Бүгін Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ, Qyr balasy ҚҚ және Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия бірлесіп, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының туған күніне орай «Алаш – ұлтты оятқан рухты сөз» іс-шарасы болып өтті. Шараға сонымен қатар Астана қаласы Әдістемелік Орталығы қолдау көрсетіп, қала деңгейінде өтуіне үлес қосқанын айта кету керек.
Іс-шара аясында Qyr balasy қоғамдық қоры кітаптарының тұсауы кесіліп, таныстырылды. Атап айтар болсақ, «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша Нұғыман Манай, Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы, «Жетісудағы Алаш тарихы: Жаркент іздері», «Қаныш Сәтбаев феномені» зерттеу еңбектері сондай-ақ «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясы бойынша Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай сынды Алаш зиялыларының нақыл сөздері жеке кітапша түрінде жарық көріп отыр.
Әдеби жиынға Сұлтанхан Аққұлұлы, Қайсар Әлім, Айгүл Серікқызы, Ербол Ердембекұлы, Марат Әбсемет, Шолпан Тілепина, Сағымбай Жұмағұл, Алмас Жұмағали, Қайырбек Кемеңгер, Алма Сайлауқызы, т.б. сынды алаштанушы-ғалымдар мен Роза Бақтығалиқызы, Ризабек Кемеңгер, Камлет Баяхметұлы секілді Алаш зиялыларының ұрпақтары арнайы қатысты. Одан бөлек Алаш қайраткерлерінің атын алған мектептің директорлары мен мұғалімдері де болды.
Қор президенті Жанболат Абайхан мен құрылтайшысы Ертай Біләл жаңа кітаптарды таныстырып, краудфандингке үлес қосқан азаматтарға кітап табыстады. Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры Ұшқын Сәйдірахман «Алаш мұрасын оқыту – ұлттық тәрбие өзегі» тақырыбында баяндама жасады. Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры Ұшқын Сәйдірахманның айтуынша, жалпы алаштану мәселесі - айдыны кең ғылым.
«Бүгінгі тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан кітаптар сол айдынға барып қосылған тамшылар. Кітаптар «Қыр баласы» қорының тұрақты екі сериясымен жарық көрді. Атап айтқанда, «Алаш кітапханасы» сериясымен Ғазымбек Бірімжан және Нұғман Манай шығармаларының жинағы, «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясымен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқайдың ой маржандары және зерттеу еңбектерінен «Қаныш Сәтпай феномені» мен «Жетісудағы Алаш тарихы» көпке тарады. Бұл еңбектердің бәрі Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының ғылыми кеңесінде талқыдан өтіп, алаштанушы мамандарының сынынан өткен еңбектер», - дейді Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ директоры Ұшқын Сәйдірахман.
Ал Қор президенті Жанболат Абайханның айтуынша, Qyr balasy қоғамдық қоры шығарған бұл кітаптар краудфандинг есебінен және жекелей меценаттардың қолдауымен шығып отыр.
Іс-шара барысында Ербол Ердембекұлы мен Роза Бақтығалиқызына «Алаш зиялысы» медалі, Шолпан Тілепина, Камлет Баяхметұлы және Мұрат Ескендірұлына «Барлыбек Сырттанұлы» медалі табысталды. Әділжан ағамыз бастаған Орал қаласының азаматтары және Елжас Омарханның демеушілігімен белсенді, үздік 20 оқушыға «Алаш стипендиясы» берілді.
Абай мектебінің оқушылары Міржақып Дулатұлы туралы «Азаматы Алаштың» атты қойылым қойды. 11 «Ә» сынып оқушысы Саяжан Азаматқызы қазақ тілінің мәселесі көтерілген «Қазақ тілінің мұңы» мақаласын, бастауыш сынып оқушылары Алаш арыстары туралы өлеңдер оқыды. Интеллектуалды сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға кітаптар берілді. Жас суретші, қор мүшесі Назерке Болатқызының сурет көрмесі және қор кітаптарының көрмесі қойылды.
Нұғыман Манай шығармалар жинағы. Бұл кітапқа ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, әдебиетші, аудармашы, публицист, драматург Нұғыман Манайдың шығармалары және оның тұлғасына қа- тысты архив құжаттары топтастырылған. Кітап Алаш тарихына ынтызар оқырман қауымға арналған.
Ғазымбек Бірімжан шығармашалар жинағы. Алаш қайраткері, публицист, агроном Ғазымбек Бірімжан —қазақ тарихында орны бөлек ірі тұлға. Оқырман назарына ұсынылған қайраткер-қаламгердің шығармалар жинағына ұлттық маңызы зор жобалары, шығармашылық мұрасы, ғылыми-зерттеу еңбегі, ашаршылық кезіндегі үндеулері, некрологтары және бұрын-соңды жарияланбаған мақалалары, құжаттары, деректері енгізілді. Сонымен қатар, кітапқа Алаш арысының өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы туралы әр жылдары жазылған зерттеулер, естеліктер топтастырылды. Кітап Алаш тарихына қызығатын оқырман қауымға арналады.
Ұлтты оятқан ұлы сөз - Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл кітапқа Ахмет Байтұрсынұлының Отан, халық, мемлекет, билік, заң, әскер, жер, еңбек, тұрмыс-тіршілік, ақыл, қоғам, азамат, шаруашылық, қолөнер, тіл, оқу, білім, мектеп, ғылым, дін, тарих, әдебиет, мәдениет, өнер тағы сол сияқты әртүрлі тақырыптағы қанатты сөздері топтастырылып отыр. Сондай-ақ, жинақтың бір ерекшелігі - Алаш қайраткерінің асыл сездері тақырыптарқа сай бөлініп жүйеленуінен бөлек, тарихи тұлға өмірінің маңызды өткелдеріне қатысты иллюстрациялық суреттердің енгізілгені. Кітап көпшілік қауымға арналған.