«Ұлы Дала Елі» жаңа инновациялық табыстар межесінде
23.09.2016 2178
Жарияланған мақалада Қазақстанның инновациялық рейтингі сарапталып, оны анықтайтын критерийлер талданады және инновациялық индекс арқылы көшбасшылыққа жету жолының бағдары айқындалады

Инновациялық экономика. Инновациялық көшбасшы. Инновациялық жүйе. Инновациялық даму. Осынау төрт сөздің ХХІ ғасыр тарихында алар орны ерекше. Қазақстан ғасыр басталғанда «ақпараттар ғасыры» немесе «жаһандану дәуірі» деп ұран тастаған болатын. Сол ақпараттық текетіреске идеялар соқтығысы әсер еткендей. 

 

Қазіргі әлемдік экономиканың алпауыттары осы жаңашылдықтың өлшемімен көш бастап, саяси элитасын түзей бастағандай. Австралия мен Америка құрлығын айтпағанда Еуразияның өзі Батыс пен Шығыс әлемінің өркениетін инновация шоғырымен жаулап алғандай. Соңғы 10 жылда Қазақстан инновациялық терминді толыққанды түсініп, сындарлы саясат жүргізе бастады. Өйткені дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты міндеттеріне инновациялық көшбасшы болу қажеттілік етеді. Қош, сонымен, ұлан-ғайыр атыраптағы «Ұлы Дала Елі» инновациялық әлеуетін қаншалықты атқарды? Жаңашыл және жасампаз идеяларға қаншалықты көңіл бөлінді? Біздің ел инновациялық рейтингте қай орында? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрсек. 

Жасампаз Қазақ елінің инновациялық рейтингісі 

Соңғы кездері инновациялық өркендеудің алғы сатысы мен имиджін қалыптастырған Қазақстан Орта Азия елдерінде жаңалық енгізу мен жаңашылдықтың көшін бастады. Әрине оған басты себеп те бар. Алдымен Елбасы Н. Назарбаев өзінің жолдауларында инновациялық әлеуетті арттыру жолдарын жиі айтып, үкімет оның алғы шарттарын дамытудың тенденцияларын жүргізіп келеді. «Мен айтқанмын да және тағы айтқым келеді: инновация халық үшін қарапайым тілде – ол жаңалық, ғылымның өндіріске енгізілуі. Инновация дегеніміз – еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыратын іс. Бірақ әрбір инновация қандай да бір уақытта өз шегін сарқиды. Міне сонда іске ғылым араласады, сол кезде қандай да жаңа нәрсені ойлап табу керек — қандай да тетік не жабдық қою керек. Мәселе осындай, егер қарапайым тілмен, саусақпен түсіндіріп айтатын болсақ», – деп Елбасы Н.Назарбаев кезекті Жолдауларында жиі айтқан болатын.

Олай болатын болса Елбасының салихалы, сындарлы саясатынан орын алған отандық инновация көш ілгері жылжымаса, құлдыраған емес. Инновациялық саясатты әлеуеттендірудің дамуы әрі трендтеріндегі соңғы оқиғалар туралы көзқарастар мен ақпараттар алудың бірегей мүмкіншілігіне «Ұла Дала Елі» толығымен мүмкіндік бере бастады. Олардың барысында инновациялық зерттеу, жаңашыл озық идеяларларға, үздік трендті жобаларға, инновациялық даму саласындағы ұлттық компанияларға елдің стратегиялық бағдарлары мен басымдықтары айқын көріне бастады. Инновациялық әлеуеті жоғары Еуропа елдерімен, оның ірі компанияларымен дамыған технологиялар саласындағы іріктелген серіктестік жоба бағдарламаларын да байқауға болады. 

