Толқын Ақанұлы: Қазақ емшілігінің төркіні Сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алған.
15.09.2020 2646

Әр ұлттың ұлттық дәстүрлерімен қатар тұрмыс салты, соған сай әр саладағы тәжірибесі тарихты қалыптастырса керек. Қазақ халқының ұлы тәжірибелерінің бірі қазақ емшілігі. Қазақ емшілігі деген сөз естілсе оның тарихы, мазмұны туралы да әр түрлі ой қозғалатыны шындық. Бүгінде қазақ емшілігінің белді өкілдерінің бірі Толқын Ақанұлы елордадағы "Бақкелді-2012" емханасының директоры және бас дәрігері. Қазақ емшілігінің мазмұны мен тарихына байланысты толғандырған бір неше сұрағымызды Толқын Ақанұлына қойып көрген едік. 


– Толқын аға, «жігітке жеті өнер де аз» деп халқымыз айтқандай, бір басыңызда өнер баршылық. Не септі осы медицина саласын таңдадыңыз?

– Медицинаға түсуім өз қалауыммен болмады. Сол кездегі Қытайдың білім заңы бойынша талапкер жоғарғы оқу орнына біртұтас емтихан тапсырады да, нəтижесіне қарай университеттен шақыру келеді. Сөйтіп, Алланың бұйрығымен ойламаған жерден маған облыс оталығы Құлжа қаласындығы медицина университетінен шақыру алдым. Басқа таңдау жоқ. Сонымен дəм тартып, медицинаға келдім. Құлжадағы оқуым аяқталған соң Үрімжідегі медициа университетінен білім толықтырдым. Шынын айтсам, бастапқыда осы мамандыққы келгеніме онша көңілім толмай жүрді. «Шіркін математика немесе əдебит оқысам ғой» деген іштей өкініш те бар еді. Тіпті мамандығымды ауыстырмақшы да болдым. Бірақ, не десеңіз де Алланың бұйыртқаны болады екен. Оқи келе медицинаға да қызығушылығым оянды. Ары қарай мамандықтың қыр-сырын толық меңгеруге тырыстым. Қазір қызығы мен жауапкершілігі қатар жүретін, адамдардың ауруын емдеп, жанына араша болатын медицинаны кəсіп еткеніме қуанамын.

Университетті жақсы бағамен бітірдім. Оқу аяқталған соң басқа аудан-қалалардан жұмысқа шақырушылар болды. Бірақ еңбек жолымды өз ауылымнан, туған жерімнен бастағым келді. Бұл бір жағы əке-шешемнің өтініші еді. Сөйтіп, аудандақ ауруханаға жұмысқа кірдім. Бойды қайрат кернеген жас кезім. Жұмысқа келе салып қызу кірісіп кеттім. Ауылдық жерлерге дейін аралап ауру емдедік. Мен жұмыстан барыша нəтиже шығаруға тырыстым. Жұмысқа келген соң бір жарым жылдан кейін ел арасына қызылша жұқпалы ауру тарады. Сонда ауру тараған өңірлерде елу күн тапжылмай жұмыс істедім. Ауруларды емдеп, індеттің алдын алу шараларын жасадым. Жоғарыдан қыметті тексере келген басшылар шаш-сақалым өсіп, жүдеп кетсем де бар ынтаммен жұмыс істеп жатқан мені көріп «өз кəсібіне шын берілген дəрігер» екен деп мақтады. Содан көп ұзамай жұмысым өсіп, басшылық қызметке ауыстым. Арада біраз уақыт қалашықтың əкімі болдым. Онан кейін қайтадан медицина саласына ауыстым. Қытайда жүргенімде негізінен, медицинаның əкімшілік саласында жұмыс істедім.

– Өзіңіз білесіз, қазақ медицинасы да өз деңгейінде бай тақырып. Осы ұлттық медицинаның бастау көздері қай кезең деп білесіз?

