Тарих және кино
07.08.2015 4530
Қазақ киносының тарихында тарихи жанрдағы кинолар көп түсірілген. Әр он жылдық сайын кемінде 5-6 фильм түсірілсе, оның 2-3-еуі халық сұранысына сай ескірмей, жаңғырып отырады

Қазақ киносының тарихында фильм алғаш рет 1925 жылы түсірілді. 1928 жылы РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан «Востокфильм» кино қоғамы құрылды да, бір жылдан соң оның өндірістік бөлімі Алматыда ашылды. 

Режиссер В.А. Турин сол уақыттағы ең маңызды тарихи оқиға Түркістан – Сібір темір жолы магистралінің құрылысы жайлы «Түрксіб» атты деректі фильмін түсірді. Ал 1934 жылы Алматыда «Советтік Қазақстан» киножурналын үзбей шығарылып, республикалық киношежіре студиясы құрылды. Осыдан кейін қазақ киносы жаңа өркендеу жолына түсті. 

Қазақтың алғашқы киносы – «Амангелді» көркем фильмі. 1938 жылы түсірілген бұл фильмнің режиссері М.З. Левин. Әйгілі қазақ жазушылары Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, т.б. осы тарихи киноның басы-қасында болады. Халық батыры Амангелді образын артист Елубай Өмірзақов сомдаған. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орталық киностудиялардың бөлімшелерінің Алматыда ашылуы қазақ киносының дамуына ерекше әсерін тигізген. 1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежіреліқ фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм» деп өзгертілді) деп аталды. 

Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Осылардың ішінде қазақ тарихына қатысты, тарихи жанрда да көптеген фильмдер жарыққа шықты. Айталық, 1968 жылы қырғыз режиссері Болат Шамшиев «Қараш-қараш оқиғасын» түсірді. Өз кегін, халық кегін қуған Бақтығұлдың өмірі жайлы бұл фильм аса жоғары бағаланып, қазірдің өзінде-де көрерменнің сүйікті киносына айналды. 

1970 жылдардың ішінде ұлы режиссер Шәкен Айманов «Атаманның ақыры», Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек», Болат Мансұров «Құлагер», Элдар Оразбаев «Транссібір экспрессі» фильмдерін түсірген. 

Ал 80 жылдары шыққан «Суыт жортқан жаушылар» көркем фильмінің режиссері – Әзірбайжан Мәмбетов. Жазушы Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романының желісімен түсірілген кино Қазақ елінің Ресей империясына өз еркімен қосылуына 250 жыл толуына орай шығарылған. Қазақ пен ойрат шапқыншылығы кезін суреттейтін бұл картинада орыстың қолтығынан пана тапқанын сүйіншілей жариялайды. Қазіргі кезде идеялық, тақырыптық жағынан осалдығы білінсе де, ондағы тарихи бейнелер: Қабанбай, Бөгенбай, Кенже батырлардың көркем бейнесі бар. 

Амангелді Тәжібаевтың «Ақырғы аманат» фильмі Жетісу өңіріндегі жағдайларды: қазақ байлары мен батырларының тағдырын, теміржол тарту мәселесіне қалай қарайтынын, сатқындық жасаған ел билеушілерінің бейнесін экрандайды. Ораз мерген бір топ жасағымен шойын жолдың орнауына, оларды іске асыратын советтік өкілдердің шаруасына кедергі келтіреді. Байларды өз жағына тартып, қолдау күтеді, алайда іс басқаша сипат алып, фильмнің соңында ел қамқоры мезгілсіз қаза табады. 

1990 жылдардағы тоқырауда қазақ киносы тоқтамады: бұл лекте тарихи туындылар деп Аяған Шәжімбай түсірген «Жансебіл» картинасын, Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуін», Болат Шәріптің «Заманай» көркем фильмдерін жатқызамыз. «Жансебілде» репрессиядан азап көрген қазақ жігітінің орыс деревьнясында қалған тағдыры, арманы айтылса, «Отырардың күйреуінде» Отырар қаласының Шыңғысхан әскерінен қорғау кезіндегі жанқиярлық ерлігі баяндалады. Ал «Заманайда» қазақ жерінен еріксіз қоныс аударған бай, ауқатты шаңырақтың араға уақыт салып, атамекенге қайта оралуын көрсетеді. 

Сонымен қатар тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде 2000 жылдардан бергі картиналар: Талғат Теменовтің «Көшпенділері», Болат Қалымбетовтың «Сардары», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» қазақ киносының жаңа дәуірін бастап тұр. Тарихи сананы қалыптастыру ісінде бұл туындылардың да үлесі мол. 

Тарихи тұлғаларға қатысты қазақ киносының бір шоғыры: «Абай әндері» (1945, реж. Г. Рошаль, Е. Арон), «Қыз Жібек» (1970, реж. С. Қожықов), «Шоқан» (1984, реж. А. Әшімов, 4 сериялы) «Біржан сал» (2009, реж. Р. Әлпиев, Д. Жолжақсынов), «Сұлтан Бейбарыс» (1989, реж. Б. Мансұров), Назарбаевтың өмірі туралы «Балалық шағымның аспаны», «Теміртау: отты өзен», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері (2010-2015, реж. Р. Әбдірәшев), «Құнанбай» (2015, реж. Д. Жолжақсынов).  

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН