Верныйдың бас құрылысшысы Жетісу туралы. 1-бөлім
09.10.2020 1921

Иван Иванович Козелл-Поклевскийдің өмірі кісі қызықтырады. Ол ХІХ ғасырдың бірінші жартысында помещиктің отбасында дүниеге келген, Санкт-Петербургтегі кавалерия юнкерлерінің мектебін, кейінірек инженерлік академияны бітірген, сол жерде алғаш рет революциялық идеялармен танысқан. Аз уаыт оқытушы болып жұмыс істегеннен кейін, ол Парижге кетеді, ол жақтан оралған соң көтеріліс дайындау жөніндегі Литва провинциалдық комитетіне кіреді. Одан кейін Францияға эмиграция жасайды, 1870-1871 жж. франк-прусс соғысына қатысады, Ресейге қайтып оралып, казактар қатарына жазылып, Түркістан өлкесіне жер аударылады.


1872 жылы Иван Козелл-Поклевский 1863-1864 жылдары Поляк көтерілісіне қатысқаны үшін Верныйға жер аударылады. Білімді жігітті бірден генерал-губернатор Колпаковскийге алып келеді, ол өз кезегінде оны Верный қаласының құрылыс бөлігі бойынша инженер лауазымына тағайындайды. Козелл-Поклевский – құрылысшының өмірбаяны осы лауазымнан басталады. Өмірінің келесі он үш жылын ол Жетісудың жаңа әкімшілік орталығында өткізеді, зерттеулер жүргізеді, жобалар жасап, ғимараттардың құрылысын басқарады. Козелл-Поклевскийдің инженерлік дарыны дәл осы Верныйда толығымен ашылады. Тарихшылар оның жұмыстары қатарына Верныйдан Бішкекке дейінгі жолдың құрылысын, Верныйдағы архиерей үйінің құрылысын, Қонақ үй, бірнеше шіркеудің, қазыналық мекемелердің, түрменің, кірпіш зауытының құрылысын жатқызады. Оның басшылығымен телеграф бағаналарының тіреулері тұрғызылады, арықтар, Шу, Талғар мен Аягөз өзендері арқылы көпірлер салынады, жасанды тоған жасалады, тіпті Бішкектің қалалық кварталдарын салу жобасын да жасаған.

Козелл-Поклевский артында аз да болса баспа еңбектерін қалдырды. Зерттеушілерге оның тек үш-ақ еңбегі белгілі. Олардың бірінші Иван Иванович жер аударудан босатылып, Каспий маңы облыстарына аттанған 1885 жылы басылып шыққан. Ол еңбегі «Новый торговый путь от Иртыша в Верный и Кульджу и исследование реки Или на пароходе «Колпаковский» деп аталған. Ол екі бөлімнен тұрады, екіншісі жаңа сауда жолын зерттеуге және Іле өзенін зерделеуге арналған. Бірінші бөлімінде Жетісуға аздаған шолу және Құлжа туралы кейбір жазбалар жасалынған. Qazaqstan Tarihy порталы осы еңбектің бірінші тарауын оқып шығып, Иван Козелл-Поклевскийдің есінде қалған ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Жетісу туралы оқырмандарымен бөліспекші

Жетісу облысы 1867 жылы Семей облысының Сергиополь, Қапал және Алатау округтері мен Түркістан облысының батыс жерлерінен құрылды. Жер аумағының жалпы көлемі 282 390 (301 мың шаршы км артық) шаршы шақырымды құрайды, 1881 жылғы Петербор келісімшарты бойынша Қытай берген Іле өзенінің ортаңғы ағысындағы жерлерді қосқанда жер көлемі 293 970 (313,5 мың шаршы км артық) шаршы шақырымды құрайды.

Жетісу облысы солтүстігінде Семей облысымен, батысында – Семей және Сырдария облыстарымен, оңтүстігінде – Ферғана облысымен және сол кезде Қытайға тиесілі Қашқармен, шығысында – Құлжа ауданымен және қытайлық Тарбағатаймен шектескен. Жетісудың солтүстік-шығысында Тарбағатай тау жотасы, шығысында – Алатау мен Іле Алатауы, оңтүстігінде – Тянь-Шань сілемдері мен Александров жотасы орналасқан. Іле өзенінің оң жағындағы Алтын Емел, сол жағындағысы Аңырақай таулары деген атпен белгілі Алатаудың сілемдері облыстың ішкі жағына кіре түскен.

