Ақбілектің прототипі кім?
12.01.2017 3151
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына арқау болған марқалық Дариға Әбішқызы жайлы не білеміз?

Қазақ прозасының аса көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына жазған хатында «Ақбілек» романы жайлы: «Екі жарым ай болды. Үйден түзге шықпағаныма. Не істеді десеңіз, «Қылауытта» жатып бір роман жазып бітірдім. Бар ойым, ынтам, рухым, сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын» деген екен. Қасиетті Шығыс өлкесін, Күршім асып, Марқакөл өңірін армансыз аралаған қаламгер салиқалы сапардан ерекше әсер алса керек. Әсіресе, Жүсіпбектің Ақбұлақ ауылындағы (бұрынғы Горный) Дариға Әбішқызымен кездесуі «Ақбілек» романының дүниеге келуіне мұрындық болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Жуықта бізге Глубокое ауданының Перевальное (ескі атауы Жыланды) ауылынан тұрақты оқырманымыз хабарласқан еді. Әңгімелесе келе, Аймауытовтың «Ақбілек» романы жайлы оның тың дерегіне елең ете түстік. Аталған ауылға ат басын бұрғанымызда қазынаға бергісіз құнды мәліметтердің тиегі ағытылды. Сөйтсек, біздің келгеніміз үйіміз – Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек прототипі – Дариға Әбішқызының немересі Мұрат Өтеулиннің (Өтеулі немересі) шаңырағы болып шықты. Өкінішке қарай, Мұрат Өтеулин өткен жылы өмірден озған екен. Қасіреттерден қабырғасы қайыспаған қайсар ана жайлы әңгіме тиегін Мұрат Өтеулиннің жұбайы Күлзайра Тоқтарбайқызы ағытты.

Алаш арысының Алтайға сапары

Күлзайра Тоқтарбайқызының әңгімесіне кіріспес бұрын Жүсіпбек Аймауытов пен романның жазылу тарихы жайлы жазып кеткен Ақаш Жүнісұлы мен Әлтай Есқалиұлының естеліктерімен бөліскіміз келіп отыр. Аталған шежірешілер Аймауытовтың Алтайға сапары жайлы былайша сыр шертеді:

«Жүсіпбек Алаш қайраткерлерінің саяси және ағартушылық істеріне орай Алтайға сапар шеккен. Оның өмірбаянын ақтарып отырсаңыз, 1914-1919 жылдар аралығында Семейдегі мұғалімдер дайындайтын семинарияда оқығанын көруге болады. Сол жылдары бұл оқу орнын Күршімнің Қалғұты бойындағы Терісайрықта тұратын Үкіртайдың Зәйнолласы да аяқтайды. Оқуын бітірген Зәйноллаға Алашорда басшылары қаражат бөліп, Алаштың өз алдына автономиялы ел болуына орай жастар арасында оқу және өнер үйірмелерін ашу тапсырмасын жүктеген.

Зәйнолла мен Құнапия (Зәйнолланың інісі) елді бірлескен тірлікке, тоған алып, егін салуға үгіттейді. Олар Алашорда үкіметінің сенімін ақтауға құлшыныс жасап, елдің игі жақсылары арқылы Егіндібұлақ бойының балуаны Дүйсенбіні милиция қызметіне тағайындатады. Алашшылар тапсырмасымен еріктілерден 35 адамды қаруландырып әзірлейді. Бірақ, көп ұзамай ақ пен қызылдың аласапыраны басталып кеткен. Алаш қайраткерлерінің ұстанған бағыттарын кеңестік автономия құрылған жылдары ұлттық зиялы қауымның жаңа бір легі өз мүмкіндігінше жалғастырып бақты. 1921 жылы Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев жаңадан құрылған губерниялық құрылымдардың жұмыстарымен танысу мақсатында Семейге Смағұл Сәдуақасовты жібереді. Смағұл Семейге келісімен ұлттық кадрларды даярлап, оқытып, іске араластыру мәселелеріне зор көңіл бөлген. Жүсіпбек Аймауытовтың Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаны да – осы тұс. Ендігі кезекте Смағұлдың жеке тапсырмасымен Күнгей Алтайдағы жағдай қандай және бір кезде «Үкіртайұлы Зәйноллаға берілген тапсырма қалай орындалып жатыр» деген сұрақтарға жауап беру үшін Жүсіпбек 1921-1923 жылдар аралығында Алтайға барған. Ол бұл аймаққа келместен бұрын ағайынды Зәйнолла мен Құнапия Қалғұты мен Бөкенбай жерінде мәдениет үйін ашуды қолға алған еді. Екеуінің де Алаш қайраткерлерінен үйренгені бар. Әр ауыл, әр рудың ақсақал-қарияларымен тіл табысып, қауырт жұмысқа кіріседі. Қазіргі Қаратоғай мен Егіндібұлақ жерінде мектеп тұрғызу жұмысын қолға алады. Жүсіпбек бұл өлкедегі істерді шолып, жергілікті азаматтарға көмек көрсетуді ғана ойлаған жоқ. Алтайдағы өмір өзгерістері жазушының сүбелі «Ақбілек» романының жазылып шығуына мұрындық болған.

Аймауытов Терісайрық бойындағы Үкіртай отбасына келіп, Зәйнолла мен Құнапияның сый-құрметіне бөленеді. Егіндібұлақ пен Қаратоғайдағы салынып бітуге таяған орындарды көреді. Сондай-ақ, ол Қалғұты мен Бөкенбай бойындағы елдің тыныс-тіршілігімен танысып, тайлы-тұяғы қалмай жайлауға көшкен елге қосылады. Сарытау биігі, Әкімбай кезеңі, Ереймен, Салқыншоқы, Итқырылған биіктерін басып, жемісінің дәмін татып, таза ауа, жасыл орманда атқа мініп, сейіл-серуен де құрған.

Өр Алтай Аймауытовты құшағын жая қарсы алды. Саяхатшы Г.Н. Потанин Сарытаудың төбесіне үш қайтара шыққанын құштарлана жазса, Жүсіпбек те Сарытау мен Марқаның көлін тамашалап, «Ақбілек» романында: «Қарт Алтайдың қақпасында алақанның аясында бал татыған айна сулы түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқа көлі...» деп тамаша көрініске тебірене қалам тартады.

Алтай күнгейінде Жүсіпбектің араласуымен ауылды кеңестендіру жұмыстары жүргізіледі. Кейін Семейде болыстық қызметкерлер даярлайтын курс ашылады. Қазіргі Күршім ауданына қарасты Боран, Қалжыр, Терісайрық, Қалғұтыдан Изеттің Ысқағы, Керейдің Ахметі, Мысбайдың Мейрашы, Дүсіпұлы Әділхан, Дариға, Секіман, Дүйсенбі, Тойша, Тілеміс, тағы басқалары Семейде оқып, арнаулы дайындықтан өткен».

 Мешіт пен мектеп салдырған

Ақаш Жүнісұлының келтірген дерегіне сәйкес, арнайы курста оқыған Дариға – Аймауытовтың романындағы Ақбілек деген қыз. Дариғамен аралас-құралас болған, 1970 жылы 85 жастағы Сұраубай келіні Дина әженің айтуынша, Дариға – Зайсан мен Семей қалаларында оқып, білім алған. Қалжыр бойындағы Қазақстан (Шегір) ауылында болыс болады. Әуелгі күйеуі жастай қайтыс болыпты. Одан қалған жалғыз қызы шетінеген екен. Өзі іс тігетін ісмер болған кісі. Жүсіпбек бұл өңірге келгенде Терісайрық бойындағы Көккөз атанатын рудың азаматы Өтеулі молдаға тиген кезі екен. Дариға болыс болып, Зәйнолла мен Құнапияға қамқорлық жасап, Қаратоғай мен Егіндібұлақта мектептің салынуына, жолдасы Өтеулінің мешіт ашуына күш-көмегін көрсетеді.

Өзеннің арғы қабағында тұрған Үкіртайдың Зәйнолласы мен Құнапиясы – Жүсіпбек Аймауытовтың сырласы да, мұңдасы да болған адамдар.

«Ақбілек» романында аласапыран жылдардағы ауыл өмірінің шындығы, адамдар тағдырындағы өзгерістер дәлме-дәл бейнеленген. Бұл кез – Алаштың көзі ашық азаматтары қатер үстінде жүрсе де, қазақтың өз алдына автономия алуына күш-жігер жұмсаған тұсы еді. 20-ыншы жылдардың соңына қарай, елдегі жағдай өзгеріп, өктем билік алашшылдарды қудалауды ұйымдастырды.

Жүсіпбектің Күршімдегі достары Зәйнолла мен Құнапияны жаппай ұжымдастыру науқаны алдындағы қудалаулар аяқ бастырмайды. Зәйнолла 1928 жылы қайтыс болған. Ал Ақбілектің прототипі Дариға Әбішқызы ашаршылық жылдарында Қытайға ауған халықтың ішінде кетеді. Бұлармен тағдырлас болған заңғар жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың да өмірі 1931 жылы аяусыздықпен қиылады.

 Ұрпақ үшін күресіп өткен

Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романында Дариға Әбішқызының ары кеткенде 1923 жылға дейінгі өмірін ғана қамтыса керек. Өйткені, деректерге сәйкес Аймауытовтың Алтайға сапары 1923 жылға дейін созылса, екіншіден «Ақбілек» романы ең алғаш «Әйел теңдігі»журналының 1927 және 1928 жылдардағы бірнеше санында жарияланғанАл Жүсіпбектің өзі 1931 жылға дейін ғана өмір сүрді. Қайсар ана жайлы Ақаш Жүнісұлы нақты деректерді келтіргенін атап өттік. Ендігі кезекте Дариға ананың немересі Мұрат Өтеулиннің жұбайы Күлзайра Тоқтарбайқызының естеліктеріне құлақ түріп көрелік.

Глубокое ауданы Перевальное ауылындағы Мұрат Өтеулиннің үйінің төрінде – әжесі абзал ана Дариға Әбішқызының суреті ілінген. Немере келінінің айтуынша, бұл суретті кішкене ғана фотосуретке қарап отырып, осыдан 45 жыл бұрын (суретте) зайсандық суретші Түсіпхан Мұстафин салған екен. Мұрат аға тірі кезінде ешкімге әжесі турасында сұхбат беріп үлгермепті.

– Менің жұбайым Мұрат Өтеулин – Дариға Әбішқызының туған немересі. Алты жасына дейін сол әжесінің қолында өскен. Дариғадан Әмірқұмар туады. Ол – Мұраттың әкесі. Атамызды көзі тірісінде елдің бәрі Шәукен деп атайтын. Шіркін, тірі болса Мұрат әжесі жайлы керемет естеліктерімен бөлісер еді. Амал қанша, ол енді арамызда жоқ. Дариға апа жұбайым Мұратты алты жасына дейін бағып-қаққан, – дейді Күлзайра апа.

Билікке таласқан қызыл мен ақтардың қырғынынан кейін Кеңес үкіметі толық орнап болады.Қылышынан қан тамған Кеңес заманының шолақ белсенділері Өтеулі отбасын «болыс тұқымы» деп қудалаған екен. Бұл кісілер солайша Қытайға ауып кеткен. Көште Өтеулімен бірге Дариға да бар. Алайда Қытайда оларды баянды ғұмыр күтіп тұрған жоқ еді. Күлзайра Тоқтарбайқызының дерегіне сай, дүңгендер Өтеуліні қылышпен турап өлтірген. Ал Дариға апаны қайынсіңлісі: «Кетпесеңдер сендерге де, міне, қармақ келе жатыр» деп дер кезінде ескертіп үлгерген. Сөйтсе, дүңгендер де Өтеулі қартттың ауылын «қашып келген байлар» деп жергілікті қожаларына жағыну үшін жеткізіп қойған екен. Қайынсіңлісі түн қатып жүріп Дариға мен туған-туыстарын бала-шағасымен бір түнде бері жаққа көшіріп жібереді. Қытайдан бергі көште Дариға қызынан айырылған.

– Қытайда қалған Дариға әженің туған-туыстары кейін білгеніміздей, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылына көшіп келген екен. Дариға апаның сол кездегі туған-туыстарының аты-жөнін кейін бір ұрпағы келіп төте жазумен бәрін жазып беріп кетті. Қытайда қалған туған-туыстардың ұрпақтары Кәйкен деген туысымызға келіп, қонақ та болды. Дариға апаны дүңгендерден құтқарған да – сол кісілердің апасы. Солардың балалары ғой, бізді іздеп келіп жүрген, – дейді Күлзайра Тоқтарбайқызы.

Осылайша, Дариға туған-туыстарымен бірге бұрынғы Боран кеңшарының бөлімшесі болған Жаңауыл ауылына көшіп келген. Сол ауылда Әмірқұмар (Шәукен) 11 жылдық мектепте мұғалім болған. Ел асып келгенде Дариға ана ең алдымен Өтеулінің ұрпағын аман алып қалу қамын ойластырыпты. Осы мақсатта НКВД қызметкерлері қудаламас үшін Дариға ана шекарадағы сарбаздарға тегін шинель, тон, галифе шалбарларын тігіп, ұрпағын қауіптен арашалап қалған.

1941 жылы Дариғаның ұлы Әмірқұмар соғысқа аттанып, Курск түбіндегі шайқаста бір аяғынан айырылып келген. Әмірғұмар бас кезінде есепші, кейін мұғалім болған кісі екен. Ер мінезді ана ұлын ұяға қондырып, жетім-жесірлердің бәрін жинап алып, қамқор болған. Іс тіккенде жанына екі-үш әйелді отырғызып, тігінге баулиды екен. Күйі жоқтар Дариға апаны паналап, қаншама адамның аяғынан нық тұруына қол ұшын берген.Тіпті Қытайға көшпей тұрып, мектеп ашқан тұсында Зайсаннан қажетті оқулықтарды тасып, ұрпағының келешегін ойлаған адам екен.

Күлзайра Тоқтарбайқызының айтуынша, Дариға апа 1956 жылы Жаңауылда Ниязбек деген ұлының қолында қайтыс болған.

– Байқап отырсам, менің жолдасым Дариға әженің түрінен аумайды. Құдайдың құдіреті шығар, қазақ: «қай адамды қатты жақсы көрсе, сол адамға тартып кетеді» дейді ғой. Дариға ападан іс тігіп үйренген бірнеше адамдармен тілдестім. Төрде ілінген әйнек қаптамадағы Дариға ананың суреті бірнеше рет жерге құлап түсті. Қасиетінен шығар, бір сынбады, – деп көзіне жас алады Күлзайра апа.

Көккөз атасына мекен болған Терісайрық жағасындағы ұзын қырқа «Ақбілек» атанып кеткен. Күні бүгінге дейін солай. Тарих өмір сынынан сынып кетпеген қайсар ананың тағдыры жайлы осылай сыр шертеді.

 «Ақбілек» романының қысқаша мазмұны:

Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романының оқиғасын тарата, көркем, келісті баяндайды. Шығарма тақырыбына өзек болған басты кейіпкер – Ақбілек ардақты ата-анасының қолында ерке де әсем болып өсті. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі сай бойжеткен болды. Бірақ бұл жарастық, жастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт төрт атты бұзған-ды. Олар бейбіт ауылдың апшысын қуырып, дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсірді. Бәйбішесін атып өлтіріп, жас түлегі Ақбілекті алды да жөнелді. 

Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан азабын ешкім де дұшпанына тілемес. Кейін ақтардың әскерінен құтылғаннан кейін Ақбілек бес күн, бес түн бойы жаяу тау мен тасты кезіп, Іскендір дуана арқылы жол тауып, ауылына жетеді.

Бұл – бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың көрсеткен сойқан жәбірі еді. Ақбілектің жан дауысы, шерлі мұңына жеңгесі Ұрқия ғана үн қосып, сүйеніш бола біледі. Ауылға келген соң, уақыт өте келе жанын жеген азап пен қорлық ұмытылғандай болып еді. Бірақ ел ішіндегі өсек-аяң, бұрынғы ғашығы Бекболаттың сырт айналуы жан жарасын одан сайын үдетті. 

Ақбілек трагедиясы сол кездегі ұлттық мәселелермен байланысты. Ақтардың ұрлап әкетуі, Ақбілекті қара мұрт офицердің әйел қып ұстауы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Қыздың бостандыққа ұмтылғанымен, ел бетін көре алмай қиналуы, әкесінің қашқақтауы, атастырған күйеуінің тайсақтауы, ел-жұрттың оған бір түрлі аяушылықпен қарауы өлімнен де ауыр еді.

Ақбілек қалаға барып оқып, адам қатарына қосылып, жар тапты, бақытты өмірге қадам басты. Романның соңында қалада құдай қосқан қосағымен тұратын Ақбілек ауылына келіп, бүкіл туыстарын мойындатады. Міне, романның бүкіл тақырыбы мен идеясы осыған саяды. Автор да туындысын осы тұстан аяқтаған.

 Аян ӨРІБАЕВ