– Қазақ халқының халықтық медицинасының тамыры тым тереңде. Ежелгі сақ, ғұн, түркі заманынан бері байырғы емдеу амаладарын атадан балаға жалғап келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, жаңа эрадан бұрын 460 жылдан 373 жылдарға дейін сақ тайпасы арасында жасап, халыққа «Ұлықпан Хакім» деген атпен танылған ұлы ғалым – Гипократ емшілік өнерінің биік шыңын бағындырып, «Гипократ шығармалары жинағы» атты кітабын қалдырған деседі. Қытай тарихшысы Сымациянь «Сақ тайпалары соғыста жараланғандарды емдейтіндерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы», – деп атайтындығын жазған.


Əлемдік білім мен мəдениеттің екінші ұстазы атанған ұлы ғалым – Əбунасыр-Əль-Фарабидың медицина саласында «адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған зерттеме», «Темперамент туралы» деген еңбектер жазған. Оның шəкірті болып ізін басқан Əбу-Али-Ибн-Синаның есімін де бүкіл əлем біледі. Өмірінде 16 томдық шығарма жазып, мұның ішінде жүз мың əріптен асқан «Медицина ережесі» атты өкілдік шығармасы алуан түрлі науқастардың пайда болу себебін, ауру белгісін, нақтамасын (диагнозын) жəне емдеу жолдарын жанжақты түсіндірген туынды. Бұл кітап кейін батыс медицинасының теориялық негізі болған. ХІІ ғасырда көп тілге аударылып, əлемнің əр түкпіріне тараған. Əбу Синаның «Канон» деген кітабы 400 жыл бойы Еуропаның медицина оқулығы ретінде есептеліп келген екен.

Жүсіп Баласағұн да айтулы ақын, ұлы ойшыл болумен бірге ғұлама шипагер болған деседі. Оның «Құтты білік» («Құтты білім») атты кітабында сан түрлі халық қазынасымен қатар медицинасы да тілге тиек етіледі.

Қазақ емшілігіндегі қара үзген шипагер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кесек шығармасы да халқымыздың бай мұрасының бірі саналады. Аталған кітап 1995 жылы Қытайда жарық көрген. Ондағы шипалық қасиеті бар емдік дəрілер шұбыртқысының өзі 1108 түрден асатынын еске алсақ (оның 60 жуық түрі металл-металлоид, 728 түрі өсімдік, 318 түрі жан-жануар), бұл шығарманың əлем халықтарының ескілікті емдеу амалдарымен тамырласып жатқаны байқалады. Аталған еңбектегі 1050 түрлі дəрі атымен 4577 шипашақтың (рецептің) болғанының өзі талай сырды аңғартады. 

– Осы жерде шетелдегі қазақ медицинасының даму жағдайын да атап өткен дұрыс шығар. Қандай іргелі жұмыстар істелді?

– Шетелдегі қазақтар өмірінен қарағанда олардың арасында халықтық салт-сана, дəстүрлер кеңінен сақталып келді де, халық емшілері де көптеп өмір сүрді. Қытай аумағына қарасты Іле өңірінде өткен Мүсірбай емші, Мырзакелді шипагер, Алтай өңірінде өткен Шəкер емші Ғалымұлы, Емілбай емші Қалдыбайұлы, Тарбағатайдың Сауан жерінде өткен Аман емші сынды аты шыққан тарихи тұлғалар көп болды.

Қытайдағы қазақтарда қазақ емшілігін зерттеу ісі 1980 жылдардан бастау алды деуге болады. Ең əуелі Алтай аймағында арнайы «қазақ емханасы» ашылып, қазақ емшілігін зерттеу жəне оны іс жүзінде қолдану іске асты. Сөйтіп, «Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дəрілер», «Шипагерлік баян», «Алты тұғырлы негіздеме» атты еңбектер бірінен соң бірі жарық көрді. Қазақ медицинасының орта техникум мамандарын оқы-татын оқулықтар да жазылды.

