Бекметевтер әулетінің беделді қызы
20.11.2024 290

Қарқаралыдағы Бекметевтердің көк үйі – үш ғасырлық ұзақ тарихтың куәсі. Бұл үйден өсіп-өрбіген үлкен әулеттің адамдары қазақ тарихында айрықша із қалдырды. Осы әулеттен шыққан қыздардың да ұлт тарихындағы орны ерекше. Бекметевтердің зиялы әулетінен шыққан арулар қазақтың көптеген игі-жақсыларының жары болды. Атап айтқанда Бекметев әулетінің қыздарын жар еткен қазақ азаматтарының қатарында көрнекті Алаш қайраткерлері Жақып Ақбайұлы, Райымжан Мәрсек, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Әміре Айтбақыларды атауға болады. 


Солардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Шәріп Өтепов те бар еді. Жастайынан ел өміріне араласып, сталиндік қуғын-сүргінді бастан өткерген Шәріп Өтеповтің жары – Бекметев әулетінің қызы Ділнұз Мұхамед-Асатқызы болатын. Бекметев әулетінен шыққан қыздардың ішінде өзінің ағартушылық еңбегімен дараланған Ділнұз Мұхамед-Асатқызы – жастайынан білім жолына ұмтылып, жары Шәріп Өтеповпен бірге оқу-ағарту саласында Қазақстан мен Монғолияда қызмет еткен айтулы тұлғалар болды. 

Ресей патшалығы ХІХ ғасырда қазақ даласын толықтай бағындырып, отарлауға көшті. Бұл кезеңде қазақ даласында көптеген өзгерістер орны алуының бірі – елдің демографиялық құрылымы еді. Патша үкіметі қазақ даласына Ресейдің ішкі өлкелерінен орыс және славян ұлт өкілдерімен қатар, немістерді және басқаларды қазақ даласына көшіріп келіп орналастыра бастады. Бұл халықтармен қатар, Еділ бойынан қазақтарға тілі, діні, тарихы тамырлас, тағдырлас татар ұлты өкілдері де көптеп келіп қоныстана бастады. Олардың қазақ даласына келуіндегі мақсаты да әр түрлі болды. Кейбіреуі патша үкіметінің тікелей тапсырмасы бойынша діни-ағартушылық істерді атқаруға келсе, енді бір тобы сауда-саттық бағыты бойынша қазақ арасында нәпақасын табуды көздеді. Ал енді бір тобы туған жерлерінен алыс өлкеге егін салып күнін көру үшін аттанған еді. Осылайша қазақ даласының әр түкпірінде татар қауымдары қалыптасты. Сол тұстағы Сарыарқадағы маңызды әкімшілік басқару және мәдениет ошағы болған Қарқаралы өңіріне де татарлар біртіндеп қоныс аудара бастады. Олардың көрнектілері – Бекметевтер болды.

Қарқаралыда өркен жайып, тамырын тереңге тартқан, осы өлкенің өмірінде кейіннен үлкен орынға ие болған Бекметевтер әулетінің тарихы Хамит пен Жағыпар Бекметевтерден басталады. 1808 жылы дүниеге келген Хамит Бекметевтің туған жері – Ресей империясының Қазан губерниясы, Царевококшай округіннің Ключи Сап деген ауылы екен. Бұл – қазіргі РСФСР құрамындағы Марий-Эл Республикасының астанасы Йошкар-Ола қаласының орны екен. Туған жерінен тәуекел етіп аттанған ағайынды Бекметевтер сауда-саттық жолымен қазақ даласына ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары келеді. Олар туралы дерек 1841 жылы Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысовтың қолы қойылған құжатта кездеседі. Мұнда Хамит Бекметев туралы: «Ясачный татар, отыз үш жаста, Қарқаралыда сауда-саттық жолымен оныншы жыл тұрып жатыр» деп жазылған екен. Демек Бекметевтердің қазақ даласына келген кезеңі – 1831 жылдар деуге негіз бар. Дегенмен Хамит Бекметев Қарқаралыда тұрғанымен, ол Қызылжар қаласында тіркеуге алынған. Бұдан олардың Қазан губерниясынан алғаш келген жері Қызылжар қаласы болуы мүмкін деп болжам жасауға негіз бар. Қызылжар мен Орал өлкелері – татар қоныс аударушыларының шоғырлана орналасқан жерлері болды. Хамит Бекметевтің Сақыпжамал атты бірінші әйелінен Хамидолла, Ғизатулла аты ұлдар туған. Осы балаларынан өрбіген өркенді әулеттен небір мықты ұлдар мен қыздар туып шықты.