Сонымен жыл сайын инновацияға ерекше көңіл мен саяси бағдар әзірлеп келе жатқан Қазақстан әлемдік рейтингте біршама жоғары сатыға аяқ басып келе жатқандай. Орталық Азия аймағында «Ұлы Дала Елі» инновациялық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда. Тіпті Азия мен ТМД елдерінің арасында да жағдайы қалыпты. Қазақстан инновациялық кірісі мен шығыны (Global Innovation Index (by overall score)) рейтингісінде 150-ге жуық елдің ішінде 79 орында. (индекспен 32,75) Түсініктірек болу үшін жақын көршілерімізді мысалға келтірсем: Тәжікістан 101-орында, Қырғызстан 117-орында, Өзбекстан 133-орында. 

Үздіктерді анықтайтын критерийлер 

Жоғары да айтқанымыздай инновациялық кіріс пен шығыс рейтингісін Еуропаның Корнель университеті, INSEAD бизнес мектебі және ВОИС Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жүргізіп келеді. Зерттеу 2007 жылдан бастап жүргізілуде және қазіргі таңда әлемнің түрлі мемлекеттері бойынша зияткерлік даму көрсеткіштерінің толық кешенді көрсеткішін ұсынады. 2013 жылы зерттеу планетаның 95% тұрғындарынан 99,5% жиынтықты құрап, 150-ге жуық мемлекетті қамтыды. 

 

«Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісін жасауда әрбір елдің қолдағы ресурс пен иновация жүргізу шарттары (InnovationInput) бағаланып, бірнеше критерийлер бойынша да сарапталанады. Олар: инновациялық институттар; зерттеу мен адамдық капитал; инфраструктура; нарықтың дамуы; бизнестің дамуы; білім мен технология саласындағы нәтижелер және шығармашылық саласындағы нәтижелер. 

«Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісінде көшбасшы елдерге тоқталсақ. Қазіргі таңда жаһандық экономикалық әлеуеті мен ЖШӨ тұрақты, білім беру стандарттары толыққанды жетілген, адами капитал жоғары дәрежедегі Еуропа мемлекеттерінің көш бастауы тұрақты болып келеді. Үздік 20 елдің алып қарайтын болсақ, соның 12-сі Еуропа мемлекеті: Швецария, Швеция, Ұлыбритания, Нидерланды, Финляндия, Дания, Ирландия, Франция, Люксембург, Исландия, Норвегия, Германия. Алғашқы төрт ел индекстің көшбасшылары. Азия құрлығында Гонконг (Қытай), Сингапур, Оңтүстік Корея, Израиль тиісті орындарға жайғасса, Австралия мен Жаңа Зеландия, АҚШ пен Канада да үздік 20-тың қатарында. Мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, себебі аталған мемлекеттер соңғы жылдары өз деңгейлерін сақтап келеді. Бұлар – экономикасы мықты,  өңдірісі қуатты, нанотехнологиясы дамыған мемлекеттер. 

Қарап отырсақ жиырмалық тізімінде экономикалық қуаты қарыштап, инновациялық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан Қытайдың жоқтығы таң қалдырады. Әлбетте Қытай 35 позицияға жайғасқан. Бірақ көп сарапшылардың пікірі: «Қытайлардың пираттықтың жобаларды жүзеге асыру үшін көп жазалануы рейтингте бағаланып отыр. Сондай-ақ авторлық құқықты қорғауға ерік береді» дегенге саяды. Тағы бір көршіміз Ресей 62-орында келеді. 

«Ұлы Дала Еліндегі» инновациялық саясат

Сонымен «Жаһандық инновациялық индексінде» бел ортасында келе жатқан Қазақстан көрсеткіші жаман емес. Ал ендеше көкейде сұрақ мазалайтын анық. Кеше ғана қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаған «Ұлы Дала Елі» инновациялық әлеуетін қалай арттырды? Соңғы бірнеше жыл бойы, негізінен, Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса назар аударған экономикасы дамыған мемлекеттерді негізге алсақ тағы болмас. Орта Азия елдері мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы ғылыми, технологиялық және инновациялық ынтымақтастықты дамыту бағытында Қазақстанның атқарып отырған жұмысы қарқынды. 

