«Шаһнаме» – Қазақстанда
10.10.2013 2579
Фирдоусидің өлеңмен жазылған «Шаһнаме» дастаны – патшалар туралы жыр кітап. Бұл алып әдеби ескерткіш әлемнің рухани асыл мұраларына жатады. «Шаһнаме» – таусылмайтын күрес кітабы.

Халықаралық Абай клубының директоры, жазушы Роллан Сейсенбаевтың ұзақ жылдар бойғы ізденісі мен халықаралық байланыстарының нәтижесінде жарық көрген дастан XVI ғасырдың баға жетпес құнды кітабы саналады. Қыпшақ тіліндегі «Шаһнаме» эпосы 5 ғасырдан соң Қазақстанға оралды. Халықаралық Абай клубының директоры, жазушы Роллан Сейсенбаевтың ұзақ жылдар бойғы ізденісі мен халықаралық байланыстарының нәтижесінде жарық көрген дастан XVI ғасырдың баға жетпес құнды кітабы саналады.

«Шаһнаменің» қыпшақ тіліндегі толық әрі жалғыз нұсқасының аудармасы туралы Р. Сейсенбаев былай дейді: «Парсы-тәжік әдебиетінің классигі, ұлы ақыны Фирдоуси – әлем поэзиясының асқар шыңы. Фирдоусидің өлеңмен жазылған «Шаһнаме» дастаны – патшалар туралы жыр кітап. Бұл алып әдеби ескерткіш әлемнің рухани асыл мұраларына жатады. «Шаһнаме» – таусылмайтын күрес кітабы. Қайырымдылық пен қараулықтың текетірес кітабы. Ұлы кітап.
«Шаһнаме» эпосын 3 бөлімге бөлуге болады. Олар мифология, ерлік һәм тарихи толғаныс. Мифология бөліміне «Авестадағы» көне иран мифтері мен космоногиялық танымдар енген.
Ерлік бөлімінде Иранның көне батырлар жырлары қамтылған. Сонан да батыр Рустам ерлік бөлімінің бас қаһарманы болып қалады. Рустамнан басқа, «Шаһнаме» дастанындағы басты кейіпкерлер – Сиявуш, Исфандияр, Искандар, Бахром Гур».
Оның айтуынша, «Шаһнаме» Еуропаның, Шығыстың ондаған тілдеріне еркін аударылған. XVI ғасырда қыпшақ тіліне тәржімаланған. Өкінішке қарай, аудармашының есімі көне кітапта сақталмаған.
– Кезінде қыпшақ тіліндегі «Шаһнамені» Иранның, Ирактың, Сирияның қолжазба қорларынан көп іздегенбіз. Атақты шығыстанушылар қолжазбаның сақталған даналарын араб елдерінде көргендерін айтып еді. Кеңес үкіметі кезінде қол қысқа болды. Менің сұрауыммен Палестинаның атақты ақындары да қыпшақ тіліндегі нұсқаны жандарын салып іздеген болатын. Өкінішке қарай, Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ жылдарға созылған бітіспес майдан кездері бүтіндей қолжазба қорына Израиль әскерінің бомбасы түсіп, барлық кітаптар мен құжаттар жанып кеткен. Осы оқиғаны маған Палестинаның атақты ақыны Муин Бсису көзіне жас алып отырып айтып еді. Бұл оқиғаға да 40 жыл толыпты, – деді сөз зергері.
Осыдан соң ол қолына «Шаһнаменің» қолжазбасы қалай тигендігіне тоқталып: «2 жыл бұрын тәжік ғалымы Құрбонали Идрисов маған Фирдоусидің «Шаһнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі көшірмесін алып келді. Мен өз көзіме сенерімді де, сенбесімді де білмей, не сөз айта алмай үнсіз тұрып қалдым. Алыс ғасырлар қойнауынан қыпшақ бабаларымыздың күмбірлеген үндері құлағыма жеткендей болды. Уақыт құшағында ескерусіз қалып ескірген, қағаздары үгітілген көнетоз қолжазбаны барша ыждаһаттылықпен бүгінгі техника жетістігінің арқасында жөнге келтіруге тырыстық. Қыпшақ тіліндегі көнетоз кітап қазақ мәдениетінің тереңдігі мен байлығын көрсетеді. Уақыт қысымында тірі қалған бұл кітап VII – VIII ғасырда тасқа қашап жазылған Орхон-Енисей дастандары – Күлтегін мен Тоныкөктің рухани, мәдени жалғасы болып табылады» дегенді жеткізді.
Р.Сейсенбаевтың сөзінше, Мысырда дүниеге келген, тәжік жерінде сақталған, ағылшын жерінде жаңа өңге енген дастан Түркияда кітап болып басылған.
– Алланың алдында, Қыпшақ тілінің алдында, Дешті-Қыпшақ даласының алдында мен өзімнің азаматтық парызымды орындадым деп білемін. Ендігі міндет – қыпшақ тілінің мамандары «Шаһнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі аудармасын қазақ тіліне латын қарпімен түсіру. Қазақ тіліне түскен «Шаһнамені» қазақ поэзиясына үкілеп қайтару. Дастанды да, дастанды қыпшақ тіліне түсірген Саййид Шариф есімін де қазақ тарихына қалдыру болып табылады, – деп қорытты ойын жазушы.

Дерек көз: baq.kz