КСРО Қорғаныс министрі маршал Д.Язовтың командирі болған қазақ
30.05.2014 1846
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, КГБ-ның доғарыстағы (отставкада) полковнигі 93 жастағы Шаймұқан Мұқанов – ХХ ғасырда қазақ халқының басынан өткерген небір зұлмат замандардың көзі тірі куәгері.

Ол колхоздастыру науқанының да, ашаршылық нәубетінің де тауқыметін көп тартты. Соғыс жылдарында 21-дан енді ғана асқан қайсар жігіт құрамында 500-600 жауынгері бар батальонды басқарды. Ал, кейіннен СССР-дың Армия генералы және Қорғаныс министрі болған маршал Дмитрий Язов сол уақытта оның қарамағында взвод командирі еді. Өткен күнде белгі бар Ш.Мұқанов 1921 жылдың қоңыр күзінде Семей облысының Абыралы ауданында Керегетас дейтін тас шоқының етегіндегі қыстауда дүниеге келіпті. Туған әкесі Көшімбайдан ерте айырылған. Өгей әкесі Мұқанның қолында өсті. Ес біліп, етек жапқан шақта аудан орталығы Қайнардан 25 шақырым теріскейде жатқан Мәремік тауының баурайындағы Олжай деген орта қол шаруаның қозысын бақты. Жоқшылықты-таршылықты көп көрді. Соған қарамай оқуға деген құштарлығы керемет еді. Бастауыш екі сыныпты Қайнардан оқып, кейін Мәреміктен мектеп ашылғанда, оқуын сонда жалғастырды. О баста арабша әліпбиден бастаған дәрістері, жарты жыл өтпей латын қарпіне көшірілген. Зеректігінің арқасында бір сыныптан екінші сыныпқа ерте ауыстырылып, қатарластарынан «озып» кетті. Бір «қызығы», мектепте әбес жағдайлар да орын алып тұрған. Мәселен, Рамазан айында балалардың Ораза ұстауына тиым салынып, таңертең сабаққа келгенде оларға күнде тұз жалатады екен... 

Колхоздастыру жылдарының ала-шапқын заманы, бала болса да, Шаймұқан ағаның есінде еміс-еміс қалыпты. Өкімет адамдары бай-кедей деп бөлмей, жұрттың бәрінің малын жаппай тартып ала бастаған. Қызыл жағалылар кейбіреудің малын түгел алып кетпей, өздеріне «иесіз» қалдыратын болған. «Иесіз» дегеніміз – өкіметтен ол малды пәлен жерге апарып өткіз деген пәрмен келгенше бағып-қағады, бірақ өзінің сатуға, союға немесе басқадай бір пайдаға жаратуына қақысы жоқ. Жұрт өзіне бұйырмайтын қара-құраны қайтсін? Осыдан кейін мал бағусыз қалды, оларға қысқы жем-шөп әзірленбеді. Сондықтан мал өлімі көбейді. Халықтың бәлшебектер үкіметіне қарсы наразылығы күшейді. Шәкең сонда 50-60 қаралы салтатты қазақтардың қолына ақ жалау ұстап, «Аруақ-аруақ!» деп неге шауып жүргенінің сырын кейін түсінді. Осы кезде ел ішін 31-дің ақсөңке аштығы жайлап, оқу жайына қалды. Ауылда аяқ артар мал қалмады. Ер-азаматтың бәрі кәсіп іздеп қалаға босыды. Мұқан әкей де солармен бірге қалаға кеткен. Кетерінде пештің түбін үңгіп азын-аулақ ет тыққан екен, ол қашанға жетеді? Ауылда шал-кемпір, қатын-бала ғана қалды. Жұрт талғажаулық бірдеңе іздеп бір-бірінен қайыр сұрап шұбыды. 