Астанада «Теңге - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты қор көрмесінің ашылу рәсімі өтті
15.11.2013 1475
ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің енгізілуінің 20 жылдығына арналған «Теңге - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты қор көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің енгізілуінің 20 жылдығына арналған «Теңге - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты қор көрмесінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inform.kz.

Көрме ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты және Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Экспозицияда Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің қалыптасуы мен нығаюының 20 жылдық тарихын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік беретін кең ауқымды мұрағаттық құжаттар, фото- және бейне материалдар ұсынылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың жеке мұрағатынан алынған бірегей жұмыс жазбалары да бар. 

Көрменің қызықты және бірегей болуының себебі - мұнда алғаш рет теңге мен тиындардың алғашқы үлгілерінен бастап, қазақстандық валютаға дүниежүзілік даңқ пен халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын берген инвестициялық және коллекциялық монеталарға дейінгі қазақстандық нумизматиканың толық топтамасын көруге болатындығында.

Қазақстан теңгесі - бұл полиграфиялық және монеталық-медальерлік өнердің ең жарқын және есте қаларлық жауһарлары екендігіне көрме қонақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы мен Қазақстандық теңге сарайының өнім жинақтарын тамашалай отырып тағы бір мәрте көз жеткізе алады.

Атап айтқанда, көрме экспонаттарының арасында «Жібек жолы», «Әлемнің ең кішкентай монеталары», «Хайуандар», «Әлемнің әйгілі мешіттері», «Шығыс күнтізбесі», «Спорт», «Көшпенділер алтыны», «Ертеде соғылған монеталар», «Қазақстанның Қызыл Кітабы», «Архитектуралық және тарихи ескерткіштер», «Қазақстан халқының ертегілері», «Республика игілігі» және басқа да сериялардан алтын және күмістен дайындалған сирек инвестициялық және естелік монеталарды көруге мүмкіндік болады.  

Қазақстан теңгесі, басқа да нышандармен қатар мемлекет егемендігінің шынайы атрибуты болып саналады және пайда болған сәтінен бастап, еліміздің экономикалық және әлеуметтік өміріндегі барлық сынақтардан өтіп келеді. Ұлттық валютаның енгізілуі - дербес ұлттық экономика қалыптасуының бастамасы және республикадағы нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы маңызды тетігі болып саналады.

Көрме 2014 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады.