Алғашқы ұлықтау және инаугурациялар тарихы
09.12.2016 2612
Ескі ғасырдың соңында, яғни 1991 жылғы 1 желтоқсан күні ҚазССР-нің Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанаты 10 желтоқсан күні алғаш рет өткізілді. Биыл тарихи датаға 25 жыл

Мемлекет басшысының мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін салтанатты рәсімді әлем тілдерінде инаугурация деп атайды. Инаугурация латынша іnauguro – арнаймын; ағылшынша іnauguratіon – қызметке кірісу деген мағынаны береді. Президенттерді жаңа заманғы ұлықтау рәсімдері АҚШ алғашқы президенті Джордж Вашингтонның есімімен байланысты дейді рәмізтанушы ғалым Ербол Шаймерденов. АҚШ-тың тұңғыш президентінің инаугурациясы 1789 жылдың 30 сәуірінде өткен екен. Бұл бір жағынан ел басына жаңа басшының келгенін әйгілесе, екінші жағынан әлем картасында жаңа мемлекеттің пайда болғанын айғақтайды.

Ал ескі ғасырдың соңында, яғни 1991 жылғы 1 желтоқсан күні ҚазССР-нің Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанаты 10 желтоқсан күні алғаш рет өткізілді. Биыл тарихи датаға 25 жыл. Алматыдағы Республика сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Егемендік декларациясы қабылданып, тәуелсіздікті енді алайын деп тұрған елдің туы астында, Конституцияға қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге салтанатты түрде ант берді. Қазақ президентін ұлықтаудың шетелдік инаугурациялардан біраз ерекшелігі бар: онда ұлттық дәстүрлер пайдаланылып, Елбасы аяғының астына ақ киіз төселген. Осынау шара барысында ауызы дуалы халық ақыны Шәкір Әбенов тұңғыш Президентке бата беріп, дәстүрлі ұлттық киім кигізді.

Қазақстандағы алғашқы президенттік инаугура­ция өтпелі кезеңге тұспа-тұс келсе де, халық санасындағы тарихи танымға деген құрметі, әсіресе билік жүйесіндегі азаматтардың ұлттық көзқарастары күшті еді.

Қазақ тарихындағы хан көтеру дәстүрі

Қазақтың ата-бабаларынан мирас болып сақталып келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі де осы ұлықтау. Ежелгі дәуірлерде «хан көтеру», «хан ұлықтау» деген шаралар осы елдің билігіне келген қайраткер адамды тану, оның халыққа адалдығын ишаралайтын нысан іспетті. Белгілі рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің мақалаларында қазақ хандарын ұлықтау мәселесінен, тарихынан да сөз қозғайды.  «...Жаңа ел билеуші есімі біржолата анықталған соң, ұлықтау рәсімі басталады. Бұл ресми рәсім әдетте «хан көтеру», «ханды таққа отырғызу» және «хан тойы» (ұлыс тойы) деп аталатын үлкен үш бөлімнен тұрған. Алғашқы бөлімде сайлау қорытындысы белгілі болған соң-ақ іле-шала жаңа ханды ақ киізге көтеріп, ел-жұрттан сүйінші сұрау рәсімі атқарылатын. Ұлыстың ұлы жаңалығы осылайша жария етіліп, мемлекеттің түкпір-түкпіріне, көрші-қолаң елдерге жаушылар аттандырылатын. Ел жаңа билеуші үшін Жаратқанға жалбарынып, ақсарбас атайтын».

Бұдан кейінгі рәсім ретінде «Хан тағына отырғызу» шарасы да үлкен салтанатпен атап өтілетін болған. Бұл салтанатта сарай төріне ел туы (хан байрағы), алтын тақ, хан мұрағы (тәж), ханның қамқа тоны мен аса таяғы тәрізді билік нышандары орналастырылады да, елдің ең беделді тұлғалары жиынды ашып, жаңа билеушіге қамқа тон, мұрақ кигізіп, алтын таққа отырғызып, қолына биліктің басты белгісі – аса таяқ ұстату жораларын атқарады. Кейін ан беру рәсімі жасалып, абыз адамдардың батасын алады.