Өңірдің су әлемі алуан түрлі. Егер өзендер жайлы айтар болсақ, Жетісу облысындағы ең ірі өзен – Іле. Бұл өзенді Тянь-Шаньнан шығатын Текес, Күнгес және Қаш өзендері құрайды. Жетісуда Іледен басқа Шу, Қаратал, Лепсі және Аягөз өзендері бар. Бұл өзендерге тау шатқалдарынан бастау алатын көптеген шағын өзендер келіп құяды. Құмға сіңіп жоқ болатын Шу өзенінен басқа осы өзендердің барлығы да Балқаш көліне барып құяды. Өңірдегі ең ірі Балқаш көлі облыстың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның ұзындығы 530 шақырымға дейін (шамамен 565 км), ал ең кең ені 85 шақырымға (90 км) дейін жетеді. Екінші Ыстық көл көлі Іле Алатауы мен Тянь-Шань эоталары арасындағы таулы жазықта орналасқан. Оның ұзындығы 200 шақырым (213 км). Осы ірі өзендерден басқа Сасықкөл, Алакөл және Жалаңашкөл деген басқа да шағын көлдер бар. Козелл-Поклевскийдің пікірінше, бұлар Балқаштың жалғасы болып табылады және бір кездері онымен біртұтас болғаны әбден мүмкін. Жетісудың тау жоталарында көптеген ұсақ көлдер болған, олардың көпшілігінен өзендер ағып шыққан, ал өзен аңғарлары мен Балқаш маңында әлі күнге дейін түрлі тұзды көлдер көп.

Жетісудың климатын Козелл-Поклевский жылы және құрғақ климатқа жатқызған, алайда облыстың өн бойында ол түрліше болған. Лепсі мен Аягөз аңғарларын қосатын, Гасфорт асуына дейінгі солтүстік бөлігі әлдеқайда суығырақ және Оңтүстік-Батыс Сібірдің климатына жақын. Бұл жердің қысы әлдеқайда қатал, қары қалың болып саналған, алайда, ол әдетте төрт айдан аспайтын. Ал жазы, ылғалдылығы мол, өсімдігі көп өскен тау және тау бөктерлерінен басқа жерде, керісінше, өте ыстық әрі құрғақ болған. Жетісудың бұл бөлігінде жүзім, шабдалы мен өрік өспейді. Олар Қапал таулары мен Іле Алатауына дейінгі аумақта өседі. Бұл өңір әлдеқайда жылы. Іле мен Балқаш толығымен қатпаған, кейде аз уақытқа ғана қатқан.кей алқаптарда екі-үш жылдан қар өте аз түскен. Іле өзені бойында күріш пен қытай қант құрағы өте жақсы пісіп жетілген. Шу өзені аңғарының үшінші бөлігінде Іле Алатауы мен Александров жотасы аралығындағы климат ташкенттік климатқа өте ұқсас болған. Козелл-Поклевский Шу өзені ешқашан қатпаған деп жазады.

Облыстың байырғы тұрғындары көшпелі қазақтар. Сол кездегі Жетісу қазақтарының санышамамен 540 мың адам болған, ол облыс тұрғындарының 84 пайызын құрайды. Көшпенділер қатарынан қалмақтар да жатқызылған (3 мыңға дейін адам). Отырықшы халық саны облыстың барлық тұрғындарының 15 пайызын құрайды, яғни 96 мың адам. Отырықшы халықтар орыс, тараншы (ұйғыр), дұнған, сарттар мен татарлар тұрған. Дегенмен Жетісуға Құлжадан көшіп келіп жатқан тараншылар мен дұнғандар есебінен бұл сан жылдам өзгеріп отырған. 1882 жылғы ресми дерек бойынша Жетісуда барлығы 639 078 адам тұрған.

