ҚР ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ: 25 ЖЫЛ – 25 СУРЕТ
21.12.2016 3697
National Digital History of Kazakhstan порталы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай әрбір өткен жылға тарихи шолу жасайды. Тарихи фотосуреттер шеруі қысқаша маңызды мәтінді айшықтай түседі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1991-інші жыл

1991-інші жылдың 16 желтоқсанында Жоғары Кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұл – ғасырлар бойы азаттық күткен халықтың ең үлкен тілегі, қуанышы еді. ал одан 15 күн бұрын қазақстандықтар тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлауда ел президенті деп Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. 10 желтоқсандағы ұлықтау салтанатынан кейін президент Қазақ ССР-ін Қазақстан Республикасы етіп өзгерту туралы заңға қол қойды.

1992-інші жыл

1992-інші жылы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы мен Мемлекеттік Туы туралы алғашқы заңдарға қол қойылды, ал 6 маусымда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында республиканың жаңа мемлекеттік рәміздеріне арналған салтанатты рәсім өтті.

1993-інші жыл

1993-інші жыл – еліміз үшін ұлттық валютаның шығумен ерекше қалады. Жаңа сана, тарихқа бетбұрыстар кезеңінде қағаз ақшаларда да тарихи тұлғалардың бейнесі, тарихы ескерткіштердің суреті басылып шығарылды. Ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған адам – сол кездегі ҚР Жоғары кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов.

1994-інші жыл

1994-інші жылы Қазақстан диплматиялық корпусы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызды жыл болды. 26 сәуір Қазақстан мен Қытай өз мемлекеттік шекараларын картада белгілейді. Алматыда бұл туралы арнайы келісімге президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Пэн қол қояды. Қазақ-қытай шекарасын шегендеуді осылай бастаған бастама талмас қажырлылықты талап ете отырып, 1999 -ыншы жылдары соңғы нүктесін қойдырды.

1995-інші жыл

1995-інші жылы елімізде ұлы ақын, философ, композитор Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Жыл бойы өткізілген шаралар балалардың көше суреттері, шахмат ойындарынан бастап Абай шыңына дейін көтерілумен айшықталды. Ең негізгі той тамыздың 7-і мен 12-і аралығында Алматы мен Семейде өтті. Азаттықтың алтын буымен жеткен еркіндіктің алғашқы жылдарында ұлы тұлғаларға деген құрмет айрықша білінді. Абай тойына әлемнің 25 елінен мемлекет басшылары мен премьер-министрлер бастаған құрметті қонақтар келіп қатысты.

1996-ыншы жыл

Қазақстан халқының алғаш рет Шанхай ұйымы туралы ести бастайтын жылы осы. 26 сәуір күні Шанхайда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан шекара аймағындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісімге қол қойылады. Қытайдағы бұл кездесу болашақ Шанхай ынтымақтастығы ұйымының (ШЫҰ) негізін қалады, бірақ ұйымның бұндай атауы тек 2001-інші жылы, осы ұйымға алтыншы ел – Өзбекстан қабылданған соң ғана қолданысқа енген.

1997-інші жыл

Тәуелсіздік тарихында 1997-інші жылдың да алар орны ерекше. Осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын.

1998-інші жыл

1998-інші жылы Астанада қазақ халқының әйгілі үш биі – қаз дауысты Қазыбек би, Төле би және Әйтеке биге ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткішті тұрғызудағы мақсат:  ақыл-парасат пен және әділдікке жүгінетін құқықтық мемлекет ретінде көріне бастаған Қазақстанның атын әйгілей түсу, тарихи тұлғалар тағылымын ұрпақ жадында сақтау

1999-ыншы жыл

1999-ыншы жылы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде партиялардың құрылу жұмыстары белсенді түрде жүре бастады. Бір жыл бұрынғы заңнамаға жаңадан енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді парламентке партиялық тізім бойынша да өту тәртібі белгіленген. 1999-ыншы жылы қаңтарда «Отан» партиясы құрылды. Наурыз айында алғашқы құрылтай жиынын өткізген саяси ұйым партияның басшысы және рухани көсемі – президент Нұрсұлтан Назарбаев деп жариялады.

2000-ыншы жыл    

2000-ыншы жылғы  Сидней Олимпиадасы ойындарында үш алтын (Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбрайымов, Ольга Шишигина) төрт күміс (Болат Жұмаділов, Мұхтархан Дәлдабеков, Александр Винокуров, Ислам Байрамуков)  алып, командалық есепте 199 елдің ішінен 22-інші орын алды.

2001-інші жыл

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл. Аса маңызды датаға байланысты халықаралық дәрежеде іс-шаралар атқарылды. ХХІ ғасыр техника ғасыры болғандықтан, Қазақстан бұл сала бойынша да өзіндік даму жолын айқындай түсті. Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Республиканың газ саласының 2015-інші жылға дейінгі даму тұжырымдамасының жобасы талқынып, Қазақстан әлемде өндірген газ саласы бойынша 15, ТМД елдері арасында 4-інші орын алатыны жарияланды.

(Жалғасы бар...)

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)