Орта ғасырларда Үрімжі өңірінде юйлүң (Ұрым) атты түркі тайпасы өмір сүрген және Үлнтай (Үрімтай) деген қала болған. Үрімжі деген атау сол Үрімтай деген сөзден шыққан дейтін жорамал бар
Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Республикасына сапарымыздың сәті түсті. Жылдың аяғы, желтоқсанның орта шенінде көрші елге деген рұқсатымыз дайындалып, қолға тиісімен «Үрімжі, қайдасың?» деп тартып отырдым.
Астанадан ұшып шыққан әуе кемесі екі жарым сағат уақытты артқа тастап, қалың қою бұлтты қақ жарып барып тақтайдай қара жолға келіп бауырын жазды. Бұл – мұзы қатып, әр жерінен бір тазаланған Астананың әуежайындай емес, қара жоны қарқарадай төбеден көрінген Үрімжі шаһарының әуежай тұрағы екен. Жолай танысқан Мұратхан есімді қытай қазағы барынша елпілдеп, біздің жағдаймызға қарасып, айтар сөзіміз де жарасып-ақ тұрды.
Айшық қанатты айырплан сәтті қонған соң қалаға беттер ауыздан бұрын танып білмеген «жаңа» туыстарым қарсы алды. Іле қазақ автономиялық облысының Тас жолы басқармасының бастығы Жанат аға Төлеухан алдымен амандасып, құшақ айқастырды. Сосын өзге жандарды таныстыра жүріп табыстырды да. Бішкектен қонған ұшақтан соңғы бізді көрген ағайын қара тон, құлақшын секілді қалың киімімізге қарап, «дәу де болса, осы астаналық» деп топшылаған екен және онысы да дәл шығыпты. Қош, Мерей бауыр тізгіндеген Djeep көлігі орнына лыпып қозғалып, қаланы жүзіп келеді.
Үрімжіге, жалпы осы Қытай еліне сапарымыз туындауының ерекше мәні бар. Өзім дүниеге келген қасиетті мекен Тарбағатайдың әйгілі Шілікті жазығында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қоңыр есімді адам ғұмыр кешкен. Бала кезімізде үлкендерден әр қилы әңгімелер естіп жүргеніміз бар, кейінгі оқыған жылдары көңілге осындай баяндарды көңілге тоқып жүргеніміз бар – бәрінің басын қосып «Халқына қамқор болған Қоңыр қажы» атты мақала жазып жариялаған едім. Кейін осы материалымды төте жазу үлгісіне түсіргендіктен, шекараның арғы бетіндегі ағайынның да көз тоқтатып оқуына мүмкіндік туған. Осындай орайлы сәттердің бірінде аталған жарияланыммен Қоңыр қажы қазіргі ұрпақтары таныс болып, ақырында оның авторы – мені шақырып алып танысу ниеті туындайды. Бары осы.
Жанат аға Төлеухан өзінің қол астында қызмет ететін Сержан Әубәкірге қойған шарты бойынша, ол Қазақстанға жасаған сапарында Қоңыр атасы туралы жазып жүрген адамды іздестіріп сұрастырады. «Сұрай-сұрай Меккені де табасың» дегендей, туған інісі, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін музейінің ғылыми қызметкері Ғалым Қасымханмен таныстығым бар еді, осылай табыла кетпесім бар ма. Қош, сонымен Ғалым шыға алмай, маған бұйырған сапарда осылай Үрімжіні көз көрді.
Қаланың қақ жарып келе жатқан көлікте сөз иесі Жанат Төлеуханұлы болды. Өзімнің жайымды қысқаша сұрастырған ол кісі қажы атасы, ол туралы деректер мен қазіргі ұрпақтары жайында, ара-тұра қала көшелерін де таныстырып отырды.
Табанымыз алғаш тиген Үрімжі расында да таңғалдырарлық сәулетті қала екен. Орналасуы алабөтен шаһардың тіршілігі де тоқтаусыз. Қыбырлаған халық, жыбырлаған жан. Екі қапталын ала сұлап жатқан таулар тізбегі қаланың бауырына басып әлдилеп жатқандай. Бес қабатты көпірлерінде кептелісі аздау келетін самсаған көлік атаулы еш кедергісіз жылжиды. Бұл көпірлердің ең жоғарғысы 10-15 қабатты үйлердің тұсында тұрғанда әлдебір кинолардағы кадрлардың елестейтіні анық енді. Үш миллионнан астам халық тұратын һәм екі шетін тарғыл таулар қоршаған алып шәр бейне топан су кезіндегі Нұқ пайғамбардың кемесіндей әсер етеді.
