Алтын Орда мен Мысыр Мәмлүк мемлекеті
12.06.2020 4516

Алтын Орда мен Мысыр Мәмлүк мемлекеттерінің арасында орын алған байланыстар тарихы өте аз зерттелген. Сонымен бірге, тақырыптың зерттелуіне тоталитарлық жүйе зардаптарының анық кедергі келтіргендігі байқалады. Яғни, марксизм-ленинизм идеологиясына сай бұрмаланып, бір жақты қаралып келді. Отарлау мен тоталитаризм жүйесі тарихымызды шынайлық тұрғысынан зерттеу ісінде төл зерттеушілерге жол бермеумен қоса, өзінің отарлық саясатына сәйкес оны барынша бұрмалап, және сол бұрмаланған күйінде ғылыми айналымға енгізуді бүгінгі таңдағы халқымыздың басына түскен ең үлкен рухани зардаптардың бірі болып табылады.

Алтын Орданың сыртқы саясатында қол жеткізген жетістіктерінің бірі Берке билігі кезеңінен басталған Мысыр мәмлүк мемлекетімен бір жарым ғасырға созылған тұрақты саяси-дипломатиялық байланыстар орнатуы еді. Өзінің тарихи дамуы жағынан да, географиялық орналасуы жағынан да бір-бірінен шалғайда орналасқан мемлекеттердің арасындағы тығыз және ұзаққа созылған одақтасудың сол кезеңдегі әлемдік тарихи маңызы бар оқиғалармен байланысты болғаны күмән тудырмайды. Хронологиялық жағынан да екі мемлекеттің саяси өмірінде болған тарихи оқиғалар арасында параллелизмнің болғаны байқалады: Алтын Ордада Жошының үшінші ұлы, ислам дінін алғаш қабылдаған мемлекеттің көрнекті қайраткер билеушісі болған Берке билікті қолына алып, орталық Қарақорым билігінен тәуелсіз түрде сыртқы саясатын жүргізуге қол жеткізсе, Мысыр жерінде Қыпшақ даласының тумасы Бейбарыс билікті қолына алды және Аббасидтер халифатын қалпына келтірді, Шығыстан төнген моңғол жаулауына, Батыстан төнген крест жорықтарына қарсы тұрып, мұсылман мемлекеттерінің қорғаушысына айналды және Мысыр мемлекетінің шекарасын Сирия, Палестина, Хиджаз, Солтүстік Африка мен Кипр жерлерінің есебінен кеңейтті. Бұл екі державалық мемлекет ұзақ жылдар бойы әскери-саяси альянс құрып, бірқатар факторлар екі мемлекеттің тұрақты байланыс жасауының стимулына айналды.

Саяси тұрғыдан Мысыр мәмлүк мемлекеті мен Алтын Орда арасындағы байланысты екі кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең – 1261-1262 жылдардан басталып, XIV ғасырдың екінші жартысына дейін созылды. Бұл одақтастық Иран жеріндегі моңғол династиялық билігінің негізін қалаған Хулагу әулетіне қарсы бағытталды. Сондай-ақ, бұл жауластық жоғарыда айтып өткеніміздей, Хулагу әулетінің билігінің орнауы мен құлауына дейін жалғасты, тіпті Хулагу әулетінің билігі құлағанына қарамастан, Жәнібек ханның Әзірбайжан жерін жаулап алуымен аяқталды.

Екінші кезең – Алтын Орда ішіндегі саяси дүрбелең аяқталған соң, күллі Жошы ұлысының басын біріктірген Тоқтамыстың билікке келуінен басталып, оның билігінің аяқталуына дейін жалғасты. Бұл жолы екі мемлекет арасындағы саяси байланыстар ортақ жауы Темір агрессиясына қарсы бағытталды.

Мысыр жерінде түрік династиялық билігінің негізін қалаған мәмлүк сұлтандары моңғол әскерлерінің алғашқы жорықтарына күшті тойтарыс бергенімен, алдағы уақытта бұл аймақтан келетін үлкен қауіптің барын жақсы түсінді. Зерттеуші Амин әл-Холидің пікірінше, Мысыр мемлекеті бұл кезеңде моңғолдардың шабуылдарына қарсы төтеп бере алса да, мемлекет әбден шаршап-шалдыққан күрескер ретінде өзінің күш-қуаттылығын сарқып, «өз аяғымен тік тұрып» жауға қарсы шығуға қабілетсіздік танытты дейді. Сондай-ақ, моңғол әскерінің мәмлүктерден жеңіліске ұшырағанына қарамастан, біршама уақыттан соң Хулагулық Елхандар мемлекеті тарапынан Сирия жеріне жасаған жортуылдары толастамады. Осыған байланысты, 660 х.ж. сұлтан Байбарыс тіпті солтүстік аудандарының тұрғындарын басқа аймақтарға көшіріп, моңғолдарды әскери азық-түлігі мен аттарының жем-шөбінен айыру үшін Алепподан Месопатамия және Кіші Азияға дейінгі аймақтардағы шабындықтар мен тал-шіліктердің барлығын өртеп, құртуға бұйрық берді. Осыған байланысты, Мысыр билігін қолына алған сұлтан әл-Мәлік аз-Захир Байбарыс (1260-1277) ымыраға келмейтін басты дұшпаны – Ирандық моңғол билеушілерінің жаулаушылық жоспарына қарсы қуатты мемлекетпен одақтастық орнатуға мұқтаж болды. Ал бұл кезеңде күш-қуаттылығы жағынан да, ортақ мүддесі жағынан да Хулагулық Иран мемлекетіне қарсы тек Алтын Орда ғана одақтас мемлекет болуға лайықты еді[1.116 б.].

Бұл уақытта Алтын Орда мемлекетінде Бату билігінен кейінгі уақытта Сартақ, Ұлақшының қысқа ғана билік еткен уақыт аралығынан соң, ислам дінін алғаш қабылдаған моңғол билеушісі Берке хан (1256-1266) билікке келген еді. Жошы ұлысындағы моңғол ақсүйектері мен мұсылман (көпестерінің) қауымының қолдауымен билікке келген Берке хан үшін мемлекеттің орасан зор шекаралық аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлемдік геосаясатта өз мақсатына жету жолында сыртқы саясатын жандандыру үшін Таяу Шығыстың Мысыр секілді қуатты мемлекетімен одақтас болуы заңды құбылыс еді. Осыған орай, Беркенің сыртқы саясаттағы алғашқы қадамдарының бірі Мысыр мәмлүк мемлекетімен әскери-саяси одақтастыққа қол жеткізгендіктен, сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі Таяу Шығысқа бағытталды. Бір қызықтысы, екі мемлекет арасындағы әскери-саяси одақ орнатуға деген бастама Әзірбайжан жері үшін Хулагуға қарсы күрес жүргізу үшін одақтасқа зәру Берке тарапынан емес, 1260 жылы Айн-Джалут маңында моңғолдарға қарсы шайқаста жеңіске жеткен мәмлүк сұлтаны әл-Мәлік аз-Заһир Байбарыс тарапынан болды [2.43 б.].

Хулагулық Иран мемлекетінің Мысыр иелігіндегі аймақтарға бағытталған шабуылдарына қарсы тосқауыл қою қажеттілігіне байланысты сұлтан Байбарыс Алтын Ордамен әскери-саяси одақ құруға деген ұсынысын алғаш рет XIII ғ. 60-шы жылдары жасады. Бұл уақытта Берке хан Моңғол империясының ыдырау қарсаңында Құбылай мен Арық-Бұға арасында талас-тартыс кезінде қалыптасқан саяси жағдайды өз мүддесіне шебер пайдалана отырып, өзінің сыртқы саясатын тәуелсіз түрде жүргізуге мүмкіндігі болды. Сондай-ақ, Берке ислам дінін қабылдаған соң, Таяу және Орта Шығыстың мұсылман мәдениетімен араласқан алғашқы моңғол билеушісі ретінде танылып үлгерген еді. Осыған байланысты Беркенің ислам дінін қабылдауы Алтын Орданың сыртқы саясатының тарихында маңызды оқиға болып, оның сыртқы саясатының бағыты да осы аймақтарға қарай бағытталды. Берке ханды алғашқы кезден-ақ ислам дінін қабылдаған Еуразиядағы қуатты Алтын Орда мемлекетінің билеушісі ретінде Мысыр мәмлүк сұлтандары өздерінің сенімді әскери стратегиялық одақтасы ретінде жоғары бағалаған. Беркенің ислам дініне бет бұруы мысыр-араб деректерінде шынайы діннің жеңісі ретінде сипатталған. Беркенің атқарған ісінің тарихи маңызы жөнінде Ибн Кассир Мысыр мемлекетінің мүддесі тұрғысында былайша сипаттайды: «Оның ұлы істерінің қатарында Хулагуды жеңіліске ұшыратуы мен оның қолын талқандауы еді. Ол әл-Мәлік аз-Захирдің досы болды, оны құрметтеді, оның елшілеріне ізет көрсетіп, оларға үлкен сыйлықтар тарту етіп отырды»

Мысыр жерінде мәмлүктер билікті ХІІІ ғ. 50-ші жылдары өз қолдарына алып, түрік династиялық билігінің негізін қалағанымен, Алтын Ордамен қарым-қатынасының бастауын он жылға таяу уақыттан кейін ХІІІ ғ. 60-шы жылдары бастады. Сондай-ақ, хронологиялық жағынан да екі мемлекеттің саяси өмірінде болған тарихи оқиғалар арасында параллелизмнің болғаны байқалады: Алтын Ордада Жошының үшінші ұлы, ислам дінін алғаш қабылдаған мемлекеттің көрнекті қайраткер билеушісі болған Берке билікті қолына алып, орталық Қарақорым билігінен тәуелсіз түрде сыртқы саясатын жүргізуге қол жеткізсе, Мысыр жерінде Қыпшақ даласының тумасы Бейбарыс билікті қолына алды және Аббасидтер халифатын қалпына келтірді, Шығыстан төнген моңғол жаулауына Батыстан төнген крест жорықтарына қарсы тұрып, мұсылман мемлекеттерінің қорғаушысына айналды және Мысыр мемлекетінің шекарасын Сирия, Палестина, Хиджаз, Солтүстік Африка мен Кипр жерлерінің есебінен кеңейтті. Бұл екі державалық мемлекет ұзақ жылдар бойы әскери-саяси альянсын құрып, бірқатар факторлар екі мемлекеттің тұрақты байланыс жасауының стимулына айналды: саяси тұрғыдан (олардың басты қарсылас дұшпан мемлекеті ортақ болды), идеологиялық тұрғыдан (Беркенің ислам дінін қабылдауына байланысты кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс), экономикалық тұрғыдан (Мысырда мәмлүктерге сұраныс әсерінен екі мемлекет арасындағы құл саудасы), мәдени және лингвистикалық тұрғыдан (түрік-қыпшақ мәдениетінің ықпалы) болды.

Екі мемлекеттің байланыс орнатуына алғашқы кезекте Байбарыс сұлтанның Қыпшақ даласының тумасы болуы да ықпал еткен басты себептердің бірі болды. Моңғолдардың Қыпшақ даласына жорықтары кезінде тұтқынға түскен түріктер тірі тауар (құл) ретінде Сирия мен Мысыр жеріне құлдыққа сатылғаны белгілі. Ол жөнінде әл-Айни мәліметіне былайша сипатталған: «От них-то, [и произошли] мамлюки адилийские, камилийские, ашрафийские, муззамийские, насирийские да азизийские, оставившие прекрасные следы в государствах мусульманских». Тұтқын түріктердің арасында мәмлүк әулеттік билігінің негізін қалаған Байбарыс пен кейінгі кезеңдегі сұлтан болған Қалауын да қыпшақ даласының тумасы болған. Әл-Айни мәліметтерінде олардың түрік-қыпшақ бурджоглы тайпасынан шыққанын атап өтті. Ал араб авторы әл-Омаридің мәліметіне сәйкес, қыпшақ даласынан әкелінген түріктер адалдығымен, қайсарлығымен, дене бітімінің келістілігімен және бекзат мінез-құлқымен ерекшеленген. Мысыр әскерінің көпшілігін осы мәмлүктер (құлдар) құрап, олардың арасында аса шебер қолбасшылар шыққан дейді. Сонымен қатар, әл-Омари мәмлүктерден шыққан мысыр сұлтандары «өз тумаларына ықылас танытып, оларды Мысырға көптеп қоныстандыруға ұмтылыс жасады», – дейді [3. 57 б.].

