Түгел сөздің биігі – Төле би
25.10.2013 2217
Биыл еліміздің көптеген өңірлерінде өз заманының ханы да, батыры да, биі де болған дала данышпаны Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілуде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Рухы биік ел ғана ұлы мұраттарға жете алады», деп айтқандай, мемлекетіміз мерейінің үстем болуы оның тарихын, мәдениетін және әдеби құндылықтарын қас­терлеп, құрметтеуден баста­­­­лады. Бұл орайда, еліміз тәуелсіз­­дік алғалы бері ұрпағына ерлік ісі мен өлмейтұғын сөзін қалдыр­ған даңқты перзенттерінің бітім-бол­мысын биіктен-биікке көте­ріп, өмір жолдарын өнеге етуде ай­тарлықтай іс-шаралар атқа­рылды.

Соның бірі, түгел билікке қол жетізген Төле би мерейтойы десек артық айтқандық емес. Биыл еліміздің көптеген өңірлерінде өз заманының ханы да, батыры да, биі де болған дала данышпаны Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілуде. Тараз қаласындағы Төле би даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы ашық алаңға тұрғызылған Төле би ескерткішінің салтанатты жағдайда ашылуын ұлылықты ұлықтаған елдің осы ұлағатты іс-шараларының бірі десек болады.

Биіктігі 11 метрлік алып ескерткіш қола­дан құйы­лыпты. Ал салмағы 35 тоннаны құрайды. Ескерт­кіш айналасы заманауи құрылыс материалдарымен әсем безендірілген.

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Қанат Бозымбаев қуанышқа жиналған көпшілік алдында ескерткіштің жамылғысын сыпырып, баба мүсінін ұрпағына паш етсе, облыс басшысы сөзі мен ісі халқымен бірге ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан баба ескерткішінің ашылуымен той қонақтарын құттықтап: «Бабамыздың рухы бәрімізді қолдай берсін!» деді. Төле би атындағы республикалық қор­дың президенті Мүсілім Дайыр­бек елдің берекесі мен бірлігін ойлаған бітімгер бабаның 350 жылдық мерейтойын ойда­ғы­дай ұйымдастырып, облыс орталығынан оның еңселі ескерт­кішін орнатқан облыс басшылығы мен жұртшылығына алғысын жеткізді.

Мерейтойдың мәдени-ғы­лыми «мәзірі» бұдан кейін «Ба­ласағұн» Орталық концерт залында жалғасып, Төле би Әлі­бек­ұлының туғанына 350 жыл толуына арналған «Төле би және оның ұлағатты мұралары» атты республикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференцияға ұлас­ты. Конференцияны Пар­ламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Құттықтау хатын оқып берді. Онда былай делінген:

«Бүгінгі күн – қазақ мәдениеті мен тарихындағы есте қалар елеулі күн. Ұлтымыздың ұлы перзенті, халқы­­­мыздың қасиетті сөзін ел бірлігі мен жер тұтас­тығына арнаған тарихи тұлға Төле би Әлібекұлының еңселі ескерткіші көне Тараз жерінде бой көтерді.

Тәуелсіздіктің алғашқы арайында Ордабасыда өткен алқалы жиында біз жұртымыздың әйгілі үш биі – Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің рухтары ендігі жерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нұрлы нысанына айналып, бүгінгі ұрпақтың ұлы тұлғаларға деген құрметі арта түсетіні айтылған еді.

Төле би қазақ жеріне тігілген жат көздің сұғына, жау елдің басқыншы әрекетіне қарсы күресте сұңғыла сөзімен, сертке сай ісімен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға. Елдің намысы мен ерлігін оятқан, жігерін жанып, еңсесін тіктеген қайраткер. Рухани көсемдік пен табиғи шешендікті тең ұстаған абыз. Қазақ жерінің тұтастығы мен ел бірлігін қашанда қазық қылып ұстаған бабамыз кейінгі ұрпағына ұлы өсиетті аманат етіп кетті. Төле би өсиеттері бүгінгі таңда да тәуелсіз еліміз­дің рухани өсіп-өркендеуіне, жастардың бойына отан­сүй­гіштік қасиеттерді сіңіруге өлшеусіз үлес қосып келеді.

Сондықтан осындай ұлы тұлғаға ескерткіш қою арқылы біз өткен тарихымызды қастерлеп, бүгінімізді бедерлеп, ертеңімізді баянды етуге жол ашамыз. Ұлттық тарихымыздың жаңа беттерін жазу үстінде, өткеніміздің өнегесін зерделеуде біз бабалар аманатына адалдық пен беріктіктің үлгісін көрсетеміз.

Түгел сөздің биігі болған Төле бидің қасиеттері мен өсиет­­тері әлемдік өркениетте өзіндік орнын тапқан қа­зақ жұртының тірегі мен тілегі болып мәңгілік қала береді».

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев мерейтой қонақтары мен конфе­ренцияға келген ғалымдарға қара­та: «Асыл мен жауһарды қадірлей білетін, елдік мұрат пен ерлікті ұстай білетін Жамбыл жеріне қош келдіңіздер!» дей келіп, бар ғұмырын ұлт бірлігіне арнаған тарихи тұлғалардың биігінен табылу бүгінгі ұрпақтың басты парызы, деп ой түйді.

Иә: «Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батыр менен биге күш» немесе: «Көсіле шабар жерің бар, қол боларлық елің бар, қол бастайтын ерің бар, атадан қалған жолың бар, жай отырып құл болсақ, атадан ұл боп туды деп, кейінгіден кім айтар», деген Төле би шапқыншылық заманда хан мен қараны, батыр мен биді, бай мен бағланды Қазақ деген ұлы елдің киелі шаңырағы астына жиып, елі мен жерін жаудан сақтап қалу үшін барын салған. Қаздауысты Қазыбек пен Әйтеке биді маңдайындағы қос қарашығындай қатар қа­дір тұтқан. Міне, осындай ұлт перзенттерін оқтын-оқтын ұлықтап отыру қоғамдық ой-сананы елдік пен ерлік тұрғысында қалыптастырып, қанаттандыруда үлкен рөл атқарады.

Конференцияға қатысушылар Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғы­лым­дарының докторы, Ұлт­тық ғылым академиясының кор­рес­пондент-мүшесі Мәмбет Қой­гелдиев, Мұхтар Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының директоры, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Уәли­хан Қалижанұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситеті Абай институының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Ха­физова, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титутының бас ғылыми қызмет­кері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ғаппар Маймақов баяндамаларында баба бітімгерлігі жайлы көптеген тың деректер мен ғибратты тақырыптарға тоқталып, ұлт ұстыны мен мемлекет мүддесіне қызмет етерлік қадау-қадау ойлар айтты. Қытай елінен атажұртына оралып Қазақ Ұлттық университетінде қызмет етіп жүрген бауырымыз Нәбижан Мұхаметқанұлының баяндамасы да біраз тың ақпараттардан құлағдар еткен.

Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойын өткізу бары­сында облыстық драма театрда жазушы, драматург Елен Әлім­жанның «Төле би» драма­сы­ның қойылымы да өте табысты өтті. Көрермендер, әсіре­се, қырғыз режиссері Қамат Қасе­новтің көркемдік шешіміне қат­ты риза болды. Төле би рөлін сом­даған әртіс Мәмбет Қожалиев бейнесі жұрт ойынан шықты.

Мерейтой барысында, соны­мен қатар, «Төле бидің қасиет­тері мен өсиеттері» атты респуб­ликалық жыр мүшәйрасы қоры­тындыланып, оның жеңімпаз­дары мен жүлдегерлері тиісті сыйлықтармен марапатталды. Тараз қаласындағы Орталық ста­дионда қазақстандық және жер­гілікті эстрада жұлдыз­дары­­­ның қатысуымен өткен Гала-концерт те мерейтой інжу-маржан­дарының бірі болды. Мерейтой салтанаты 26 қазан, сенбі күні Бауыржан Мо­мыш­­ұлы атындағы ипподромда ұлт­тық ат спорты ойындарына ұла­сады.

Дерек көз: egemen.kz