Француз ойшылы Лабрюйер: «Дүниедегі ғажайып ойлардың бәрі де баяғыда-ақ айтылып қойған. Себебі адамдар жеті мың жылдан бері өмір сүріп келеді. Біздің бар мініміз дүниеге кешігіп келгендігімізде ғана. Ендігі бізге бұйырғаны сол философтар мен даналар тастап кеткен дән масақтарын қайыра жинау ғана» дейді.
Айтулы IT мамандары мен физиктер адам санасын әлемнің кішкентай ғана модель екендігін, ал космос әлемі әр сөзің мен ниетіңді таспаға жазып алып сақтаушы ақпараттық қор есебінде қарайды. Бұл жерде Лабрюйерді көлденең тартуымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Бір-ақ мысал. Ұмытпасам Дзюньитиро Танидзакидің (әлде өзге бір жапон жазушысының бірінен оқыған) мына бір шағын ғана әңгіме желісіне назар аудартсам деймін. Аталған әңгіме бір жігіттің ұзақ жол жүріп, әбден болдыртып көне бір молаға келіп түнеген жерінен тамыздық тартады. Сол моладан өрімдей бір жап-жас (яғни аруақ) жігіт қонағын құрақ ұшып қарсы алып, алдын асқа толтырып тастайды. Оларға үстіне қара киім киген бір адам талмай қызмет жасап жүреді. Екеуара әңгіме барысында аруақ жігіт бұл қызмет жасап жүрген жанның өзін өлтірген адам екендігін айтады. Мезгіл түн болады. Мейман ұйқысын қандырып ертеңінде аттанар шақта аруақ онымен қимай қоштасып өзінің бір пышағын сыйға тарту етеді. Тек бұл пышаққа аса абай болуды әсіресе әкесі көріп қойса бірден танып қоятынын барынша ескертіп бағады. Сөйтіп жолаушы хош айтысып аруақ жігіттің моласынан аттанып кете барады.
Айтқандай-ақ келесі күні үлкен бір топ қара жиылған ас үстінде қонақтың қолындағы кездікті өлген жігіттің әкесі танып қойып бірден лап қояды. «Халайық, ұлымды өлтірген адамды таптым» деп айналасына жар салып айғайлап, әлгі жігіттің әбден ит сілікпесін шығарады. Тұщы етіне ащы таяқ тиіп, сүйегі жасыған жігіт бар шындықты алдарына жайып салады. Қонақтың сөзіне иланған жұрт пен жігіт әкесі оны өлген ұлымен жүздестірмекті талап етеді. Сөйтіп олар көп кешікпей сапарға шығады. Өлген ұлымен жүздестіргені үшін әруақ әкесі оған бек риза болып оған мол тарту таралғы жасайды. Мінеки, шағын ғана әңгіме желісі өстіп өрістеп кете береді.
Осы орайда таңдай қақтыратын тағы бір жәйтке жолығамыз. Аталған осы бір оқиға Шоқан Уәлиханов жинаған қазақтың «Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз» атты ертегіден еш айнымайды. Оқып отырып қайран қаласың. Шоқан еңбегінде бұл пышақты жігіттің әкесі емес, қарындасы танып қояды. Міне, бар болған айырмашылығы осы ғана. Ал арғы жағы баяғы жапон әңімесінің оқиға желісінен бір айнымастан жылыстап жүріп отырады. Осы бір оқиға күй аңызына да таған болған тәрізді. Таласбек Әсемқұлов өзінің «Талтүс» романында Сәруар есімді күйшінің ауызымен аталған аңызды тамшылатып тұрып жазады. Тағы бір мысал келтіре кетейін. Әйгілі француз жазушысы Эмиль Золяның «Шабыт» романындағы Клод есімді суретшінің өз өнерін бәрінен де жоғары қойғандығы соншалықты тіпті жалғыз ұлы Жакты да қараусыз қалдырады. Соның салдарынан Жак ажал құшады. Роман ұлы суретшінің Әулие Құдай соборындағы ахуалды баян ететін төл туындысының (картинасының) алдында асылып өлуімен аяқталады. Ал Рюноскэ Акутагава «Тозақ азабы» новелласында Есихидэ есімді суретшінің тозақтағы адам айтқысыз азапты шын бейнелу үшін өзінің жалғыз қызын өртетіп жіберетін оқиғасы жайында жазады. Новелла соңы аталған суретті толық салып біткен күні Есихидэнің өз бөлмесінде асылып өлгендігімен тәмамдалады.
