Абайға бата берген Жанқұтты
25.08.2020 4547

Жанқұтты Ботантайұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ зиялыларының жарқын өкілдерінің бірі. Шешен, би және болыс болған Жанқұтты қазақ даласының көрнекті тұлғаларымен таныс болған, балаң жігіт Абай Құнанбайұлына бата берген және Меккеге екі рет қажылыққа барған. Екінші қажылықтан ол сол күйі қайтпаған. Qazaqstan Tarihy порталы Жанқұтты Ботантайұлы туралы қысқаша баян етеді.


Жанқұтты Ботантайұлы 1810 жылы Қарағанды облысының Шет ауданындағы Аюлы тауының баурайында өмірге келген. Ауыл молдасынан мұсылманша сауатын ашқан болашақ шешенді әкесі он төрт жасында Қарқаралы қаласындағы медресеге әрі қарай оқуға жібереді. Медресе бітіргеннен кейін Жанқұтты Ботантайұлы түрлі әкімшілік лауазымдарды атқарып, ел ішінде әділ би атанып, құрметке ие болады. Билік құрылымдарында қызмет еткен жылдарында ол «өткір әрі батыл тілі» үшін халықтың құрметіне бөленген Шабанбай бимен жақын таныс болады. Шабанбай би жас жігітті тәрбиелей отырып, оған өзінің батасын да берген: 

«Аллаға жағам десең – азанды бол, 

Ағайынға жағам десең – қазанды бол, 

Халқыңа жағам десең – әділ бол, 

Судай таза бол, Жердей берік бол, 

Өмірің ұзақ болсын, 

Аймағың суат болсын,

 Сөзің халқыңа қуат болсын!»  

Жанқұтты Ботантайұлы сол замандағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері болған Құнанбай, Алшынбай, Құсбек төре сияқты ел жақсыларымен жақсы қарым-қатынаста болған, сол себепті де бала Абайға бата беру құрметіне ие болған жан. Жанқұтты Абайдың әкесі Құнанбайдың үйінде қонақ болып жатқан кезде, онымен амандасуға әлі үйленбеген бозбала Абай амандасуға келеді. Абайдың зеректігі туралы әбден қанық Жанқұтты Абайды жанына отырғызып, оған сұрақ қоя бастайды: 

- Шырағым, дүние неге сүйенеді? 

- Дүние үмітке сүйенеді. 

- Көздің көрмесі бола ма? 

- Көз қабағын көрмейді. 

- Шам жарығының түспесі бола ма? 

- Шам жарығы түбіне түспейді. 

- Болат пышақтың кеспесі бола ма? 

- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді. 

- Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма? 

- Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды. 

Абайдың жауабына көңілі толған Жанқұтты енді осы жауабын өлең түрінде айтуын сұрайды. Сол кезде Абай: 

- Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы, 

Талпынған мен балапан үядағы. 

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем, 

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы. 

Көз көруі жетпейді қабағына, 

Шам жарығы түспейді табанына, 

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес, 

Мақлұкат тарпай қоймас тамағына,-деп өлеңдете жауап береді. 

Ет желініп, қымыз ішіліп болған соң Абай Жанқұттыға қарап: 

- Ата, Сізге сұрақ қоюға бола ма?- дейді. 

– Е, шырағым, қой. 

– Арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай. 

– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті. 

Алпыс жылдан аса өмір сүрген шешен Жанқұтты би Ботантайұлы келер ұрпақ үшін артында даналыққа толы мол мұра қалдырған. Жанқұттының есімі алғаш рет жұртқа танылуы Жамантай төремен жауаптасуы болатын. Қарқаралыға аға сұлтан болып сайланған Жамантай төре өзіне бағынысты елдің игі жақсыларын шақырады. Сол жиынға әкесіне еріп бала Жанқұтты да барады. Мұны көрген Жамантай: «Бұл қатын-қалаш, бала-шағаның өсек айтатын жері емес, алқалы топтың бас қосатын мәжілісі емес пе, мына бала кім?»,- депті. Сонда Жанқұтты: «Ғафу етіңіз, кеше келгенде бір үйге қонақ болып дәм таттық, сонда бір ақсақал «еті арық екен» деп тыжырынып отырды. Бүгін мені көріп, сіз тыжырынып отырсыз! Бұл қалай сонда? Адам алжыса, астан шошиды, төре алжыса жастан шошиды дегені осы ма? Болмаса «асыл тастан, ақыл жастан» деген аталы сөзді аттап кеткеніңіз қай сасқандығыңыз?» деген екен. Жамантай төренің қасындағылардың бірі: «Сөзін қара, болайын деп тұрған бала екен!» дегенде, Жамантай төре: «Болайын деп емес, болып тұрған, төрт құбыласы тең түсіп, толып тұрған жас екен. Бұдан былайбіздің округтің ішіндегі дауға қатысты мәселені осы шешетін болсын!»,-деп, шешім шығарыпты. 

Тағы бірде Құнанбай, Алшынбай және Мұса көбейіп кеткен руаралық дау-дамайды және барымта мәселесін шешу үшін елді жинап, жиын өткізбекші болады. Билеушілердің бұйрығы бойынша халық жиналады. Халық келгенімен, билеушілер жоқ. Содан халық аптап ыстықта, күннің астында тұрып билеушілерін бірнеше күн күтеді. Күн ысыған сайын халықтың билеушілерге деген наразылығы да күшейе түседі. Бұны өз көзімен көрген Жанқұтты билеушілер енді келмейді деп, халықты үйлеріне қайтарып, өзі осы үш билеушіге аттанады. Жанқұтты келгенде Алшынбай одан: «халық жиналды ма?»,-деп сұрайды, оған Жанқұтты: «Халық жиналмақ түгілі, жиын да ұйымдастырды. Сіздер кешігіп қалдыңыздар, бәлкім, науқастанып қалған шығарсыздар. Қойылған төрт мәселенің біріне мен өз кесімімді айттым. Қалған үшеуін сіздерге қалдырдым. Сіздер шешімді кештеу шығарады деп айтып, халықты үйді-үйлеріне таратып жібердім»,-деп жауап береді. 

Жанқұттының шешіміне риза болған Алшынбай, өздеріне қарауға қандай мәселе қалғанын сұрайды. Жанқұтты: «Мұсажан, астық мәселесін саған қалдырдым. Алшеке, тақыр жердің мәселесін шешу сізге қалды. Ал Құнанбайға ақтобық аттың мәселесін шешу ғана қалды»,-деп жауап береді. Осындай тапқыр ойлары мен сөздері үшін халық Жанқұтты Ботантайұлын «Ақылшы ата» немесе «Жақсы Жанқұтты» атап кетеді. 

Жанқұтты Ботантайұлы діншіл адам болған, сол себепті де Меккеге екі рет қажылыққа барған (1850 және 1873 жж). 1873 жылы қажылыққа аттанардың аз алдында Құнанбаймен кездескенде, Құнанбай оған бір жыл күтіп, келесі жылы қажылыққа бірге баруға қолқа салады. Сонда Жанқұтты: «Келер жылға қарар едім, ажал қарамайды ғой»,-деп, жүріп кеткен екен. 

Сол қажылық сапарында алпыс үш жасында Жанқұтты Ботантайұлы қайтыс болады. Ислам ілімі бойынша Аллаға барар жолда қайтыс болған пенде жұмаққа аттанады екен. Абайға бата берген Жанқұтты Ботантайұлының өнегелі өмірі осылайша аяқталады.