Шыңжаң медицина университеті жанынан «Қазақ медицинасы кафедерасы» ашылды. Жер-жерде «Қазақ емханалары» мен «Қазақ ауруханалары» салынды. Жекелеген медициналық орталықтар бой көтерді. Кейбір мемлекеттік ауруханалар ішінен «Қазақ медицина бөлімдері» ашылды. «Алтай медициналық колледжі» жанынан «Қазақ медицинасы факультеті» құрылды. Қазақ медицинасының дəрі-дəрмегін өндіретін, зерттеу-сынақтан өткізу зерттеу орталықтары құрылып, «Шыңжаң Қазақ дəрі-дəрмек зерттеу орталығы», ШҰАР бойынша «Қазақ медицинасын зерттеу ғылыми қоғамы» бой көтерді. Шыңжаңның жер-жерінде қазақ ауруханаларын ашуға, зерттеу орталықтарын құруға Қытай үкіметі қаржылық жəне рухани жақтан қолдау жасап, 2014 жылы Қазақ медицинасы Қытай мемлекетіндегі «Алтыншы ұлттық медицина» болып мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік сертификаттарға қол жеткізген.

Қытайдағы қазақтар арасында оташылық өнері де көрнекті дəрежеде дамып, «адам сүйегінің орнына жас ботаның сүйегін салу» өнері де өткен ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Айталық, 1930 жылдары қазақ халық емшісі Емілбай шөптен жансыздандыратын дəрі жасап, сүйек сынған, сүйек басы кемірілген екі науқасқа операция жасаған. Ол бота сүйегін көшіріп сынықты жалғап, науқас сауыққан соң сынған жері мүлтіксіз қалпына келген. Ол жəне сүйек туберкулезі, сүйек қабынуы қатарлы ауруларды емдеген. Қазақ тарихы мен мəдениетін зерттеуші қытай ғалымы Су Бихай қазақ халқының мал анатомиясы мен физиологиясы жағындағы білімдерін бағалай келіп: «Қазақ халқы ұзақ уақыт мал бағу барысында, малда үнемі кезігетін аурулар мен маусымдық ауруларды толық иеледі. Оның үстіне үнемі мал соятындықтан, малдың дене түзілімі, мүшелері жəне оның физиологиялық қызметі жақтарындағы мол білімдер мен емдеу техникаларын жаратты» деп, қазақтың емшілік өнерін де ерекше бағалаған.

– Бала кезден өзімізге де таныс, жалбыз, адыраспан, рауағаш секілді дәрі шөптердің атын көп естіп, қолданып та өстік. Оның сыртында аюдың өті, борсықтың майы деп те бір шама жануарлардың емдік мүшелерін атайды. Қазақ халқының емшілік өнеріндегі дәрі шөптер мен аң-құстардың орыны қандай?

– Қазақ халқының қоныстану аймағынан қарағанда ақ бұлақтар сарқыраған қатпар-қатпар таулар мен аспанмен тілдескен зəулім қарағайлы шатқалдар, шөбі шүйгін, суы нəрлі, көк шалғынды шұрайлы алқаптар, жасыл желегі жайқалған құнарлы далалар, шар айнадай əсем көлдер, арқыраған асау өзендерді қамтиды. Бұл жерлерде дəрілік өсімдіктер, жануарлар, аң-құстар мейлінше көп болады.

Осы далаларда қазақ емшілігінде үнемі пайдаланылатын дəрілік өсімдік түрлерінің өзі 500-ден асады. Мəселен, ақ жүрек, бұғы шөп, құрт шөп, жылан бас, күнкелді, ұлпагүл, қожа шөп, жаужұмыр, рауғаш, сары мия, қылша (қызылша), кершулан, бап қабығы, жер қазық, сасыр, киелі ермен, шетпе шөп, адыраспан, қызыл шұғынық, қу, көкгүл, кекіре, сарана, қалақай, қызыл мия, қарандыз, боз арша, қарағай, қылқан жапырақ сынды сан түрлі дəрілік өсімдіктерге бай. Жануарлардан: бұғы мүйізі, борсық майы, құлан, бөкен мүйізі, қабылан, аю, ұлар, тағы басқаларының бəрі табылады. Сөйтіп қазақ халқының медицинасы өзі өмір сүрген аймақтың табиғи өнімдеріне мейлінше бай болды.

– Бұдан бөлек, төрт түлік малды да атауға болатын шығар?

– Иә, дұрыс айтасың. Адамдарға тікелей істетілетін емшілікті айтпаған күннің өзінде, төрт түлік малдарының өзі тау-тастың шұрайлы жайылымдарында дəрумендерді теріп жеп, өн-бойын қуатқа толтырып отырды. Осы арқылы төрт түлік мал өнімдерін тұтынушылардың өзі-ақ табиғи тағамдармен емделудің шарт-жағдайына ие болып отырды.

Сүт жəне сүт өнімдерінің – сиыр сүті, қымыз, шұбат, ешкі, қой сүті, т.б. түрлері нəрлі құндылықтар саналды. Аурудың алдын алу, өзекті қуаттандыру, уды тарату, дененің əлсіздігін қалпына келтіру, рухты серпілтіп, сананы сергек ұстау, қан айналысын жақсарту сынды тағамдық, дəрілік қасиеттері халқымызға мықты денсаулық сыйлаудың негізі болды. Ет түрлерінен – қой, жылқы еттерін негізгі тағам етті. Қой, жылқыны бір мезет дəрі шөппен бағып сойып жейтін де амал болған. Қой еті мен сорпасы адамды ерекше қуаттандырады. Асқазанды жылтып, көкбауырды əлдендіреді, жел-құзды айдайды. Əйелдер босанғаннан кейін қалжасына беріледі. Жылқы еті денені қуаттандырып, суық ˗ ыстық дерттерге ем болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей қазақ емшілігі ең бастысы адамның ауруға қарсылық қуатын көтеруге барынша мəн берді.

Көшпенді қазақ өмірініндегі үнемі жұрт жаңалап, өзен жағалап, тау сағалап көшіп-қонып жүрудің де адам денсаулығына көптеген пайдалы жақтары болған. Төрт түлік малы үшін де судың тұнығын, таудың биігін, шөптің сонысын таңдап сахара «саяхатында» жүрген бабаларымыздың дене қуаты мығым, ауру-сырқауды білмейтін өр тұлғалы болғаны рас. Мұндай өмір сүру қағидаттары медицина көзімен қарағанда аурудың алдын алу, тазалық сақтауға өте сайма-сай келеді. Таза табиғаттың қойнауы жер бетіндегі ең қымбат санаториялардан бір кем емес. Ата-бабаларымыздың бір Аллаға сенім байлап, бес уақыт намазда болып, ондағы дəрет-ғұсыл парыздарын да тазалық кепілі санаған. Тіпті намаз қозғалысы буын ауруларының алдын алуда да белгілі рөл ойнап отырған.

Қазақ ұлтының көшпелі өміріндегі арша, қарандыз, адыраспан, рауағаштармен үй ыстау, аластау немесе оларды қайнатып, иə булап үй ішін дезинфекциялау сынды салт-дəстүр, əдет-ғұрыптары болды. Жабайы тау сарымсақтарының ніл-шырынын ішу арқылы түрлі жұқпалы аурулардан сақтана білді. Тамақтың алды-артында қол жууды да ұмытпайды. Тістің өзін өзге нəрсемен емес аршамен ғана шұқиды. Киелі ермен, ақ жусан, сүрме тамыры, жалбыз, тағы басқаларды да əр түрлі аурудың алдын алу жəне емдік амалдар үшін пайдаланған.


Ерекше жұқпалы ауру тарағанда ол жерден қаша көшіп кететін жағдай да болған. Сол «ауру ошағы» саналған күдікті өңірге үш жылға дейін аттап баспайтын болған. Ауру адамды өзгелерден бөлектеп ұстайды. Тіпті кейде өзіне оңаша жалғыз үй тігіп беріп, тамақтың өзін құрықпен ұсынатын болған. Жұқпалы аурумен ауырған адамы бар үйдің есік алдына қызыл шүберек байлау сынды амалдармен басқалардың сақтануына белгі қойып отырған. Жұқпалы аурулардың киім-кешегі мен заттарын өртеп көметін болған. Ішетін суға күміс теңге салып дезинфекциялап ас қорыту жолы ауруларынан сақтанған. Қазақ ауылдарында қазірге дейін сақталып келе жатқан су алатын маңға, бастау басына дəретке отырмау, аң мен малдың өлексесін көму немесе өртеп жіберу, малды, үйді аршамен, адраспанмен аластау, т.б. сан түрлі тазалық амалдары бар.

Бұдан сырт жеті атаға дейін қыз алыспау, ер мен əйел арасында некесіз байланысты болғызбау, арам астармен тамақтанбау, үйдің ауасын үнемі ауыстырып отыру сынды ұлттың көптеген құндылықтары да сау-саламат-ты өмір салтын қалыптсырудың алтын кілтіне айналып келген.

Қорыта келгенде, сонау түркілік түп тамырымыздан қазіргі қазақы қалпымызға дейінгі тектілік биігімізде – бір ғана деннің сау болуын, бастың аман болуын алғы шерт етіп, арғымақ жалында, атанның қомында, таза табиғат құшағында бекзадалықпен күн кешу сынды асыл дағдымыз арқылы асқақ рухпен өмір сүріп келдік. Бүгінде жаһандану үрдісіндегі электрондық өмір, табиғаттан көрі ұялы телефон желісіне байлану, таза табиғи өнімдерден көрі газды сусындар мен арзан қытырлақтарға құмарту сынды көптеген ұнамсыз іс-əрекеттер ұлттың өзегіне құрт болып кеулеп кіруде. Сол үшін де ата-бабаларымыз сүйенген тамыры терең, табиғи емдер арқылы ес жиып, етек жапсақ, дені сау, ақылы кемел ұрпақтарымызды көптеп өмірге əкеле аламыз. Қазақ емшілігі ұлттың жаратылыс кодына негізделіп, геннен берілген тектіліктің сақталуына, бұзылған діңнің қалпына келуіне оң əсер етеді.

– Бір сөзіңізде күнделікті өзіміз тұтынып жүрген тағамдардың да емдік рөлі мол екенін айтқан едіңіз. Соған кеңірек тоқтала кетсеңіз.

– «Ас – адамның арқауы» деп білетін халқымыз күнделікті өмірде ет жəне сүт өнімдерінен қалса астық жəне көкөністік өнімдерден де тағамдық емдер қабылдап отырған. «Нан – астың атасы» де білетін халқымыз ең əуелі бидайды жəне ұнды ерекше қастерлей білген. Тіпті: «құранды басып тұрып нанды алуға болады, нанды басып тұрып Құранды алуға болмайды» дейтін нақылы да бар.