Қаланың тарихы туралы аз-маз деректі ұшардың алдында уикипедиядан қарап шыққанмын. «Орта ғасырларда Үрімжі өңірінде юйлүң (Ұрым) атты түркі тайпасы өмір сүрген және Үлнтай (Үрімтай) деген қала болған. Үрімжі деген атау сол Үрімтай деген сөзден шыққан дейтін жорамал бар» деп топшыланады екен. Ал кейбір ғалымдар Үрімжі моңғол тілінде «Көркем жайлау» дегенді білдіреді дегенде тоқтам салады. ХVІ ғасырларда моңғолдың ойрат тайпасы шығыстан ауып келіп, Үрімжі өңіріне қоныстанды. 1755-57 жылдары Цинь патшалығы Әмірсананың сорына туған Жоңғар хандығын жойып, 1759 жылы бүкіл Шығыс Түркістанды бағындырып, осы өңірге өз билігін жүргізе бастайды. 1763 жылы Цинь патшалығы қаланың қазіргі орталық бөлігінде Хүң шань (қазақтар «Қызылтау» деп атайды) маңынан қала-қорған салып, атауын «Ди хуа» (ақыл көзін ашу, ағарту және келтіру деген мағынада) деп қояды». Осы деректердегі Ди хуа атауын қайта-қайта айтып отырсам керек, жолбасшы ағалар «сен өзің де қаланы біледі екенсің ғой» деп бір күлдірді.
Қала құрылысы ХVIII ғасырдың соңынан бастап үздіксіз салынады. Атадан артық туған біздің хан Абылайдың кезінде Цинь өкіметімен келісім жасалып, 1758 жылы Үрімжіден қазақтар сауда жасайтын арнайы базар ашылады. Осы жылы Ханбатыр – Қабанбайдың інісі Түметей мен баласы Едіге екеуі 380 жылқы айдап апарып, сауда жасаған. Бірақ атақ Қабанбайда қалды. 1884 жыдан бастап Шыңжаң өлкесінің орталығы болып бекітілген Ди хуа бекінісінің халқы көбейіп, қала құрылысы жандана бастайды. Үрімжінің қала мәртебесіне ие болған жылы – 1945. Ал 1955 жылдан Үрімжі шаһары Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Республикасының орталығы болып белгіленеді.
Осы жерден қала тарихы туралы әңгімемізді үзе отырып, сапарымыздың жайын қозғайық. Жеке әрі туристік мақсатты көздеген сапарымыздың тәртібі де еркіндеу болды. Сондықтан онда танысқан ағаларымыз туралы өз ойымды да еркін білдірсем деймін. Бірер жазған дүниемізді қарап, аттай қалап шақырып алдырған Жанат Төлеуханұлы Әбілғазы – жас шағында ішкі Қытайдың ірі қалаларында оқып, бүкіл білімді ханзу тілінде алғанымен, өз тілінің қадіріне жете білген жан. Орыс арасында ұшқыш-сынақшы болып көп жүрген өзіміздің Тоқтар Әубәкіров секілді ендігі сәтте ана тілінің ұңғыл-шұңғылына үңіліп жүрген намысты азамат екен деп таңырқадым. Қазақ ақындарының жырларын жатқа оқып, кейбір шақтарда тілі ханзушалап кетсе де, именбейтіндігі үлгі ғой. Бұл бір жағынан ұлттық намыстың ұшқыны. Қазіргі кезде Іле қазақ автономиялық облысының тас жолы басқармасын басқаратын білікті маман Ж. Төлеухан – Қытайдың Шыңжаң аймағы бойынша ең үздік он инженердің бірі болған санаулы қазақ. Тіпті әзірге жалқы қазақ десек те болады. 1450-ге жуық қызметкері бар алып мекеме аздаған жылдар ішінде 8 мыңнан астам жол салып, 60-қа таман көпір дайындаған іргелі ұйым болып саналады екен. Осындай ештеңемен таңқалдыра алмас, ештеңеге таң қалмас қытай халқының аузын аштырып, көзін жұмдырған мекеменің қаны бір туыс, жаны бір қазақ басқарса, төбең қалай көкке жетпесін?! Менің төбем көкке жетпек түгілі, аяғым жерге тимей келеді.
