Халықаралық Түркі академиясына 10 жыл
25.05.2020 2616
Бүгін күллі түркі жұртының рухани сұхбат алаңына айналып отырған Халықаралық Түркі академиясының құрылған күні

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасаған болатын.

Назарбаевтың бұл ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Ұзамай нақты жұмыстар қолға алынып, Нахчыван қаласындағы тарихи келісімі негізінде Халықаралық Түркі академиясының іргетасы қаланды. Яғни 2010 жылдың 25 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында Түркі академиясы ресми түрде өз жұмысын бастады. Орталықтың ашылу алтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның сол кездегі Президенті Абдулла Гүл қатысқан еді.

Содан бері академияның жұмысы жанданып, керегесі кеңеюмен келеді. Академия жанындағы Нахчыван келісімі бойынша құрылған Түркі кітапханасында 70 мыңға жуық кітап қоры жинақталып,  сондай-ақ, түркі халықтарының ортақ мұрасынан сыр шертетін Түркі музейі ашылған. Одан бөлек академия қабырғасында Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА), Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядан түрік тарихы саласының белгілі ғалымдарының қатысуымен Түрік Кеңесіне мүше елдердің орта мектеп оқушылары үшін Ортақ түрік тарихы оқулығы дайындалғанын атап өту керек. Түркі академиясының халықаралық ұйымының «GLOBAL-Turk», «Алтаистика және түркология» және «Тurkic Weekly» атты 3 үлкен ғылыми-мерзімді басылымы (журналдар) барын атап өту керек.

Түркі академиясының халықаралық ұйымы жанында 5 зерттеу орталығы бар. Олар; Тарих және этнология орталығы; Тіл, әдебиет және терминология орталығы; Өнер және мәдениет орталығы; Әлеуметтік–экономикалық зерттеулер орталығы және Халықаралық зерттеулер орталығы.

Айтпақшы, 2012 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте өткен (22-23 тамызы күндері) Түркі Кеңесінің ІІ саммитінде Түркі академиясына халықаралық ұйым мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды. Аталмыш құжат ұйымға мүше елдердің парламент мінберлерінде еш қарсылықсыз ратификацияланып, 2014 жылдың 28 тамызында Түркі академиясы ресми түрде халықаралық орталық деген мәртебеге ие болды. 2018 жылы Академияға Мажарстан Республикасы бақылаушы мемлекет ретінде қабылданды. Ал өткен жылы Әзербайжанда өткен Түркі кеңесінің VII саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Академияға мүше болуға ниетті екенін мәлімдеді.

Академия президенті Дархан Қыдырәлінің басшылығымен бүгінде аталған ұйым БҰҰ, ЮНЕСКО, IRCICA, ISESCO сынды беделі жоғары халықаралық құрылымдармен әріптестік байланыстар орнатып үлгерген. Көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. 

Аталмыш орталықтың баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге дейін Еуразия және Америка ғалымдарының қатысуымен халықаралық деңгейдегі 120-дан астам ғылыми конференция өтіпті. Сонымен қатар, 10 жылдың ішінде бұған қоса әлемнің көптеген тілдерінде 170-тен астам жаңа ғылыми еңбекті әзірлеп шығарды.

«Бүгінде бауырлас түркі елдерінің ғылым және білім беру салаларын үйлестіретін институционалды интеграциялық құрылымға айналған Халықаралық Түркі академиясы Түркі кеңесі Саммитінде Мемлекет басшылары берген тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындауда. Түркі ынтымақтастығы үшін маңызды бірқатар құжаттарды әзірледі. Атап айтқанда, Түркі интеграциясының тұжырымдамасы мемлекет басшыларының саммитінде мақұлданса, Академия дайындаған ортақ оқулықтар бауырлас елдерге кең таралып, мектеп бағдарламаларына енгізілген. Бүгінгі таңда Халықаралық Түркі академиясы түбірі бір түркі халықтарының алтын арқауына айналып үлгерді», - деп көрсетілген орталықтың сайтында.