Жергілікті егіншілік туралы Козелл-Поклевский егіншілікке жарамды жерлер тау жоталарының бөктерлерінде, тау беткейлерінің кейбір жазық жерлерінде және өзендер ағысының бойында деп жазады. Құлжадан тараншылар мен дұнғандар келгенге дейін, Жетісуда орыстар мен қазақтар жаздық бидай, қарабидай, сұлы, арпа мен тары еккен. Қоныс аударып келген тараншылар мен дұнғандар күріш, жүгері мен маис егуді бастаған. Жаңа дақылдардың нәтижесін Козелл-Поклевский өнім сапасы жағынан болсын, әр десятинадан алатын өнім көлемі бойынша да тамаша деп санаған. Оның айтуынша осы дақылдарды егу көлемі жыл сайын өсіп отырған. Астық дақылдарынан басқа Жетісу талшықты өсімдіктерге де өте бай. Қарақурай мен зығырдың кей түрлері тамаша өскен және Ресейде өсірілетін қарақурай мен зығырдай өскен. Сапасы жағынан осы өсімдіктердің талшықтары еуропалық үлгілерден кем түспеген. Қарақурай мен зығырдан басқа Жетісу облысындағы өзендердің жағасында ғылыми тілде «Apocinea Sibirica» деп аталатын көпжылдық кендір өсімдігі де молынан өседі. Кендірдің талшықтары зығыр талшықтары сияқты жағымды, алайда оған қарағанда әлдеқайда мықтырақ, жақсы ағарады және әдемі жібек шұғылаға ие. Козелл-Поклевский Жетісуда болған уақытта жергілікті халық кендірді аз жинаған екен, оны көбіне кейбір казак станицаларында ұсақ арқан және балық аулау құралдарын жасауға пайдаланған.

Барлық Орта Азиядағыдай Жетісуда да дақылдарды суармай өсіру мүмкін емес, өйткені егіншілік үшін басты фактор су болған және солай болып қала береді де. Жетісуға тараншылар мен дұнғандар көшіп келгенге дейін қазақтар мен орыстар ескі арықтарды (жоғарлардан қалған болуы мүмкін) қолданған. тараншылар мен дұнғандар келгеннен кейін Жетісу үшін жаңа арық дәуірі басталды деуге болады. Мысал ретінде инженер Шілік өзенінің сол жағасы бойынша екі мың отбасымен суландыруды ұйымдастырған тараншылардың еңбегі мен еңбекқорлығы туралы айтады. Бір жазда олар 100 мың десятина жерді суландыра алатын, көптеген ұсақ арықтардан тұратын суландыру жүйесін құрайтын ұзындығы 68 шақырым (72,5 км) болатын басты арықты қазады. Сонымен бірге олар 20 мың десятинадан кем емес жерді жерді жыртып, жаңа арықтармен суарып, астық алады, үлкен базарлары бар ауылдар салады, астық үгу үшін өздеріне қажетті су диірменін және атпен жүретін бастырғыш тұрғызған. Тіпті көшелердің бойына және бақшаларда көптеп ағаш отырғызған. Бір жаз сияқты қысқа ғана уақытта осындай тамаша нәтижеге қол жеткізу болатындығына сену қиын. Құлжадан келген тараншылар мен дұнғандардың бәрі де еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Тараншылар мен дұнғандар орналасқан Жетісудың бөлігі «он жыл өтпей-ақ әдемі бақшалар мен керемет өңделген жерлерге айналады» деп болжаған Иван Иванович.

Жетісудағы егіншілік суландырусыз мүмкін болмағандықтан, оның үстіне суландыру жүйесі өте жақсы дамығанның өзінде де, ол жердің тек үшінші бөлігін суландыруға ғана жетер еді, ал қалған екіден үш бөлігі немесе одан да көп бөлігіне судың жетуі неғайбыл, сондықтан да ол жерлер тек мал шаруашылығы үшін ғана жарамды, ал кәсіптің бұл түрі көшпелі халықтың негізгі немесе тіпті жалғыз ғана кәсібі. Жетісудағы мал шаруашылығының көлемін анықтау үшін 1882 жылы жүргізілген ресми ведомость бойынша:

 

Жылқы - 557 402

Қара мал - 310 603

Қой-ешкі - 3 220 333

Шошқа - 8 995

Түйе - 97 507

Есек пен қашыр - 340

Жалпы мал басы - 4 195 180

 

Осы сандарды келтіре отырып, автор бұл тізімге тараншылар мен дұнғандардың мал басының есебі кірмегенін ескертеді. Шын мәніндегі мал басы ресми деректен әлдеқайда көбірек, өйткені көшпенділер өз байлықтарын нақты көрсетпей, адам санын да, мал басын да азайтып көрсеткен. Сондықтан да шындығында мал саны бес миллионға жуық деп санаған Козелл-Поклевский.