Қиындыққа толы қиыр жол
10.06.2020 2230

 

Бердіқожа Тоқтарғажыұлы Жолтаев – тағдыры таңғажайып тұлға. 1910 жылы Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылында дүниеге келген. 1929-1930 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясы негізінде ашылған педтехникумда білім алып, оқу жылының аяғында курстасы, бесқарағайлық азамат Қайырбай Тілеубердинмен бірге Қобда бетіндегі Моңғолия қазақтарын ағарту үшін арнайы жолдамамен келеді. 1930 жылдан 1934 жылдың соңына дейін осы өлкеде мектеп ашып, бала оқытады. Өлке қазақтары тарихында тұңғыш «Әліппе» оқулығын құрастырып жазып шығады. 1935 жылы оны Кеңес үкіметі Моңғолия арқылы Шыңжаң өлкесіне  тыңшылыққа жібереді. Ол жақта 13 жыл құпия тапсырма орындап, 1948 жылы Қобда бетіне қайта оралады. Келген бетте ату жазасына үкім етіліп, тәңірдің қалауымен одан аман қалады. Өтеуіне 10 жыл түрмеде отырып шыққан. Қалған ғұмырын Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында тыныш өткізіп, 1975 жылы 65 жасында бақилық болған марқұмға топырақ Қобда бетінен бұйырды. Жарықтықты Алла қамқорына алғай!!!

 

 

Бердіқожа Тоқтарқожаұлының басынан өткен өмір тарихын рет-ретімен баян­дап көрейік...

 

 

 

Қобда бетіне табан тіреген тұс

 

Бердіқожаның балалық шағы жайлы біздің білетініміз жоққа тән. Тек байөлкелік журналист Бодау­хан Тоқанұлы Б.Жолтаев туралы жазып, Шы­ғыс Қазақстан облыстық «Дидар» газе­тінде 2009 жылы 29 сәуір күні жария­лаған «Тағдырдың желі айдаған тарлан аға» атты көлемді мақаласында: «Бер­діқожаның балалық шағы Өскемен қаласы маңындағы Арғанаты мен Айыр­тау арасында қой мен қозы соңында өт­кен», – деген бірауыз дерек бар.

 

1930 жылы Семейдегі мұғалімдер тех­никумының соңғы баспалдағын біті­ретін тұста курстас досы Қайырбай Тілеу­бердинмен бірге Моңғолияға, Қобда бетіне келеді.

 

Бұл екі азаматты моңғол қазағын оқытсын, жас буынға жаңа дәуір ілі­мін үйретсін деп сонау итарқасы Семей­ден жетелеп алып келген адам – Шәріп Өтепов. Шәкең бұл кезде КЖИ (Ком­мунистік Жастар Интернационалы) жол­дамасымен Қобда бетінде қызмет атқарып жүрген.

 

Осы оқиға жайлы Шәріп Ғайсаұлы 1981 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты ғұмырнамалық естелік кітабында: «1930 жылы мен КССР-ге демалысқа келіп, Қазақстаннан екі мұға­лімді Моңғолияға алып бардым. Олар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеу­­бердин еді. Бердіқожа Өскеменнің Ах­мер ауылының, Қайырбай Семейдің Бес­қарағай ауылының азаматы еді», деп жазыпты.

 

Осылайша, заты қазақ дегені болмаса, жат жерге табаны тиген қос азамат ел аралап, теңізден маржан сүзген­дей мектепке оқушылар жинайды. Оның үстіне діни жаһилдікке шырмалған қауым жаңа заман оқуын жатырқайды-ай келіп. Айтатын уәждері: «Баламыз кәпір болып кетеді».

 

Қаламгер Бодау­хан Тоқанұлы өзінің жоғарыдағы мақаласында: «Қазақстаннан келген екі ұстаз ай бойы ауыл аралап, үгіт ай­тып, жиырма шақты бала жинап, кіш­кентай балшық тамда алғашқы сабақ­ты бастады. Кітап-құрал атымен жоқ. Ең бастысы, балалардың оқуға деген ынта-жігері қызықтырды, өз ісіне деген сенімділік туғызды. Кешікпей Берді­қожа ұстазды Ақбалшық ауылынан 150 шақырымдай алыс оңтүстіктегі Шы­барайғыр қошуынында Үмбет деген тұлғаның бастамасымен ашылған жаңа мектепке мұғалімдікке шақырды. Ақбалшықтағы мектепте Қайырбай ғана қалды», деп жазыпты.