«Аяғым жерге тиген жоқ» дегеннен шығады, Үрімжі шәрінде болған бес күнде мен қазақтың жақсы-жайсаңдарының үйінде, төрінде қаймағы бұзылмаған салтты, салтпен бірге жаңғырған сананы көрдім. Қонақжай шаңырақ иелерінің алғаусыз ақтарылған ақ тілектері жанымды тебірентіп, сүйегімді балқытты. Ойыны мен күлкісі шақырған, қағытпа қалжыңы мен шырқау әндері шалқыған әсем кештердің куәсі болу осындай сәттерде маңдайымызға жазылыпты. Сауыр тауының бойынан ұшқан ата қырандай Ақан аға Бақшайұлы салған көркем әуендер алыстағы балалық шақтардан бастап күллі өмірді көз алдыңнан өткізгендей. Біресе мұңайтады, біресе қуантады, енді бірде жабырқатса, келесіде шаттандырады. Әр түрлі ырғақта орындалған көркем өнер туындыларының тағдыры жайлы сөздер алдымен айтылып, кейін сол шығарма орындалғанда расында да осы бір сәттердің адам өміріндегі ең бір аяулы шақтар екенін түсінгендейсіз. Мазасызданған жүректің емін ән-әуеннен тапқан Ақан Бақшайұлының «Сен менің ақжелкенім», «Жан досым» әндері қандай әуезді болса, сондай тағдырлы шығармалар еді. Досының ауыр сырқаттанып қалғанын естіген ақын Алмас Ахметбекұлы тап сол арада өлең жазып, Ақанды қайрағандай болады. Бұл ән шын мәнінде де сырқат меңдеген досына үміт отын сыйлаған, өмірден түңілдірмеуге шақырған сәтті дүние болып шығады.
Кезекті бір қонақасыда Қытай қазақтары арасындағы атағы зор марқұм тарихшы ағамыз Нығмет Мыңжанидың ізін басқан жазушы-этнограф Жақып аға Мырзаханмен (суретте) танысып сұхбат алуға келістім әрі оным ойдағыдай жүзеге асты. Сонымен бірге орталық астана Бейжіңде қазақ радиосын ашып, ұйымдастырған қайраткерлердің бірі, танымал диктор Қабыкеш Нартаевпен сөзіміз жарасып қалды. Үш күннен кейінгі шын еркіндікті сезінген сәтте ол кісіні жезде тұтып, әзілдей бастадым. Обалы қане, Қабыкеш жездеміз де сөзге жетік, әзілге жүйрік жан болып шықты. Алдын ала хабарласу арқылы қазақ күресінен Қытайдағы ең мықты жаттықтырушылардың бірі, екінші дәрежелі бапкер, даңқты балуан Айдархан аға Қабдоллаұлының (суретте) Алтай қаласында жатқанын білген едік, алайда ол кісі жақын арада Үрімжіге соғатынын айтып, реті келсе кездесіп сұхбат беретінін жеткізді. Ақын әрі асаба ретінде аймақтан асып, өлкеге, республикаға аты шыққан «Азия кіндігі» газетінің тілшісі, редакторы, бәріміз білетін Ауыт Мұқибектің досы Жаңатай Қабдыкерімұлымен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелестім. Байқасаңыз, әр түрлі саланың үздіктерімен жолымыз түйісіп жатыр екен. Дәтке қуат, құдайға тоба дедім.
Осылайша қазіргі нән шаһардың Ди хуа бөлігін шиырлай-шиырлай, әсіресе Қызылтаудың жанап өтіп ары-бері жүргенімізбен, тарихи орындар мәдениет орталықтарын, музейлер мен театрларға, көрші кабинеттен сұрау салған Асылбек Байтанұлының сыбызғышы қазақтарына баруға уақытым жетпеді. Десе де «ат баспаймын деген жерін үш басады» дегендей, алда өміріміз барда Үрімжіге қайта соғуға көкіректе сенім бекіді. Бұдан да басқа Шәуешек пен Қарамай, Құлжа мен Қобықтан келген ағайынмен де ат-жөн сұрасып, алғаусыз дидарластым. Тіпті өзімнің Сарыөлеңімде туып, Жуңго елінде кәсіп қылып жүрген Аян аға да ыстық маған. Ақырында «кел демек бар, кет демек жоқ» дегендей, мерзімді уақыт таяп, елге қайтатын сәтте тауып алған туыстарыммен қимай-қимай қоштасуға тура келді.
Қош, Үрімжі!
Қайта айналып көргенше!
Заңғар КӘРІМХАН
Астана-Үрімжі-Астана
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)