Бекметевтер үйі, Қарқаралы қаласы

Халиолла Хамитұлы Бекметев (1829-1905) – Қарқаралының аса беделді, зиялы адамдарының бірі, көпес, кәсіпкер адам болғаны тарихи құжаттардан белгілі. Бірнеше некелі болған Халиолла Бекметевтің бір әйелі Далиля – Қарқаралы уезіне белгілі Кенжеқара байдың қызы екен. Берікқара болыстығын билеген, қаракесектің белді әулетінен шыққан Далиля ана мен Халиолла көпестен он бір ұрпақ өрбіген екен.  Далиля Кенжеқарақызы – кен барлау ісіне араласқан тұңғыш қазақ қызы деген мәлімет бар. Балқаштың солтүстігіндегі «Гүлшат» атты кенорны Халиолла мен Далиля отбасының сүйікті қызының есімімен аталған екен. Халиоллаұлы Мұхаммед-Асаттың қызы Ділнұз – осындай текті әулеттен шыққан көрнекті қайраткер.

Оқи отырыңыздар: Мұхаммет-Мақсұт Бекметовтың туғанына 140 жыл

Дилнұз Мұхаммед-Асатқызы Өтепова (Бекметева) 1907 жылы Қарқаралы қаласында, ауқатты отбасында дүниеге келген. Жастайынан қоғамдық белсенді өмір салтын ұстанған Ділнұз Бекметева 1924 жылы ВЛКСМ қатарына өтеді. 1923 жылдан ВКП (б) кандидаты болып жүріп, 1926 жылы толық мүшедігіне өтеді. 1924-1929 жылдары Семей губерниялық кеңес партия мектебінде оқыған. Оқып жүргенде қоғамдық белсенділігімен танылып, әйелдер арасында тәрбиелік ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Сол дәуірде кеңестік саясат бағыты бойынша қазақ қоғамында әйел теңдігін көтеру мәселесі коммунистер мен комсомолдардың басты міндетінің бірі ретінде алға қойылған болатын. Дилнұз Мұхаммед-Асатқызы бұдан кейін халық сотында заседательдік қызмет атқарып, қазақ әйелдерінің құқығын қорғайды. Қазіргі күні коммунистердің бұл саясатына біржақты баға беру басым болғанымен де, ескілікті салтқа, әсіресе жас қыздарды еріксіз, сүймейтін егде адамға қалыңмалға малға сату, зорлық-зомбылық көрсету сияқты әдеттер ел ішінде кеңінен етек алғаны рас болғаны тарихтан белгілі. Совет үкіметінің гендерлік теңдікті көтеруін – өз дәуіріндегі біршама прогрессивті қадам деуге болады. Міне осы кезеңде қазақ қоғамындағы әйелдердің оқып білім алуына, от басы ошақ қасынан ұзап шығып, ғылым мен өнеркәсіп салаларына араласуына, осы арқылы ұлтты, мемлекетті сауаттылыққа бағыттауға белсене үлес қосқан әйелдер туып шықты. Солардың қатарында Қарқаралыдағы оқыған, көзі ашық әулеттен шыққан Дилнұз Бекметева да бар еді.

Дилнұз Бекметеваның бұдан кейінгі іс-қызметі басқарушылық бағытта болды. 1929 жылы әйел кадрлар дайындайтын курстың меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бұл қызметте жүргенде де өзінің негізгі мақсаты – қазақ әйелдерінің қоғамдық белсенділігін арттыруда көп іс тындырады. Осы бағыттағы қарымды қызметі арқылы жоғары билік органдарының назарына ілінеді. 

1906 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Ахмер аулында дүниеге келген Шәріп Ғайсаұлы Өтепов атты азамат та жастайынан өмірге құштар, белсенді азамат болып өседі. 1920 жылы комсомол қатарына өтіп, ауыл жастары арасында жаңа үкіметтің үгітін насихаттай бастайды. 

Суретте: Қазақстан комсомо­лының қайраткері Шәріп Өтепов және жұбайы Ділнұз Әсетқызы. Алматы қаласы, 1975 жыл. Бекен Қайратұлының жеке мұрағатынан

Шәріп Өтепов 1924 жылы тамыз айында комсомолдың жолдамасымен Семей губерниялық совет-партия мектебіне оқуға қабылданады. Осы кезеңде болашақ маман-кадрларға марксизм-ленинизм идеяларымен қатар, орыс тілі, география, қазақ әдебиеті пәндері оқытылады. Қазақ әдебиетінен болашақ әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов сабақ береді. Қаладағы қазақ театр клубында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы курс студенттерінің күшімен қойылады. Мұндағы Еңлік рөлін губерниялық совет-партия мектебінің студенті Дилнұз Бекметева ойнайды. Қойылым соңында студенттерді жазушының өзі келіп құттықтайды. Осылайша бірі қарқаралылық, бірі өскемендік екі жас сол кездегі әкімшілік орталығы Семейдегі партия-кеңес мектебіне келіп жүріп танысады. Таныстықтың соңы махаббатқа ұласып, екі жас отбасын құрады. 

Жас отбасы бұдан былай бір идея жолында бірлесе іс-қызмет жасауға бел шеше кіріседі. Олар комсомол ұйымына өтіп, әр жерде комсомол ұяларын құруға атсалысады. Шәріп Өтепов Өскемен маңындағы Ахмер ауылында алғаш комсомол ұясын құрған кезде мұнда коммунистік партия ұясы әлі құрылмаған еді. Сол сияқты Дилнұз Бекметева Қарқаралы қалалық комсомол ұясына жетекшілік еткен кезде, оған дейін комсомол қатарына өткен қыздар аз болатын. 

Комсомол ұясының жетекшілері сол жылдары халық арасында коммунистік партия, комсомол ұйымдарының жұмысы, бағдарламасы туралы үгіт-насихаттар жүргізу, халыққа концерт қойып өнер көрсету, революциялық сипаттағы әндер мен өлең-тақпақтарды айту, сауатсыздықпен, өзге де керітартпа құбылыстарға қарсы күрес жүргізу болады. Осы кезеңде кооперативтер құрылып, ауылдарға алғашқы тракторлар келе бастайды. Осы тракторлардың руліне комсомол мүшелері отырды. Комсомолдар ел ішіндегі әйел теңдігі жолындағы күрестің алғы шебінде болады. Мұның бәрі Дилнұз Өтепова-Бекметева мен жары Шәріп Өтепов екеуі атқарған істің бір бөлігі ғана еді.

Оқи отырыңыздар: Қазақ ізі: Атажұрттан ағартушылық мақсатта аттанғандар (Эксклюзив)

Осылайша Семейде танысып, отбасын құрып, партия мектебінің екі курсын бітірген соң Шәріп Өтеповті жергілікті үкімет Қарқаралы уезіне жастар ісін басқаруға жібереді. Бұл кезең – таптық көзқарас әбден күшіне енген заман болатын. Осы қым-қуыт тірліктің ішінде жүрген жас отбасы 1929 жылы Ақтөбеге жолдамамен аттанады. Отбасында Карл (1929) және Марсель (1935-2001) атты ұлдары дүниеге келеді.

Жары Шәріп Өтепов 1929 жылы Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің секретары қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті атқарып жүргенде, отбасының өміріндегі шетелдік кезең басталады. Шәріп Өтепов өзінің естелік жазбасында былай деп баяндайды: «Арада жыл өткенде, яғни 1930 жылы ақпан айында мені Ақтөбе округтік партия комитетінің хатшысы шақырып алып: 

– Сені Мәскеуге ВЛКСМ Орталық Комитеті шақырып жатыр. Мен білсем сізге бұдан былай Коммунистік Жастар Интернационалы саласында Шығыста жұмыс істеуге тура келетін сияқты. Шет елде жұмыс істеу оңай емес. Өзіңе бекем бол. Коммунист деген атқа кір келтірме. Жолың болсын», – деп сәттілік тіледі». Осылайша олардың КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) жолдамасымен Монғолия еліндегі қызметіне жол ашылады.

Монғолияға олар не үшін жолдамамен барды? Мұның мәнісі туралы қысқаша баяндау жөн болмақ. 1917 жылы Патшалық Ресейде төңкерістің нәтижесінде В.И.Ленин бастаған коммунистер билік басына келеді. Бұл мемлекет біртіндеп нығая түсіп, айналасындағы елдерге саяси ықпалын жүргізу үшін коммунистік идеяны айналасына таратуға көшті. Осы бағыттағы алғашқы мемлекет – бұған дейін Қытай бодандығында болып келген Монғолия болатын. Монғолияны ақ гвардия қалдықтары мен Қытай әскерінен тазартқан Қызыл Армияның ықпал-күшімен Сухэбатор бастаған коммунистер 1921 жылы шілденің 11-і күні елдің астанасы Дахуреде басқару билігін қолға алады. Бұдан кейінгі Монғолияның саяси-экономикалық бағыты 1990 жылға дейін Кеңес Одағымен үндес болды. Пролетариат көсемі В.И. Лениннің ұсынысымен 1919 жылы жұмысын бастаған саяси-идеологиялық құрылым Коминтерн (коммунистік интернационал) 1943 жылға дейін өмір сүрді. Коминтерннің басты мақсаты – дүние жүзіндегі коммунистік партиялардың бірлігін қамтамасыз ету, бірлесе іс-әрекет жүргізу болды. Осы мақсатта Коминтерн өз өкілдерін шетелдерге жіберіп отырды. Сондай өкілдердің қатарында қазақтың біршама азаматтары Монғолияда қызмет істеді. Солардың бірі – Монғолияның тұңғыш конституциясын жазуға атсалысқан, мемлекеттің астанасын «Уланбатор» деп қоюға тікелей ұсыныс енгізген қазақ азаматы Тұрар Рысқұлов болатын. Осылайша қазақ азаматы тәуелсіз мемлекеттің астанасының атын қоюы – үлкен тарихтың бастауы болды. Тұрар Рысқұловтан соң да көптеген қазақтар коминтерн жолдамасы бойынша коммунистік Монғолияға келіп қызмет атқарады. Осы өкілдер қатарында 1930 жылы жолдамамен келген Шәріп Өтепов пен Абай Қасымовтар және олардың жары Дилнұз Өтепова мен Тәшінке Қасымовалар да бар еді.

Шәріп Өтеповтің 1981 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты кітабында мынадай жолдар бар: «Ұлан-Батырда мені жылы қабылдады. Менімен бірге серігім әрі жұбайым Дилнұз Өтепова Коминтерннің жолдамасымен бірге келді. Бізбен әңгімелескен моңғолдық жолдастар: – Ашығын айтқанда біз қазақтар арасына жұмыс жүргізе алмадық. Енді сіз бізге көмек береді деген сенімдеміз. Ол жақ Шыңжаң провинциясымен шекаралас, гоминданшылардың ықпалы басым, сондықтан сақ болыңыз, – деп шығарып салды...». Бұл топ Монғолияның ең батысында мекендейтін қазақтар арасында коммунистік идеяны насихаттап, мұндағы елді жаңа өмірге бейімдеуді жүзеге асыруы тиіс еді.