 

Сол сияқты осы өлкенің тарихынан сыр шертетін, 2008 жылы Ұлан-батыр қаласында жарық көрген «Меңдікөлім – мерейлі өлкем» атты жинақта: «Мектеп 1931-1932 жылдары Үлкен Көктөбедегі ламалар тамына орналасып, бір класта 20-30-дай бала сабақ оқыды», десе, 1971 жылы Моңғолия кәсіподағының ресми үні «Хөдөлмөр» («Еңбек») газетіне мон­ғол журналисі Д.Жигжидсүрэн жария­лаған «Бердіқожа және оның тағдырынан бір парақ» атты мақалада: «1931 жылы Халық революциясының 10 жылдық ме­рекесі қарсаңында Тұлба сұмынға мектеп ашу бастамасын Жолтаев көтеріп, бір­қанша белсенділердің басын қосып, қабырғасын жас талдан тоқып жасап, төбесін шөппен жапқан шағын үй­шіктің маңдайшасына «мектеп» деп жа­зып қойды. Кейбір керіауыз кертартпа­лар: «Мына қазақстандық қыстың су­ығын көрмеген-ау шамасы...», деп күл­се, баян­ды бастаманы қолдаушылар қуа­нышын жолдап, құттықтапты. Осы жылы Ұланқұс мектебі 17, Тұлба мектебі де осы шамада оқушы жинап оқуды бастап­ты. Алғашында Бердіқожа әрі директор, әрі ұстаз, әрі от жағушы жұмысын атқа­рыпты.  Ол кезде оқуға бала жинау деген қияметтің қиыны, деп еске алды Жолтаев ұстаз. – Ешкім оқуға баласын бергісі келмейді. Ойдан-қырдан құрап оқытқан он шақты шәкірттерімнің ішінен Ікей Мизамұлы Халқын – гол шайқасының батыры атанса, жалшылықта жүрген же­рінен әкесіне 25 төгрөг ұстатып, сатып алған тағы бір оқушым Қашқынбай Мәлікұлы қоғам қайраткері болды. Тағы бір шәкіртім Шолтай Моңғолияға еңбек сіңірген ұстаз атанды. Келесі оқу жылы басталғанда үкімет жаңадан тас тұғырлы мектеп салып берді. Жазда ел жайлауға шыққанда балаларды жинап әкеліп үйірме жүргіздім. Кешікпей мектептің жанынан артель ашылды», деген сөздерді моңғол журналисі Жолтаевтың өз аузынан жазып алған екен.

 

1934 жылы көктемде Бердіқожа Жол­таевқа: «Жедел Ұлан-батырға жет­сін!»  деген шақыру қағазы келеді.

 

 

 

Ұлан-батырда бастырған алғашқы оқулық

 

Шұғыл шақырған хабар қолына тиген ұстаз: «Қобда бетінде 4 жыл ғұмырым өтіп, шартты мерзім аяқталды, енді еліме қай­таратын шығар», деген үмітпен астананы бетке алып аттанады.

 

Ел астанасы Ұлан-батырға келген соң Бердіқожа ұстаз Ағарту министрі Гон­жон деген адаммен жолығып, оған: «Қаладағы мұғалімдер даярлайтын техникум жанынан қазақша оқытатын кадр дайындау қажет», деген ұсыныс айтады. Онысы дереу қабылданып, техникум жанынан қазақша оқытатын бөлім ашылып, 10 студент қабылданады. Жолтаев осы балаларға өзі сабақ берумен қатар, күні-түні отырып, төте жазумен қазақша сауат ашатын «Әліппе» оқулығын, таби­ғат­тану және география пәндерін оқытуға арналған кітапты қорғасынға құйдырады. Жолтаев өзінің естелігінде: «Бұл іске моңғол ағартушылары Ишдорж мен Эрдэмбилег деген адамдар көп көмек көрсетті», деп атап өткен екен. Осы кітап­­тардың қорғасынға құймаланған әрбір бетін баспаханаға апарып, жанкешті еңбек­тенудің арқасында 300 дана кітап шығарған. Кітаптың мұқабасына Моң­ғолия Республикасының картасын шаптайды.

 

Бұл оқулық Қобда беті қазақтарының ағартушылық тарихында жаңа заман ағымына сай жарық көрген тұңғыш құнды құрал екені анық.

 

 

 

Бердіқожа – Сапар молда

 

Осылай астанаға аялдаған аз ғана уақыт ішінде Бердіқожа Жолтаев қалаға қолжазба күйінде дайындап әкелген оқу­лығын баспаханаға өткізіп енді үһ дей бергенде Моңғолия ішкі істер ми­нистрлігінен шақыру түседі. Ұзын сөздің қысқасы, Бекеңе: «Сіз Сталин жолдастың нұсқауы бойынша Шыңжаңға тыңшылыққа барасыз. Моңғол, қазақ, орыс тілін білетін және көне ұйғырша, жаңа жәдитше, әрі кирилл әріптерін танитын қабілетіңіз бар. Айтқанға көнесіз. Басқа жол жоқ», дегенді айтады үкімет адамдары.

 

Сөйтіп, Қобда бетінің қазағын білім­мен ағартуға келген ұстаз енді бір­ден құ­пия агентке айналып шыға келді. Ұлан-батыр қаласында арнайы дайын­дықтан өтті. Ресейден арнайы келген орыс пол­­ковник халықаралық саясат жайлы лек­ция оқып, Шыңжаңдағы ахуалмен ег­жей-тегжейлі таныстырады. Онымен қой­май, қаланың шығыс жақ шетіндегі «Амғалын» мұсылман мешітіндегі ұйғыр молдадан жүйелі сабақ алды. Ата-анасы азан шақырып қойған «Бердіқожа» аты өшіріліп, жаңадан «Сапар молда» деген есімге ие болады.

 

Саяси һәм діни сауаты тұрғысында арнайы дайындықтан өткен Сапар молда 1935 жылдың қысында әккі барлаушы Қамқаштың бастауымен шекарадағы құпия өткел Шатыртастан асып, Шыңжаң топырағына аяқ басады.

 

Барлаушы Сапар молдаға қандай тапсырма жүктелді, ол жайлы біздің білеріміз аз. Дей тұрғанмен осы жылдары Шыңжаң билігіне қол жеткізген Шың Шысай Кеңес Одағымен достық қаты­нас орнатып: «Өлсем бір шұңқырда, тірілсем бір төбеде болам», деп ант-су ішкендіктен, Сталин оған көмектесу үшін маман кадрлар жіберіп, тіпті өлкеге әскери құрам кіргізгені белгілі. Дәл осы істің бір қыры – өлкедегі кейбір істерді бақы­лау үшін кеңестік кадрлардан тыс Моң­ғолия арқылы елеусіз тыңшылар жібе­ріліп, қосымша бақылау шаралары жүргізілген сыңайлы.

 

Осының ішінде Сапар молдаға жүк­телген міндет – Алтай аймағының орта­лығы Сарысүмбе қаласына барып, ол жердегі басты тұлға Шәріпхан Көгедаев­тың іс-әрекетін бақылау болған тәрізді. Өйткені Алтай аймағы дутыңы (басшысы) Көгедаевтың қорғаушысы ретінде Сапар молда деген адамның бірнеше жыл қызмет атқарғаны жайлы дерек бар.

 

Қызық болғанда, Семейде бірге оқып, Қоб­да бетіне бірге келген бесқарағайлық досы, Ақбалшық мектебінде мұғалімдік міндетін атқарып жүрген Қайырбай Тілеу­бердин де Жолтаев сияқты арнайы тапсырмамен Құмыл аймағындағы ұй­ғыр-дүңген көтерілісінің басшысы Қожа­нияздың қасынан табылады. Бұл адам да есім-сойын өзгертіп, «Қасым әпенді» деген атпен көтерілісшілерге кеңесші болған. 1943 жылы Шың Шысай Кеңес елінен бетін теріс бұрған тұста Тілеубердиннің қайтар есігі жабылып, ақыры 1944 жылы Құлжада дүниеден өткен.

 

Бізге белгілі бір дерек: 1937 жылы Үрім­жі қаласында өткен «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының» кезекті жиналысына Сапар молда Алтай аймағынан, Қасым әпенді Құмылдан өкіл ретінде қатысып, көпшілікпен бірге фотоға түскені сақталған.

 

Осылайша, Алтай аймағында құпия қызмет атқарған Сапар молда жергілікті жердің адамы Қанипа Мұқашқызымен шаңырақ көтереді. Кешікпей ұрпақ сүйе­ді. Бір қызығы, қайын жұрты да, сүйікті жары Қанипаның өзі де Сапар молданың тыңшы екенінен бейхабар болған.

 

Десе де Шыңжаңдағы жағдайды аңд­а­ған Сапар молда бір күні қайын жұр­тының да аңысын байқап: «Сіздерге мына жер түбі ел болмайтын түрі бар, сыртқы Моңғолияға көшіңіздер», дейді. Тосын ұсынысқа таңырқаған ағайындары: «Екі ел арасында шекара бар, одан қалай өте­міз?» дейді. «Қорықпаңыздар, мен тұр­ғанда шекара бұйым емес», деп сенімді түрде айтады. Бұл сөзді естіген ағайындар бірден келіседі. Сөйтіп, бір түнде қатын-бала, қайын-жұртын шекара асырып жіберіп, тар кезеңнің үстінде жарына шындықты айтып: «Кешікпей мен де барам, алаңдамаңдар, сендерге үкімет өзі көмектеседі», деп қол бұлғап қала береді.

 

Қысқасы, «Қайтсын!» деген бұйрық­ты күтіп, отбасымен қауышуға асыққан елең-алаң күндердің бірінде, нақтырақ айтқанда 1945 жылдың күзінде артынан жансыз келіп жетеді. Бірақ ол «Елге қайт», деген қуанышты хабар әкел­мейді. Керісінше, «Оспан бастаған көте­рілісшілер гоминданмен одақтасуға бет бұрған секілді, осыған көз жеткізсін», деген тапсырма жүктейді. Ол кезде Са­пар молда Үрімжі қаласында гоминдан сапында жұмыс атқарып жүрген болатын. «Құдай көктен сұрағанын жер­ден берді», дегендей гоминдан басшылары Оспанмен кезігіп, одақтас болуға шақырған ұсынысты айтуға Бердіқожаны Оспанға жұмсайды. Әб­ден әккіленген Оспан батыр оны тура қабылдамай, кешіктіріп ұстайды. Өзі тікелей тілдеспей, хатшысы Бағдат Қам­заұлымен жолықтырып, тоқетері – одақ­тас болуға келіскен сыңай танытады.

 

Тапсырманы орындаған соң, айналып Сарысүмбе қаласына келеді. Мәліметті құпия шифрге түсіріп, хабар алуға келе­тін адаммен жолығатын сәтті күтіп, то­қайласқан асханаға жансызбен кезігуге келеді. Басындағы малақайын үстелдің оң бұрышына шалқасынан тастап, күпісінің үзіліп түскелі салақтап тұрған бірінші күміс түймесін ағытып қояды. Бұл оның сол кеште өзіне жолығуға келетін жан­сыздың жазбай тануына арналған белгі, бөгенай-тын. Кеш батты, түн болды. Келетін адам жоқ. Ілби басып үйіне қайтады.

