Сұраншы мен Саурық батырлар
04.11.2013 2447
Бұл шара арқылы енді Сұраншы мен Саурық батырлардың тарихтағы орнын зерделеуге, тың жатқан үлкен бір тарауға түрен салынды деуге болады.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткен тарихы - біз үшін мол шежіре, үлкен сабақ. Бұл туралы бүгін Алматы облысының Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Сұраншы мен Саурық батырларға қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде айтылды.

 «Дана халқымыз «Тарихқа жүгінсең, танымың кеңейеді» дейді. Жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын - еңселі ескерткіштің ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Жетісу жерінде кешегі Қарасай, Наурызбай, Қабанбай, Райымбек батырлардан үзілмей келе жатқан батырлықтың алтын арқауын Саурық Ыстамбекұлы мен Сұраншы Ақынбекұлы жалғастырғанына тарих куә. Қос батыр ХІХ ғасырда Қоқан бектері мен қырғыз манаптарының үстемдігінен елді азат етіп, ғұмырларын ат үстінде өткізді», - дейді Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов. Оның айтуынша, батырлар сын сағатта қол бастап қоймай, алқалы топта сөз бастап, саясаткерлік қырларымен де танылды. Бұл шара арқылы енді Сұраншы мен Саурық батырлардың тарихтағы орнын зерделеуге, тың жатқан үлкен бір тарауға түрен салынды деуге болады.
Дерек көз: baq.kz