ақшасын араққа салып, «еті тірілері» жаппай ұрлыққа бет қойған заманда әйелдеріміздің тұрмыстың барлық тауқыметын көтеріп, отбасын жалғыз өзі асырауға айналғаны. Жаугершілік, шапқын күндеріндеде қазақ әйеліне мұншама ауыр салмақ түспеген еді. Ал, біздің ерлеріміз, балпылдап бос жүріп, сол әйелге кінә қойғысы келеді. Қазақ осы жолғы жұттан аман шықса, бұл – елдің, алдымен қазақ әйелінің арқасы болмақ....

Ұлы Отанымыз – Мәңгілік Тұран

Зия Гөк-Алып айтқан сөз бар, бәріміздің көкейімізде жүретін: «Түріктердің отаны – Түркия емес, Түркістан да емес, түріктердің отаны - мәңгі жасайтын Тұран елі!» - деген. Қазір кез келген түрік жұмхұриятынан Анадолыға ұшақпен төрт-бес сағатта жетуге болады. Бірақ біз бұл биік құрылтайға төрт-бес ғасыр жол жүріп жеттік, ол - соншама ұзақ замандардан соң, соншама киындықтарды бастан кешкен миллетіміз жүріп өткен жол. XV ғасырдың бас кезінде ұлы дәулаттарымыздың бірі Алтын Орда ыдырады, Еуразияны жайлаған түрік қауымының бағы қайтты. Халқының көптігіне, қаруының күшіне сенген Орыс империясы біздің тұтастығынан айрылған, жеке ордаларга бөлінген жұртымызды біржола жаулауға кірісті. Үш жүз жыл бойы жүргізілген аяусыз соғыстар нәтижесінде Россия Еділ бойын, Сібірді, Теріскей Қапқаз бен Қырымды, Қазақстан мен бүкіл Орта Азияны басып алды. Сөйтіп, Анадолыдан басқа өлкелердегі бүкіл түрік дүниесі отарга айналды, құлдыққа түсті. Біз үшін соңғы жетпіс жыл тіпті қиын болды. Әсіресе қазак түріктері ауыр қазаға ұшырады. XX ғасырдың бас кезінде, Түркия түріктері он миллион болған кезде казақтардың саны алты миллион еді. Қазақтар түрік жұрттары арасында екінші орында тұрған. Сол кезде бүкіл Орта Азия, Түркстан өлкесіндегі халықтың елу жеті процентін қазақтар құрайтын. Орыс коммунистері Қазақстанды еркін иелену үшін ғаламат жауыз жоспар жасады... 1932-1933 жылдары коммунистік геноцид кезінде қазақ халқының тең жарымынан артығы қазага ұшырады. Егер осы коммунистік геноцид болмаса, қазір казақ халқының саны жиырма бес-отыз миллионға жететін еді... Біз, түрік жұрттары, арамыз ажырап кеткеніне қаншама заман болса да, жағдай туғанда бір-ақ күнде табыстық. Табыспас жөніміз жоқ, қанымыз бір, тіліміз бір, дініміз бір. Бұл - бізді қосып тұрған ұйтқы, ешқашан ескірмейтін, тозбайтын алтын арқау...

Отарлау эпопеясы

Қазақ тарихындағы ең каралы, ең қасыретті кезең - 1932-1933 жылдар - халқымыздың тең жарымын, бәлкім, одан да көбірек бөлігін жалмап жаткан ғаламат ашаршылық. Қазір бұл сұмдық заманды баяғы Ақтабан- Шұбырынды уақиғасымен салыстырып жатады. Онда да қазақ халқы ауыр шығын тартқаны белгілі. Қалған ел қонысынан ауып, жан-жаққа бытыраған, қаншама қиындыққа ұшыраған. Бірақ Ақтабан-Шұбырынды - жаугершілік кезіндегі ауыр жеңіліс нәтижесінде тап болған бақытсыздык еді. Ер-азамат айқасып, арпалысып өлді, бала-шаға, кемпір-шал тура келген ажалға ұшырады. Аман калған азаматтардың басы бос болды, қолында қаруы болды; ел-жұрт кайтадан ұйысып, қатерлі жауға қарсы жаңа күресін бастады. Ал 1932-1933 жылғы ғаламат ашаршылықтың жөні мүлде бөлек. Бұл - колдан жасалған, жоспарлы түрде ұйымдастырылған және барлық шығын бір жақтан - қазақтар жағынан ғана болған коммунистік геноцид еді. 1933 жылдың жазына жеткен, аштықтан аман калған адамдардың тіршілік байыбы, дүние танымы да жаугершілік шапқыннан аман қалған кісінің көзқарасынан мүлде баска тұргьда болғаны күмәнсіз. Осыған орай кейінгі ұрпақтың ұғымы шектеулі, мұраты кемшін қалыптаспак. Қазақ “Бір күн ашықканнан кырык күн ақыл сұрама” деген. Бір адам емес, бүкіл халық ашықса, бір, екі күн емес, екі жыл, үш жыл бойы үздіксіз ашыкса, оның зардабы қырық жылға, қырық емес, сексен, жүз жылға кетпек, бір ұрпақ емес, әлденеше ұрпаққа зарарын тигізбек. Біз сол ес шыққан, ақыл азайған, өмірдің бар мэні нан табу ғана болып көрінетін апат аймағынан элі ұзап кеткеміз жоқ. Біздің санамыз, тұрмыс-тіршілік, барлық болмыс-бітіміміз бұдан алпыс жыл бұрын халқымызды топан суындай жайпап өткен зұлмат зардабынан әлі айыға алмай отыр... Отаршыл Ресей соңғы төрт ғасыр бойы төңірегіндегі жұртты жаулау, байлығын тонау арқылы әлемдегі ең алып, ең жыртқыш империяның негізін салды. Орыс отаршылдары Еуразиядағы қаншама халықты қанға бөктірді, мүлде жойып жіберуге тақады, жерін тартып алып, ата мекен конысындай иеленді. Қазаққа да соны жасағысы келді. Қаншама заман бойы іргеден торып, ақыры Қазакстанды басыбайлы отарға айналдырды, бірақ қазақ жерін баскалардай еркін әрі толық игеру мүмкін болмады. Қазақтардың саны көп еді, бос жерлері жоқ еді... Десе де, бүгінгі барымызға тәуба айтайық. Қаншама ауыр қырғынға ұшыраса да, қазақ халқы біржола жойылып кеткен жоқ. Саны азайса да елдік дәстүрінен айрылмады. Уақыт оза келе қайтадан ортасы толды, енді міне, көк байрағымызды көтеріп, тәуелсіздік күніне де жеттік. Бүгінгі казақ баласының алдында ауыр да абыройлы міндеттер тұр. Соның ең үлкені - ел іргесін бекіте түсу. Бірақ өлі риза болмай, тірі байымайды деген. Өткенін ұмытқан халықтың болашақтан да үлесі кем. 1931-1933 жылдарда шәйіт болған бауырларымызды еске түсіріп, дұға оқу, олардың аруағына тағзым ету қазіргі казақ жұртшылығының қасиетті парызы.

Тәлкекке түскен тіл

Атақты американ жазушысы Марк Твеннің балаларға арналған “Гекльберри Финнің бастан кешкендері” деген кітабында Джим деген бір егде кісі айтатын еді: “Жұрттың бәріне тусінікті ағылшын тілі тұрғанда кайдағы бір француз тілі деген кімге керек!” деп. Ол - дүниеде басқа ел, басқа халық барын білмейтін аңғал адамның сөзі болатын. Оның үстіне әдеби кейіпкер. Ал бізде, нақты өмірде бар, өзін сауатты ғана емес, білімдар санайтын кейбір азаматтарымыз: “Жұрттың бәріне түсінікті орыс тілі тұрғанда қазақ тілінің керегі қанша!” деп ашық айтып жүр. Тіл мәселесінде қазір шовинистік пиғылдағы орыс ағайындардың өзі тартына сөйлейді: қазақ тілін жамандамайды, тек орыс тілі қысым көріп отыр деп байбалам салады, сол арқылы бұрынғы империялық сана, империялық қатынасты сақтап калғысы келеді. Қазақ тілінің керегі қанша деп ұялмай, ашық айтатын - өзіміздің қазақ арасынан шыққан мәңгүрттер... Осыдан небәрі жүз жыл бұрын қазіргі Қазақстан шегінде қазақ тілін білмеген адамның өз бетімен тіршілік жасауы өте қиын болған. Өйткені халықтың 90 проценті қазақ еді. Қалаларға, бекіністерге келіп орнаған отаршыл өкімет өкілдерінің өзі жергілікті халық тілін білуге құштар екен. Әрине, тілмаш арқылы жалғасқаннан гөрі тікелей сөйлескен бар жағынан да тиімді. Ал Қазақстанға келіп қоныстанған переселен қарашекпендер ешқандай арнайы курстан өтпей- ак өз беттерімен қазақ тілін үйренуге тырысатын. Алыс-беріс, сауда жайы өз алдына, аз-маз тіл білсе, жергілікті жұрт ішінен тамыр-таныс табады, ақкөңіл қазақтан каншама пайда көреді. 1917 жылғы, Ұлы Октябрь революциясы деп аталған қанды төңкерістен соң жағдай күрт өзгерді... Өз ата мекенінде азшылыққа айналған қазақтың ана тілі мүлде қажетсіз болып қалады. Бар қағаз орыс тілінде жүрген соң, қайда барса да орысша жол тапқан соң келімсектер жергілікті тілді менсінбейді, көп ұзамай, қазақтардың өзі ана тіліне немкұрайды қарай бастайды. Қазақ тілі - отар болып отырған, езіліп, жаншылып отырған кіріптар халықтың тілі болғандықтан, оған деген көзқарас та отаршылдык сананың бір көрінісі болды. Қазақ тілі мемлекеттік, әкімшілік, өндірістік істің барлық саласынан ығыстырылып шығарылды, қазақ тіліндегі мектептер жүздеп жабылды... Мұның бәрін еске алып отырғанымыз, біздің тәуелсіз республикамыз советтік дәуірден алған ең үлкен мұра, ең үлкен кесел - тіл мәселесі. Бойды құрсаған дерттен арылу, ылайланған сананы қайта жаңғырту оңай емес... Мейлі орыс болсын, мейлі қазақ болсын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білмеген жастың тіл үйренуі, әрине, мектеп кабырғасынан басталуы керек... Не істемек керек? Айтар сөз көп. Соның ең бастысы - казақ тілінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекет тіліне айналуы. Қазак республикасының түрғындары түгелімен ұлтына, тегіне қарамастан, қазақ тілін білу қажетін, қазақ тілін білмесе, тиесілі сыбағасын толық ала алмайтынын аңдасын! Сонда ғана ана тіліміздің көсегесі көгереді, туын тігіп, тәуелсіз орда көтеріп отырған басқа жұрттармен тереземіз теңеседі.

Жер атаулары – тарих таңбасы

...Жаңадан игерілмек, немесе ашылған, жауланған жерге, иесі бар ма, жоқ па, атауы бар ма, жоқ па, мүлде назар аудармастан өз атауын беру - адамзат тарихының ұзына бойына созылған құбылыс. Соның өзінде, көбіне-көп, көп болмаса да ішінара ежелгі топонимика сақталып қалады. Мәселен, байырғы жұрты біржола дерлік жойылған Солтүстік Американың өзінде. Құрама Штаттардың астанасы тұрган Потомак өзенін айтудың өзі жеткілікті. Бұдан гөрі өзгешерек жағдай - бір халықтың үстіне екінші бір халықтың келіп орнауы - негізінен XX ғасырға, онда да советтік орыс өктемдігіне қатысты жағдаят. Жергілікті халық біржола кұрып кеткен жоқ, қырып-жойып, тауыса алмай жатыр, бірақ түптің түбінде осы жерде із-түзі калмауға тиіс, соның жоралғысы ретінде ең алдымен жер атаулары өзгертіледі. Яғни, мына біз. Жаңадан орнаған ауыл, қалаларға өз атауларын бергені тұрыпты, байыргы жер аттарын жаңарта бастады: Көкшетау - Синегорье болды, Жетісу - Семиречье болды, Бетпак Дала - Голодная степь, Шортанды - Щучье, Бурабай - Боровое атанды, тұтас аудан, аймақтар ақ нәсілді балшабек көсемдерінің есіміне көшірілді.