 

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда Инвестиция және даму министрлігі құрылып, жаңашыл инновациялық жобаларға қолдау көрсетіле бастады. Бұл қатарда «Бәйтерек» Ұлттық холдингіде инновациялық даму мүмкіндіктерге даңғыл жол ашып, инновациялық озық идеяларға қол ұшын созуда. «ДАМУ" кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ құрылып, олар кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер мен бизнес-жобаларды ұсынуда. «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары жасалып, шағын және орта бизнеске деген қызығушылық туындады. Ірілі үлкен ұлттық компаниялар мен трансұлттық компанияларға инновациялық-инвестиция тарту мәселесі де алға қойылды. Бір сөзбен айтқанда кімде озық идея бар, соған мейлінше мол мүмкіндік туғызып отыр. Ал еліміз  инновациялық бағыттардағы қарқынды жұмысты осыдан 12 жыл бұрын қолға алып, оны дамытудың басты стратегиясын бекіткен болатын.   Атап көрсетер болсақ, 2003 жылы елдің инновациялық-индустриялық дамуын қалыптастыру және экономиканың нақты, түпкі өнім өндіру секторын өркендету әрі әртараптандыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлттық инновациялық жүйесінің қалыптасуы мен дамуының 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламасы», ел экономикасының инновациялық белсенділігін көтеру мақсатында 2006 жылы ҚР «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы қабылданды. Осылардың негізінде 2003 жылдан бастап отандық инновациялық әзірлемелерді қолдау мен оны өндіріске ендіруге, сонымен бірге Қазақстан Республикасын болашағы зор шетелдік технологияларды трансферттеу алаңы ретінде дамытуға бағытталған инфрақұрылым жүйесін құру үрдісі басталып кетті. 

Еліміздің үкімет тарапы инновацияны толыққанды зерттеу нәтижелерін пайдалануға нақты бағдарлама ұсына отырып, ғылым, технология және инновацияны қаржыландыруға негізделген лайықты және үйлестірілген стратегиялар ойластыруда. Сондай-ақ Қазақстан инновациялық саясатты, құрылымдар мен бағдарламаларды дамыту тұрғысынан қарастырып, зерттеу нәтижелерін өнеркәсіптік секторда пайдалану және оларды ынталандыра түсу жолдарын қарастырып келеді. Тағы бір айта кетер басым бағыт – ғылыми, технологиялық инновацияны дамытудың алғы шарттарын қарастыруда. Яғни бұл дегеніміз жоғары білім беру кешенін дамытып, ғылымға деген үкіметтің назарын аудартады.

Инновациялық индекс бойынша көшбасшылыққа жету жолында...

Инновацияны дамыту әр кезде де көптеген параметрлерге тәуелді ұзақмерзімді мақсаттармен айқындалады. Осы орайда үкімет тарапынан жан-жақты саясат пен бірқатар шаралар қажет екендігі сөзсіз. Дегенмен қазақ елінің білім беру және зерттеу секторлары сынды ұзақмерзімді мақсаттарды инвестициялау қажеттілігі қаншама елді қызықтырып отыр. Осы білім беру секторындағы инновацияны дамытатын болсақ, болашақта озық идеялы жастардың жұмысын сараптауымызға болады. Қазақстан әлеуметтік сындарға әрі игілік қалыптастыруға сәйкес белсендіруді талап ететін айтарлықтай индустриалды және зерттеу әлеуетіне ие. Осы орайда қазақстандық үкіметтің инновацияны инвестициялауға ниет танытуы басты озық қадам. 

Екінші бір мәселе – болашақ энергиясы. Қазақстан минералды ресурстарға бай болғанымен ертеңгі күн жайлы да ұмытпау керек. Осы орайда еліміздің «болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі озық инновациялық жобаларға жол ашады. Тіпті баламалы әдістермен энергия алу болашақ ұрпақты жаңартылатын энергия көздерімен қамту бағдарламасы бүгінгі таңда инновациялық идеяның басты табысы. Озық идеяны дүние жүзінен келген млн-даған қонақтарға көрсете білсек, инновациялық индекстегі орын біршама жақсарады. Қазақстан экоинновацияны алғаш жүзеге асырған ел болып тарихта қалады. Сондықтан ЭКСПО қарсаңында ашық инновациялық жобаларға түрліше байқау ұйымдастырып, дарынды жастардың жасампаздық ойларын ұсынсақ жақсы болар еді. 