Белгілі журналист, жазушы Бекен Қайратұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қазағына қызмет қылған қайраткер» атты мақаласында былай деп атап көрсетеді: «...Сонымен қатар өлкедегі әйелдер арасына да саяси-ағартушылық жұмысы қарқынды жүргізіліп, бұл іске Шәкеңнің жұбайы Дилнұз Әсетқызы мен Абайдың зайыбы Тәшинке Мірқасымқызы басшылық жасаған екен. Олар қыз-келіншектерге жаңа заман бағытын насихаттайтын қызыл отау ұйымдастырып, оның жанынан қосымша дәрігерлік пункт ашумен қатар, әйелдерге сауат ашу курсын да тұрақты жүргізеді. Сонымен бірге, әйелдерге жаңа заман киімін пішіп, тігуді үйретеді, қоғамдық жұмысқа тартады.

...Шын мәнінде, Өтеповтердің Қобда беті қазақтарына жасаған игі қызметі тағы аңдай тау жастанып, бұйра тірліктің бұйығы салтын ұстаған халыққа тек жақсылық әкелді. Жоғарыдағы саяси-қоғамдық істердің сыртында халықтың тұрмыс-тіршілігін кәсібилендіру үшін де жаңадан коммуна, артель ұйымдастырды.» Монғолиядағы қазақ қыз-келіншектерін жаңа өмірге баулыған Дилнұз Өтепова осы мемлекеттің негізін қалаған Сухебатордың жары Янжумамен және басқа да ықпалды тұлғалармен жылы қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қазақ әйелдерінің басын біріктіріп, оларды сауаттандыру, оқып өсіп жетілдіруге ықпал етеді. Олардың ертеңге деген сенімін шыңдайды.

«Олар Шеруші хошуыны жанына партия, жастар ұйымын құрып жұмысын бастайды. Халыққа коммунистік партияның қағидаттарын насихаттау, лайықты тәрбие беру, жаңаша сауаттандыру, мәдениетке баулу сияқты жұмыстарға олардың жары Тәшинке Қасымова мен Дилнұз Өтепова да бірге атсалысады. Жәшейке (ячейка) құрылып, оларға белсенді жастарды ұйымдастырып, халықты сауаттандыру ісін бастап кетеді. Бұдан кейін Моңғолияға 1931 жылы келген қазақстандық ұстаздар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин болды. 

... Баян-Өлгей аймағы құрылғанға дейін бұл өлкедегі қазақтардың рухани, білім берудегі тірек нүктесі Шеруші хошуунының орталығы Ақбалшық болып келді. Қазақстандық мұғалімдер келген соң қазақтар мекендеп тұрған өзге де өңірлерде білім беру курстарын ашуға мүмкіндік туды», – деп атап көрсетілген «Қазақстан тарихы» порталында.

Міне осылайша Алтай тауының шығыс бетін мекендеп келе жатқан азғана қазақтың арасында 1930-1932 жылдары БК(б)П ОК мен КИМ-нің жолдамасымен келген бұл жас азаматтар жемісті еңбек етеді. Өздеріне жаңа өмірдің шамшырағындай болып қызмет істеген Дилнұз Өтепованы мұндағы жұрт ұзақ жылдар бойы ұмытпай еске алып жүрген екен.

Абай-Тәшинке Қасымовтар мен Шәріп-Дилнұз Өтеповтер Монғолия қазақтары арасындағы іссапарлық жемісті жылдарын аброймен өткізіп елге аман-есен оралады. Елге кейін Шәріп Өтепов жоғары қызметтер істейді. Атап айтқанда Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейіннен Қазақ өлкелік комсомол комитетінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Жары Дилнұз Өтепова өлкелік партия комитетінің ағарту бөлімінде істейді. Сөйтіп партия-совет қызметінде ары қарай қызмет атқару үшін білім жетілдіру мақсатында марксизм-ленинизм институтының қазақ бөліміне оқуға түседі.

