Абай тойы – халық тойы
10.08.2015 2351
Абайдың 170 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысында ауқымды көлемде той аталып өтті. Салтанатты іс-шара екі күнге созылды.

Бұдан 20 жыл бұрын ұлы ақынның 150 жылдығы тойы ЮНЕСКО шеңберінде тойланғаны баршаға белгілі. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиынды сөз сөйлеп: «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп», – деген болатын. 

Тойдың алғашқы күні, яғни 6 тамызда ұлт тарихының куәсі болған қарт Семей шаһарында «Абай және әлемдік өркениет» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Еліміздегі абайтанушы ғалымдар мен интеллигенция өкілдері қатысқан игі шарада ұлы Абайдың әлемдік өркениетке қосқан үлесі, ұлт тарихындағы елеулі орны жайлы толғайтын баяндамаларға кезек берілді. 

Жиылған қауымның бір тобы осы ғылыми шараға қатысса, екінші бір тобына қала ішіндегі бірнеше музейді аралату, таныстыру мақсатымен мәдени серуен ұйымдастырылды. 

Ұлы Абайдың тойында «Абай әлемі» атты жаңа онлайн-энциклопедияның ашылуы жаңалық болды. Жаңадан ашылған сайт Абай шығармашылығының толық қамтылғанымен ерекшеленеді. Мұнда сонымен қатар Абай туралы естеліктер топтастырылып, абайтану ілімінің негізін қалаған Әуезовтен бастап қазіргі зерттеушілердің еңбектері енгізілген. Сондай-ақ ұлы ақынның бейнесі мен ол туралы бейнекөріністер топтамасы да жарияланып отыр. Онлайн-энциклопедия Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жеке қаржысына әзірленген. 

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайына той қарсаңында арнайы келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова музей экспозициясымен танысты. Лауазымды тұлға музей залдарында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы экскурсия тыңдап, ақын қолының табы қалған түпнұсқа жәдігерлер мен өмір сүрген дәуірін, оның қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағат құжаттарымен, тарихи фотосуреттермен, сирек басылымдармен танысып, үлкен қызығушылық білдірді. Семейдегі Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абай» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. 

Абай тойының екінші күнінде «Бөрілі-Жидебай» мұражай үйіне, Құнанбай қажы әулеті жатқан қорымға және «Еңлік – Кебек» ескерткішіне сапар ұйымдастырылды. Киелі жерлерге тағзым етіліп, музейлер таныстырылды. 

Абай ауданының орталығы Қарауылда Абылай заманының батыры, қазақтың қорғаны болған Мамай батырға еңселі ескерткіш ашылды. Ойраттармен болған шайқастарда көзге түсіп, үлкен даңққа кенелген батыр ерлігі ұрпаққа үлгі. 

Абай елі Қарауыл төрінде ұлы перзентінің есімін ардақтап, құрмет тұтты. «Абай тойы  – халық тойы» деген атпен театрландырылған көрініс болды, ат шаптырып, бәйге ұйымдыстырылды. Балуандар арысқа түсіп белдессе, айтыс ақындары жырдан шашу шашты. Сөйтіп ұлы Абай тойы өз елінде, шығыс жерінде дүркіреп өтті.

Мақалада жарияланған фотосуреттер Жандос Әубәкірдің, Қуанышбек Қаридың және Максим Рожинның әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды.