Ғалымдар тарихи шындыққа жетуге талпынулары тиіс
08.10.2013 1920
Қазіргі уақытта тарихшы ғалымдар объективтілік ұстанымын берік ұстанып, әрбір оқиғаға байланысты бірнеше дереккөздерді пайдаланып, тарихи шындыққа жетуге талпынулары тиіс.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың тарихи санасы елдің бірлігіне негіз болып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға әсер етуі керектігін әрдайым баса айтады.

«Бізге жалпыұлттық тарихи сана ауадай қажет. Біздің тарих туралы түсінігіміз ортақ болып, адамдарды бір-бірінен алшақтатпай, керісінше ұлттық рухымызды көтеріп, қоғамды біріктіруі керек. Төл тарихымыз, мәдениетіміз бен дініміз қандай екенін анық білуіміз парыз. Қазақтардың ұлттық тарихы мен олардың этногенезі мыңжылдықтарға арқау болған үздіксіз үдеріс ретінде танылуы тиіс», - деді Президент 2013 жылғы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында.

Қазақ ұлттық өнер университеті Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, доцент А.Қасабекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ел тарихын одан әрі терең зерделеу жолындағы өзінің көзқарасын білдірді.

- Айнұр Ілиясқызы, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық тарихты зерделеуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Сіздің көзқарасыңызша, біздің тарихымыздың қандай кезеңі ерекше терең зерделеуді, мүмкін қайта талдауды қажет етеді?

- Менің көзқарасымша, Ақпан, Қазан төңкерісі, сондай-ақ Азамат соғысы жылдарындағы Кеңестік билікке қарсылық таныту кезеңдерінде «бандитизм» аталған мәселелер әлі де болса терең зерттелмей отырған сияқты. Бұдан бөлек, ұжымдастыру кезеңдерінде Қазақстанда орын алған 320-дан астам көтеріліс толығымен зерделенген жоқ.

- Сізді ұлттық тарихтың қандай кезеңдері мен аспектілері ерекше қызықтырады?

- Мен 20 ғасырдың 20-30 жылдарына тән «әйел теңдігі» туралы мәселелерді, сонымен қатар әйелдерді қоғамдық һәм экономикалық тыныс-тіршілікке тарту мәселелерін зерделеумен көп айналыстым. Дәл осы тақырыпқа арналған монографиялық еңбегім де жарық көрді.

Ал қазіргі уақытта Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі болғандықтан, Қазақстанның ежелгі әрі заманауи кезеңдегі мәдениеті барынша қызықтыратын болды. Біздің кафедраның ұстаздары әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша сабақ өткізіп, шетел тілдерін үйретеді, сонымен қатар «Мәдениеттану» мамандығы бойынша бакалаврлар мен магистранттар дайындайды.

- Қазіргі таңда Қазақстан ислам әлемі тарабының белгілі бір ықпалын сезініп отыр әрі қоғам барынша діншіл болып келеді. Бұған қоса, Ислам ұйғарымдарын әртүрлі түсіндірумен байланысты нақты пікір қарама-қайшылығы да туындауда. Қазақстан тарихын зерделеу бұл пікір қарама-қайшылықтарын, мәселен, әйелдің қоғам өміріндегі рөліне қатысты қайшылықты шешуге көмек бере ала ма?

- Қазақстан тарихын зерделеу әйелдердің қоғамдық өмірдегі орны мен рөлі туралы мәселелерді шешуге көмектесетіндігі сөзсіз. Сонау бағзы заманнан бері қазақ қоғамындағы әйелдердің орны ерекше болғандығын ескерген жөн. Мәселен, сақтардың Тұмар немесе Томирис, сонымен қатар Зарина патшайымдары елді билеп қана қоймай, сыртқы жаулардан қорғану кезеңінде қол бастаған да болатын. Ислам дінін қабылдағаннан кейін де қазақ әйелдері еш уақытта қымтанып, хиджап киген емес. Олар еркін болып, өз пікірін ашық айта алды, қоғамдық өмірге де еркін араласты. Бізде мұндай әйелдер аз емес. Мәселен, Қабанбай батырдың әйелі Гауһар мен қызы Назым ер-азаматтармен бірге тізе қосып, жауларымен айқасып, халық жадында мәңгі сақталып қалды. Бұлардан бөлек, Домалақ ана, Ш.Уәлихановтың анасы Айғаным, Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зере де ел есінде. 
Біздің халқымыздың тарихын зерделеу әйелдерге өз балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беруіне, сонымен қатар қоғамдық әрі экономикалық өмірге белсене қатысуына жол ашады.

- Кеңес заманында Қазақстанның төңкеріске дейінгі тарихы негізінен сұрқай реңкте сипатталатындығын білеміз. Ендігі уақытта кеңестік дәуірге қатысты дәл осындай тәсіл қолданылатын сияқты. Ал тарихты түсіндіру барысында біржақтылықтан қалай арылуға болады, ғалым тарихшылар қоғамдастығы ол үшін не істеуі керек?

- Ия, кеңестік кезеңде Қазақстанның төңкеріске дейінгі өмірі негізінен сүреңсіз көрсетілетін. Оқып жүргенімізде біздерге қазақтар сауатсыз болған, қазақтардың тек 2 пайызы ғана оқи алатын әрі олар артта қалған көшпелі халық еді, деген сарында айтылатын. Сондай-ақ Ресей бодандығына өз еркімен мойынсұнғаннан кейін ғана түбегейлі өмір сүруді, мәдениетті және тағы да басқа жайттарды үйренді дейтін. Түрлі халықтардың салт-дәстүрі, мәдениеті, діні ескерілмеді, мұның барлығы да өткеннің қалдығы саналатын. Ұлт орнына 80 жылдары-ақ коммунизм орнататын біртұтас кеңес халқы болады деген де сөз өрбіді. Мемлекеттік құжаттар тек орыс тілінде ғана жүргізілді.

Әрине, Кеңестік билік кезеңінде мемлекет есебінен халыққа білім беру, денсаулық сақтау, баспанамен қамтамасыз ету сынды мәселелердің шешілгендігі рас. Дегенмен адам құқығы шектеулі болатын, біз өз ойымызды ашық айта алмайтынбыз. Біздер үшін барлық шешімдерді партия қабылдайтын, біз не айтарымызды да алдын ала ой елегінен өткізуге тиісті едік. Кеңес уақытында, зорлық-зомбылықпен ұжымдастырудың салдарынан орын алған ашаршылық жылдары, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін нәтижесінде қазақ халқының тек жартысы қырылып қалды, бейкүнә адамдар зардап шекті, көпшілігі отанын тастап, бассауғалауға мәжбүр болды. Ғылыми диссертациялар негізінен орыс қалаларында, орыс тілінде қорғалды. Тарихи шындық жария етілмеді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихты объективті зерделеуге мүмкіндік алдық.

Қазіргі уақытта тарихшы ғалымдар объективтілік ұстанымын берік ұстанып, әрбір оқиғаға байланысты бірнеше дереккөздерді пайдаланып, тарихи шындыққа жетуге талпынулары тиіс. Бұған қоса, оқулықтар жазумен айналысатын ғалымдарға барлық жағдай жасалса деймін. Кеңес уақытында ғылыми зерттеулер үшін шығармашылық демалыс берілетін. Ал қазіргі уақытта жоғары оқу орындарындағы оқытушы-профессорлық құрамның жүктелімі өте көп. Соның салдарынан ғалымдарға ғылыми жұмыстармен айналысуға уақыт тапшылық етуде.

Дерек көз: inform.kz