Жер сақталса, елде сақталады
08.10.2014 2043
Қазақ жерін қоныс еткен көне заманғы ғұндар тарихын тірілткен, «Алтын тамыр», «Көмбе» секілді кітаптарымен бар қазаққа аты мәлім Қойшығара Салғараұлы, ағамызбен сұхбаттасуды жөн санадық.

Журналист әрдайым ізденісте жүреді. Өз жанын жеп, білсем деген сұрақтарына жауап іздеп жүретін кәсіп иелері дәп осы журналист болса керек. Журналистикадан сан тараулы тарихымызды тереңнен зерттеуге бет қойып, Қазақ жерін қоныс еткен көне заманғы ғұндар тарихын тірілткен, «Алтын тамыр», «Көмбе» секілді кітаптарымен бар қазаққа аты мәлім Қойшығара Салғараұлы, ағамызбен сұхбаттасуды қанша уақыттан бері мансұқтадық. Ағамызбен сұхбаттасудың сәті көптен бері түспей жүрді. Көктем күттік, жазда, ағамыз демалыста болды, ақырында қоңыр күзде, елордадағы шаңырағында емін-еркін отырып сұхбаттасудың сәті түсті. Ә дегеннен әңгіме тиегін, ағытқан, ағамызды біз тек тыңдап, сұрақ қойып қана отырдық.

— Университетті бітіре салып жұмысқа Қостанайға бет алдым. Облыстық телерадиода он жылға жуық қызмет етіп Алматыға қайта оралдым. Облыста аты дардай танымал журналист болып, біреулерге ұстаз болып жүрген басым, Алматыда қалған қатарлас жігіттердің қасына келген біраз нәрседен құр қалып сорлап қалғанымды шын сезіндім.

— Ол жігіттер кім еді?

— Кәрібай Ахметбеков деген жазушы, ағаң болған. Сол екеуміз студент кезде жатақханада бес жыл бір бөлмеде тұрдық. Ә дегеннен үйіне бірінші болып мені ерулікке шақырған сол досым болды. Өзара араласатын бір топ бар екен сол достарын да қоса шақырды. Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, марқұм Серік Әбдірайымов барлығы осы топтың құрамында екен.

— «Жеті жетімнен» бөлек пе?

— «Жеті жетім» түгел осы топтың ішінде еді. Ол жетеуіне Әбіштер мен Фаризалар ғана кірмеді.

— «Бес тапал» ше?

— Олар бөлек болды. Ол топта Әкім Таразилер еді ғой. Ерулікке жайылған дастархан басында отырып, кеше ғана бірге оқып, ойнап-күліп жүрген қатарластарымның деңгейінің көш ілгері дамып кеткенін байқадым. Тарих саласы болсын, әдебиет болсын олар қамшы салдырмай отырды. Құрымағанда дұрыс әзіл-қалжың айта алмай қатты қысылдым. Сырттай білдірмегенмен іштей қатты намыстандым. Шыны керек білімімді жетілдіру үшін көп оқып, іздене бастадым. Облыста он жылда бір кітап жазбаған адам, мұнда келіп он жылда он кітап шығардым. Мойындау керек мен жаңағы жігіттерге бәрібір ілесіп кете алмадым. Менікі оқиға қуған, сезімнің әсерімен туындаған жазбалар еді. Тарихты зерттеп жаза жүріп, газетте жұмыс істедім. Осы кезеңде мен тарихымызды тереңінен оқуға ден қойдым. 

Оған Алаш арыстарының еңбектерін оқып, өмірбаяндарымен танысуым себеп болды. Өткен ғасырдың бас кезінде патшалық монархия құлап, бұратана халықтар өз тәуелсіздігін алуға ұмтылғанда Алаш сапында болған, ағаларымыздың барлығының ағартумен айналысып, ұлт тарихын түгендеуі маған тыңнан шабыт берді.


Ал «Социалистік Қазақстан» газетіне келіп журналист болып жұмыс істеуім маған көп нәрсені үйретті. Алдыңғы облыста радиодағы жұмысым жеңілдеу болатын. Газетке келіп, шұқшиып отырып мақала жазуды, жиі-жиі іссапарларға шығып, еліміздегі тарихи орындарды аралап көптеген танымал адамдармен сұхбаттасуды үйреніп, санама сәуле жүгірді. Көп дүниеге көзім ашылып, өмірімнің мағынасыз өтіп жатқанын сезіндім. Сосын қалайда, ағарту саласына бет бұрып тарихымызды түгендеу керек екендігін түйсіндім. Ағартушылыққа бет бұра отырып, өзің білмегенді өзгеге қалай үйретесің?

— Ағартушылыққа бет бұрғанда неше жаста едіңіз?

— Бақандай отыз бес жаста едім. Содан қырыққа дейін алты жыл бойы табан  аудармастан бұрынғы ойын-күлкі, артық жүрістің бәрін тыйып бірыңғай кітапханада отырдым. Жұмыс күні аяқталысымен академияның сирек кітаптар қорындағы тарих туралы кітаптарды қопарумен болдым. Алты жылдың ішінде өз бетімше тарих факультетін бітіріп шықтым десе-де болады. Ондағы мақсатым біз кімбіз, қайдан келдік, қалай келдік, қайдан шықтық деген сауалдарға жауап іздеу еді. Басында осы сауалдарға жауап тапсам болды, бірдеңе шығарам, жазам деген ой болған. Қайдағы. Өз бетімше іздену керек болды. Кітапханадағы алты жыл құр кетпей, ізденістен қоржыныма бірдеңелер түсе бастады. Өмірде бір нәрсеге бірдеңе себеп болады ғой. Ағарту жұмысында нені қозғау керек дегенде жер мәселесін қозғау керек екендігін ұғындым. Оқыған дүниелерімнен білгенім қандай да бір империя болмасын ол түбі бір құлап тынады. Мейлі жүз жыл, екі жүз жыл өмір сүрсін түбінде бір шірік, ағаш секілді күйреп түседі екен. Көбісінің ғұмыры үш ғасыр. Отарлаушы ел кетеді жер мен халық қалады. 

Демек сен жеріңді сақтай алсаң ұрпағың ғұмырлы болады. Халқыңның өмірі жалғасын табады. Осы бағытты ұстанғанмен ол кезде бұл тақырыпта түсінігім аздау болды. Оңтүстіктегі біраз тарихи жерлерімізді кезінде Қоқан хандығы басып алған ғой… Кезінде «Ферғана қырғыны» деген қанды оқиға болған. Қыпшақтарды қынадай қырған. Аман қалғандары бассауғалап біздің Қостанай жақты мекендеген. 

Құйттайымнан солардың қыпшақтар қырғыны жайлы әңгімелерін естіп өскендіктен осы оқиғаға негіздеп бір роман жазайын деп бірінші тарауын бітірдім де Кәрібай досыма апарып оқытып көрсетейін дедім. Балам, біз Кәрібай екеуміз өте дос болдық. Достығымыз өте бір ерекше еді. Мәселен мен оның үйіне барып, «кім келді?» десе, «дос келді» дейтін. Менің үйіме ол келсе «дос келді» дейтін. Дос десе болды, сөз жоқ кім екенін түсінетінбіз. Біздің достығымыз сондай еді. Жазбамды оқып көрді-де «сорлы ау сотталасың мынауыңмен, бұл әлі жарық көрмейтін нәрсе ғой» деді. Бұл маған өте үлкен соққы болды. Түкке жарамайтын дүниені жазып не керегі бар. Ол кезде Кеңес үкіметі құлайды деген ой мүлде жоқ. 

Содан мен мәңгіріп рухани ауруға душар болдым. Сүлесоқ қалпыммен не істеймін деген ой миымнан шықпай қойды. Күнделікті жаяу жүретін жолымда екі этажды шағын үй болатын. Сол үйде Сәбит Мұқановтың ұлы Марат Мұқанов тұратын. Ол кісі этнограф болатын. Ойға батып келе жатып, қасынан өтіп кетіппін. Дауыстап шақырып алды. Менен жасы үлкен әрі асылдың сынығы барып сәлем бердім. «Түрің болмай жүр ғой, ауырып жүрсің бе?» деп сұрады. Ауырып жүрмін дедім. «Ие, қай жерің ауырады» дегенде жаным ауырады деп жауап бердім. «Не болды соншама?» деді. Үлкен кісінің баласы болған соң ба, егіліп ішкі сырымның бәрін төктім. Ол ғылыми зерттеуге бағыт етіп, «Қытайды зерттеуге ал империялардың бәрі бірдей. Тірлігі мен әрекеті-де ұқсас. Мичуринның бірінші том еңбегін оқы. Сонда ғұндар мен Мөде қағанның Қытаймен қарым-қатынасы жайлы біраз нәрсе жазылған. Сенің жер жайлы ойың болса жауапты осы кітаптан аласың, кітапханада бар алып, оқы» деді. Менің бетіме қарап отырды да жағдайымды анық түсінді ау деймін, «бұл кітап менде бар оқып қайыра әкеп берерсің" деді. Жарайды деп оқуға алдым. Міне менің Қытай мұрағаттарындағы біздің тарихқа қатысты деректерге енуім осылай басталды.

Жалғасы бар

Олжас БЕРКІНБАЕВ