Й. Хаммер-Пургшталь өз еңбегінде Байбарыстың шығу тегін бірнеше рет атап өтіп, араб авторларының мәліметтеріне сүйене отырып, мәмлүк сұлтандарының өз қандастарымен достық қарым-қатынас жасауға аса қызығушылық танытқанын атап өтті. Байбарыс Дамаскіде 800 дирхемге бір көпеске сатылып, бірақ ол оның көзінде ақ шел барын байқап, көпес сауда келісімін бұзады. Ақыр соңында Байбарысты әмір Айдакин әл-Бундукдари сатып алып, қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Байбарыс әл-Бундукдари аталды. Оның қожайыны өз мәмлүктерінен айырылған соң, Байбарыстың әскери қабілеттілігін байқаған аюбидтер сұлтаны Салих 1254 жылы өзінің жеке гвардиясының бөлімшесінің қолбасшы қызметіне тағайындады. Салихтың өлімінен соң оның ұлы Тұран-шах мәмлүктердің қарсылығына тап болып, ақыр соңында мәмлүк қылышынан ажал құшты. Сұлтанның өліміне алып келген саяси қастандыққа қатысушының бірін оның орнына отырған Айбек сұлтан өлім жазасына кескен соң, Байбарыс бұдан қауіптеніп Сирияға қашып кетті. Кейіннен Айбек сұлтанның өзі де мәмлүктер қолынан қаза болған соң, Байбарыс Каирге келді. Көп кешікпей жаңа сұлтан Құтыз (1259-1260) Байбарысқа моңғолдарға қарсы жорыққа Мысыр әскеріне қолбасшылық жасауды жүктеді. 1260 жылы Айн-Джалуттегі моңғолдармен болған шайқаста мәмлүктер жеңіске жетіп, Сирия территориясына саяси ықпалын сақтап қалды. Ал Байбарыс Мысыр жұрты үшін қайсарлығы және ерлігімен танылды. Құтыз сұлтан барлық әмірлерді жомарт марапаттап, ал Байбарысты назарға алмады. Бұдан кейін Байбарыс Құтызбен өштесіп, әмірлер арасында құпия келіссөздер жүргізе отырып, Каирге қайтар жолда Құтызды өлтірген еді. Мысыр қолбасшылары мен әмірлері бірауыздан Байбарысты Мысыр билеушісі ретінде жариялап, 1260 жылдың соңында Байбарыс Каирге салтанатпен оралды. Байбарыс Мысыр тағына әл-Мәлік аз-Захир Рукн ад-дуний ва-д-дин Байбарс ал-Бундукдари ас-Салих атымен отырған еді [2, с. 37]. Зерттеуші Амин әл-Холидің айтуынша, қыпшақтар Мысыр әскерінің құрамында командалық қызметтерде болған, тіпті олардың арасындағы кейбіреулері Мысыр жерінде жүз жылдан аса уақытқа созылған билеуші әулеттің негізін қалады. Бізге белгілісі – Байбарыстан басқа қыпшақтан шыққан Қалауын мемлекетті 103 жыл билеген әулеттің негізін қалады. Кусун – ұлы әмір, қыпшақ даласының тумасы болды. Ол бүкіл Мысыр әскерінің үштен бірінің басын біріктірген еді [1].

Тарихи дамуы жағынан да, географиялық орналасуы жағынан да бір-бірінен шалғайда орналасқан екі мемлекеттің арасындағы тығыз және ұзаққа созылған әскери-саяси одақтастық орнатуы әлемдік саясаттағы тарихи оқиғалардың нәтижесіне байланысты болғаны айқын. Сондықтан оған ықпал еткен төмендегідей бірқатар алғышарттарын қарастырып өтуіміз қажет.

            Біріншіден, Еуразия даласында Алтын Орда секілді қуатты мемлекеттің құрылуы мен ХІІІ ғ. 60-шы жылдары тарихи аренада Иран және Ирак территориясында құрылған Хулагулық Елхандар мемлекетінің саясатына қарсы шығуының өзі моңғолдармен қарсылас басқа мемлекеттердің назарын өзіне бірден аударғаны түсінікті жайт. Сондай-ақ, Мысыр сұлтандары Таяу Шығыста саяси жағынан ықпалды Хулагулық Иран мемлекетімен соғысып, оның қаншалықты қауіпті қарсылас бола алатындығын жақсы түсінді. Мысыр сұлтандары, бір жағынан, Алтын Ордамен достық қарым-қатынас орнату арқылы Хулагулық Иранға қарсы әскери-саяси одақ құруды көздеген болса, екінші жағынан, моңғол билігіндегі екі мемлекетті өзара араздастыра отырып, Таяу Шығыстағы моңғол үстемдігін әлсірету болды. Сондай-ақ, жаңа одақтастың шамадан тыс күшеюі мен Хулагулық Иранның толық талқандалуы да Мысыр сұлтандарының мүддесіне сай келмеді.

Бұл жөнінде C. Закировтің пікірінше, екі мемлекеттің дипломатиялық қатынастарының тарихында Мысыр мәмлүк мемлекеті қуатты Алтын Орданың қолдауына «аса мүдделі болған», сонымен қатар, Жошы ұрпақтарының Хулагулық Иранға қарсы күресі жалғасын тауып жатқан жағдайда ғана бұл әскери-саяси одақтастық өз маңыздылығын жоғалтпайтын еді дейді [2].