«Ұлықтаудың үшінші кезеңі – ханды бар сән-салтанатымен ақбоз арғымаққа отырғызып, құрметтеуші нөкерлерінің ортасында қалың көпшілік алдына алып шығарудан басталады. Сөйтіп, қырық күнге созылатын ұлыстың ұлы мейрамы – «хан тойы» («ұлыс тойы») қызып береді. «Хан талапай» жасалып, хан көтерілген айпара ақ киіз бен оның бұрын киген киімдері киелі мүлік ретінде қыл үстінде бөлініп, таратылады» деп жазады Е. Шаймерденов. Дүние-мүлік тәбәрік ретінде таратылып алынған соң, салтанатты шаралар хан тойына ұласып, ән мен күй жарысы, бәйге мен айтыс, күш пен байлық сынасудың небір ғажап үлгісі осы салтанатта жарқырап ашылатын болған. Атақты батырлар мен байлардың, би-шешендердің, талантты жас есімдердің даңқы кең далаға жайылып жататын кез бұл.

Қазақ Ордасы тәуелсіздігінен айырылып, Ресей империясының боданына айналғаннан кейін хандық билік жойылды. Дәстүрлі билік жүйесі бұзылып, мүлде жат салт-сана орныққандықтан ұлықтау түгілі, хан деп атаудың өзі тағдырды өзгертуге себепші болатын күнге тап келді. Ал Совет одағы тұсында мемлекет басшысының қызметке кірісуін салтанатпен ұлықтау дәстүрі болған жоқ. 

Елбасы инаугурацияларының тарихы

1991 жылдың 10 желтоқсанында алғашқы ұлықтау салтанатына қатысқан Елбасы – ел тарихындағы бесінші инаугурациясын өткізген бірден-бір басшы.

Екінші сайлау 1999 жылы 10 қаңтарда өтіп, онда жоғары сенім мандаты  Н. Назарбаевқа тапсырылды. Президентті ұлықтау салтанаты  сол жылы еліміздің жаңа елордасы – Астана қаласында өтті.

Қазақстанда 2005 жылғы 4 желтоқсанда үшінші жалпыхалықтық президенттік сайлау өтіп, оның нәтижесі бойынша да Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз атанды. Ұлықтау салтанаты 2006 жылдың 11 қаңтарында жаңа Ақордада өтті.

Бұдан кейін 2011 жылы сайлауда да халық сенімі тағы Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырылды, ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өткен еді.

Ал 2015 жылдың 24 сәуірінде бесінші мәрте ұлықтау салтанаты өткізілді.

Инаугурация тәртібі мен жөн-жосығы

Ұлықтау салтанатын өткізудің өз тәртібі бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 16 шілдедегі №173 Жарлығына біраз өзгеріс пен толықтырулар енгізілген. Ұлықтауға дейінгі дайындық іс-шаралары сайланған Республика Президентін тіркегеннен кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімін дайындау мен өткізудің іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. 

Салтанаттың басталғаны туралы диктор хабарлайды. Содан кейін мерекелік фанфарлар шырқалады. Республикалық ұланның әскери қызметшілерінің шерулік топтары марш әуенімен ұлықтау өткізілетін орынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі. 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі деп хабарлайды.

Сайланған Республика Президенті Қазақстан халқына ант берген кезде Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, мемлекеттік тілде Конституцияда белгіленген анттың мынадай мәтінін оқиды: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін». 

Ант берілгеннен кейін қызметіне кіріскен Республика Президенті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына келіп, оны сүйеді. Содан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні орындалады. Президенттің «Ақорда» Резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтеріледі. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өткен сайлау қорытындылары бойынша сайланған Қазақстан Республикасының Президентіне сөз арнайды және оған Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін, омырауға тағатын белгісін, байрағын және «Алтын қыран» орденін тапсырады. 

Егер бір тұлға Республика Президенті болып екінші өкілеттік мерзіміне сайланған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің омырауға тағатын белгісі, байрағы және «Алтын қыран» ордені оған қайталап тапсырылмайды. 

Қызметіне кіріскен Қазақстан Республикасының Президенті сөз сөйлеп, ол аяқталған соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің рапортын қабылдайды. Республика Президенті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің шерулік топтарына ықылас білдіреді. Қызметіне кіріскен Қазақстан Республикасы Президентінің алдынан Қарулы Күштер әскерлерінің түрлері мен тектерінің шерулік топтары салтанатты маршпен құрмет көрсетіп өтеді. Ұлықтау салтанаты артиллериядан дүркіндете атумен қошеметтеліп тұрады. Ұлықтаудың аяқталғаны туралы диктор хабарлайды».

Қазақстан Республикасының Конституция­сына жазылғандай, Қазақстан Президенті – халықтың бірлігі мен елдегі мемлекеттік биліктің символы. Әрі кепілі де. Бұл ұлықтау рәсімін айрықша атап өткеннкен кейінгі туындайтын Қазақстан Республи­касы Президентінің аса жоғары лауазымды қызметіне кірісуіне арналған ресми салтанаттың маңызы зор екендігін білдіреді.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)