Мәдени серуен: Түркі академиясы музейі
01.08.2014 2841
Порталымыздың мәдени серуен бағдарламасының жоспары аясында Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан, Түркі академиясының музейіне ат басын тіредік.

«Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан, Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ — киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет».

Н.Ә. Назарбаев
Қазақстан Республикасының Президенті

Мақсатымыз түбі бір түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп зерделейтін орталықтың музейі жайлы оқырмандарымызға мәлімет бере кету.

ҚР Президенті Н.Назарбаев 2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттегі алатын орнын бағамдап, түркі әлемінің өткенін, бүгінін және болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс түркітілдес мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, 2010 жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласында ғылыми орталық — Түркі академиясы құрылды. Халық арасында «Пирамида» аталып кеткен ғимараттың екінші қабатында орналасқан, бір экспозициялы залы бар музейге кірсеңіз бірінші болып төрден орын алған, 684-731 жылдары өмір сүрген Күлтегін бабамыздың бас сүйегінің көшірмесін көресіз.

1. «Көк түріктің көк семсері» атанған Күлтегін

Әкеден жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесін алған Күлтегін ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей, бес қаруын асынып, түрік еліне тұс тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күрескен екен. 

Бұл ретте түріктің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткіші тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жаздыртқан.

2. XVI-XVIII ғасырлардағы қыш құмыралар. Түпнұсқа

Құмыралар Қазақстан жерінде неолит дәуірінен бастап белгілі болған. Кейінгі замандағы қолданыста болған құмыралар.

3. XIV-XX ғасырларда қолданыста болған тастан жасалған, дән үккіш қол диірмен. Түпнұсқа

Қол диірмен болса қазақ жерінде қадым заманнан бері қолданыста болған, бірақ бұл жәдігердің орнын кейін су мен жел диірмені басса бүгінде олардың орнын электрмен жұмыс істейтін диірмендер алмастырып тұр. Музейдегі бұл жәдігердің көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шертер құнды зат екені анық.

4. 1900-1950 жылдары жасалған жез самаурын-құмыра және ХІХ ғасырда Түркістанда жасалған жез ыдыс. Түркістан. Түпнұсқа

Бұл заттың қолданысқа кейін енуінің де себебі бар, самаурын қазақ жеріне ХІХ ғасырда ғана келе бастаған. Заманында Ресейдің Тула қаласында жасалған самаурын қазақ даласында, бір жылқының құнына тең болған.

5. ХІХ-ХХ ғасырларда Қырғызстанда жасалған торсық және сол ғасырға тән Оңтүстік Қазақстанда қолданыста болған ұршық. Түпнұсқа

Орта Азияны мекендеген қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарына тән ыдыс ол- торсық. Торсық түйенің, бұғының, өгіздің мойын терісінен жасалған. Жүні жидітілген теріні қалыпқа салып пішеді де таспамен тіккен. Торсықты саба сияқты қарағайдың бүрімен немесе арша, тобылғымен ыстаған. Ұршық жүннен жіп иіруге арналған жеңіл әрі ыңғайлы құрал.

6. 1900-1950 жылдары Орталық Қазақстанда жасалған астау. Түпнұсқа

7. б.з.д. ІІІ-V ғасырларда жасалған дәрі үккіш тас. Түпнұсқа

Емдік қасиеті бар шөптерді үгіп, майдалау үшін қолданылған құрал. Ата-бабаларымыз әрбір шөп пен оның тамырларының қандай дертке шипа екенін жетік білген.

8. ХVIII-XIX ғасырлардағы төре белдік. Түпнұсқа

Ел ағасы игі жақсылар таққан күміс жалатылған белдік.

9. Дауылпаз

Қазақтың ұрып ойналатын көнесаз аспабы. Ертеректе бұл аспап соғысқұралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданылған. Бертін келе дауылпазды, аңшылық пен құсбегілікке-д епайдаланатын болған. Оның жасалу әдісі күрделі. Дауылпаздың шапаты—өзегі алынған сырты жұмыр бітеу, ағаштан ойып жасалған. Беті әбден иленіп, кеңкей шыңылтыр терімен қапталады. Жайға байлап немесе мойынға, иыққа іліп алып жүруге арналған аспалы бауы мен ұрып ойнайтын шағын таяқшасы болған. Дауылпаздың шанағының сыртын мүйізбен, түрлі тастармен, ою-өрнекпен безендіріп, сәндел жасалады.

10. Қырғыздың ұлттық музыкалық аспабы-Комус

Түрі алмұртқа ұқсас, үш ішекті музыка аспабы. Ыршылар (жыршы) комусдың сүйемелдеуімен ыр (жыр) айтатын болған. 

11. Қазақы сандық пен құрақ көрпешелер

Киіз үйдің көркінің бірі ағаштан жасалған сандық музейде сақталып тұр. Құрақ көрпеше күллі түркі халықтарына тән этнографиялық жәдігер.

12. Өгіздің мүйізінен жасалған сырнай мен сыбызғылар

13. ХХ ғасырда жасалған Әзірбайжан халқының ұлттық музыка аспабы каманча.

Түбі бір түркі халықтарының тарихын түгендер орталық музейі алдағы уақытта құнды жәдігерлермен толығары сөзсіз. Себебі Еуразия жүрегі Астанада орналасқан академия музейіне алдағы уақытта күллі түркі елінен жәдігерлер тасқыны ағыларын анық деп ойлаймыз. Біз қонақжай академия қызметкерлерімен қоштаса отырып, алдағы уақытта қайта келеміз деп уәделестік.


Мұражай күнделікті таңертең сағат 9.00-18.00 аралығында, дүйсенбі-сенбі күндері жұмыс жасайды.

Фотогалерея

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Суреттерді түсірген автор

Мына мақаланы да оқи отырыңыз Мәдени серуен: Жазу тарихы мұражайы