Астанада ҚР Ұлттық мұражайы ашылды
03.07.2014 4488
Кеше, 2 шілдеде барлық қазақстандықтар үшін айтулы оқиға - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ресми ашылу салтанаты өтті.

Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей жобаның салтанатты ашылуына мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаев қатысты.

Мұражайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған.Ұлттық мұражайдың экспозициялық кешендерінде Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

Мұражай халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың серпінді макеті, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік және т.б. қолданылады.

Бүгін, 3 шілдеде ҚР Ұлттық мұражайы мен Ресей этнографиялық музейі және «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Ресей этнографиялық мұражайының 100 жылдық тарихы бар және Еуропадағы ірі этнографиялық мұражайлардың бірі болып табылады. Негізі қаланғаннан бері «РОСИЗО» қорынан Ресей музейлеріне бейнелеу өнерінің 500 000 мыңға жуық туындысы тапсырылды. Соңғы он жылда «РОСИЗО» Ресей мен шетелде 350-ден астам көрменің ұйымдастырылуына атсалысты.
Жеті залда ұсынылатын негізгі экспозициялардан бөлек көрмелер-де ашылды:

Қазақстан Республикасы қолөнершілерінің жәрмеңкесі. «ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы қазақтар» мұрағат суреттерінің көрмесі, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Бапанованың «Сейхун толқындары» атты киізден жасалған киімдерінің жиынтығының көрсетілімі (Қазақстан қолөнершілерінің одағы).

Баспасөз мәжілісі барысында шетелдік қонақтардың бірі, Джон Симпсон: «Лондондағы Британ мұражайының тәлімгері ретінде осындай іс-шараға қатысу, мен үшін зор құрмет және қуаныш. Мұражай — мәдениет белгісі, зерттеулер жасау мен білім алу үшін үлкен мүмкіндік берер, халықаралық ынтымақтастыққа үлкен үлес қосар орталық. Сіздердің мұражай келуге тұрарлық. Кеше ел Президентінің Ұлттық мұражайды ашқанына куәгер болдым. Мұражай құрылысының дизайны кісі таңқаларлықтай, өте маңызды заманауи ғимарат. Бұдан басқа, көне экспонаттарды мультимедиялық технологиялар арқылы көрсетудің жаңа тәсілдерін қолдану — заманауи жетістік болып табылады деп есептеймін» деді.

Сонымен қатар, мұражайға 17.30 -22.00 аралығында баруға болады. Келушілер үшін «Ұлы Жібек жолымен саяхат» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, оның ішіне төмендегілер кіреді:

— Түркістан, Сауран, Испиджаб, Тараз, Сығанақ, Ақмешіт, Отырар, Суяб сияқты Жібек жолы өткен Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға бөлінеді;
— Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шеберлік-сыныптары,
— сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі;
— суретшілердің аспан астында сурет салуы, ұлттық киім үлгісімен суретке түсу;
— балаларға арналған интерактивті ойын бағдарламасы, балаларға арналған интерактивті алаң, мұражай викторинасы.
— ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм тату,
— домбырашылар кеші.
Портал тілшілері мұражайдың бірінші күні туралы қысқаша фоторепортаж дайындады. Мұражайдың әр залының тарихын сурет арқылы сипаттар «Мәдени серуен» алдағы уақытта біздің оқырмандар назарына ұсынылатын болады


Ерте және орта ғасырлар тарихы залы

Этнография залы

ҚР Ұлттық мұражайы есігі келушілер үшін елорда Күніне орайластырылған мерекелік күндері ашық болады.