Қазақстанда шағын қалалардың қалыптасуы
02.12.2016 4444
ХХ ғасырдың ортасында өнеркәсіп саласының қарқындап дамуына байланысты елімізде шағын қалалардың саны артты, нәтижесінде халықтың да саны көбейіп отырықшылыққа толық бет бұрды

Шағын қалалардың пайда болуы Қазақстанда өнеркәсіп саласының базасына байланысты қалыптасты. Өнеркәсіп орындарының пайда болуымен елді мекендер мен шағын қалалар құрылып, тұрғындар саны 20 мыңға дейін жетті. 1959 жылы Бүкілодақтық есеп бойынша 43 шағын қаланың тұрғынын қосқанда 50 мыңнан асқан емес. Оның ішінде 15%-ы қалалық тұрғындар болды. 1989 жылы олардың саны 51-ден 84-ке артты. 

Қазақстан аумағында шағын қалалардың орналасуы мынадай түрде орын алды. Батыс Қазақстан өңірінде шағын қалалар көбінесе Ақтөбе облысында орналасты. 1939 жылы Ақтөбеде үш қалаға мәртебе берілді: Ақтөбе, Шалқар,Темір және де Алға, Ембі, Шұбарқұдық секілді қала типтес елдімекендер. 1959 жылы тағы да қала типтес үш елдімекен құрылды, олар: Қандыағаш, Хромтау, Батамшы. Гурьев (Атырау) облысында екі қала болды – Гурбьев, Форт-Шевченко, оған қарасты Балықшы, Доссор, Мақат, Индербор және соңынан қосылған мұнайлы поселке: ол – Құлсары.

Бұрынғы Орал облысында қалалар жүйесі 1939 жылдан бастау алады, Оралдың өзінен, тек қана 1959 жылы қала типтес Қазақстан елдімекені құрылды. Бір сөзбен айтқанда Батыс Қазақстанда 1959 жылы шағын қалалар шоғыры пайда болды, дегенмен жалпы ел бойынша алғанда қалалану көрсеткіші жоғары деңгейге жетпеді. 

Шығыс Қазақстан өңірінде қалаландыру ісі жоғары қарқынмен жүзеге асты, қалалардың пайда болуымен қатар дамуы да қатар жүрді. 1959 жылы ШҚО 6 қала болды: Өскемен, Лениногор, Зыряновск, Зайсан, Семей және Аягөз. Одан өзге сол жылы қала типтес Серебрянка, Белоусовка, Верхнеберезовский, Атасу, Қаражал, Ақтоғай және тт.б. қосылды. Бұл қалалардың пайда болуы шығыс өңірдің өнеркәсібімен тығыз байланысты. 

1959 жылы республика бойынша кенттену ілгерілеген аймақтың бірі – Орталық Қазақстан. Орталықта 6 қала, оның ішіндегі ең ірісі Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалалары болды. Қарағанды Алматыдан кейінгі халық тығыз орналасқан қала ретінде танылды.  

Ал Солтүстік өңірге келсек, бұл аймақтың тамырына қан жүгірткен кезең тың игеру еді, сондықтан да ауыл шаруашылығы бағытында құрылған елді мекендер саны жыл сайын өсіп отырды. Оған дәлел ретінде 1939 жылмен салыстырғанда 1959 жылы қала типтес елді мекендер саны 20-ға дейін артқанын айтуымыз керек. Оның ішінде СҚО мен Целиноград облысында, атап айтар болсақ, Булаево, Мамлют, Смирновск, Алексеевка, Жетіқара, Есіл, Шортанды, т.б. кіреді. 

Оңтүстік Қазақстан өңірінің өзіндік ерекшелігі немесе тарихи қалыптасуына сай аймақта қалалар мен елді мекендер жүйесі барынша күшті дамыған. Пайдалы қазбалар, өндіріс орындарының орталығы болған Алматы Жетісай, Шымкент, Текелі, т.б. атауға болады. 

1959 жылғы деректер бойынша Қазақстан шағын қалалардың тарихи қалыптасуы осындай. Уақыт өте келе ірі қалалардың саны арта түсті. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, 1960 жылы Шу, Ақтоғай, 1961 жылы Абай, Алға, Үштөбе, Шемонаиха, 1962 жылы Серебрянка, Красноармейск қала типтес елді мекендері құрылды. 

60-ыншы жылдардың басында Солтүстік Қазақстанда қалалардың саны мен құрылымы бойынша өзгеріс орын алып, ілгерілеушілік байқалды. Солтүстік өңірде салыстырмалы түрде қалалардың қалыптасуы 3 есеге, қала тұрғындарының саны 10 есеге өсті. Көп қалаларда 60-ыншы жылдардың ортасында тұрғындар саны 8 мың мен 14 мың арасында болды, ал Құсмұрын, Ақсу секілді қала тұрғындарының саны 17-20 мыңға дейін өсті. Елді мекендердің ішінде шағын қалаларға қарастылары да болды және сонымен қатар 2-3 мың ғана тұрғыны бар кенттер де болды.

Шағын қалалардың өркендеуіне бірден-бір себеп – өнеркәсіппен қатар тың игеру, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуы, осы тұрғыда теміржол желісі, элеватор, автобаза, мұнай базасы, зауыттар мен фабрика, цехтар орналасқан жерлерде қалалық импульс жоғары деңгейде ұйымдастырылуы. 