11-12-лердегі Шаймұқан мен Нұртөлеу (нағашысының өзімен шамалас ұлы) нағашы атасымен еріп 30 шақырымдай жерде тұратын Жалаулы ауылына барып, сиырдың бір сирағын арқалап келгендері естерінде. Оны тауысқан соң, шешесімен еріп «Ши бойы» ауылындағы өгей әкесі Мұқанның жамағайындарын жағалап, түк таппай қайтты. Өстіп өлмелі күн кешіп жүргенде, Семейге кіре тартып бара жатқандармен ілесіп келген Сұмағұл нағашысы жетті. Қазақтың бауырмалдығын қойсаңшы! Өз отбасын аштықтан қалай аман алып қаламын деп азап шеккен қайран нағашы, сөйтіп жүріп туған апасы мен жиенінің де жағдайын ұмытпапты. Ол ауылда қалсаңдар аштан қатасыңдар деп, бұларды шанаға отырғызып бірге ала кетті. Қыстың қақаған аязында аш-жалаңаш қатын-баламен 300 шақырым жол жүрудің қандай азап екенін жобалайтын шығарсыздар. Бұл ұры-қарының өршіп тұрған кезі. Жолшыбай олардың қолдарына түссе аман қалмайтындары о бастан тағы белгілі. Сол кездегі көрген қайсыбір қиындықтарды айтасың, бірақ Шаймұқан ақсақалдың мына әңгімесін өз сөзімен бере кетуді жөн көрдік: «Жолда бүктеліп жатқан, не өлісі, не тірісі белгісіз бір адамға тап болдық. Әлгінің басын көтерсек – тірі, мәңгіп қалған. Бәрібір өлемін деп ажалға мойынсұнғаны байқалады. Тірі адамды қалайша тастап кетесің, әлгі бейбақты шанаға салып ала кеттік. Кеште ыстық шәй ішіп, көзі ашылып, сөйлей бастады. Содан бізбен екі күндей ілесіп жүрді. Бір күні түйенің үстінде келе жатыр еді, жерге түсті де, ессіз далаға қарай қаңғып кете берді. Біздің тоқтатып, босқа үсіп өлесің, қалаға жеткізіп салайық дегенімізге көнбей, «жоқ, менің өлетін жерім осы ара» деп, бой бермей қала берді. Көз алдымызда өлімге өзі кетіп бара жатқан адамды көргенім осы...» Жарты жолды өткенде алдарынан қаладан аудан орталығына азық-түлік, тұз таситын кірешілер шыққан. Олардың бір түйесі өліп қалыпты. Аштықтан әбден әлсіреп келе жатқан көштің ортасынан суырылып шыққан Шаймұқан мен Нұртөлеу ең құрығанда талғажаулық болар деп, олардан өлген түйенің табанын сұрап, арттарынан 1-2 шақырым еріп барыпты. Бірақ, олар түйенің табанын бәрібір бермей кеткен. Өліп-талып Семейге жетті. Бірақ бұл жерде де оларды қайбір туысқаны күтіп тұр дейсіз. Қаланы аштық жайлаған, көше-көшені өлім елесі кезіп жүр. Қала ортасында қызыл кірпіштен салынған мектеп үйі тұрды. Ашыққан жұрт соның басына жиналады, күні бойы отырып-отырып, сол жерден кешке бір-ақ тарайды. Жұрт тарқағанда бірнеше адам орындарынан тұрмай қалады. Қасына барып көрсең, өліп жатады. Ашыққан адамдар қолға іліккеннің бәрін өңешінен өткізе береді: ит, мысық, тышқан... Көгершін, торғай болса-болмаса құрып біткен. Шаймұқан әдеттегідей мектеп үйін айналшықтап шығып, енді көшемен төмен түсіп келе жатса, биік қақпаның алдында ат-арбадан қаппен макарон түсіріп жатыр екен. Ашыққан бала жүгіріп барып қаптың жырығынан шашылған бір уыс макаронды топырағымен қоса қарбытып асап-асап жіберіпті. Содан әлгі қақпаның ішіне кіріп, сонда топырлап жүрген кілең өзі сияқты аш-арық қазақ балаларымен араласып кетеді. Сұрастырып көрсе – панасыз балалардың үйі екен. Мұны балалар үйіне бірден қабылдапты. Бұл жердегі баланың халы көше кезгендерге қарағанда тәуірірек. Әйтеуір өлтірместей етіп күніне 1-2 тілім нан үлестіреді. Шаймұқан ертеңінде әкесіне барып: «Мен балалар үйінде қалам, ол жерде нан береді!»,– дейді. Бірте-бірте жағдай жақсарғанда, тақұл-тұқыл болса да тамақты үш мезгіл ішкізетін, аздап киім-кешек кигізетін, моншаға түсіретін болды. Кейін ел ептеп есін жия бастағанда, 1933 жылы шешесі мұны іздеп келіп Балалар үйінен алып кетті. Шаймұқан мектептегі оқуын жалғастырды. 1935 жылы құжаттарын алып, Алматыға баратын пойызға билетсіз мініп кетіп, Есеп-кредит техникумына оқуға түсті. Жоқшылықтан, таршылықтан шыңдалған болар, сабағын жақсы оқып жүріп, күн көру үшін қара жұмыстарға жалданды. Онымен қоймай, қоғамдық жұмыстарға қызу араласты, газет-журналдарға мақала жазуға машықтанды. Жүдеу жүрсе де театрдан қалмайтын көрінеді. Осыған қарап отырып, аш-жалаңаш жүрсе де аға ұрпақтың рухы қалай биік еді, сезімі қалай сергек еді, деп таң қалмасқа шараң жоқ. Ол кісілер осыншама қажыр-қайратты қайдан алған?! Айтпақшы, Шәкең техникумды тәмамдамай жатып журналист болып кеткен. Оған аяқ астынан ауырып, үш ай оқудан қалып қоюы себеп болды. Бұған дейін жазып-сызып жүргендерінің кәдеге асқан жері осы еді. Содан «Октябрь балаларында» (республикалық пионерлер газеті-авт.) әуелі әдеби қызметкерден бастап бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілген. 
Кім біледі, егер Екінші Дүниежүзілік соғыс басталмағанда, Шәкең бұл күнде Қазақстандағы көзі тірі ең қарт журналистің бірі болып отырар ма еді? Бірақ, соғыс ол кісінің өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Комбат Мұқанов Шаймұқан Мұқанов әскерге 1940 жылы шақырылып, ол жақта әскери-техник мамандығын игерді. Яғни бұзылған қаруларды жөндейтін болды. Күнделікті машықтың арқасында кез-келген қаруды (автомат, пулемет, тапанша, мылтық, т.б) көзді жұмып тұрып шашып тастап, қайтадан қолма-қол жинап алатын болған. Соғыс басталғанда Ленинград облысында жасақталған 177 атқыштар дивизиясының құрамына кірді. Мұнда соғыста жарамсыз болып қалған қаруларды жөндеп қана қоймай, сонымен бірге алдыңғы шепке қару-жарақ, оқ-дәрі жеткізіп беру де бұл кісінің міндетіне кірді. Бір күні ерекше барлау бөлімінің бастығы, чекист Хохлов Шәкеңді шақыртып алып: «Алдыңғы шепке атылмайтын пулемет жіберіпсің, мұндай ісің үшін атылатыныңды білесің бе? Тез тексеріп кел!»,– деп қаһарын төккен. Асығып-үсігіп алдыңғы шепке жетсе, пулеметші: «Маған бұзылған пулемет бердің, бұл тек қастық ойлаған адамның ісі»,– деп, түтігіп отыр. – Мен пулеметтің оқтайтын қақпағын ашып, лентасын жөндеп салып, қасымдағылардың көзінше тоқтамастан 100-ден аса оқты бір-ақ аттым. Оның бұзылмағанына бәрінің көзін жеткіздім. Пулеметші жаңа пулеметтің сырын білмейді екен. Шүріппені олай-былай қозғап, «е, бұл істемейді екен ғой» деп ойласа керек. Содан қолма-қол контрразветкаға (ГПУ-дың) хабарлаған. Сірә, өзі де солардың тыңшысы болса керек. Майданда мұндай тыңшылар көп болды,– деп әңгімесін бір қайырды Ш.Мұқанов. Ленинград блокадасы. Тарихта «өмір жолы» деген аты қалған Ладога көлі әлі толық қатпаған, машина жүре алмайды. Көл бетін жапқан қабыршақтанған мұз пароход жүзуге де жарамайды. Үлкен жермен байланыс үзілген. Қалада азық-түлік таусылуға айналған. Ленинград халқы аштыққа ұшырай бастады. Әйтсе де, жұртты бәрі жұмысқа шығып, танк жүретін жолдарға терең ор қазып, қоршау орнатып, көшелерді алынбас қамалға айналдырды. Осындай қысылтаяң шақта Ш.Мұқанов жоғары басшылықтан өзін алдыңғы шепке ұрысқа жіберуін қайта-қайта сұрап жүрген. Мұндай өтінішті полк командирі майор Колчинге де бұған дейін талай айтқан. Бір күні полк командирі шақырып алып, оны пулеметшілер ротасының командирі етіп тағайындағанын айтады. Бірақ, ондай рота әлі жасақталмаған. Соғыс жағдайына қарай енді жеке пулеметшілер ротасын құру қажеттілігі туындап отырса керек. Жоғары басшылық өзара кеңесе келе осы жаңа құрылымға батыл да, біліктілігі мол қазақтың қайсар жігіті Ш.Мұқановты командир тағайындаған дұрыс деп шешіпті. – Сөйтіп 483-полктың 3-батальонына қарасты пулеметшілер ротасының командирі болып бекітіліп, алғы шепке біржолата келдім. Батальон командирі Жирновты жақсы танимын. Екеуміз күні бойы жүріп батальондағы станокты пулеметтерді жинадық. Оған өзіммен әкелген үш пулеметті қосып барлығы 11 ату ұясын жасадық. Әр пулеметті ұрымтал тұстарға орналастырдық. Пулеметшіде бір-ақ мақсат бар. Ол жаудың жаяу әскерлерін жою, ал жаяу әскер көбіне табиғи қалтарыстарды (тоғай, үйлердің тасасы) не танктерді қалқалап шабуылдайды. Демек, оларды қалқанынан бөліп тастау үшін пулеметтерді қайшының жүзіндей шалыс орналастыру керек, бірінен қашса, екіншісіне тап болады дегендей...– деді Шаймұқан аға. Ұрыс басталғанда тиімді нүктелерге орналасқан пулеметшілер фашист солдаттарын танктерден бөліп тастап, көп қырғынға ұшыратты. Осы күні немістер үш дүркін шабуылға шығып, үшеуінде де кері ысырылды. 

Соғыста аға лейтенант М.Шаймұқановтың ротасы ерекше көзге түсті. Шәкең пулеметшілер ротасын басқарып жүргенде қолына мерген винтовкасын да жиі алған. Ол кезде әрбір мергеннің қалтасында «кек кітапшасы» («счет мести») болатын. Мергендер әр фашисті өлтірген сайын оны көрген адамдарға куландырып қол қойдыратын. – Санитарлық бөлімде Наташа деген өрімдей жас қыз болды. Ол ылғи алдыңғы шептегі жауынгерлерді аралайтын. Бір күні әдеттегідей қаперсіз келе жатқанда неміс мергенінің оғынан мерт болыпты. Солдаттар қыздың денесін плащ-палаткаға салып блиндажға әкелді. Жаңа ғана киіктің лағындай секіріп жүрген аруды өлімге қимай қатты қиналдық. Өзі де адамның сұлуы еді. Қасы-көзі қиылған, бұрым шашы беліне түскен нәзік жанды. Аққудың көгілдіріндей сүйкімді қыздың өлімін көрген жауынгерлердің көзіне жас үйірілді. Шаршы топтың алдында: «Осы қызды атқан сұмырайдың көзін жоймасам жер басып жүрмеймін» деп серт бердім,– Шәкең шарт кетіп. Күйзелген сәтте айтуға оңай болғанмен әбден әккіленген жау мергенінің көзін құрту оңай ма? Бірақ, серт берген екенсің, оны орындауың керек. Бүкіл батальон Ш.Мұқановтың жау мергенімен жекпе-жекке шыққанын естіген. Ендігі жерде кездескен жұрт соның жайын сұрап мазасын ала бастаған. Кеудені одан бетер кек керней түскен. Бірақ, ашуды ақылға жеңдірмесе болмайды. Ұшқалақтасаң өзіңнің оққа ұшуың оңай. Шәкең қастасқан жауын бірнеше күн бойы аңдыған. Ол тіпті ізін білдірмейтін болып алған. Тіпті күнұзаққа ағаш басында тапжылмай отырғанда, оқ шығарсам мерген немістің қарауылына ілігіп кетермін деп, оңтайы келсе де бірнеше фашистерді де атпай бос жіберіпті. Бос күтудің енді жөні жоқ екенін түсінген Шәкең, айлаға көшкен. Солдат бейнесіне ұқсатып жасаған жансыз қуыршақты жігіттердің көмегімен әредік-әредік көлбеңдетіп қойған. Сөйткенше, қарсы беттен неміс мергенінің мылтығы гүрс ете қалған. Дереу дүрбіні салып жіберсе, үлкен ағаштың түбінде бірдеңе қозғалғандай болған. Денесі көрінбейді. Тек жартылай ашық қалған аяғының сұлбасын байқауға болады. Хас мергенге аяғы көрінген адамның денесін анықтау қиын болып па, кеудесі осы-ау деген тұстан «иә, сәт!» деп шүріппені басып қалғанда, жау мергені сылқ етіп бір жаққа қарай аударылып түскен. Сәлден соң бір неміс бұқпантайлап келіп өлікті сүйреп әкетті. «Наташаны атқан залымның нақ осы екенін жұлын-жүйкеммен бірге тұтас сезіндім» дейді ақсақал кейіннен бір естелігінде. 
– Батальон командирі кешке ротаға келіп маған алғыс жариялады. Сөйтсем, зеңбірекшілердің бақылаушысы да неміс мергенімен арадағы жекпе-жегімді бақылап тұрған екен. Бұл менің «кек кітапшама» жазылған 27-ші фашист еді. 1942 жылдың 22 февраль күні жау мергенін жайратқаным үшін маған «Ерлігі үшін» медалі берілді, көп ұзамай партия қатарына қабылдандым,– деді қарт майдангер. ...1942 жылдың қысы аса қатты аязды болды. Түнде 45 градусқа дейін жетті. Қырсық қылғанда, немістер қалың орманның ішіне мықтап бекініп алды. Олар қарағайлардан қиып өздеріне жылы үй және оқ өтпейтін бекіністер жасап алды. Ал совет солдаттары орманға қарсы беттегі ашық алаңқайда, оқ өтінде қорғансыз қалды. Әрі суықтан, аштықтан қалтыраған, әрі ашық жерде қалған соң өлім-жітім көп, солдаттардың еңсесі түсе бастады. Ыстық тамақты тек түнгі бір мезгіл ғана әкеледі, жаралыларды да сол кезде түнделетіп алып кетеді. Осындай қиыншылықтарға шыдамаған соң, алдыңғы шепте опасыздық