Екіншіден, Жошы ұлысының билеушісі Беркенің ислам дінін қабылдауы Мысыр мәмлүк мемлекетінің алдына қойған мақсаттарына жетуіне біршама жеңілдеткен, мүмкін шешуші рөл атқарған фактор болуы да ықтимал. Бұл мәселеде айта кететін жағдай, сол уақыттарда діннің рөлі аса маңызды болып, идеологиялық саясаттың құралы ретінде қолданылған. Тіпті қазірдің өзінде Таяу Шығыс елдерінде діннің саясатта маңызды рөл атқаратынын мойындауымыз қажет. Бастапқы кезеңде Мысыр мемлекетіне қауіп төндірген Хулагулық Иранға қарсы Жошы ұрпақтарын араздастыруға мәмлүк сұлтандары «кәпірлерге қарсы қасиетті соғысқа» шақыру сияқты күшті идеологияны қолданғаны белгілі. Алайда бұл идеологиялық құрал тек 40 жыл уақыт қана саяси күшке ие болып, соғыстың діни сипаты маңызды орынға ие болды. Бірақ ХІІІ ғ. соңы мен ХІV ғ. басындағы Хулагу әулетінің ислам дінін қабылдауына байланысты соғыстың бұл сипаты өзгеше сипат алды. Сұлтан Байбарыстың елшілері 1262 жылдан бастап-ақ, Берке ханға келген еді. Олар Алтын Орда ханына бағалы сыйлықтар бере отырып, Беркенің исламға бет бұрғанына аса ризашылығын білдіріп, Алтын Орда билеушісінің шынайы мұсылман ретінде кәпірлерге қарсы, яғни Хулагулық Иранға қарсы шығатына сенім білдірді. Берке бұған жауап ретінде елші жіберуге асықпады, себебі Алтын Орда ақсүйектері арасында кең тарамағандықтан, ислам дінінің аса ықпалы болмады. Ислам діні Алтын Орда қоғамында тек Өзбек, Жәнібек хандар кезінен бастап, мемлекеттік дін ретінде маңызды орын алғаны белгілі. Сондықтан Берке Шыңғыс хан негізін қалаған әскери қағидаларына негізделген Алтын Орданың мұсылман емес ақсүйектері Мысыр мәмлүк мемлекетімен бірігіп, Алла жолында «Джихад» қасиетті соғысына шығуға моңғол қолбасшыларының қолдауына аса ие болмайтынын түсінді. Осы жерде Беркенің ислам дінін ұстануы жөнінде қарастырып өтуіміз қажет. Әрине ол мұсылман дәстүрінде тәрбиеленіп, нәтижесінде мұсылмандықты қабылдап, Джамал ад-Дин Ибрахим мұсылмандық атын да иемденді. Бірақ Беркені діни тақуа ретінде сипаттап, әлемге «шынайы дінді» таратуға ұмтылысы тым дәріптеліп, баяндалуы ортағасырлық мұсылман авторларының әсірелеуінің жемісі еді. Беркенің ислам дінін Алтын Ордада мемлекеттік дін ретінде қабылдап, вассалдық мемлекеттерге ислам дінін тарату жоспарында болған емес [4.].

Үшіншіден, Мысыр мәмлүк мемлекетімен әскери-саяси одақтастық Алтын Орда үшін аса тиімді болды. Өйткені Хулагу мемлекетіне қарсы соғыс өрті тұтанып, қандай жағдай болса да соғыстың болатыны сөзсіз еді. Берке мен Хулагудың әскері арасындағы алғашқы шайқас сол оқиғаның замандасы Ибн Василдың хабарлауынша, «Берке соғыс болған жерге келіп, қорқынышты көріністі көріп, былай деді: Алла моңғолдың қылышымен моңғолды қиратқан Хулавунаны қарғыс атсын. Егер бірігіп қимылдасақ, бүкіл дүние жүзін бағындыратын едік», – деген еді. Мысыр мемлекеті мен Алтын Орда қарым-қатынастарын зерттеуші С. Закировтың пікірінше, Беркенің өзінің немере інісіне қарсы соғысы үшін мұсылмандар алдында оны кәпір деп айыптаса, ал моңғолдар алдында оны ұлы жасақ заңын бұзғаны үшін айыптады [6]. Сонымен қатар, Беркеден кейінгі билікте болған Жошы ұрпақтары да Кавказ территориясында саясатын жүргізуде Мысырмен одақтасуға аса мүдделі болған. Олардың жіберген елшіліктерінің басты мақсаты Хулагулық Иран мемлекетіне қарсы бірігіп әскери қимылға шығуға шақырған еді. Мысыр сұлтаны Беркеге жазған хаттарында көп айтылған ислам діні үшін «Қасиетті соғыс» Алтын Орда билеушілерінің мұсылман емес мемлекетке (Хулагу әулетіне) қарсы Әзірбайжан территориясы үшін күресудің негізгі себептерінің бірі болса, Мысыр сұлтандары үшін Ирандық моңғолдар жаулап алуға ұмтылыс жасаған Сирия территориясын қорғау үшін арқа сүйейтін басты одақтасы еді. Сондай-ақ, екі мемлекеттің тағдыры XIV ғасырдың соңына дейін «құл саудасы» арқылы байланысып отырды. Өйткені Мысыр мәмлүк мемлекетінің күш-қуаттылығын мәмлүктер (ақ құлдар) есебінен элиталық армия құраған еді, ал бұл мемлекетті сақтап қалған мәмлүктер әскері өмір сүріп тұрған кезеңде құлдарға деген сұраныс жыл сайын артып отырды. Бұл жөнінде Византия тарихшысы Георгий Пахимер, «... мысырлықтар скиф тайпаларын жоғары бағалаған еді, бұл халықтан құлдыққа адамдар сатып алып, әсіресе олардың есебінен әскер жасақтады; ал енді, скиф жоғарғы билікті қолына алған соң, скиф тайпалары Мысырдың негізгі әскери күші ретінде ерекше сипатта бағаланды. Ал скиф тұтқындарын тек Қара теңіздің бұғазы арқылы ғана жеткізу мүмкіндігі болды, ал бұл мүмкіндікті жүзеге асыру үшін патшаның келісімі қажет болды. Осыған байланысты, Мысыр кемелерінің Евксин Понт (Póntos Éuxenos (Қонақжай теңіз) - Қара теңіздің ежелгі грек тіліндегі атауы – А.Н.) арқылы өтіп, скиф жастарын сатып алып қайтқан кемелерінің еркін қатынауын қамтамасыз етуге деген өтінішпен бірнеше елшіліктерді аттандырды», – деп сипаттаған еді [3].