Қазақстанда алғаш ауыл шаруашылығы аудандары соғыс басталмай тұрып Түріксіб теміржолы бойында, бұлар Булаево, Мамлют, кейінірек Смирново, Красноармейск, Макинск қарқынды дамуға құлаш ұрды. Ауыл шаруашылығының өрістеуінен халықтың қоныс аударуы мен орналасуы артып, кенттер саны жыл сайын өсіп отырды. Мысалы, Красноармейск, Алексеевка, Есіл шағын қалаларына қарасты 12 кент болды. Пайдалы қазбалар мен тау-кен өндірісінің қолға алынып дамуы арқасында өндіріс орталықтары болып саналатын қалалар шоғыры сап түзеді. Осылайша Рудный – темір рудасы, Екібастұз – көмір, Жітіқара – асбест, Арқалық – боксит, Ақсу, Жолымбет, Майқайың, Ақбейіт – алтын мен полиметалл, Арал – тұз өндіру орталықтарына айналды. 

 

60-ыншы жылдары Солтүстік Қазақстанда Екібастұз энергия өндіру желісінде, энергометаллургиялық орталық Ермак (кейін Ақсу қаласы) жаңа қала типі пайда болды. Сонымен қатар Көкшетауда Бурабай, Павлодарда Мойылды демалыс орындары пайда болып, жұртшылықтың игілігіне жарады. Осы секілді қалалық құрылымдар Оңтүстікте, Батыс және Орталық Қазақстанда да (Алматыда – Фабричный, Шымкентте – Кентау, Мырғалым) орналасты. 

Батыс Қазақстанда мұнайлы Ембі, Доссор, Құлсары қала типтес поселкелері аймақтың өндірісі мен халық саны тығыз орналасқан өңір болып саналды. Орталық Қазақстанда 1939 жылы 6 қала (оның ішінде 5-і республикалық маңызы бар) болса, 1960-ыншы жылдардың ортасында бұл көрсеткіш 15-ке дейін өсті. 50-ыншы жылдардың екінші жартысында көмір өндірісі шахталарының қанат жаюына байланысты Саран, Шахтинск, Абай кенді қалалары пайда болды.

1959 жылғы Бүкілодақтық есеп бойынша Қазақстанда барлығы 182 қала, оның 146-ы халық саны 20 мыңға жетпейтін шағын қалалар ретінде тіркелді. Сол кезеңдегі үлкен облыс орталығы болып саналатын Алматының құрамында 15 қала, оның 12-і шағын қала болып өркен жайды. Сол сияқты Жамбыл облысында 12 қала, оның 10-ы шағын қала. 

ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдары шағын қала сандары күрт азайып кетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек 1989-1999 жылдар аралығында халық саны Державинскіде 50%, Курчатов, Жаңатаста 43%, Қаратауда 35%, Қарқаралыда 33%, Степняк, Арқалық, Сергеевка қалаларында 27%, Абайда 25%-ға кеміді. Тұрғындар азайғандықтан Державинск, Ерейментау, Степняк, Жем, Темір, Курчатов, Чарск, Қарқаралы, Қазалы, Форт-Шевченко, Булаево, Мамлют, Сергеевка аталған елді мекендер қала атауы статусынан айырылды. 

Шағын қалалар типтері 

1. Өнеркәсіп өндірісі орталығы болып саналатын 15 қала: көмір өндіру - Екібастұз, Абай, Шахтинск; мұнай мен газ - Жаңаөзен, Құлсары, Ақсай; металлургия - Рудный, Зыряновск, Қаражал, Лисаковск, Арқалық, Хромтау; шикізат көзі ресурстары - Жаңатас, Қаратау, Жітіқара;

2. Өнеркәсіпті өңдеу дамыған орталықтар 9 қала: химия өндірісі - Саран, Алға, Степногорск; металлургия өндірісі - Ақсу; машина жасау, құрылыс, текстиль және азық-түлік өндіріс - Макинск, Ерейментау, Қапшағай, Леңгір, Арал;

3. Ауыл шаруашылығы өндірісі салалары дамыған 19 қала: Ақкөл, Арқалық, Атбасар, Есіл, Степняк, Сарканд, Жаркент, Қаскелең, Үштөбе, Есік, Үшарал, Талғар, Шемонаиха, Зайсан, Булаево, Мамлют, Сергеевка, Тайынша, Жетісай;

4. Электрэнергия өндіруі саласы бойынша екеу: Шардара, Серебрянск;

5. Транспорт өндірісі орталықтары 8 қала: Қандыағаш, Ембі, Шалқар, Аягөз, Шар, Шу, Арыс.

6. Ғылыми эксперименттік орталықтар: Курчатов, Приозёрск, Степногорск;

7. Курорттық қалалар: Сарыағаш, Щучинск, Қарқаралы;

8. Өнеркәсіптік функциялары дамыған: Жем, Темір, Державинск, Текелі, Форт-Шевченко, Қазалы орталықтары болды;

Қазіргі таңда Қазақстанда 50 мыңнан тұрғыны бар 60 шағын қала бар. Оның ішінде 41 әкімшілік орталық болып табылады, қалған 19-ы аудан орталығына жатпайды. 

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі N903 Жарғысына сәйкес шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарламасы әзірленді. Ол бойынша шағын қалалардың әлеуметтік-әл ауқатын көтеру, тұрғындардың жұмыспен қамтумен қатар, қаланың географиялық жағдайына қарай инфрақұрылымын қайта қарап өркендету қолға алынды.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)