Көне Тараздың орнында жаңа археологиялық қазбалар жүргізілуде
09.10.2013 2768
Тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Карл Молдахметұлы Байпақов көне Тараздың орнында жүргізіліп жатқан жаңа археологиялық қазба жұмыстары туралы әңгімелеп берді.

Тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Карл Молдахметұлы Байпақов ortcom.kz сайтына берген сұхбатында көне Тараздың орнында жүргізіліп жатқан жаңа археологиялық қазба жұмыстары туралы әңгімелеп берді.

«Археология ғылымында жыл сайын, әр маусым сайын жүздеген жаңалықтар ашылады. Сондай жаңалықтардың бірі - көне Тараздың орнында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары. Қазіргі Тараздың аумағында, жаңа құрылыстардың астында орналасқан ескі қоныс Қазақстанның ең байырғы қалаларының бірі болып табылады. Міне осы ескі қоныста жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының барысында, бірінші жылы-ақ өте қызықты нысандар табылып отыр, олар - рабаттың қабырғасы, ең байырғы медреселердің бірі, моншалар, рабаттың құрылыс кешені сияқты ескерткіштер. Және шақа соғумен байланысты бірегей жәдігерлер де табылып отыр, ол кезде ерте ортағасырлық кезеңнен бастап теңге сарайы жұмыс істей бастаған. Ал Тараз Қараханидтер хандығының орталықтарының бірі болған кезде, ол теңге сарайының жұмысы қарқынды болғанын анықтап отырмыз. Бұл жаңалық қаланың тарихы туралы маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді», деді К.Байпақов.

«Және Отырар қаласының орнында да бірегей материалдар көптеп табылуда, олар – мешіт кешені, мұсылмандықтың дәуірлеу кезеңімен байланысты материалдар. Жетісуда да жаңа материалдар аршу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Табылған материалдар Жібек жолы, біздің еліміздегі урбанизация, мемлекеттіліктің дамуы сияқты мәселелерді зерделеуге мүмкіндік береді», деді ғалым өз сөзінде.

Ғалым сондай-ақ қазақстандық және шетелдік археологтардың бірлескен жұмыстары туралы әңгімелеп берді.

Дерек көз: ortcom.kz