Бұдан кейін 1937 жылы Шәріп Өтепов алғашында Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, бұдан соң 1938 жылдың жазына дейін Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады. Жары Ділнұз бұл тұста Шымкент, Ақтөбе облыстарында әртүрлі ұйымдастыру жұмыстарында, кейіннен Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті жанындағы партия мектебінің директоры қызметтерін атқарады.

Совет Одағы құрылған кезеңнен бастап күдікшілдік сипатында түрлі деңгейде жүріліп келген қудалау, жазалау үдерісі 1937 жылы өзінің шарықтау шегіне жетті. Саяси сенімсіздігі, советтік қоғамға деген жаулығы үшін миллиондаған адамдар жұмысынан шеттетіліп, қылмыстық жазаға тартылды. Олардың бірталайы ауыр қылмыстық жазаға кесіліп атылса, миллиондаған жазықсыз жандар түрме мен түзету лагерьлерінде азап шекті. Миллиондағы адамның өмірі күл-талқан болды. Бұл зобалаң Өтеповтер отбасын айналып өткен жоқ. Отағасы Шәріп Өтепов саяси сенімсіз, халық жауы деп танылған соң, сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, сотталады. 

1937-1938 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы әйелдер секторының меңгерушісі қызметін атқарып, ел өмірінде елеулі істер атқарып жүрген жары Дилнұз Өтепованың алаңсыз күндері де аяқталады. «Халық жауының әйелі» деп саналып, саяси сенімсіз адам болған Дилнұз Өтепованың басына осылайша сталиндік зұлматтың ауыр қара бұлты үйіріледі. Лауазымды қызметтен де, коммунистік партия қатарынан да шығарылады. Отбасын асырау қиындыққа түскен заманда, бұрынғы совет-партия қызметкері енді қара жұмыс болса да істеуге мәжбүр болады. Ақыры қалалық сүт зауытына үйренуші лаборант болып орналасады. Жары Шәріп Ғайсаұлы түрмеде жатып майданның алғы шебіне жіберуді сұрап өтініш жазады. Бірақ ол өтініші орындалмайды. Ақыры соғыс аяқталған соң, 1946 жылы жазалау лагеріндегі мерзімді жазасы бітіп, Шәріп Өтепов туған елге оралады. Елге келгенімен де саяси сенімсіз ретінде қалаға паспорт тіркетуі тұрғысында қиындыққа ұшырайды. Сосын қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде жұмыс істеп жүрді. Жолдасы Ділнұз мұғалімдік етті. Бірақ өмір соқпағы олардың алдынан әлі де түп-түзу боп созылып жатпады. Көп ұзамай, жазасын өтеп ақталып келгендер қайта ұсталады екен деген сөз шығады. Бұл әрекеттен сақтанған отбасы Өскеменге көшеді. Шәріп отағасының сотталып келгенін білетін мұндағы жұрт одан сескеніп, жұмысқа алудан бас тартады. Ақыры туған ауылы Ахмерге көшіп барады. Осы жерде есепші, жары Дилнұз мұғалім болып жұмыс істеп жүргенде Шәріп Өтепов қайтадан ұсталып, қамауға алынады. Дилнұз Өтепова мұғалімдік қызметін тапсырып, кенже баласын ертіп, тайгаға жарының соңынан кетеді. Мұнда үш жыл ауыр азапты күндерді бастан өткереді.

Суретте: Абай Қасымовтың жары Тәшинке Мірқасымқызы мен Шәріп Өтеповтың жары Дилнұз Әсетқызы. Фото Қобда бетінде түсірілген. Бекен Қайратұлының жеке мұрағатынан