 

 

 

Үрімжі түрмесінде

 

Жолтаевтың өмір-тарихын терең зерттеп, көптеген құжатпен танысқан журналист Бодау­хан Тоқанұлының жазуына қарағанда, кейіп­керіміз таңға жақын қатты қағылған есік дыбысынан шошып оянады. Жаман лашықтың есігі айқара ашылады да гоминдан сақшылары сау етіп кіреді. Олар үйдің түгін қалдырмай тінтеді. Ақыры төс қалтасындағы құпия хатты тауып алады. Негізі бұлар Сапар молданың ізіне арнайы түспеген. Өткен түнде молда барған асхана маңында төбелес болып, бір адам өлген. Түнде жауған ақша қар молдекеңнің асханадан қайтқан ізін жасырып үлгермепті. Бейсауат ізге түс­кен сақшылар адам өлтірген қан­дықолдың емес, саяси қылмыскердің үс­тінен түскенін жыл жарымнан соң Сапар молданың қалтасынан табылған хаттың сыры Бейжіңде ашылғанда ғана бір-ақ біледі.

 

Сөйтіп, тыңшылық әрекеті әш­кере­лен­ген Сапар молда түрмеге тү­седі. Жазықтыны әдейі баскесер бұзақылар­дың ортасына жібереді. Нағыз айқас осында басталады. Күнде жекпе-жек. Бірде жеңіп, бірде жеңілсе де қайыс­пай­тын қайсарлығының арқасында қамау­да «қожайын» дәрежесіне жетеді. Молданың мықтылығы мен тақуалығына тәнті болған түрме күзетшісі, ұйғыр Қожақын оған іш тартып: «Аға, тегіміз бір мұсылман баласымыз. Соның ішінде сіздің қайсарлығыңызды, тайсалмайтын ержүректігіңізді құрметтеймін. Амал жоқ, мына кәпір ханзулардың айы оңынан туған кезіне тап болып, мүрит болып жүрміз ғой! Орайлы сәт туып, қолымнан келсе, көмектесер едім», дейтін үнемі.

 

Бірде осы жігіт түн жамылып камераға келіп: «Аға, сізді ертең атады, бүгін түн­нен қалмай қашыңыз», дейді. «Қалай қа­шамын?» Жан-жағына сақтықпен қараған Қожақын: «Камераңыздың қабырғасынан кірпіш пештің мұржасы өтеді, соны бұ­зып, төбеден шығыңыз. Сырттағы қарауыл­ды мен ыңғайлаймын», деп, тұт­қынның қолына темір сүймен ұстатып, жоқ болады. Молда мұржа кірпішін бір-бірден суырып, тар қуыстан күйе-күйе болып төбеге шықса, алдында Қожақын тұр.

 

– Екі қарауылдың көзін жойдым. Тез жөнеліңіз. Біздің үйдің ауласында ерттеулі ат тұр. Киім-кешек, азық-тү­лі­гіңіз де бөктерулі – деп үйіне бара­тын жолды нұсқап, қош айтады. Астына ат тиген әккі тыңшы қалай із жасырып, шекарадан қалай өтуді ешкімнен сұрамайтыны анық. Үрімжіден төтелей тартып, Моңғолия шекарасын бұзып өтеді. Бұл 1948 жылдың көктемі еді.

 

 

 

Ажалдан арашалаған шәкірт

 

Шекарашылар қолға түскен тұтқынды Қобда аймақтық ішкі істер бөліміне әке­леді. Сөйтіп мұнда өзінің байырғы есімі Бердіқожамен қайта қауышып, атқар­ған қызметі сараптан өткенге дейін бостан­дыққа шығады. Отбасымен табысады. Кешікпей Б.Жолтаевты Моңғолия үкіметі тұтқындайды. Себеп: «Отанын сатқан». Бұл – өте ауыр жаза. Біз нақты дерекке қол жеткізе алмадық. Десе де бір болжам: Бердіқожаның Қытай түрмесінен қашып шығу көрінісі де әдейі ұйымдастырылған сценарий іспетті. Шындығында, Бекең Қытай мүддесі үшін қызмет істеуге ке­лі­сіп, түрмеден аман шыққан тәрізді. Оны­сы – мұнда келген соң әшкереленген. Бұл шындыққа саяды.

 

Ол заманда елдегі ату жазасына үкім етілген істер Моңғолия Халық Ұлы Құ­рыл­тай хатшылығына таныстырылатын дәстүр бар екен. Құдай оңдағанда, дәл осы хатшылық қызметті бұдан жиырма жыл бұрын әкесіне 25 төгрөг беріп, оқуға сатып алған шәкірті, қазақ азаматы Қашқынбай Мәлікұлы атқарып отырмасы бар ма!

 

Ақын Қызай Бақтыбайұлы: «Кең қол­тық керей атаң үлгісіндей, Жан еді маңғаз тұлға шың мүсіндей», деп жырлаған қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы – МХР Халық Ұлы Құрылтайы хатшылығы қызметін атқарып тұрған кезде Ұлы Құрылтай аппаратында сақтаулы тұрған ұлы Шыңғыс қағанның, Автономиялық Моң­ғолия елінің басшысы VІІ Боғда Жавзундамба ханың және 1924 жылдан 1940 жылдарға дейін пайдаланған Моңғолия мемлекетінің мөрлерін, одан кейінгі Моңғол Халық Республикасының жаңа мөрін ұстау мәртебесіне ие болған, әрбір кезеңге қатысты маңызды тарихи-саяси құжаттарды мөрлеп кепілдендіріп отырған қазақ баласы.

 

Қолына төрт патшаның мөрін ұстаған қазақ азаматы өзін алғаш білім жолына салған ұстазын қалай оққа байласын. Дереу іске араласып, ақыры өлім жазасын 15 жылдық жазаға өзгерттіріп, аман алып қалады. Арада бір жыл өткенде Қашекең 15 жыл мерзімді 10 жылға жеңілдеттіреді. Бұл кезде өзі де қызметінен босайды. Моңғолияның қатаң режімдегі Ерөө түрмесінде 10 жыл жазасын өтеген Берді­қожа Жолтаев 1960 жылы отыз жыл бұ­рын табаны тиген Байөлке топырағына қай­та оралады.

 

Бұрынғы қаңбақ жөңкіген қу далада әп-әдемі қала бой көтеріпті. Ел өзгерген. Тағдырдың тағы бір тартуын қарамайсыз ба, Бекең алғаш Қобда бетіне келгенде Қаматжан деген қарияның шаңырағын паналаған еді. Өзі жүдеу-жадау тұратын отбасына көмек қолын созып, ақсақалдың Мұсахан деген ұлын арқасына мінгізіп көп еркелетіпті. Бердекең тағдырдың жазуымен жарты әлемді шарлап, моңғол мен қытай түрмелерінің дәмін татып арып-ашып ораласа, сол арқасына көте­ріп жүретін кішкентай бала Мұсахан сол күндері Байөлке аймағының әкімі екен.

 

Мұсекең Бердіқожа ағасымен жылап көріскен сыңайлы. Сөйтіп дереу аймаққа құрылыс салуға келген қытай­лық мамандарға аудармашы етіп қыз­метке тағайындайды. Кешікпей Бекеңнің алғашқы ағартушылық еңбегі еленіп, мемлекеттік жоғары награда «Алтын Жұлдыз» орденімен марапатталады. Арты­нан аймақ орталығына радио торабын орна­туға келген чехословак мамандарына аудармашы болады.

 

Бекең бейбіт өмірін бастап, жалғыз ұлы Тоқтықты қатарынан қалдырмай оқы­тып-тоқытады. Тоқаң да үздік оқып, Мәскеу­ден әскери академия бітірген бай­өлкелік аз қазақтың бірі болды. Ұзақ жылдар шекара әскерінде қосын басқар­ды. Тоқсаныншы жылдардың орта­сында Қазақстанға қоныс аударып, Алматы маңындағы Ұзынағаш ауы­лында дүниеден өтті. Тоқтықтан басқа Нұржамал, Гүлжамал, Бижамал, Сақыпжамал атты төрт қыз өсіреді. Бұл есімдер – Бердіқожаның жиырма жасында жырақтап, өмірінің соңына дейін табыса алмай арманда кеткен төрт апайының аты екен.

 

Дүние-ай деген, Бердіқожа Жолтаев 1975 жылы өзге ел, жат өлке Моңғолияда дүниеден өтті. Туған еліне, өскен жеріне деген мәңгілік сағынышы, көңіл шері тарқамай, өзімен бірге көрге көмілді.

Бекен Қайратұлы

egemen.kz