жасағандар көбейді. Бір түнде 3 солдат станковый пулеметтің замогын алып немістерге өтіп кеткен, 5-6 солдат өз-өздерін атып, емделуге кетпек болған. Мұндай жағдайды тез тыймаса, аяғы қандай салдарға ұрындыратыны белгілі. Осындай қысылтаяң шақта 177 двизия штабында үлкен жиналыс болып, әскери тәртіпті босаңсытқаны үшін батальон командирі орнынан алынып, оның орнына ерекше ерлігімен көзге түсіп жүрген, солдаттар арасында беделі мол 21 жасқа енді толып отырған Шаймұқан Мұқановты комбат етіп сайлады... Жалпы, қайтпас қайсар қазақ жігітінің соғыс жылдарында ел аузында қалған ерліктері аз емес. Ол туралы майдан газеттеріне де аз жазылған жоқ. Міне, солардан біршама үзінділер келтірейік: «Смертью храбрых пал пулеметчик. Призирая смерт, бессташный воин парторг роты Муканов ползком подобрался к замолчавшему пулемету. Опять заговорил «Максим». Это Муканов косил врага./ Красноармеец С.Иванов. Дивизиялық «Боевой поход» газеті, 1942 жыл, 31 август /. «Снайпер Муханов за один день уничтожил 7 фашистов»/ «Боевой поход» газеті, 1943 жыл, 13 март/. Ал, енді тек жеке өздері ерлік көрсеткен командирлерге ғана берілетін Александр Невский орденімен Ш.Мұқановты марапаттау туралы ұсыныста былай делінген: «29.01.1944 года в боюх за город Любань благодаря правильной организации наступательного боя с малыми потерями ворвался на улицы города, завязал уличные бои, быстро продвинулся к шоссе и силами своего батальона окружил и уничтожил отряд немцев численностью до 200 человек, взявь при этом 4 пулемета, трактор и захватив фуражный склад. Из личного оружия ст.лейтенант Муканов Ш. Уничтожил 6 немецских солдат и огнем из пулемета рассеял и частично уничтожил группу немцев численностью до 40 человек». «Солдаттар өздерін ұрыс кезінде, от пен өлімнің ортасында түзу бастаған командирлерін, офицерлерді құшақтап, шын ықыласпен сүйіп жатты. Бүкіл батальонның жауынгерлері: орыстар, қазақтар, украидар, өзбектер, татарлар жиналып келіп батальон командирі майор Шаймұқан Мұқановты қолдарына көтеріп, аспанға атып, қайта тосып алып жатты.../Жекен Жұмақанов, Семей облыстық «Еңбек туы» газеті, 9 май 1946 жыл./ Бейбіт күндер Шаймұқан Мұқанов әскерге 1940 жылы кетіп, тек 1946 жылы ғана, соғыстың басынан аяғына дейін толық қатысып келді. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығының түзеліп кетуіне өлшеусіз еңбек сіңірді, Семей, Талдықорған, Алматы, Жамбыл облыстарында талай-талай жауапты қызметтер атқарды. Алматы облысының 3 ауданында бірінші хатшысы, кейіннен Жамбыл, Талдықорған облыстық қауіпсіздік комитеттерінің басшысы болды. Алматы облысының «Құрметті азаматы», Алматы облысы Алакөл ауданының және Ресейдің Ленинград облысы Любань қаласының «Құрметті азаматы» атанды. СССР Қауіпсіздік қызметінің құрметті қайреткері. РФ Ленинград әскери округінің «Алтын кітабына» енгізілген. ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагері». СССР-дің және Тәуелсіз Қазақстанның жалпы саны 10 орден, 30-шақты медальдардың иегері. Шәкең әскерден келген 1946 жылы Камал жеңгеймен шаңырақ көтерді. Отбасында бес бала дүниеге келді. Қадірменді қарттар бүгінде олардан немере, шөбере сүйіп отыр. Үш немересі Абыз аталарының жолын қуып Ұлттық қауіпсіздік қызметінде істеп жүр. Қазақ «Адам ұрпағымен жасайды» деген. Міне, ұрпақтар сабақтастығының жалғастығы деген де осы болса керек. 
Дәулетқали Асауов