Бидайдың негізгі құрамдық бөлігі – крахмал. Одан басқа нəруыздық заттар, дəрумендер (витамин) болады. Сұрпына қарай бидайдың құрамындағы крахмалмен көмірсулардың мөлшері 5-70%- ға дейін, нəруыздар 10%- дан 20%- ға дейін жетеді. Сонымен қатар өсімдік майлары, дəрумендер (В1 , В6 , В12, С, Е, РР), минералдар (калий, кальций, магний, фосфор тағы басқа.), пектинді заттар, сонымен қатар белсенді ферменттер бар. Зерттеу жұмыстары барысында суда өнген бидайдың құндылығы бірнеше есе артатыны анықталған. Мəселен, өнген бидайда В1 дəрумені 10 есе көп болған. Осындай керемет қасиеттеріне байланысты өнген бидайы тамаққа пайдалану адам ағзасы үшін аса пайдалы. Бидайдың дəніне қарағанда, қабығы мен тұқымында Е дəрумені, антиоксиданттар, В тобындағы дəрумендер өте көп болады.

Қара бидай нанының құрамындағы пайдалы заттар авитаминоз жəне көптеген ауруларды жеңуге көмектеседі. Қара нанды жыл бойы пайдалануға болады, əсіресе қыста, себебі қыста ағза дəрумендер тапшылығын сезінеді. Қара нанның құрамын амин қышқылдары, минералдар, макро жəне микроэлементтер көптеп қамтиды. Қара нан темір жəне В, А, РР жəне Е дəрумендеріне бай. Егер сіз қара нанды тұрақты түрде пайдаланатын болсаңыз, ағзаңызды токсиндерден жəне тұздардан тазарады. Қан тамырларынан артық холестериндер шығарылып, ағза токсиндерден тазартылады. Қара нан ас қорыту жəне асқазан-ішек жолының жұмысын қалыпқа келтіреді. Заманауи медициналық зерттеулер қара нанды көп пайдалану қатерлі ісік жəне қант диабетімен ауыру қаупін азайтатынын көрсетті.

Безеуден емделу үшін: қайнаған судың аз мөлшеріне қара нанды бұлаулап, бір шай қасық таза бал қосып, біртекті қоспа болғанша жақсылап араластырыңыз. Дəрі дайын. Безеу шыққан теріге жағып, 15 минуттан соң жуып тастаңыз. Бұл əдісті аптасына екі мəрте қолдану қажет.

Қазақ үшін «қара көженің» де орны бөлек. Аурудан əлсіреп, қалжыраған адамдарға, босанған келіншектер мен сүзектен бас көтерген науқасқа ішкізіп, ағзаға қуат жидырған. Көженің бар сыры оның құрамындағы талқанда болып тұр. Бидайдың құрамындағы пайдалы элементтер мен Е дəрумені адам ағзасы үшін аса қажетті екенін ескерсек, сауықтыратын қасиетінің де дəлелі бар. Сондай-ақ, арпа мен бидай жəне күріштің құрамында «лизин» деп аталатын амин-қышқылы бар. Бұл тері тығыздығының тегістігін сақтауға, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға, ми жұмысын арттыруға көмектеседі. Лизиннің бірқатар вирустарға қарсы күресе алатын күші жəне бар. Қызылша мен қызамық, бөртпе ауруларын да қара көжемен жазуға болады. Қатықсыз қара қара тер шығарып, ыстықты түсіріп сауығуға сеп болады.

Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған бидай, бұршақ, күріш, тары, арпа сияқты жеті түрлі дəн мен ақ қосылады. Наурыз көженің құрамында негізгі су болғанмен одан басқа да қоспалардың адам ағзасына пайдасы ерекше. Наурыз көжедегі ең негізгі тағамдық өнімдердің бірі – ет. Еттің коректік қасиеті хақында өзге мақалаларымызда айтылды.

Осы тұрмыстық өнімдердің бәрі де адам ағзасына пайдалы дәрумендерді береді. Жалпы бұл туралы өз мақалаларымда да жазып жүрмін.

– Жақында шыққан «Емші кәдесі» кітабыңыздан да бұл туралы мақалаларды көзім шалды. Алда праймеризге қатысып жатыр екенсіз, ойға алған мақсатыңызға жетіңіз, тек сәттілік тілеймін. Мағыналы, кәсіби сұқбатыңыз үшін рахмет!