«Назарбаевтану» орталығының білім нәрімен сусындап жүрген жастар үшін алар орны ерекше. Енді талай жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен ізденістері дәл осы жерден басталары сөзсіз.
Өскемен қаласында «Назарбаевтану» ғылыми сараптама орталығы ашылды, деп хабарлайды 24.kz.
Облыста алғаш рет ашылып отырған орталықта бұдан былай Елбасының қызмет жолы мен өмірі жайлы білгісі келетін кез келген адамға толық ақпарат беріледі.
Сондай-ақ, бұл жерде Президенттің қолданған заттары мен оның әр жылы БАҚ-та айтқан сөздері және жазған кітаптары да ел назарына ұсынылды. «Назарбаевтану» орталығындағы әрбір заттың Елбасымызға тікелей қатысы бар. Президент өз қолымен талай келісімдерге қол қойған қаламсаптан бастап, ұлықтау шарасына киген киіміне дейін тұр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталықтың осындай әр тарапты болуы әсіресе жастарға қызықты.
Бауыржан Ердембеков, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ проректоры:
- Орталықтың мақсаты – Елбасының жүріп өткен жолын, өмірін жастарға насихаттау. Мұнда Н. Назарбаевтың өмірбаянымен бірге, Қазақстанның өркендеу жолы да зерттеледі.
«Назарбаевтану» орталығының білім нәрімен сусындап жүрген жастар үшін алар орны ерекше. Енді талай жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен ізденістері дәл осы жерден басталары сөзсіз.
Арайлым Темірбекова, магистрант:
- Біз тек қана ғылыммен айналысып қоймай, орталықтан мол мағлұмат ала аламыз. Осы арқылы патриот болуға, азаматтыққа өзімізді тәрбиелеп, сонымен қатар көшбасшылық қасиетті бойымызда сіңіре аламыз.
Мемлекет басшысын танып білуге арналған орталық Астанадан келген қонақтардың да көңілінен шықты.
Алма Сағынғали, ҚР Тұңғыш Президент мұражайының директоры:
- «Назарбаевтану» ғылыми орталығының ашылуы құтты болсын. Осы мерекеге арналып іс-шаралардың өтуі Елбасының халық алдындағы еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Ұрпақты ел тағдырына бей-жай қарамауға үндеу. Бұл – «Назарбаевтану» орталығынның көздеген мүддесі.