Қарамола оқиғасы қалай басталды немесе Сарының әңгімесі
25.06.2020 2362
Ел мен ел арасындағы тартыс, териториялық талас адамзат ес білгелі толастаған емес. Осы ұзақ күресте әр халық күрестің неше түрлі жолын ойлап тапты. Әлемдегі этностық териториясы жағынан ең мол жерге ие халықтардың бірі біздің қазақ. 

Мақтансақ та соны айтып, ата-бабам ақ найзаның ұшымен қорғаған дей береміз. Дегенмен тек қарудың күшімен ғана жер жауланбайтын болса керек. Қазақта «ата-бабам жатқан жер» деген бір ұғым бар. Осыны көбінде әруаққа құрмет, оған сиыну деген сыңайда айтып жүрміз. Өзім естіп-білген бір аңыз бойынша, осы ұғымдардың да дүнияуи, әсіресе териториялық мәндегі бір сыры бар секілді.

Осыдан біраз жыл бұрын бір неше ақын-жазушылармен бірге Қытайдағы Алтай қаласында бас қосуда болдым. Сонда Марат Қинаят есімді тарихшы, этнограф ағамызға қаумалаған жұрт «Сарының әңгімесін айтыңызшы» деп қолқалады. Марат ағамыз мұртынан жымиып қойып, біразға дейін өтіндіріп алды да, ақыры әңгімені бабымен бастап кетті. Сондағы айтылған «Сарының әңгімесі» мынау еді.

Бұл мезгіл 1800 жылдардың басы, не орта тұсы болса керек. Алтайдың Монғолиямен шектескен төр жайлауына шығар жолда Саршоқы деген үлкен тау бар. Сол Саршоқы Аюсай, Арағаты, Аңсаты, Шойғаты, Жорғаты, Күрті, Кешубұлақ деп бөлек-бөлек аталатын жеті саладан тұрады. Әр саласы басынан етегіне дейін бір көштік жер. Осы жеті саланы сол кезде монғолдың жеті нояны билепті. Әр ноянның қоластында бір рулы ел бар. Ал қазақтар Жоңғар жойылғаннан кейін, Сауыр тауынан асып, Алтайды біртіндеп қоныстана бастаған. Саршоқыға әлі аяғы жете қоймаған. Бір жылы ел жайлауға шығарда керейдің төрт биінің бірі, жәнтекей ішінде барқы Топан бидің үлкен ұлы Сары ерлік жасап, өзіне қарасты бір рулы елмен Зәмқарағайды асып келіп, Аюсайдың басына үй тігіпті.

Алғашқы кезде бұндай батылдықтан сескенді ме, әлде артында қалың ел бар деп қорықты ма, монғолдар ашық қарсы келмепті. Жаздың бір күні Сарының бір жақсы аты жоғалып, жоқ қарауға өзі кетеді. Осы мүмкіндікті күтіп отырған монғолдар Сары иенде жалғыз жүргенде қапыда өлтіріпті. Онымен қоймай, басын кесіп алып, бассыз денесін мінген атына ағашпен тіктеп байлап жібере салыпты. Өлі иесін арқалаған жануар қонысқа тартып, қазақтардың көзіне түседі. Атқа мінген бассыз денені алыстан көргендер басында қорқып, жын ба, пері ме деп сасыпты. Ел іші болған соң естісі бар, есері бар, жын мен перінің бөйтіп жүргенін бұрын көрмеген үлкендер жағы бұнда бір бөлек сыр бар екенін ұғып, ұстап алып келуге бұйрық береді. Алып келсе жоқ қарап кеткен Сарының бассыз денесі екен. Жақындары жоқтап, ел-жұрт күңіреніп, азаматтарды Сарының басын іздеуге жұмсайды. Аяқ жетер, әмір жетер жердің бәрін кезіп түк таппаған соң, ақыры бас орнына ұннан илеп бас жасап, арулап көміпті.

Жерлеп қайтқан күннің ертесінде қабір басына барса, қабір қазылып, Сарының денесі жер бетіне шығып қалыпты дейді. Бұл сырлы іске ел болып жағаларын ұстап, ұзақ-ұзақ аят оқып, қайталай жерлейді. Алайда ертесі күні тағы осы оқиға қайталанады. Үшінші күні тіпті өлі дене жалаңаштанып, ақ бөз кебінін кесілген мойнына тығып кетіпті. Басында жұрт бассыз денені жер қабылдамай жатыр ма деп қорқыпты. «Осы жерді бекер қоныс еттік пе екен» деген алаң да болған көрінеді. Осындай кезде ел ағаларының бірі қазылған қабірге, шығып қалған денеге қарап: «Мынау Алланың да, періштенің де ісі емес, бұны адам істеген, анау кебінді қамшының ұшымен тыққан, табы қалыпты» дейді. Осыдан кейін қабір басына үй тігіп, мықты деген жігіттерге күзеттіріп қойыпты. Енді берік күзет қойылғанын көріп, монғолдар жолай алмапты.

Осыдан кейін қазақтар ақыл қосып, кек қайтарудың орайлы сәтін күтіпті. Ол үшін мықты жігіттерді жұмсап, барлау жасатып, жеті ноянның бір жерге жиналған сәтін күтіпті. Ақыры ол күн де келеді. Аюсайдың етегіне қарай Майтұң деп аталатын бір шағын қоныс бар. Жаз ортасына қарай сол қоныстағы елу шақты үйде жеті ноян бас қосып, дулығып жатыр деген хабар жетеді. Дулығып деп монғолдардың әркі ішіп, той-тойлағанын айтатын болса керек. Қазақтар жылдам қимылдап, үш жүздей жігіт атқа қонып, ел ұйқысынан оянбай жатып, ауылды басып қалады. Соғыста аяушылық болсын ба, елу үйді кәрі-жас, бала-шаға демей түгел қырып, жеті ноянның басын бөлек алып келіпті. Керек деген мал-мүлкін түгел олжалап, тып-типыл еткен соң, жеті ноянның атына жеті мықтыны мінгізіп, жал-жалды шарлатыпты. Ондағы мақсат, бірі қалған монғолдарға сес көрсету болса, екінші жағынан жеті ноянның тірі қалғаны бар болса көзге түсер деп жасаған амалдары екен. Бұл жазда ел бастайтын көсемдерінен айырылған монғолдар қарсы қимыл жасауға батпаған көрінеді. Сырғи көшіп, қазақтардан іргесін аулақ сала беріпті. Ал келесі жылы әруағымыз жатыр деп қазақтар Аюсайдың басына, тіпті одан да көлемдірек қонысқа келіп жайлайды.

Алайда монғолдар сол беті жауапсыз қалмайды. Арада бір неше жыл өтеді, қазақтар бірде монғолдың жылқысын үркітіп (ел ішінде монғолдар жылқысы үріккен жерге тұрмайды екен деген сөз бар), бірде монғолдың уаңына тірідей аю жетелеп барып қоныс сұрап алып (Ақтай, Бозтай есімді екі балуан аюды тірідей ұстап, байлап-матап монғолдың уаңына апарып, бұл күнде Ақтай дарасы деп аталатын жайлауды сыйға алыпты), Саршоқыны тұтастай алып, Аюсайдан асып, Таусылмас дейтін сайдан өтіп, Ақбұлақ жайлауына асатын жерде бұл күнде Қарамола аталатын жайлауға дейін жетеді. Бір жылы ел жайлауға енді көшіп, көштің алды сол Қарамолаға жеткенде баяғы жеті ноянның монғолдары сақадай сайланып келіп, жүз шақты үйлі қазақты қоршап, түгел қырып кетеді. Арасында тірі қалғандары көш соңындағы елге хабар жеткізіп үлгергенше монғолдар Ақбұлақтан өтіп, Монғолия жеріне өтіп кетіпті. Бітер іс біткен соң артқы ел жиналып келіп, барлық өлікті арулап жерлейді. Жерлей отырып, ақылдасады, «енді не істейміз? Артынан қуамыз ба?» деседі. Сонда ел ағаларының бірі: «кек кекті тудырады, бұл Майтұңдағы қырғынға қайтарған жауап. Біз қуып барғанмен соңы тыныш болмайды, олар кек қуып қайта келеді. Одан да осынша кең жерге ие болып қалғанымыздың өзі олжа, енді біз бармасақ, олар келмейді» дейді. Сөйтіп осы шешімге тоқтасып, есесіне шұрайлы қонысқа ие болып қала береді. Осы қырғын болған жер анау қалың бейіттің атымен Қарамола атанып кетеді. Ал оқиға тарихта «Қарамола оқиғасы» деген атпен қалды.

Қарамола жайлауы – менің өзіме бала күннен таныс, бір жақ беткейде қалың ескі ағаш бейіт жататын, арғы жағындағы Ақбұлақ – біздің төр жайлау болды. Бала күннің көп естелігі сонда қалды. Марат Қинаятұлының осы әңгімесінен кейін бала күнгі сол көріністер қайталай көз алдыма келген еді.

Ер Жәнібек Бердәулетұлының бастауымен керейлердің Алтайға қоныс аударуы, найман қызай руының Ілеге қоныстануы да адайлардың Мағыстауды алғанына ұқсайды. Алайда бұл оқиға үлкен жағынан айтылып жүргенімен, бір ғасырға созылған қоныстану тарихы толық айтыла бермейді. Тарихтағы әр бір оқиға сол тұстағы ұлттың болмысы мен мінезінен хабар береді, осындай әпсаналық әңгімелердің де тарихқа қосар үлесі мол деп білеміз. Осы әңгімені айтып берген Марат Қинаятұлы қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бұл кісінің өзі осы әңгімедегі Сарының руына сіңген атадан тарайтын ұрпақ, алайда ол туралы бөлек айтылар.