Жүректе жетпіс жыл жүрген жарықшақ
23.06.2014 1203
1944 жылдың тамыз айы еді. Соғыстың сумаңдаған суық тілі алдындағылардың барлығын сыпырып аждаһа өңешіне талғамай жұтып жатқан кезі. Ажал шіркін аттап бассаң алдыңнан шығады.

БАТЫЛ БАРЛАУШЫ

… 1944 жылдың тамыз айы еді. Соғыстың сумаңдаған суық тілі алдындағылардың барлығын сыпырып аждаһа өңешіне талғамай жұтып жатқан кезі. Ажал шіркін аттап бассаң алдыңнан шығады. Ауызынан ажал бүріккен әрбір түн еңсені қорғасындай басады. Мына қанды қырғыннан аман қала ма, жоқ па, мұны жаратқан ғана біледі. Сондықтан, жанды жаратқанға ғана тапсырып, тек жеңісті ғана ойлауың керек.

Бірде полктың бөлімшесінен байланыс үзіліп қалды. Жаудың ішке ентелей кіргені сонша, байланысты қалпына келтіру қиындай түсті. Осындай кезеңде Ташкент радиотелеграфистер курсын бітіріп, аға сержант әскери атағын иемденген, кескілескен шайқасқа алғаш Сталинград түбіндегі 292-ші атқыштар дивизиясы құрамында түскен Өмірзақ Әтемовті полк командирі шақырып алды. Өмірзақ бұл кезде Морзе әліппесін үйреніп, 6-ПК радиоқабылдағышын жетік меңгерген-ді. Низами атындағы педагогикалық институтының бірінші курсын оқып жүрген Өмірзақ әскерге шақырылғанда өрімдей жас — он сегізде ғана еді.

— Штаб бастығының көмекшісі, майор Супонинмен бірге хабарсыз кеткен полкпен байланыс орнатасыңдар, — деген хабар келіп тұр еді.
Солдатта таңдау құқы болмайды.
— Құп болады! — деді радио взводының аға радисі.
Оқ жаңбыр болып құйып тұр. Бұл аздай әр-әр жерге снаряд гүрс-гүрс жарылады. Межелі жерге жету жалындап аспанға көтеріліп жатқан от ішіне кіріп кетіп, одан шалажансар болып шығумен пара-пар еді. Сәт сайын кері шегініп, жеңілістің ащы дәмін татып, кектенген үстіне кектене түскен, қансыраған жау жаралы жолбарыстай ызалы еді. Міне, осындай кезеңде оқ пен оттың ортасынан аман өтіп, байланысты қалпына келтіру оңай шаруа ма?
Байланысшыларға америкалық «Додж» машинасы берілді. Жүргізушісі талай рет аспаннан төгілген найзағай отынан аман өткен тісқаққан тәжірибелі жігіт еді. Өмірзақ құйындай жүйіткіп келе жатқан көлік кабинасында тажал оғының қай тұсынан төніп келерін ойлап, тұла бойы тоңазыған. Ой-шұнқырды аттап өтіп, бірде жалт бұрылып, бірде кілт тоқтап келе жатқан көлік әупірімдеп қоршауда қалған полкке-де келіп жетті-ау әйтеуір.
— Неге хабарсызсыңдар?
— Радиостансаның аккумляторлы батереясы отырып қалды, — деді қоршауда қалған полк радисі.
Дәл осы жайтты болжағандай Өмірзақ қосалқы батереяны ала шыққан еді. Тамырына қан жүгірген радиостансаның жүрегі қайта соқты. Байланыс қалпына келді. Екі полк стратегиялық соққы жайын байланыс арқылы талқылап, бекітті. Ойламаған жерден оңбастай соққы алған фашистер ойсырай жеңілді. Тірі қалғандары шегінуге мәжбүр болды. Жауынгерлік тапсырманы батыл әрі жедел орындап, полк құрамасындағы қаруластарын қияметтен аман сақтап қалғаны үшін Өмірзақ Әтемов «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ал майор Супонин І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, шофер Волков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Взвод командирінің орынбасары әрі 5-АК радиостансаның бастығы ретінде Өмірзақ ата Мәскеу маңындағы Бронница, Погорелое қалаларын, Калуга облысындағы Суханичи қаласын, Хотынец қалашығы мен Курск доғасын азат етуге қатысты. Бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін омырауына жарқырата тақты. Бұдан бөлек 18 медальмен марапатталды. Зенитті дивизияда жүргенде Сычеевка қаласы маңындағы Вазуза өзенінің жағалауында болған қиян-кескі ұрыс естен шығар ма? Орыс жазушысы Михаил Бубенновтың «Ақ қайындар» атты кітабында 1941–1942 жылдардың жазы мен күзінде осы өзен бойында күшті қақтығыстар болғанын жан-жақты әрі көркем жазды. Жерге табан тіреп шайқасқан әлдеқайда жеңіл екенін Өмірзақ сонда сезінген. Бұл кезде өзен мұз құрсанып жатқан еді. Зеңбіректердің оғы мен снарядтар, бомбалар сол мұздарды быт-шыт етіп бұзды. Мұз аралас сел сырғып, ағып өзен арнасын талқандап жатты. Осындай астан-кестең бір кезеңде жау пулеметі сақылдап қоя берсін. Әлден соң өзен беті қанкөбіктеніп шыға келді. Жауынгерлер өзен бойындағы жарқабаққа тығылған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Бұл жолы да Өмірзақ Әтемов ажал тырнағынан аман қалған. 1943 жылдың тамызында олар Брянск облысының Карачев қаласына жетті. Өмірзақ осында радиостансасын қолайлы орынға жайғастырып, полктің басқа радистерімен байланысқа шықты. Барлық ақпаратты полк командиріне хабарлап, жүргізуші Филиманов, аккумляторшы Сидоркин, жауынгерлер Федин, Курочкин, Кирпичников, Прокопенко барлығы тамақтануға енді отыра бергенде жақын маңға снаряд келіп түсті. Құлақ тұндырған жарылыстан соң ол шайланың ішінде есін бір-ақ жиды. Алайда, жағдайы аса ауыр еді. Госпитальда оған операция жасалды. Құйқаға еніп, сүйекке барып тоқтаған сынықтардың барлығын тазалап шығуға мүмкіндік болмады. Ең қауіпті дегендері залалсыздандырылды. 1943 жылдың қазан айында жауынгер госпитальдан шықты. Оның денесінде снарядтың бес жарықшағы бар еді. Тіпті, жүрегінің түбінде өкпеге қадалған жарықшақ тұрған орнында қалған. Кейіннен Хабаровскіде әскери борышын өтеп жүргенде рентген арқылы жарықшақты көрген дәрігерлер қатты таңырқасты.
— Темірден жаратылған адам екенсіз. Ұзақ өмір сүресіз, — деген оған дәрігерлер.
Сол жылдың қарашасында Өмірзақ майдан даласына аттанып кете барды. Ярославль, Тверь, Бологое, Андреаполь қалалары арқылы өтіп Калинин облысындағы Торопець қаласына келді. Великолуга қаласында бұрынғы өз полкіне келіп қосылды. Дивизия жауынгерлері 1944 жылдың жазы мен көктемінде Новгород облысындағы Псков аймағын, Новорожев, Новгород облысындағы Себеж қаласын, Резекне, Латвиядағы Мадонна мекендерін жаудан тазартуға қатысты. Әскерге Әтемов болып барып Артемов атанып кеткен байланысшының от кешкен жылдарындағы ерлікке толы жорықтарын жалғастыра беруге мақала көлемі көтермейтіні өкінішті-ақ.

АЛАЯҚ АЛЕКСАНДРИДИДІҢ АҚЫРЫ

Ол Горький қаласындағы әскери училищеде оқып жүргенде Жеңіс күнін қарсы алды. Училищені кіші лейтенант шенінде бітірген Өмекең әуелі Мәскеу облысының Озеры қалашығында, сосын Байкал жағалауындағы әскери округке жіберілді. Чита облысындағы дербес зенитшілер дивизионында, Улан-Удэ қаласына жақын Дивизионный стансасында, Хабаровскіде әскери қызметін жалғастырды. Тек 1955 жылы ғана әскери өмірмен қоштасты. Алайда, оның иығынан шинель әлі түспеген еді. 1956 жылдың 2 шілдесі күні ол Шымкент қаласындағы екінші милиция бөлімінің кезекші инспекторы болып қызметке орналасты. Көп ұзамай оны майор Н.Шульга басшылық жасайтын қалалық қылмысты іздестіру бөліміне, аға шұғыл өкіл етіп тағайындады. Көп ұзамай бөлім бастығы, подполковник А. В. Шмелов оны ОБХСС-тің бастығы етіп бекітті. Милиция капитаны Өмірзақ Әтемов қоғам мүлкін қымқырған жемқорлармен күресті осылай бастады.
… 1964 жылдың басы еді. «Шымкентте жалған, ақшамен сауда жасап жүрген біреулер бар» деген хабар келіп түсті. Артынша «Шымкент құрылыс» тресі маңында жалған, ақшамен сауда жасаған оқиға тіркелді. Осы маңайдағы дүкеннің сатушысы учаскелік инспектор, лейтенант Д.Оңланбековке қолдан жасалған бес сомдықты көрсеткен. Тексере келсе дүкен сатушысы түнге қарай арақ сататын болып шықты. Қараңғылықта сатушының қолына жалған, ақшаны қыстырып кеткен. Міне, осы оқиғадан соң із кесушілер бағытын өзгертті. Қылмыскерді іздестіруге Ішкі істер басқармасының ғылыми-техникалық бөлімінің криминалистері тартылды. «Шебер» ақшаны газеттік қағазға қаламмен «өрнектепті». Қозғалған іс бойынша бірнеше жорамал жасалды. Сомның дәлме-дәл көшірмесін суретші ғана сала алатыны бесенеден белгілі еді. Көп ұзамай Чапаевка селосында, Гидролиз зауыты аймағында, вокзал маңындағы жоғарғы Ворошиловка аталатын көшеде «шебердің" іздері сайрап жатты. Артынша жоғарғы Ворошиловка, Чапаевка және вокзал маңында жасанды, ақшаның жетілдірілген нұсқалары пайда бола бастады. Осы төңіректегі дүкен сатушылары талай рет сан соғып қалған-ды, енді олар сақтық шараларына көшті. Сол күндердің бірінде Гидролиз зауытының маңындағы барактардың бірінде жалғызілікті суретші тұратыны мәлім болды. Ол бұрын зауытта суретші болып жұмыс істепті. Ішімдікке құмарлығынан жұмысынан босап қалса керек. Бұл Александриди деген болып шықты. Қырдағы базарда картоп сатып алып тұрғаны жерінде алаяқ қолға түсті. Оның үйіндегі шеберханасы тәркіленіп, өзі түрмеге жөнелтілді. Осы ерлігі үшін Өмірзақ Әтемов Қазақ КСР Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен наградталды. Артынша оны қылмысты іздестіру бөліміне бастық етіп тағайындады. 1966 жылдың қазан айында ол № 31 еңбекпен түзеу колониясы бастығының орынбасары болып барды. Арада небәрі төрт ай өткенде оны облыстық Ішкі істер басқармасы есірткіге қарсы күрес жөніндегі бөлімге бастық қызметіне ауыстырды. Милиция жұмысының өте қауырт та жауапты учаскесі саналатын салаларын Өмірзақ өте шебер басқара білді. Ұзақ жыл ішкі істер органдарында жемісті, нәтижелі қызмет жасаған Өмірзақ Әтемов подполковник шенінде құрметті демалысқа шықты.

МАЗДАҚ

Тыңдап отырсаңыз, Өмірзақ атаның жұбайы Тоқтахан Нуритдиновамен табысуы өз алдына бір хикая. Ташкент облысы Янги иуль аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет істейтін Тоқтаханды әкесі қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына қарсы болған ғой. Сонда Өмірзақ 1934–1940 жылдары Ташкент педучилищесінде тарихтан сабақ берген, кейіннен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері Әзиз Тоқтабаевқа барып, ақыл сұраған. Ол кісі ертесіне қасына аудандық атқару комитетінің төрағасы Шарахметовті, Социалистік Еңбек Ері Абдолла Артықовты, сондай-ақ Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, колхоз төрағасын ертіп қыз әкесіне барады. Нуритдин амалсыз көнеді.
— Міне, сол Тоқтахан апаларыңнан айырылып қалғаныма алты жыл болды, — дейді қарт майдангер.
Алайда, жеңіс жауынгері Фархад, Бахадүр және Руслан атты үш ұлы мен Гауһар есімді қызын көріп жұбанады.
Біз барғанда 93 жастағы Өмірзақ Әтемов, ақсақал ауласынан өзі күтіп алды. Ширақ. Бөлмесіндегі сөреде кітап көп екен. Үстел үстінде газет-журналдардың жаңа сандары жатыр. Оның туылған күні Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс екен. Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов арнайы құттықтап шығыпты.
— Әкеміздің жүрегі тұсындағы жарықшаққа жетпіс жыл болды, — деді бізге кіші ұлы Руслан.
Қарт майдангер бізге мөлдір махаббат пен қайтпас қайсарлықтың символындай көрінді. Жүректе жетпіс жыл жүрген жарықшақ соғыс зардабы мен қасіретін ұмыттыра қоймап еді. Иә, сол күндердің өшпес даңқы арада талай ғасырлар өтсе-де ұмытылыр ма?
Жеңіс жауынгері таяққа сүйенбей-ақ еңсесін тіктеген күйі қақпа алдына дейін келіп, бізді шығарып салды. Реті келгенде айта кетейік, ардагер, ағамызға Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың Құрмет грамотасы табысталды.

Сабырбек Олжабай, Оңтүстік Қазақстан облысы 

http://press.mediaovd.kz/kz/?p=5659