Дүниеде бірінен-бірі айнымаған шығармалармен қатар, айтпақ ойы мен идеялары өзара ұқсас туындылар мен көркем фильмдер өте көп қой. Мұны белгілі жазушы Асқар Сүлейменов та бір сөзінде арнайы атап өткен екен. Осыдан он бес жыл бұрын араб теологы Ахмет ибн Мискиннің қазақ тілінде тәржімаланған «Балық қиссасы» деген шағын ғана ғибратты әңгімесін оқығаным бар. Жуықта ғана көрген корей режиссоры Ким Ки-Дуктың төл туындысы «Көктем, жаз, күз, қыс және тағы да көктем» фильмін көргенде есіме ең алғаш түскені де осы «Балық қиссасы» болды (Аталған кинода көл ортасында орналасқан ғибадатхана шатырының шетінде әнтек ғана желменен тербеліп тұратын балық суреті көп сырды ішіне бүгеді). Мешіт пен шіркеудің бүгінгі уағызынан мың мәрте артық осы бір шағын ғана хикая мен киноның түпкі тоқтамы: адамды өзі жасаған тарыдай жақсылығы мен танадай жамандығының оны әмәнда айналып келіп таппай қоймайтынын ишаралау.
Сонымен әдебиет пен өнердегі мұндай сөзбе сөз оқиғалар мен идеялар миграциясы неліктен болады? Бұл ұқсастықтарды ұрлық (плагиат) деуге келе ме өзі? Ендеше осы сұрақтар төңірегінде аз ғана ой сабақтап көрелік. Мәселен, Калифорния штатында дайындалып біткен сөзжұмбақтың (крассвордтың) Нью-Йорк қаласына жеткенше жауабының даяр болатынын сол сөзжұмбақты жасаған авторлық ұжым бірнеше мәрте мойындаған болатын.
Мұның құпиясы не деп ойлайсыз ғой?
Ғалымдар арасында мынадай бір іс-тәжірибе жасалған екен. Ең күрделі деген бір есепті өзара әлеуеті тең үш математик ғалымға үлестіріп берген. Нәтижесінде алғашқы ғалым бұл есепті шығару үшін бес күнін сарп етсе, екіншісі екі күн, ал ең соңғысы бір-ақ күнде жауабын тапқан.
Көріп отырғанымыздай әр ғалым есептің шешімін тапқан сайын келесі адамның нәтижеге жету мерзімі неғұрлым жақындай түскен. Мұның бар құпиясы мынада көрінеді. Мәселен, кез келеген маман (математик немесе философ) бір нәрсені терең ойланып жауабын тапқан сәтте оның маңында аннигиляция атты толқын пайда болып, ол сол мезетінде-ақ әлемге тарап үлгереді екен.
Бұл зерттеу тәжірибесі алғашқы бір адамның ойынан тараған ақпараттық толқынның бейнебір сигнал қабылдайтын антенна тәрізді келесі бір шығармашылық тұлғаға тигізетін өз әсері бар екендігін әйгіледі.
Ендеше аннигиляция толқыны жоғарыда ғана сөз еткен әдебиет пен өнердегі өзара ұқсас (дұрысы көшпелі) ойларды бір адамға ғана басыбайлы етіп меншіктеп беруді сәлде болса терістейтін тәрізді. Біз бұдан ойдың ерекше энергия көзі екендігін бағамдаймыз.
Сонымен жер шалғайлығы жер мен көктей алаш пен жапонның жоғарыдағы мысалы адамның қолы жетпеген жерге ең әуелі ойы жететіндігін бейне бір дәлелдеп тұрғандай (Ендеше жарық пен дыбыс жылдамдығы секілді ойдың да пәрмендіда өз қозғалысы болғаны ғой).
Не десек те дөңгелек дүниенің ашылмаған сыры әлі де көп қой.
Ұлы шындықтыр уақыт ырғағымен бірге қозғалып, кезегі келгенде өз мінберіне көтеріліп сөз алатын болады.
Бір-ақ нәрсені рас деп ойлаймыз. Ол мынау кәрі дүниенің ұзағынан созылған салқар көшінің басы мен аяғының тек сіз бен біз емес екендігіміз ғана.