Беркенің Мысыр мемлекетімен арнайы қарым-қатынастарды орнатуына дейін сұлтан Байбарыстың пайдасына орай бір әрекет жасаған еді. Моңғолдардың Иран мен Иракты жаулауы кезінде Алтын Орда жасақтары Хулагу әскерінің құрамында жаулаушылық жорықтарға қатынасқаны белгілі. Бірақ көп ұзамай Хулагу мен Берке арасында араздық пайда болып, Берке Алтын Орда әскерін кері қайтаруды қажет деп санады. Сонымен қатар, Хулагу Бағдатты жаулауынан кейін Жошы ұлысына қарасты қолбасшылардың көзін құрта бастаған соң, Алтын Орда әскерінің қауіпсіздігі үшін ешкім кепіл бола алмады. Хулагумен ашық соғысқа шығуды жоспарлаған Берке моңғолдардың Таяу Шығысқа қарсы жорық жасаған Хулагулық әскердің құрамындағы Алтын Ордаға қарасты жауынгерлерге кері қайтуды бұйырды, ал егер ол әрекеттері жүзеге аспаса, Мысырға қарай өтулеріне бұйрық берді. Соның нәтижесінде екі мыңға жуық Алтын Орда жауынгерлері Хулагу әскерінің қоршауын бұзып шығып, Сирия территориясына қарай өтті. Ол жерде Байбарыс сұлтанның билеуші өкілдері күтіп алып, Мысырға алып келген соң, сұлтан Байбарыс оларды құрметпен қарсы алып, алтынордалық жауынгерлерден (шамасы, көпшілігі түрік-қыпшақтар) өзінің гвардиясының құрамына қабылдаған. Ол жөнінде XV ғ. мысыр авторы әл-Мақризи мәліметіне сәйкес, 660 жылы (= 26 қараша 1261 - 14 қараша 1262 ж.) Мысыр жерінде пана іздеген татарларды ұстауға байланысты Дамаскіден барлаушылар шығып, олардың көпшілігін қолға түсірді. Мәселенің түйткілі Берке хан Хулагу әскері құрамындағы алтынордалық жасақтарды екеуінің арасындағы (яғни, Берке мен Хулагу) талас басталған соң, өзіне қайтып келуге, ал мүмкіндік болмаса, мысырлық әскерге барып қосылуға бұйрық берген еді дейді [7]. Ал ан-Нувейри мәліметеріне сәйкес, Алтын Орда жауынгерлері ислам дінін қабылдаған және мәмлүктердің барлық артықшылықтарын иемденіп, қызметке қабылданған соң, өздеріне тиесілі жер иеліктерін де алған. Алтын Орда жауынгерлері Мысырға бұдан кейін де келген. Оның ең ірісі 1 300 жауынгерден тұратын, жасақтар Каирге 1263 жылы қазан айында келіп, сұлтан гвардиясына қызметке қабылданды [7]. Осы оқиғалардан кейін Алтын Орда мен Хулагулық Иран арасында жауластық оты күшейе түсті. Ибн Касирдің мәліметі бойынша, 660 х.ж. (26 қараша 1261 ж. - 14 қараша 1462 ж.) Берке хан мен немере ағасының баласы Хулагу арасында жауластық басталғанын айтып өтіп, оның себебін былайша түсіндіреді, Берке ол (Хулагу) жаулаған елдерден түскен олжадан, ақша, тұтқындар есебінен қалыптасқан дәстүрге сәйкес үлесін талап етуге (елші) жіберді. Ал ол болса, оның елшілерін өлтірді. Сонда Берке қаһарланды және Хулагуға қарсы бірігіп, әрекет жасау үшін (Мысыр сұлтаны Эльмелик) Эззахырмен хат жазысуды бастады дейді [5.]. Сондай-ақ, Батыс тарихшыларының пікірінше, мысырлықтармен басқыншылық пиғылда болған крестшілер Хулагулық Иранды қолдаған дейді. Ол жөнінде Лэн-Пуль, Құлаулық Иран билеушілерінің христиандармен достық қатынаста болған деп атап өткен. Әрине, бұл өте қисынды пікір, өйткені крестшілер мен Хулагулық Иран билеушілері бірін-бірі саяси жағынан мүдделес және олардың ортақ жауы Мысыр мемлекеті болған белгілі. Ал Мысыр мемлекеті крестшілерді ығыстырып, Хулагулықтарға қарсы күресінде өзінің саяси ықпалын нығайтты, әрине бұл Алтын Ордамен одақтасуының нәтижесінде ғана жүзеге асқан еді. Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыстары жөнінде жазып өткен мәмлүк сұлтаны Байбарыстың жеке хатшысы қызметін атқарған Ибн Абд аз-Заһир өзі қызметін атқару кезеңінде екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар енді ғана басталған еді. Ибн Абд аз-Заһир өз заманының аса маңызды тарихи оқиғаларын баяндаған еңбегінде мемлекеттік маңызы бар құжаттарды пайдаланумен қатар, көптеген саяси оқиғалар мен маңызды келіссөздердің тікелей куәсі болды. Бұл автор екі мемлекеттің байланыс орнатуына діни факторды бірінші кезекке қояды. Тәжірибелі хатшы Ибн Абд аз-Заһир Мысыр сұлтанының тапсырмасы бойынша Берке ханға хат жазып, онда мұсылман емес, кәпір Ирандық моңғол билеушілеріне қарсы қасиетті соғысқа шығуға шақырып, оның бұл күреске шығуын шынайы мұсылман ретіндегі басты міндеттерінің бірі екенін айта отырып, Хулагуды өзінің туысы болғанына қарамастан, оған қарсы соғысқа шығуға үгіттеп, мұсылман болу тек сөздерден ғана құралмайды, кәпірлерге қарсы қасиетті «джихад» соғысына шығу оның басты тіректерінің бірі деп Байбарыс сұлтанның тапсырмасымен Берке ханға хат жазған еді [2, 98-99 б.]. Бұл хат мазмұны Мысыр мен Алтын Орда арасындағы тұрақты түрде болған дипломатиялық келіссөздер барысында, соңғысын Хулагу әулетіне қарсы соғысқа айдап салуға үгіттейтін негізгі идеологиялық құрал ретінде қолданып, одан кейінгі кезеңдерде де осы мазмұндас түрде жолдау хаттар арналып жазып отырды. Нәтижесінде Берке мен әл-Мәлік аз-Захир Байбарыстың арасында тұрақты түрде елшілік алмасу мен жолдау хаттар жалғасын тапты. Жолдау хаттарда Берке тарапынан исламға шынайы берілгендігіне сендіру мен бір Алла жолында соғысқа шығуға дайын екендігіне сұлтанның көзін жеткізуге тырысса, сұлтан тарапынан жоғарыда айтылғандай, Хулагуға қарсы «қасиетті соғысқа» үгіттеп, Беркенің Хулагумен бір әулеттен шыққан қарамастан, оның соғысқа шығу қажеттілігін атап өтті. Оған Мұхаммед пайғамбардың өз руластарымен және туыстарына қарсы келіп, құрайшиттерге қарсы соғысқанын мысал ретінде сипаттады [7].

Мысыр сұлтандарының саясаты Алтын Ордамен әскери-саяси одақ құруы нәтижесінде Хулагу Елхандарға қарсы үгіттеу арқылы соғысқа итермелеп, Ирандық моңғол билеушілерінің үздіксіз түрде Әзірбайжан жеріндегі қақтығыстарға назарын аударып, Сирия территориясын тастап, солтүстік майданына кетуіне ықпал етуді көздеген. Ол жөнінде әл-Мақризи мәліметіне сәйкес, Хулагудың Сирия жеріне жорыққа аттанудан жағдайларға байланысты болмағанына, «[мысырлық] сұлтан қуанды... және халық та қуанышқа бөленді», – десе, Ибн Халдун, Мысыр сұлтаны Хулагулықтар әскерінің Сирия жерінен аластату мақсатында Алтын Орда ханы Беркенің Хулагуға қарсы шығуына ықпал етті деген еді. Ал Берке ханнан басталған Алтын Орда хандарының саясаты бойынша, Мысыр мемлекетімен одақтас бола отырып, екі жақтан күшті соққы беру арқылы Хулагулық Елхандар мемлекетін әлсіретіп, оның Әзірбайжан жеріне деген үстемдігін жою еді. Сондықтан олардың сұлтанға жазған хатында нақты әскери қимылдарға көшу қажеттілігі жөнінде үздіксіз айтып отырды. Ол жөнінде Беркенің Мысыр сұлтанына екі жақты Хулагулық Иранға қарсы соғысқа шығу жөнінде 661 х.ж. (1262/1263 ж.) жазған хатында Мысыр сұлтанына өз территориясы арқылы, ал Алтын Орда әскері де өз жағынан жорыққа шығып, бір уақытта Ирандағы моңғол билеушісіне қарсы екі жақтан шабуыл ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, Хулагу әулетін өз территориясынан қуып шығып, оның қол астындағы бүкіл мұсылман территорияларын Мысыр билеушісіне беруге уәдесін берді. Осылайша, екі мемлекет арасында әскери-саяси одақтастық құрылып, тұрақты түрде байланыс орнады. Бұл байланыстардың айқын ерекшелігі тұрақты түрде бағалы сыйлықтар алмасып, екіжақты сый-сияпат жасалып отырған. Әрине, Мысыр мемлекеті Алтын Ордадан өзінің байлығы мен сыйлықтарының алуан түрлілігімен ерекшеленді. Ал Алтын Орда билеушілері елшілерге алтындар мен халаттар тарту ете отырып, достық қарым-қатынастағы мемлекет билеушісіне өз қару-жарақтарының түрлерін, қыран құстарын, далалық жылқыларды, әсіресе құлдар мен күңдерді сыйлап отырған. Сонымен қатар, ең бастысы Алтын Орда мен Мысыр арасындағы белсенді дипломатиялық қарым-қатынастар Берке мен Хулагу арасындағы әскери қақтығыстардың күшеюі мен алтынордалық әскерлердің ірі жеңісімен қатар келгені анық. Әрине, Беркенің жеңістері Мысыр мемлекетімен тығыз қарым-қатынас жасаудың стимулы болып, билеушілердің қаншалықты қуатты одақтасқа ие екендігін Алтын Орда ханы ретінде дәлелдеуіне мүмкіндік алды. Ал Меккеде сұлтан Байбарыстың бұйрығы бойынша Беркенің құрметі үшін салтанатты шерулер өткізіліп, мешіттерде оның атынан Аллаға құлшылық етіп, бада Беркенің аты Мысыр сұлтанының атынан кейін аталып отырған [2].

Сонымен, екі мемлекет арасындағы ресми байланыстар орнағанға дейін Мысыр астанасы – Каирдің үш жүз жылдық тарихы мен мәдениеті қалыптасқан араб-мұсылман әлемінің орталығына айналып үлгерді, ал Алтын Орда астанасы – Сарай қаласының негізі қаланғанына бар болғаны жиырма жыл болғанына қарамастан, оның билеушілері Еуразия даласындағы әскери-саяси жағынан зор күш-қуатқа ие болды. Осылайша, Алтын Орда араб әлеміндегі сол кезеңдегі ең қуатты мемлекетпен саяси, дипломатиялық және мәдени қарым-қатынастарға түсе бастады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Жұмағұлов Қ.Т.,  Абдимомынов Н.Т. Алтын Орданың халықаралық сауда - экономикалық қарым - қатынастары (ХІІІ-ХІV Ғғ.).  – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 223 б.

2. Батыршаұлы Б. Мысыр Мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары. XIII-XV ғғ.: зерттеу. – Алматы: Экономика, 2005.– 351 с.

3. Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 388 б.

4. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеттілігі және Жошы хан (тарихи– сараптаулық зерттеу). - Астана: Елорда, 2004. – 344 б.

5.   Қинаятұлы З. Шыңғыс хан // Бірінші кітап. – Алматы: Арда, 2008. – 432 б.

6.  Жумагулов К.Т. Казахстан в Евразийском пространстве (история и современность) // Материалы международных Бекмахановских чтений. – Алматы, 2002. - С. 5-10.

7. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды Извлечения из арабских сочинений, собранные В.Г. Тизенгаузеном / Подготовка к новому изданию, введения, дополнения и комментарии Б.Е. Кумекова, А.К. Муминова. – Алматы.: Дайк-Пресс, 2005. – Т. І. – 709 с.

Серік Асанбекұлы  

Әл-Фapaби aтындaғы ҚaзҰУ,

Тapих, apхeoлoгия жәнe этнoлoгия фaкультeтiнiң 2-куpc мaгиcтpaнтты.