Бұдан соң отбасы КСРО Жоғарғы Сотына арыз жазып, өздерінің жазықсыз екендіктерін дәлелдейді. Олар Қазақстан компартиясының ІІ съезі жұмысының мына қорытындысын негізге алады: «Өткен жылдың тамаша қорытындысы – жапон-герман шпиондарының, диверсанттарының, зиянкестерінің осы бандысының барлығы әшкереленіп, күл-талқан етілді. Бұл іске сталиндік халық комиссары Николай Иванович Ежов бастаған даңқты чекистеріміз көп еңбек сіңірді... Тұтқынға алынған халық жауларының берген жауаптарына қарағанда, олар неғұрлым көп коммунистерді партиядан шығаруға тырысқан. Олардың көздегені – ызалы адамдардың санын көбейтіп, өздеріне одақтастарының санын көбейту болған...» «Демек біз осы жалған жала бойынша сотталып отырмыз» дегенді баса көрсетіп, жолданған арыз хаттың нәтижесі көрініп, Шәріп Өтепов Мәскеуге шақыру қағаз алады. Сөйтіп ол босап шығады. Жары Дилнұз, баласымен бірге туған жерге оралады.

Шәріп Өтеповтің қолындағы оны соттылықтан босату туралы құжатта мынадай мәлімет бар екен: «Ішкі істер Министрлігінің Краснояр өлкесі бойынша басқармасы». 10 желтоқсан 1954 жыл. №8213. 246 Анықтама Берілді Өтепов Шәріп Ғайсаұлына, туған жылы – 1906, Шығыс Қазақстанда туылған, КСРО азаматы, ұлты – қазақ, ол Ішкі істер халық комиссариаты жанындағы Ерекше кеңестің шешімімен 1940 жылғы 26 қазанда РСФСР Қылмыстық істер Кодексінің – 58-2, 58-7, 58-11 баптары бойынша сегіз жыл бас еркінен айыруға сотталды. Лагерьден босатылғаннан кейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі жанындағы Ерекше кеңестің 1949 жылы сәуірдегі шешіміне сәйкес Краснояр өлкесіне қоныстануға жер аударылды. КСРО Жоғарғы Сотының қылмыстық Істер жөніндегі сот коллегиясының 1954 жылғы 5 қарашадағы анықтауымен тағылған айыптың дәлелденбеуі себепті КСРО Ішкі істер халық комиссариаты жанындағы Ерекше кеңестің 1940 жылғы 26 октябрьдегі қаулысы және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі жанындағы Ерекше кеңестің 1949 жылғы 20 сәуірдегі қаулысы бұзылды, іс тоқтатылды, жер аударудан босатылды... Ішкі істер министрлігі басқармасының бөлім бастығының орынбасары (қолы) Бөлімше бастығы (қолы)». 

Азапты да қиыншылыққа толы жазалау лагерінен босап шыққаннан соң Өтеповтер отбасы қалыпты өмір ырғағына көшеді. Отағасы Шәріп Өтепов түрлі жауапты қызметтер атқарып, Алматыдағы былғары-галантерея фабрикасының директоры болып тұрып, құрметті демалысқа шығады. Жары Дилнұз Өтепова да жастарды жаңа өмірге баулуға өз үлесін қосады. Әр жылдары Орал облыстық партия мектебінің орынбасары, кейіннен қалалық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған Дилнұз Өтепова Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болып құрметті еңбек демалысына шығады. «1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» және Монғолияның мемлекеттік «Найрамдал» («Достық») медальдарымен марапатталады. 

Дилнұз Мұхаммед-Асатқызының жары Шәріп Өтепов 1981 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді. Соңында өнегелі істері, жазған тарихи деректі, көркем әдеби туындылары қалды.

Қарқаралыдағы атақты «көк үйде» өсіп-өнген Бекметевтер әулетінен шыққан танымал қыздардың бірі Дилнұз Мұхаммед-Асатқызының қиыншылық пен қызықты кезеңдерге толы өмірі осылайша жалғасып тарих бетінде қалыпты. Ұрпақ тәрбиесі жолына өзінің ұзақ та мәнді ғұмырын арнаған, қаншама қиыншылықтарды басынан өткерсе де мойымай, 2001 жылы пәниден бақиға озған Дилнұз Мұхаммед-Асатқызының есімін ұрпақтар жадында жаңғырту үшін осы мақала жазылып отыр.