Сол беті мәңгіге кетпеді. Империя іштен іріп, біржола ыдырады, жері қорлықтағы, елі құлдықтағы қазақ тәуелсіздік алғандай болды, ежелгі ұлттық мемлекетіміз қайтадан құрылды деп ойладық... Отаршыл жендеттердің атына

немесе, қызыл көсемдер есіміне байланған, көбіне-көп ешбір дерексіз, әйтеуір орыс атамның жорасы еді деп қойыла берген ауыл, мекен, бекет, көше атаулары кейде өзінің ежелгі тамырын тауып, кейде қазақ кайраткерлерінің есімдеріне аударылып жатты. Көбі мызғымай орындарында қала берді... Біздің ағайындар революция жасаған жоқ, өз есімдерін ұсына алмайды, бірақ қайткенде де ат шығару керек, сондықтан әркім өз атасын ұсынды. Сөйтіп, Төле би, Қазыбек, Әйтеке, Райымбек... тізіліп жүре берді. Бұл кісілердің жеке басына қарсылығымыз жоқ, бірақ мана айтқанымыздай, жүздеген жылдық тарихы бар ежелгі жер атауларын өзгерту соншалық мұқтаж іс пе еді... Соңда, бүкіл қазақ таныған атамызды құрметтемеу керек пе дейді ғой менің білгір ағайындарым. Сол атаңызды сізден гөрі мен артығырак кұрметтеймін. Сіз де құрметтеңіз. Бірақ шын құрмет жайы бұдан гөрі басқашарақ. Тарихын жазыңыз, тойын өткізіңіз, ескерткіш қойыңыз, көшелердің, тіпті, әлдебір жаңа елді мекендердің атын беріңіз.. Қайткенде де жасалган жақсылық ежелгі тарих, ата-баба мирасы есебінен болмасын... Айтпақшы, қойылып кеткен атауларды қайтпекпіз? Амал жоқ, әзірше тұра береді. Тарих көшінің енді бір кішкене белесінен соң ежелгі атаулар өз орнын қайта табады: Шыңғыстау да, Нарынқол да, басқасы да. Ежелгі тарихи атаудың қайтып оралуының тамаша мысалы - Тараз. Тарихпен бірге жасаған, өзін туғызган халқымен біте қайнасқан қасиетті жер атаулары ешқашан да көмескі тартпақ емес.

Жерді сату – Отанға опасыздық

Бұл Жерге кім қызықпаған. Соңғы екі мың жыл бойы қаншама жау келді, қаншама соғыс болды, алыстық, арпалыстық, мына әрбір шаршы метр жерде әлденеше қазақтың қаны бар. Қан төгілмеген тұтам топырақ жоқ. Осы Жер үшін, қазақ “сары бала, қара қазанның қамы үшін” дейді, болашақ ұрпақ үшін. Ештеңеден тайынбады. Батырдың соңы Кенесары, кешегі. Байлық жетпеген жоқ, атақ жетпеген жоқ. Аға сұлтан атанып, тыныш қана отыруына да болатын еді. Бірақ, басын жойды. Халқының жолында... Аз-маз санасы бар кез-келген қазақ, кез-келген адам айтады: Жер жекеменшік болуға тиіс емес, жер сатылуға тиіс емес деп. Нешеме мың жыл бойы, ешқашан, қазақтың жері ешкімнің меншігі болып көрген жоқ. Бүкіл елдің, халықтың, қауымның, белгілі бір рудың меншігі болды. Сол бір жапырақ Жер үшін, елдің қай атырабы болмасын, барлық қазақ қан төкті... Ертең Жер сатылса, барынан түгел айрылған, ашынған қазақ түп көтеріледі. Жазушы деген халықтың колынан келетіні - жазу ғана, біз шықпаспыз. Ал, жұртты, ашулы, ашынған жұртты қалай тоқтатасыз?.. Міне, сондай кайғылы халге ұрынбас үшін, мына “Жер туралы заңды” ешқандай қабылдауға болмайды. Бұл - қазақ халқының алдындағы опасыздық. Отанды сатумен пара-пар қылмыс.

   Әзірлеген: Айнұр Жұмағазина