Ежелгі Орта Азия мен Иран. Тарих сабақтастығы
17.09.2014 6109
Ирандықтардың Орта Азия халқымен өзара қатынастары көне заманнан басталғаны белгілі.

Бұл күндері Астана қаласында Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани бастаған делегация ресми сапармен келіп жатқаны белгілі. Осы орайда, Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас тарихы жайлы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынгастар факультетінің ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары тарихшы-шығыстанушы Әбішева Мәдина Мағазқызы біздің порталымызбен ой бөлісті.

Мәдина Мағазқызы, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылғаны белгілі. Дегенмен, ирандықтардың Орта Азия даласы халықтарымен алғашқы байланыстары бұдан әлдеқайда бұрын болды емес пе?

Бүгінгі Иран елі мен Орта Азия халықтары тарихы мен мәдениеті түйісетін нүктелер біршама. Оның тамыры Ахеменидтер заманынан бастау алады. Ол жайлы «Авеста» кітабында да жазылған. Орта Азия мен Иран арасындағы қатынас ислам, тіпті христиан діні пайда болуына дейінгі кезеңге жататынын дәлелдей отырып Иранның мемлекет қайраткері, Орта Азия елдері бойынша бірқатар зерттеу жұмысының авторы Мехди Санаи «Ұлы Жібек жолы бүкіл Орта Азия жерінде, әсіресе Бұхара мен Қашғар арасындағы қалаларда ирандық мәдениет, өнер мен тілдің дамуына ықпал етті. Нәтижесінде иран мәдениеті Мауренахрдың Иранға енген кезеңінде де, одан бөлініп шыққан кезеңінде де Орта Азия халықтары өмірлерінде көрініс тапты деп пайымдауға болады» деген пікір білдіреді.

Қазақстан мен Иран - Ұлы Жібек жолы өткен аумақтар. Ол осы екі елдің мәдениеті мен тіліне қалай әсер етті?

Ұзақ уақыт бойы Ұлы Жібек жолы Иран мен Орта Азияны жалғастырған жол болды. Ұлы Жібек жолы — яғни, керуен жолы өтетін көптеген халықтардың тарихы мен мәдениетін тасымалдау жолы болды десек қателеспейміз, дегенмен Жібек жолының нақ ортасында иран өркениеті тұрды. Парсы тілі, иран мәдениеті, ғылымы мен білімінің басқа елге таралуы осылай жүзеге асты. Мәдени қатынастардың өрлеуі исламдық мемлекеттердің қалыптасу кезеңіне сай келеді. Бұл кезеңде Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан қалаларда үлкен кітапханалар бой көтерді, мұсылмандық, грек және қытай ғылыми орталықтарымен дерек алмасу ұлғайды. Осылайша, Орта Азия елдерінде де иран мәдениеті орын ала бастады. Бүгінде Орта Азия халықтары тілдерінен көптеген парсы сөздері мен терминдерін кездестіруге болады. Бұл аймақ музейлерінде кездесетін әдеби ескерткіштер көбіне парсы тілінде жазылған.

Солтүстік Қазақстаннан өзге Орта Азияның басқа жерлеріндегі ескі заманғы көптеген ғимараттарда иран архитектурасы мен өнерінің іздері сақталған. Бұхара мен Самарқандтағы мешіт пен медреселер, Оңтүстік Қазақстандағы ежелгі кесенелер және ондаған басқа да ғимараттар иран сәулеті мен стилі негізінде салынған. Бұл ғимараттар әшекейіне көбіне иран есімдері жазылған.

Тікелей қазақ халқына парсы мәдениеті қаншалықты таныс?

Орта Азия республикаларының құрметті ақындары мен ойшылдары саналатын Махтум Кули Фараги, Әлішер Навои, Садриддин Айни және Абай Құнанбаев өздерін иран ақындарының шәкірті санап, олардың көзқарастарын ұстанған. Орта Азияның барлық халықтары атақты иран ақындары Хафиз, Фирдоуси, Саади, Хайям есімдерімен таныс.

Атақты қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың көптеген әдеби еңбектері мен мақалаларынан қазақ халқы ертеректен парсы дастандарымен таныс екендігін білуге болады.

Ирандық-исламдық мектептен шыққан ортақ ғалымдар мен ақындардың есімдерін атамағанның өзінде, ирандық стильде оңтүстік Қазақстан архитектурасында орын алған ұлы суфист Қожа Ахмед Яссауи және басқа да ондаған кесенелер, ертеде ата-бабаларымыздың «Шаһнама», «Лейлі-Мәжнүннен» сынды дастандардан үзінділер оқуы, тіпті қазақ тіліне енген парсы сөздері — қазақ халқының иран мәдениетімен жақсы таныс екендігін айғақтайды.

Соңғы жылдары қазақстандық тарихшылар ирандық мұрағаттарда Қазақстанға қатысты көптеген құжаттар табуда. Мүмкін Сіз осы сынды материалдарды кездестірген боларсыз?

Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының өткен жылы берген берген мәліметтері бойынша, баршаға таныс «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан тарихына қатысты шетелдік ғылыми мұрағаттарда 35 мыңдай аса құнды тарихи деректер табылған екен. Иран мұрағаттарында Қазақстан тарихына қатысты парсы тіліндегі дереккөздер баршылық. ХVІ ғасырдың басындағы Иран билеушілері мен қазақтар арасындағы алғашқы қақтығыстар жайындағы құжаттар табылған. Жалпы, Египет, Иран, Түркия мен Өзбекстанға барған зерттеушілер түркі Хорезмшахтары, моңғолдар, ұйғырлар, мұсылман билеушілері тарихы, Шыңғысхан, Әмір Темір тарихына қатысты құнды мұрағат деректерін тауып, «Тарих-и-әл-Салжук», «Тарих-и Жалаладдин Хорезмшах», «Маджа ал-ансаб», «Тарих-и Улжайту», «Китабкамил фи-т-та’рих» сияқты Мауераннахрдағы түркі тайпалары, түркі хандары туралы деректерді алып келген екен. Сонымен қатар, Қазақстан мен Орталық Азияның моңғол шапқыншылығына дейінгі және моңғол үстемдігі кезіндегі тарихына қатысты Түркістан қалаларының сипаты баяндалған мәліметтер табылған. Бұл сынды құнды деректерге тікелей қатысым болмағанымен, ұдайы қызығушылық танытып, жаңалықтарды зерделеуді ұнатамын.

Жаңа заман тарихынан бірнеше фактілер

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 29 қаңтарда орнатылды.
1993 жылы — Иран Ислам Республикасында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 2007 жылы 24 қазанда Горган қаласында ҚР Бас Консул қызметі ашылды
2011 жылдың ақпан айынан бастап Б. Амреев Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшісі болып табылады
1992 жылы Қазақстан Республикасында Иран Ислам Республикасының Елшілігі ашылды
2014 жылдың тамыз айынан бастап Можтаба Дамирчилу Қазақстандағы Иран елшісі болып табылады.

Инна Кузьменко