 

Үшіншіден инновациялық жобаларды қаржыландыруда «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдерін тартуды алға тарту қажет. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру, кәсібін жаңадан ашып келе жатқан мамандарды қолдау тұрғысынан «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ атқарып отырған жұмысын жақсы бағалауға болады. Соңғы уақыттары мемлекет тарапынан еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бірнеше арнайы бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырлып келе жатыр. Сондықтан «ДАМУ» қорының инновациялық кәсіпкерлікті дамыту барысында тыңғылықты жұмыс атқарала алады. Кәсіпкерлердің біліктілігі мен іскерлік креативтілігі кеңейе түседі. Әсіресе соңғы уақытта «Бизнестің Жол карта­сы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан игілікті шараларды атқаруда «ДАМУ» қорының тәжірибесі мен мүмкіншілігі жоғары екенін көрсетті. «ДАМУ» қоры  индустрия мен инновацияға өріс беретін бағдарлама жылдан-жылға кәсіпкерлікті қолдауға кеңінен жол ашуда. Экономиканың басым бағыттарына арналған жоба­ларды қолдайтын бағдарламаның қызмет көрсету салаларының бойына да қан жүгірткені ақиқат. «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін кәсіпкерлер «ДАМУ» қоры арқылы көріп жүр.  Қордың кәсіпкерлікті дамыту­ды іске асыру бағытында атқарған істері ауқымды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қаржылық қолдау, олардың қаржыға қолжетімділігін жеңілдету тұрғысында елеулі шаралар қарастырылған. Сондықтан да инновациялық жобаларды қаржыландыруда, оларға кәсіпкерлік жолдағы алғашқы баспалдықты үйретуде «ДАМУ» қоры сүбелі үлес атқара алады. 

Төртінші тоқталатын мәселе ұлттық компаниялар мен жетекші кәсіпорындарындағы озық ойлы мамандарды инновациялық процеске жұмылдыру. Ол дегеніміз – компания мен жұмыскердің арасындағы қадамды онтайландыру мен жаңа табысқа жету жолы. Жеке жұмыскердің өзіндік идеялары мен пайымдауларын мекеме басшылығы жоғары бағалап, сый-сияпат жасау қажет. Қазіргі таңда өз ісінің кемеңгер маманы кез-келген озық идеямен ортаны қалыптастыра алады. Осы орайда ғалымдардың айтқан пікірі бұл сөзімізге дәлел бола алады: «Егер, инновация «жоғарыдан» емес, ұжымның «ішінен», төменнен ұсынылса, онда жаңалық енгізуге қатысты ұстаным, бағдар анағұрлым оң болар еді». Міне, кез-келген ортадағы саналы ойлау мен озық идеяның жарқын жемісі «Ұлы Дала Елінің» инновациялық жаңа табыстарын жоғары жетістікке жеткізеді.

Бесіншіден ҚР инновациялық-инвестициялық мәселесін толыққанды қарастырып, осы бағыттағы жобаларды үкімет тарапынан гранттармен үлестіру. Маңызды ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау. Қазіргi таңда көптеген әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешуде инновациялық қызмет өнiмiн тиiмдi пайдалану маңызы зор болып табылады. Бұл жалпы елдің инновациялық мүмкiндiктерін дамытауды қамтамасыз ете алатын басты фактор. Индустриалды-инновациялық қызметтердің өндірістің тиімділігі мен өнімнің бəсеке қабілеттілігін арттырудың пəрменді тəсіліне айналуы инновация сферасындағы меншік қатынастарын жүзеге асыру, инновациялық үрдістерді мемлекеттік реттеуде жетілдіру мəселелеріне дұрыс қарауды талап етеді. 

Алтынбек Құмырзақұлы 

Мақала «Үздік отыздыққа апарар 100 нақты қадам» Ұлт жоспарына орай арнайы жазылды