Бұл кітап қазақтың музыкалық аспаптану ғылымының негізін қалаған, көрнекті ғалым Болат Сарыбаев жайлы тұңғыш еңбек болып табылады.
Алматыдағы «Өнер» баспасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жарқын Шәкәрімнің профессор Болат Сарыбаев жайлы қазақ, орыс тілдеріндегі «Көне дүние күмбірі - Мелодии древности» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді.
Бұған дейін әйгілі өнертанушының «Әміре» (1977), «Ән жұлдыз» (1978), «Амре Кашаубаев» (1980), «Малайсары биден Шәмілге дейін» (1997), «Ән асқары» (1998), «Әміре Қашаубайұлы» (2006), Б.Айтқазинмен бірлесіп «Таскескен тағылымы» (2001) және Д. Тілендікелінімен бірлесіп «Нұрғиса Тілендиев (2003) деген 8 кітабы жарыққа шыққан болатын.
«Бұл кітап қазақтың музыкалық аспаптану ғылымының негізін қалаған, көрнекті ғалым Болат Сарыбаев жайлы тұңғыш еңбек болып табылады. Онда ғалымның консерваторияда есімдері аңызға айналған академик Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Иосиф Дубовский тәрізді көптеген ұстаздардан үлгі-өнеге алғаны, сонда-ақ Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров, Құбыш Мұхитов, Фатима Балғаева тәрізді еліміздің көрнекті өнер қайраткерлерімен өнер биігіне қатарлас қанат қаққаны әңгімеленеді. Бұдан бөлек Болат Сарыбаев зерттеп, жаңғыртқан жетіген, шертер, асатаяқ, дудыға, қоңырау, үскірік, сазсырнай, қос сырнай, тастауық, қурай-ысқырғыш, үшпілдек, ысқырауық, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, сылдырмақты қамшы, қоңырау тәрізді қазақтың көне музыкалық аспаптары сипатталып оқушы қауымға қарапайым тілмен жеткізілген», - дейді кітап авторы Ж.Шәкәрім. Оның айтуынша, кітапта сонымен қатар Б.Сарыбаев зерттеген қазақтың үш ішекті - қосбұрау домбырасы мен орыстың үш ішекті «домбрасы» жайлы тың мәліметтер келтірілген. Кітаптың мазмұнын үш ішекті - қосбұрау домбыраға арналған күйлердің ноталары жарқыратып аша түсері анық.
Дерек көз: inform.kz